22 Қазан, 2010

Шығыстағы білім шаңырағы

769 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы  облыстық арнайы мектеп-гимназия-интернатына – 90 жыл Өскеменде мыңдаған шәкірттердің жү­регіне нұр құйған, өзіне қарай магниттей тар­тып тұратын білім ордасы бар. Ол, әсіресе, ауылдың қара домалақ балаларына ерекше ыстық. Сонау жиырмасыншы жылдары аштықтың, тарлық пен жұттың, саяси қуғын-сүргіннің қилы заманында бір орыс байының үйінде қазақ балаларының басын қосып, шәкірттерге білім нұрын құйған қарашаңырақ қазір де облыстың түкпір-түкпірінен жи­нал­ған жеткіншектерге білім беріп, тәрбиелеуде. Біз бүгін осы білім ордасының директоры Бағлан ДАНИЯРОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Бағлан Қапайұлы, 90 жылдық мерейлі мереке құтты болсын! Шығыстың шынары іспеттес білім ордасының өсіп-өркендеу жол­дарына тоқтала кетсеңіз. – 1920 жылдың 28-ші қаңтарында Өскемен қаласындағы жаңа Алтай мектебі “Өскемен-Қырғыз” мектебі деген атауға ие болып, револю­циялық комитеттің №16-шы бұйрығымен бекітілді. Арада 13 жылдан кейін Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев атындағы жеті жылдық қазақ мектебі болып қайтадан ашылды. 1936-1937 оқу жылында мектеп он жылдыққа айналды. Тағы бір жылдан кейін жаңадан 120 орындық пансион үйі салынып, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебі болып өзгертілді. Бұл облыс орталығында оқып, тегін тамақ ішетін сол кездегі жалғыз интернат болатын. Сондықтан болар, қалада тұрмайтын қазақ балалары, алыстағы малшылардың және жетім балалар да осында қанат қақты. Құсайын Жайсаңбаев деген ағамыз қилы заманның ауыр жүгін белі қайыспай көтеріп, жоқты бар етіп келесі ғасырға апаратын білім шаңырағының іргетасын осылай қалаған еді. Орыстың белгілі жазушысы П. Бажов біздің мектепке сол кезде демеушілік жасапты. Жергілікті ақын М. Чистяков дәріс берген. Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері қаншама адамдарға қайғы-қасірет әкелді десеңізші. Мектептің талай ұстаздары майданнан оралмады. Ата-анасынан айырылып, аңырап қалған көптеген жетімдер біздің мектепке келіп паналады, тар жол, тайғақ кешуде білімдерін жалғастыра берді. Сұрапыл соғыс жылдарындағы мектеп директоры Нұртаза Нұралыұлы қазақ балаларының терең білім алуына ерекше еңбек сіңірді. Базатай Қайырбеков, Зарықбай Ыбыраев, Естай Ақажанов сияқты білімді де білікті азаматтар білім ордасының нық басуына, өз шәкірттерін ірі қалалар мен Еуропадағы жоғары оқу орындарында білім алуға кеңес беріп, жол сілтеген саналы азаматтар еді. – Білім ордасын бітіріп, үлкен өмірге жол­дама алған шәкірттеріңіз жайлы айта кетсеңіз. – 90 жылдық тарихы бар қарашаңырақты төрт мыңға тарта шәкірт аяқтапты. Олар ғылым және мәдениет, әдебиет, экономика, журна­лис­тика, геология, металлургия саласында еңбек ету­де. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғы­лым докторы, әдебиетші Шериаздан Елеу­кенов мектеп түлегі. Отставкадағы генерал-майор Шәкен Жұмағұлов, Спорт және туризм минис­тр­лігінде жауапты қызмет атқаратын Анатөлі Құлназаров та біздің шәкірттер. Жамбыл атын­дағы мектеп-интернатты тәмамдаған шәкірттер арасынан ақын-жазушылар көптеп шықты. “Алаш” халықаралақ сыйлығының иегері, белгілі жазушы Шәрбану Бейсенова, ақын, жазушы Тоқтархан Шәріпжанов, ақын Тұрғазы Нұқай, Жұмаділ Әділбаев, Айтмұханбет Қасымов, қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатай, сатирик-жазушы Ғаббас Қабышев, тағы басқалардың біздің мек­тептен қанат қаққанын мақтан тұтамыз. КСРО Мемлекеттің сыйлығының лауреаты Тұрсынғали