Аудан әкімі Талғат Қасымовпен әңгіме
– Талғат Байғалиұлы, кезінде сіздердің аудандағы қандастарымыздың үлес салмағы он пайызға да жетпеді-ау деймін. Еліміз егемендік алғаннан бергі жерде басқа ұлт өкілдері, әсіресе, неміс ағайындар ауа көшіп, олардың орнына біздің қаракөз қандастарымыз көптеп көшіп келе бастады. Соған орай Бородулиха-Белағаш өңірінде қазақ мектептері ашылып, аудандық газеттің қазақша қосымшасы шыға бастағанын естіп, біліп отырмыз. Ана бір жылы, тіпті мұнда айтыс өткізіліпті дегенді де құлағымыз шалған. Аудан өміріндегі сондай жақсы жаңалықтарды өзіңіз таратып айтып берсеңіз қайтеді.
– Біздің аудан шын мәнінде этностық құрамы жағынан әртекті. Қазіргі таңда облыс аудандары мен туған жерге ата жұртын аңсап келіп жатқан қандастар есебінен ауданымызда қаракөздер саны арта түсуде. Соның нәтижесінде қазақ мектептерінде оқуға тілек білдіруші жеткіншектер де көбейе бастады. Мұның сыртында өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мектептеріне бере бастағаны да шындық. Бүгінде ауданымызда өз алдына үш қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа ауданның 35 мектебінде қазақ тілінде оқытатын 80-ге жуық сынып ашылды. Ал тағы бір қуанышты жайт сол, биылғы жаңа оқу жылында аудан орталығында жалпы құны жарты миллиард теңгеге жуық 360 орындық қазақ мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Үстіміздегі жылдың алғашқы күнінен бастап мемлекеттік тілде “Аудан тынысы” атты газет шыға бастады. Екінші жартыжылдықтан бастап аптасына екі рет шыға бастаған бұл басылым аудан халқының үлкен сұранысына ие болып отыр.
– Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қандай шаралар атқарылуда?
– Ауданда мемлекеттік тілді дамыту мақсатында осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылған болатын. Содан беріде тіл үйренушілерге арналған үш деңгейден тұратын үйірмелер жұмыс істеуде. Сол үйірме жетекшілері аудандық бюджет есебінен еңбекақы алып отыр. Жыл сайын мемлекеттік тілге арналған өзге ұлт өкілдері, мектеп оқушылары және мемлекеттік қызметкерлер арасында “Тіл – дарын”, “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте”, “Тіл – достықтың кепілі” атты зияткерлік сайыстар, “Тілге құрмет – елге құрмет”, “Тілге құрмет ата тектен басталады” деген тақырыптарда акциялар мен айлықтар өткізіліп келеді.
“Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” жобасы да аудан тұрғындары арасында қызу талқылануда. Бұған қосымша ауданның барлық елді мекендерінде жергілікті атқарушы билік органдары, қоғамдық бірлестіктер мен тіл жанашырларының қатысуымен арнайы дөңгелек үстелдер өткізілуде.
– Мемлекеттік тілге көшу бір күнде шешілетін мәселе емес. Туған тілді дамыту үшін оған ең алдымен орта керек екендігі айтпаса да түсінікті.
– Дұрыс айтасыз, мемлекеттік тілге көшудің басты факторы тілдік орта болып табылады. Соңғы санақ мәліметтері бойынша, аудандағы қаракөз қандастарымыздың үлес салмағы 27 пайызды құрап отыр. Бір қуаныштысы сол, ауданға сырттан жыл сайын келіп жатқан жастарымыз әрі білімді, әрі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Соның нәтижесінде ауданда өткізілетін мәдени, тәрбиелік шаралардың барлығында мемлекеттік тіл, ұлттық ән-билер, халқымыздың салт-дәстүрлері кеңінен қолданыла бастады.
Енді сырттан келіп жатқан ағайындар оралмандар мәселесіне келетін болсақ, Елбасының “Нұрлы көш” бағдарламасының арқасында ауданға шетелден, соның ішінде, әсіресе, көршілес Қытай елінен келіп жатқан қандастарымыздың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Олар негізінен Дмитириевка және Камышенка ауылдық округтарында тұрып жатыр. Алыстан келген қандастарымыз қазірдің өзінде аудан өміріне қызу атсалысып жүр. Айталық, соның бірі күміс көмей әнші Қажымұқан Мағазбек аудандық түрлі байқауларға қатысып, ойын-сауық гүліне айналды. Ал оның анасы Нағима апай он саусағынан өнер тамған ісмер. Ауданымыздың барлық өнерпаздарын сол кісі киіндірді десек, артық айтқандық болмас. Басқа да сырттан келген ағайындарымыздың қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар түрлі этнографиялық көрмелердің көркін келтіруде.
– Ертеректе бәрін кадр шешеді деген қанатты сөз болушы еді. Аудандағы кадрлар тіл мәселесін шешуге қабілетті ме? Ауданда іс-қағаздары түгелдей мемлекеттік тілге қашан көшіріледі. Сондай-ақ, жер-су аттарын қазақыландыру мақсатында нендей жұмыстар атқарылуда? Белағаш деген байырғы атауы тұрғанда Бородулиха деген түсініксіз атаудан қашан құтыламыз?
– Ауданның жергілікті атқарушы билік органдарында қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлердің барлығы дерлік арнайы тіл үйрету курстарында оқып жатыр. Мұның сыртында олардың қатарын мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін жас қызметкерлер толықтыра түсуде. Ал енді іс қағаздарына келсек, жыл басынан бері бізде түрлі деңгейдегі хат алмасу мемлекеттік тілде жүргізіле бастады. Соған орай, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге арналған әдістемелік семинарларды жиі өткізе бастадық.
Енді жер-су, көше аттарын өзгерту жұмыстарына келейік. Соңғы кезде ғана аудан орталығындағы Крупская көшесі – Тәуелсіздік, Мир – Бейбітшілік, Дружба – Достық болып ауыстырылды. Сондай-ақ, М.Әбеулов, Ф. Середин сынды Ұлы Отан соғысының батырлары мен Т.Аманов секілді ауданымыздан шыққан атақты ғалымға көше, мектеп аттары берілуде. Ауданның жер-су аттарын бір күнде өзгерту мүмкін емес. Соған қарамастан, ол да рет жөнімен іске асырылып жатыр. Айталық, аудан орталығы ресми түрде болмаса да Қарағайлы деп атала бастады.
Иә, халқымыз көш жүре түзеледі деген ғой. Қазіргі күні елімізде мемлекеттік тілді меңгерудің әлеуеті арта түсіп келеді. Оған мемлекет тарапынан қолдау жасалып та жатыр. Солайша туған тіл қамқорлықтан кенде емес деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы.