21 Қазан, 2010

Тоқыраудан құтқаратын рухани мәдениет

817 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Астанада дүние жүзі бойынша алғаш рет ұйымдастырылған алқалы форум табысты аяқталды Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, елор­дада өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының соңғы пле­нарлық мәжілісінде алдағы күндері бол­ған әңгімелерге түйін жасалды. Шы­нын­да, қазір әлемдегі рухани құлды­рау­ды қалай тоқтатамыз деген мәселе күн тәр­тібінде тұрғаны анық. Форум аясында бұл туралы кеңінен сөз болды. Эконо­ми­каның мәртебесін көтереміз деп, ақ­ша­ның соңына түсіп, байлықтың құлына айналып, рухани құндылықты жоғалтып алмау жайы қай елдің де болса көкейкес­ті екені рас. Осындай халықтық істі алғаш рет Астанада ұйымдастыр­ған Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа пленарлық мәжілісте ерекше ілтипат көрсетілді. “Вертикаль” көркем киностудия­сының жетекшісі Станислав Говорухин (Ресей) рухани болмаса мәдениет бола ма, деп Хрущев заманындағы жылы­мықтан, Горбачев кезіндегі демократия­дан мысалдар келтіріп, рухани мәде­ниет­тің қай заманда да алатын орны ерекше екенін, алайда қазір теңіз жағалауындағы пальманың сыбдыры, шағаланың шуын, гүрсілдеген жағымсыз әнсымақ басып кеткеніне өкініш білдіріп, кейде цензура­ның да керек екенін, өзінің КСРО зама­нындағы цензура емес, жаңа заман тала­бы туралы айтып отырғанын, талап бол­маған жерде “батпақ” тірлік адам түгілі ағаштың да өсуіне мүмкіндік бермейтінін айтты. Тағы бір ресейлік философ Лев Семашко жаһандық үйлестіруші ұйымға ұйытқы болуды ниет еткен Қазақстан Президенті ұлы іске ұйытқы болып отыр, еуразиялық үйлесімге ұмтылу, бұл – халықтар арасын жақындастыру болып табылады деді. Еуразиялық үйлесімді ұйым­дас­тыра отырып, әлемдік ұлы іске алтын діңгек болу, мұндай қадам адам­зат­тың жаңа өркениетке ұмтылуына жол ашады, деген уәжін алға тартты. Ал Жа­по­ниядан келген Массами Сайонжи фо­рум­ға риза­лы­ғын білдіріп, тал шыбықтай жас ұрпақты тәрбиелеуде, оларды ертең бәй­теректей биікке көтеру ісінде рухани құн­дылықтың жөні бөлек екенін, бұл халық­тар арасындағы достықты нығай­тып, бір-біріне қуаныш сыйлайтынын жеткізді. Сөйлеушілердің қай-қайсысы да үй­лесімді дүние адамгершілікке, бейбіт өмір­ге, салтанатты күндерге, баянды мә­де­­ниетті қалыптастыруға жетелейті­ніне нақты мысалдар келтірді. Мекси­каның атынан сөз алған азамат қуатты Қазақ елі мен оның Президентіне деген риза­лы­ғын айтып, Мая өркениетінің алтын ошағы қазақ жерінен бастау алатынына дәйектер келтірді. Жапониялық Хиру Сайонжи мына дүниеге бейбітшіліктен басқа көп нәрсенің керегі жоқ. Ал сол бей­бітші­ліктің ұйытқысы рухани мәде­ниет. Рухани жағынан мықты елдер соғыс­ты қаламайды. Арғы-бергі тарихқа қарап отырсақ, соғыссыз күндер аз бол­маған секілді. Егер біз қара бастың қамын емес, рухани байлықты ту етіп кө­теріп, құлдырап бара жатқан мәде­ниет­терді аяғынан тік тұрғызсақ, таби­ғат­қа қатыгез­дік көрсетуді тыйсақ, соғыс өрті болмас еді. Мұндай игілікті істе басшылардың атқарар рөлі ерекше. Ол үшін басшылар­дың бәрі Нұрсұлтан На­зар­баевтай болу керек. Біз қантөгістер тізбегін бұзып, адамдардың рухани байлыққа деген көзқарасын өзгертіп, адами, азаматтық қасиетін жоғарылату арқылы бейбітші­лікке қол жеткізуге тиістіміз, деді. Бұдан кейін 8 секция бойынша жұ­мыс­тың қорытындысы жарияланды. Мә­се­лен, “Рухани мәдениет: өркениетті дамуға ықпал етуші жолдардың зама­науи көрінісі” деген бірінші сек­цияда 31 елден келген 44 өкіл баяндама жасапты. Олардың алға тартқан ұсыныстары: әлемдік интернационал­дық форум құру, рухани мәдениетті жеке мүддеден жал­пы мүддеге ойыс­тыру, ХХІ ғасырды руха­ни мәдениет­ке қол жеткізу ғасыры деп атау, рухани мәдениет арқылы келі­сімге келу, тағы басқалар. Екінші сек­цияда 12 елден кел­ген 64 адам өз ой­ларын ортаға сал­ған екен. Олардың айтуынша, рухани мәдениетті билікпен бірлесе отырып дамыту, ар-ождан бос­тандығын сақтау әрбір ұлттың дәстүрлі өнерін дамыту, мұндай жұмыста ұлттық интеллигенция­ның рөлін арттыру, өзге де мәселелер қоз­ғалған. Ал үшінші сек­ция туралы жазушы-публицист Генрих Боровик баян етті. Ол форумның тамаша өтіп жатқа­нын айта келіп, БАҚ-тың рөліне ерекше тоқталды. Мұндай алқалы жиындарда ақпарат құралдары туралы жан-жақты әңгіме болу керек, деген ол қазір теледи­дар мен интер­неттің “жаулап” алғанын, ондағы бейә­деп дү­ние­лердің ұрпақ сана­сын улап жатқа­нын, одан құтылу­дың жолы қиын болып тұрғанын айтып, Толстой мен Чехов­ты оқыту осы күні қиынға соғып тұрғанын тілге тиек етіп, қазақ жұрты­ның қашанда дарқан екенін, оған өткен ғасырдағы сұрапыл соғыста көптеген этностарды, әсіресе чешендер мен неміс­терді, өзге де ұлыстарды пана­лат­қанына нақты дәйектер келтірді. Ал атақты педагог, профессор Шалва Амо­наш­вили әркез жоғарыдан жасалып, оң нәтиже бере қоймайтын білім реформа­ларын сөз етіп, Қазақстанда қазығы қағылған Сара Назарбаеваның “Өзіңді-өзің таны” бағдарламасына ерекше тоқталып, жақсы деген баға берді. Басқа да секцияларға жетекшілік еткендер өз байлам-пайымдарын ортаға салды. Пленарлық мәжілістің соңында Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы он тармақтан тұратын декларация қабылдап, рухани мәдениетті дамыту жөнінде осылай бас қосып отыру қажет деген тұжырым жасады. Сүлеймен МӘМЕТ.