Баянжанов, Еркінбек Шомбинов қорғасын-мырыш комбинатында басшылық қызметте бол­ды. Атақты археолог Зейнолла Самашев, бірнеше аудандарды іскерлікпен басқарып, қазірде мектеп туралы кітаптар жазған Алдияр Әубәкіров, Ас­тана қаласына алғашқылардың бірі болып көшіп барып, көрікті ғимараттарын тұрғызған құ­рылысшы-инженерлер Ілияс Кәрібаев, Бақытбек Қоңдыбаев, білікті дәрігер Бақытбек Сапаев та біздің мектепті үздік бітірген азаматтар. – Айта берсек, таусылмайтынын білеміз. Өзіміз де осы білім ордасын осыдан 43 жыл бұрын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алғанбыз. Бұдан жарты ғасыр бұрын мектепте жүз адамдық хор, домбыра оркестрі, фотоға түсіру, үрлемелі оркестр, химия, физика, әдебиет, сурет салу үйірмелері жұмыс істейтін. Бір ғана мысал. Құ­мар Макаров қазір Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте ұстаз. Сурет салудың қыр-сырын терең меңгерген Ғұмар Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, оның қыл-қаламымен салған суреттері сан мәрте жүлде алған. – Қазір заман талабы басқаша. Білім берудің озық әдістері енгізілуде. Кабинеттік жүйелер, компьютерлендіру, ғаламторды жетік меңгеру алға жетелейді. Ұлттық сананың сергектігі, ойдың ояулығы, ақылдың асылдығы, сезімнің мөлдірлігі жинала келгенде рух асқақтап, жан тазалығы қалыптасатыны белгілі. Мектеп-интернат болған соң оқушылардың тәрбиесіне көңіл бөлеміз. Біздің мектепте бұдан бірнеше жыл бұрын тәрбие талабына байланысты руханият кафедрасы аш­ылған. Оған білімді ұстаз Бақытгүл Омарғали­қызы Ауғанбаева жетекшілік етеді. Бұл күндері кафедра тоғыз тәрбиелік ба­ғытта жұмыс істеп тұр. Абай хакімнен арғы-бергі танымал тұлғалар негізге алынып, тоғыз бұлақ көзі болып ағып барып “Қо­нақ кәде”, “Ин­теллектуалды ойын клу­бы”, “Фа­раби ұрпақтары” атты шағын ғылы­ми академиялық орталық ашылды. “Мектеп ай­насы” атты газет те бала­лардың қызыға оқитын дүниесіне айналды. Тәрбиеші-ұстаздар Нұрбақыт Қалиасқарова, Баян Қырықбаева, Әния Раисова, Жәмила Қайнолдақызы, Жазира Қапанқызы, Гүлнар Жұманқызы, Индира Нигметина, Қарлығыш Сағидолдина, Еркежан Мұсабекова, Гүлнар Жүнісова, Гүлнар Рахишева, тағы басқалар құрметке бөленген жандар. – Алтын ұя мектебіміздің өркендеуіне, қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген, 37 жыл бойы директор болған Уалиахмет Нұрахметұлы Байделдиновтың өмір жолдары көпшілікке үлгі-өнеге емес пе? – Дұрыс айтасыз. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО ағарту ісінің үздігі, Еңбек Қызыл Ту орденді ұстаз ағамыз 1960 жылы мектепке директор болып тағайындалды. Қазақ халқының саны небәрі 28 пайыз болып, қазақ мектептерінің жабылуы, жоғары оқу орын­да­рында қазақ тілінде оқытатын факультеттер жабылып жатқан кезде орыс тілін балалардың меңгеруіне жөн сілтеген, басқа ұлттар арасында қазақ жастарының еңсесі түспей, мәртебесі жоға­ры болуына ерекше атсалысқан Уәкең мектептегі оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қоя білді. Сол кезде ұстаздардың ұстазы У. Байдел­ди­новпен қоян-қолтық бірге қызмет істеп, интер­нат меңгерушісі болған Қадылғұмар Әміренов, оқу ісінің меңгерушісі Ғайнижамал Әлімбаева, Сания Мырзабиева, Қанабек Алдашев, Ақаш На­маз­баев, тағылымды тәрбиеші Бақты Ақу­баева, ұла­ғатты ұстаз Құсайын Жаманбаев, тағы бас­қа­лардың есімдерін құрметпен атаймыз. Уәкеңнен кейін мектеп тізгінін ұстаған Сабанбай Мейір­мановтың кезінде мектеп ғимараты ерекше түрленіп, жаңаша өңге кірді. