Тәуелсіздік талабынан туындаған кедендік қызметті жетілдірудің ұлттық экономикамызды қорғауда, ел аумағына жасырын тауар өткізушілердің жолын кесуде айрықша маңызы бар. Кеденді тәуелсіздік жемісі дегенімізбен, Кеңес одағы кезінде де Қазақстан аумағында үш кеден бекеті жұмыс жасады. Соның бірі – Атырау (бұрынғы Гурьев) кеден бекеті болатын. 1989 жылдың 14 тамызында құрылған бұл кеденнің құрамы бастапқыда 5 қызметкерден құралып, оған Мұрат Өтешев басшылық жасаған еді. Атыраулық кеденшілер әуелгіде әуежайда халықаралық әуе, темір жол тасымалына және “Теңіз” кенішінде жұмыс жасайтын шетелдік фирмалардың жүктерін кедендік бақылаудан өткізуді жүзеге асырды. Сол жылдың 15 қазанында №000001 кедендік жүк декларациясымен бірінші батысгерманиялық “Лурги” фирмасының импорттық жүгі кедендік ресімдеуден өтті.
Арада бір жыл өткенде Атырау кеденінің қызмет жүргізу аймағына Ақтөбе, Ақсай, Маңғыстау, Құлсары кеден бекеттері кірді. Орасан зор географиялық аумақты қамтыған жүктер тасқыны кеденшілерге өзге елдің Ужгород, Брест, Клайпеда, Новороссийск, Находка кедендерімен тығыз байланыс орнатты. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның шетелдермен экономикалық, сауда байланыстарының жаңа түрлері қалыптасып, сыртқы экономикалық қызметке қатынасушылар қатары, экспорттық-импорттық операциялар көлемі арта бастады. Қазіргі таңда Атырау кеденінің қызмет аясы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Көршілес Ресеймен шекарада темір жол, көлік тасымалындағы жүктерді ресімдейтін “Құрманғазы”, “Ақкөл”, Жылыой ауданында “Теңіз”, “Құлсары”, облыс орталығында “Ақжайық КРО”, “Қашаған”, “Энергетикалық” кеден бекеттері ашылды. Сонымен бірге әуе тасымалындағы халықаралық жүктерді ресімдейтін “Әуежай-Атырау” кеден бекеті де бар.
Бұл күндері Атырау облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы Қ.Тасмағанбетовтің айтуынша, ұжымдағы 300-ге жуық кеденшінің арасында еңбек өтілі 10 жылдан, тіпті одан да асатын 120-дан астам білікті, білімді, кәсіби тәжірибелі мамандар жұмыс жасайды. Аға буынның орнын басатын жас мамандар шоғыры да қалыптасу үстінде. Департамент басшылығы ұжымда жұмыс жасай жүріп өмірден озған кеденшілерді де әр кез еске алып отырады. Таяуда “Кеденде жүрген жандар еді, әрбірі – тұлға, тарлан еді” атты шара ұйымдастырып, өмірден мезгілсіз өткен Беркін Ерікұлы, Зәмірбек Мұсаұлы, Нұрлыбек Мүбәракұлы, Арман Есенұлы, Серікқали Есенұлы сынды әріптестерінің отбасыларын шақырды. Кеденнің бұрынғы басшылары да, бүгінгі ұжымы да қатысты. Өйткені, олардың барлығы да кедендегі еңбек жолын 1993-94 жылдары бастап, кейбірі қатардағы қызметкерден кеден бекетінің бастығына дейін көтерілген, өмірден ерте өткен әріптестерін ұмытқан жоқ. Бақилық болған әріптестері өз істерін жауапкершілікпен атқарып, өзгелер тағылым аларлық кішілік, кісілік, қарапайымдылық қасиеттерімен жұртшылық арасында отандық кеденшінің жағымды бейнесін қалыптастыра алғандар еді. Тағдырға не шара? Жоғарыда аттары аталған кеденшілер 34-52 жас аралығында өмірден өткенімен, ұрпағының, ұжымдастарының есінде әр кез жаңғырып тұрарлық өнегелерімен сақталып қалды. Әсіресе, Арман Есенұлын көбірек танушы едім. Ұдайы жүзінен мейірім шуағы төгіліп, көңілді жүретін. Мұстафа Өзтүрік негізін қалаған Атыраудағы таэквондо мектебінің алғашқы қарлығаштарының бірі болып, спорттың осы түрінен биік белеске көтерілді. Талай рет республикалық, халықаралық сайыстардан абыройлы оралып, І дәрежелі қара белдікті иеленді. Ұлттық санаттағы төреші де атанды.
Кезінде осы кеденшілерді Атырау кеденінің қаз басуына, қалыптасуына еңбек сіңірген ардагер Мұрат Өтешев жұмысқа қабылдапты. Сол кезде Серікқали Есенұлы 27 жаста, ал Арман Есенұлы 21 жаста екен. Ол бақилық болған кеденшілердің әрқайсысына тоқтала келіп: “Арман Есенұлын 21 жасында әкесі қолынан жетелеп әкеліп, “Осы балам сіздерге аманат, кеденші болғысы келеді” деген еді. Арман әкесінің де, біздің де сенімімізді ақтап, абыройлы жұмыс жасады” деді. Осы департаменттің бұрынғы басшысы Аманияз Ержанов та бақилық болған кеденшілердің есімі ұмытылмайтынына, өйткені, олардың осы ұжымда тәжірибе жинай жүріп, Қазақстан кеденінің буыны бекуіне өлшеусіз үлес қосқанына тоқталды. Департаменттің бұрынғы басшылары айтса айтқандай, Беркін Ерікұлы, Зәмірбек Мұсаұлы, Нұрлыбек Мүбәракұлы, Арман Есенұлы, Серікқали Есенұлы туралы түсірілген бейнетаспадағы олардың адами қасиеттері, жас кеденшілерге тәлім етерлік тәжірибелері өзгелерге ой салғандай еді.
Атырау кеденшілері ұйымдастырған бұл шара әдеттегі басқосу емес. Өйткені, қай отбасы үшін де әкенің орны қашанда бөлек. Әсіресе, буыны қатая қоймаған жас балалар үшін. “Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін” дейтін әфсана тұрғысынан айтқанда, бес кеденшінің отбасыларында өсіп келе жатқан ұрпақтарына үлкен қолдау болғанын жасырғымыз келмейді. Тегінде, бірге жұмыстас болған әріптестерді ұмытпауды, олардың отбасыларына қолдау көрсетіп жүруді ескере бермейтініміз бар. Осындайда мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының “Ел болам деген ел о баста ата-бабасының аруағы мен қыз баласының абыройын көп күйттеген ғой. Ата-бабаңның аруағына салғыртсынғандығың кеше еліңнің кім болғанын ұмытқаның, қыз балаңның абыройын қорғамағаның ертең ұлтыңның кім болатынын ойламағаның. Алдыңғылардың ынсапсыздығы кейінгілерді қор қылатындығын, ағаның беделін түсіргеннен інінің байлығы тасымайтындығын, үлкеннің жолын кескеннің көрінбей қалатындығын, кішінің жолын кескеннің көмілмей қалатындығын естен шығармайтын шақ, өлара кезең, осы шақ” дегені кім-кімнің де жадында жүрсе жөн болар еді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.