Жемқорлық – індет, жою – міндет
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күннен-күнге қанатын кеңге жайып келеді. Оның үздіксіз және сапалы жүргізілуі халқымыздың әл-ауқатының артуына, экономикамыздың нығаюына әсерін тигізері анық. Бұл тұрғыдан алғанда Кедендік бақылау комитеті де сыбайлас жемқорлықпен күрестен шет қалып көрген емес. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүйелі шаралар үнемі қабылданып және негізгі басым бағыт ретінде кеден органдары жүйесінде оның көріністерінің алдын алуға айрықша көңіл бөлінеді.
Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты барлығы 81 қылмыстық іс қозғалған. Олардың 28-і сотқа жолданыпты. Соның ішінде 10 миллоннан астам теңгені жымқырған “Астана – жаңа қала” кеденінің әкімшілік-шаруашылық жұмыстар және бухгалтерлік есеп бөлімінің бастығы К. Текебаеваға қатысты ішкі қауіпсіздік бөлімі қозғаған қылмыстық істі қарау нәтижесі бойынша сот айыптау үкімін шығарып, оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сол сияқты Қарағанды облысы бойынша кедендік бақылау департаменті ішкі қауіпсіздік бөлімінің осы департаменттің бас маман-бухгалтері М.Миленкова Қазыбек би аудандық сотының үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, – дейді Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Е.Байтана.
Жалпы, осы есеп беру кезеңі ішінде кеден органдарының лауазымды тұлғалары жасаған 69 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі анықталған. Өзіне тапсырылған бөлімшелерде сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқық бұзушылық фактілеріне жол берген республика кеден органдары басшы құрамының 23 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Кеден органдары кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды жою бойынша алдын-ала пәрменді шараларды қабылдаудың арқасында аталған 9 айда 580 қылмыстық іс қозғалса, оның ішінде экономикалық контрабанда бойынша 326 іс, кедендік төлемдер мен салықтардан бас тарту бойынша 71 іс, айналымнан алынған заттардың контрабандасы бойынша 103 іс қаралып, ашылған.
Міне, осындай қажырлы жұмыстардың арқасында 2010 жылғы қаңтар-қыркүйекте кеден органдары мемлекет бюджетіне 487,3 млрд. теңге кедендік төлемдер мен салықтар түсуін қамтамасыз етті. Сөйтіп, болжамды тапсырманың орындалуы 110,1 пайызды құрады. Ал мемлекетке келген 11,1 млрд. (3,1 млрд.) теңге шығын қазынаға қайтарылды.