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Құрмет” орденінің иегері Қанипа Бітібаева соңғы 30 жыл бойы шәкірттеріне жаңаша түрде білім беруде. Қанипа Омарғалиқызының авторлық сыныбы жанын­дағы зертханаға республикалық мәртебе берілді. Жыл сайын ұстаз атында республикалық, об­лыстық олимпиадалар өтіп тұрады. Оған бүкіл облыстардан ұстаздар мен шәкірттер келіп қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетудің әдіс-тәсілдерін зерттейді, тәжірибе алмасады. – XXІ ғасыр – білім саласындағы жаңа дәуір. Осыған орай ізденістер бар шығар? – Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-ин­тер­наты дарынды балаларға арналған облыстық дәреже алған соң өңірлік ғылыми практикалық “Дарын” орталығымен бірлесе жұмыс істей бастады. Оның мақсаты – жас жеткіншектер бойындағы әркімнің қабілетін ашу, қалыптас­тыру және дамыту. Бірер мысал! Соңғы екі жыл бойы “Дарынды мұғалім – дарынды оқушы” атты сайыста қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санаттағы мұғалімі Меруерт Мұқашева, оқушысы Ұлағат Науан, ұстаз, ақын Бақытжан Раисова, шәкірті Шыңғыс Данияровпен бірге жүлделі бірінші және үшінші орындарды жеңіп алды. Мектебіміз 2007-2008 оқу жылдарында Шығыс Қазақстан облысының әкімі тағайын­даған “Ең үздік мектеп-гимназия-интернаты” атағын ие­ленсе, бір жылдан кейін “Ең үздік инновациялық мектеп” деген құрметке ие болды. Сонымен бірге, еліміздегі ең үздік жиырма мек­тептің қа­тарына енуіміз ұстаздар мен тәрбие­шілердің қажырлы еңбегінің жемісі деп айтамыз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М. Мұқашева республикалық жарыстан бас жүлдемен оралды. Жақында ғана Абайдың 165 жылдығына арналған мүшәйрада бас жүлдені жеңіп алған түлегіміз Азамат Тасқара, Науан Ұлағат, Медел­бек Руслан, тағы басқалар пәндік олимпиадалар мен сайыстарда алдан көрінді. Ал биылғы оқу жылында Іңкәр Қадырбекова, Перизат Са­дуа­қасова, Ботагөз Айымханова, Мирас Жүнісбеков сияқты шәкірттер пәндік олимпиадаларда жеңіске жетіп, жоғары оқу орнына гранттарды иеленді. Өзімнің орынба­сарларым Б.Құсайы­нова, М.Мұқашева, Б.Садықов, Б.Мағзүмов, ұстаздар Қ. Балтекенов, С.Байса­ғатова, Қ.Қа­сентаева, Ж.Әлдебаева, Ж.Әділ­бекова, Р. Есем­баева, М.Ба­кимбаева, Г.Сыдықова, А. Серке­нова, Ғ.Қал­ма­таева, А. Рамазанова, Ж.Жаз­наева, Ж. Әбі­ше­ва, А, Жағыпарова, Қ.Болатов, М.Бұлбұл, та­ғы басқа ұстаздарға алдағы уақытта шығарма­шылық табыс тілегім келеді. Оқу мен спорт егіз! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ой еңбегі мен дене еңбегін қатар дамытқанда адамдардың сергек болып, жұмыста қабілеті арта түсетіні жайлы үнемі айтып отырады. Спорттағы жетістіктермен де мақтануға болады. Денешынықтыру пәнінің мұғалімдері Б. Бейсенбинов, Е. Рахымбаев, А. Рамазановтың қажырлы еңбектерінің нәтижесінде бізде жұмыс істеп тұрған волейбол, қазақ күресі, дзю-до секциялары оқушылардың 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Тәрбиеленушілеріміздің арасында облыс, республика чемпиондары, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары көптеп саналады. Соңғы жетістіктеріміздің ішінен атап өтсек, мамыр айында өткен І-ші Республикалық жасөспірімдер спартакиадасынан мектеп оқушылары Сартаев Санжар, Хабдал Заманбек дзю-до күресінен чемпиондар болып оралды. Мектептегі домбыра оркестрі жиі концерттер беріп тұрады. Оның жетекшілері Т. Төлегенов, Е. Рахымбаев белгілі әнші-сазгерлер. Қысқасы, мектебіміздің торқалы тойына толымды тартулармен келіп отырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Оңдасын ЕЛУБАЙ. Суреттерде: мектеп директоры Бағлан Да­нияров; облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұстаздармен бірге.