20 Қазан, 2010

Соқпағын Талғардан тартқан ерлік

900 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жетпіс жылдан кейін батыр Баукеңнің ескерткіші болып еңселенді Талғарда даңқты қолбасшы, ат­ақ­ты жазушы, Кеңес Одағының Ба­тыры Бауыржан Момышұлына ар­на­лып: “Хас батыры бар халықтың ар­ма­ны жоқ” атты салтанатты іс-шара өтті. Атап айтқанда, М.Бейсебаев ат­ын­дағы Талғар агробизнес және ме­неджмент колледжінің алдында “Ер­лік елеусіз қалмасын” дейтін ер Бау­кеңнің ескерткіш-мүсіні салтанатты жағдайда ашылды. Бұл үшін батыр­дың ғасырлық тойына орай аудан жұртшылығы тарапынан 1 миллион теңге қаржы жинақталып, осынау игілікті іске жұмсалған көрінеді. Сонымен қатар нақ осы күндерде Тал­ғар қаласында Бауыржан Мо­мыш­­ұлы атына көше беру ұсыныс­та­ры да аудандық ономастика ко­миссиясының отырысында тезінен қаралып, оң шешімін таппақ. Батыр Баукеңнің ұрпаққа ерлікті меңзеген өр кескінді мүсін-ескерт­кішінің ашылу рәсімінен кейін жиылған қауым колледж тарихының мұражайын, ондағы мағлұмат-дерегі мен жәдігерлері мол батыр бабаға арналған ауқымды бұрышты және Бауыржан Момышұлы атындағы алғашқы әскери дайындық кабине­тін аралап көріп, ұрпаққа ұран бол­ған ұлы есімді қастерлеу мен құр­меттеу орайындағы осыншалықты ұқыптылық пен ұсынықтылыққа алғыс-ризашылықтарын жа­сыр­мады. Бақытжан Мо­мышұлы ағамыз: “Әкеміздің аты халық­тың жады мен жүрегінде қал­ғаны ең үлкен марапат деп есептеймін. Сол үшін халыққа басымды иемін. Жүз жылдық тойдың алғашқы жиынын да Алматы облысы бастап берген болатын. Әкеме деген Талғар­дың бүгінгі құрметінен де ту­ыс­тық жылылықты сезін­ген­дей­мін” деп толқи сөйледі. Зейнеп апай болса: “Жас ұрпағымыз Баукең аталарындай елім-жерім дегенде қабырғасы қайысатын ержүрек те елжанды болып өссін” деген тілекпен колледж мұражайына Б.Момышұлының 30 томдық шығармалар жина­ғын тарту етті. Бүгінде Бауыржан аты бар қазаққа мерейлі. Десек те, осы толағай тұлғаны Талғар то­пы­рағына жақындатып, алабөтен қымбат етіп тұрған жайларды аз да болса таратыңқырап айтқан жөн сияқты. 1941 жылдың шіл­десінде генерал Панфиловтың басшылығымен Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы ұйым­дас­тырылғанда, оның 1073-ші ат­қыштар полкі Талғарда жасақталады. Ол кейін “Талғар полкі” деп аталып кетеді. Бауыржан Момышұлы өз батальонын Талғардағы ауыл ша­руа­шылық техникумына орналастырып, тау бөктеріндегі “Солдат сайы” шат­қалында жауынгерлерге соғыс өне­рін үйретіп, ұрыстың әдіс-тәсіл­де­ріне машықтандырып шыңдаған. Баукең бұл жайында “Біздің гене­рал” атты кітабында баяндап өткен. Ал “Москва үшін шайқас” кіта­бын­да майданға Талғардан аттанғанын еске алады. Олай болса, Баукең есімін, өмі­рін, шығармашылығын, жауынгерлік һәм жазушылық ерліктерін дәріп­теуде Талғар да жолдан жығылып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы он жылда асыл туған ардагерді ардақтау орайындағы игі істерге бұрынғы Талғар ауыл шаруашылық техни­ку­мы – қазіргі агробизнес және ме­неджмент колледжі ұйытқы болуда. Колледж директоры Нәйлә Үмбетова Баукең рухын қастерлеуден рахат табатын жандардың бірі десек, артық айтпаспыз. Батырдың 90 жылды­ғы­нан бермен қарай жыл сайын Б.Мо­мышұлы атындағы атаулы стипендия тағайындалып келеді. Оқушылар Бауыржан батырдың ерлік өнегесіне тәрбиеленуде. Жеңістің 60 жылды­ғына орай колледждің әскери-пат­риоттық тәрбие кабинетіне Б.Мо­мыш­ұлы аты берілген-ді. Колледж студенттері жыл сайын батыр ба­ба­ның туған күні қарсаңында Кең­сай­дағы зиратына барып тағзым етуді дәстүрге айналдырған. Олар “Талғар полкінің маршын” шырқайды, жас талапкер ақындар батыр ата рухына өлеңдерін арнайды. 2010 жылы колледжде Бауыржан Момышұлы жылы деп жарияланып, осыған байланысты көптеген игі іс-шаралар атқарылыпты. Осы орайда Баукең­нің Мәскеудегі қызы Елена Корки­наның арнайы шақырылып, колледж қонағы болуы елең еткізерлік оқи­ғаға ай­налды. Елена Бауыржанқызы әке­сінің ізі қалған Талғар көшелерін ара­лады, Талғардың шыңына тебі­рене көз салып, сонау бір шақта сар­дар әке әскерлеріне ұрыс тәсілдерін үй­реткен “Солдат сайының” аңға­рында сағынышты ой құшағына бөленді. Демек, Баукеңнің 100 жылдығы аясындағы мына іс-шара жай нау­қаншылдық емес, талғарлықтардың біртуар батырға деген жүрек түк­пі­рінен шыққан шынайы құрмет-сүй­іспеншілігінің анық белгісі дер едік. Мәдениет үйінде “Қазақтың Бау­ыр­жаны” атты деректі фильм көрсе­тіл­ді. Колледж көркемөнерпаздарының 1941 жылдың шілдесінде Талғар полкінің жасақталуы кезіндегі өмір-тынысын бейнелейтін театр қойы­лымы сәтті шықты. Салтанатты жи­ында жазушы Әзілхан Нұршайықов, “Бауыржантану” орталығының же­тек­шісі, ғұлама ғалым Мекемтас Мыр­захметұлы және басқалар айт­­қан ұлағатты лебіздер соқпағын Тал­ғардан тартқан ерлік рухын, ердің аруағын тағы бір тербетіп, ұлт баты­ры Баукеңнің мәңгілікке жалғасқан екінші өмірін аялай айғақтап тұр­ғандай болды. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.