Ғарышқа қарай қарыштау
Ғарыш қызметін дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды
Елбасы алға қойған үлкен мақсат – еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын іске асыруда ғылымды және жоғары технологияларды кең көлемде қажет ететін ғарыш қызметін қа-лыптастырып, дамытудың маңызы ерекше.
Ғарыш саласын Қазақстан үшін әрі таныс, әрі бейтаныс сала деп айтуға болады. Таныс дейтініміз инфрақұрылымдық ерекшелігі мол, әлемдегі алдыңғы қатарлы деп табылатын көптеген дамыған елдердің маңдайына бітпеген Байқоңыр ғарыш айлағы біздің Қазақстанның аумағына орналасқан. Бұл құрылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ресеймен арадағы күрделі келіссөздердің барысында біздің елдің меншігіне өтті. Ал бейтаныс дейтініміз Кеңес Одағының тұсында оны пайдалану мәселесі Мәскеудегі орталықтың еншісінде болды да, бұл істен біздің еліміз тысқары қалды. Сондықтан оны меңгеретіндей кадрлар бізде өсіп жетілмеді.
Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін осынау технологиялық тұрғыдан аса күрделі кешенді игеру саясатымен қабаттастыра отырып отандық ғарыш саласын қалыптастырып, дамытудың аса күрделі міндеті алға қойылды. Бұрын тісіміз батпаған сала болғандықтан оны дамытудың алғашқы барысында аздаған әттеген-айларымыз болғанымен қазір бұл іс те бірте-бірте алға басып келе жатыр деп айта аламыз. Қазіргі күндері Талғат Мұсабаев бастаған еліміздің Ұлттық ғарыш агенттігі осы саланы Ресейдің және басқа да тәжірибесі бар елдердің технологиялық әріптестігіне сүйене отырып жаңа белеске шығару жөнінен күрделі жұмыстарды жүргізу үстінде. Алдыға жаңа міндеттер қойылып, оған қол жеткізудің әдіс-тәсілдері айқындалған. Бұлардың барлығы ғарыш саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасында көрініс тапқан. Бұл бағдарлама Үкіметтің осы аптада өткен отырысында қаралып, қолдау тапты және жақсы бағаға ие болды.
Отырыста аталған бағдарлама жөнінде баяндама жасаған Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековтің айтуы бойынша бағдарлама орындалған жағдайда төмендегідей нәтижелерге қол жететін болады.
Біріншіден, 2015 жылға қарай ғарыш қызметіндегі жалпы қосымша құнның өсімі 85 млрд. теңгеге жетеді.
Екіншіден, аталған мерзімге қарай қызметтің экспорттық өсімі 15 млрд. теңгеге дейін жетеді.
Үшіншіден, спутниктік байланыс қызметіне деген ел сұранысын қанағаттандыру көрсеткіші 80 пайызға дейін жоғарылайды. Сонымен қатар жоғары дәлдіктегі спутниктік навигациялау (Қазақстан аумағын қамту көрсеткіші) 30 пайызға жетеді.
Төртіншіден, Жерді қашықтықтан зондтаудағы ғарыш аппараттарынан алынатын деректер үлесі 50 пайызға дейін жетеді.
Міне, осындай көрсеткіштердің нәтижесінде бағдарламадағы алға қойылған негізгі мақсат – Қазақстанда толыққанды ғарыш саласын құрудың бірінші кезегін қамтитын шаралар кешені жүзеге асуы тиіс.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мынандай міндеттерді шешу көзделіп отыр.
Біріншіден, нысаналы мақсаттағы ғарыш жүйелерін жасау және оны пайдалану. Осы үшін “KazSat-2” және “KazSat-3” байланыс ғарыш аппараттарының жүйесі құрылатын болады. Сонымен қатар жерді қашықтықтан зондтауға арналған ғарыштық жүйе құрылады.
Екіншіден, жер бетінде орналасатын ғарыштық инфрақұрылымды дамыту. Осы үшін “Байқоңыр” ғарыш айлағында экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болып табылатын “Бәйтерек” ғарыштық зымыран кешені және ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынау мақсатындағы жаңа кешен құрылады.
Үшіншіден, ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми технологиялық негізін дамыту.
Төртіншіден, кәсіби кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру.
Бесіншіден, ғарыш саласының шарттық, құқықтық және нормативтік техникалық негіздерін әзірлеу.
Міне, осы міндеттер жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда ТМД елдерінде бұрын-сонды болмаған қазіргі замандық технологияларға негізделген жаңа өндіріс орны, яғни инновациялық деңгейі жоғары жаңа кәсіпорын құрылып, ол тиісті салаға маманданған кадрлармен қамтамасыз етілуі тиіс.
Бағдарлама жүзеге асқан жағдайда Қазақстанда ғарыштық техникалар мен технологиялардың жаңа үлгілері жасалатын болады. Сонымен қатар еліміз жаңа бағыттағы қолданбалы ғарыштық ғылыми зерттеулерді жүргізу ісіне қатысатын болады.
Әрине, еліміз үшін тың қызмет саласы болып табылғандықтан ол бағдарламаны жүзеге асыру үшін Ресеймен өзара тиімді қатынастарды бекіту және басқа да елдермен халықаралық ынтымақтастықты қалыптастырып, дамыту жұмыстары одан әрі жалғаспақ.
Сонымен бағдарлама біздің еліміз үшін жаңа да қажетті технологиялық міндеттерді шешуді көздеп отыр.
Бағдарламаның болжамды нәтижесі
2015 жылғы ЖҚҚ өсімі 85,0 млрд. теңгеге жетеді
2015 жылғы экспорт өсімі кемінде 15,0 млрд. 7 теңгені құрайды
Спутниктік байланыс арналарында ел сұранысы 80 пайызға қанағаттандырылды
Жоғары дәлдікті спутниктік навигация (Қазақстан аумағын қамту) –30 пайызға жетеді
Жерді қашықтықтан зондтау бойынша ғарыш аппаратынан алынатын деректер үлесі 50 пайызға жетеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
Байыпты бағдарлама өмірді өзгертті
Мемлекет басшысының Жолдауында тапсырылған “Жол картасы” бағдарламасы дағдарыс кезеңінде қабылданған оң шешім екендігін бүгінгі уақыт дәлелдеді. Ол халықтың әлеуметтік жағдайын жаңа сатыға көтерді. Көптен бері жөнделмеген жол, мәдени-тұрмыстық орындар қалпына келтірілсе, қаншама адам жұмыспен қамтылды, қаншасы қолайлы кәсіпке даярлықтан өтті. Бағдарлама аясында өңірде атқарылған жұмыс атап айтуға тұрарлық.
Мемлекет басшысы әрдайым халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ерекше назар аударып, нақты тапсырма беруі барысында елімізде оң өзгерістер орын алғанына күн сайын көз жеткізіп келеміз. “Жол картасының” жүзеге асырылуы еңбек рыногының тұрақтануына ықпал етумен қатар, халықтың әлеуметтік ахуалына оң әсерін тигізді. Бағдарлама барысында жұмыссыздық мәселесі шешімін тауып, әрбір елді мекендегі мәдени, әлеуметтік маңызды нысандарды жөндеу мен қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 6,5 пайызға дейін төмендеуі осының нақты көрінісі.
Өңірде “Жол картасы” бағдарламасының 4 инвестициялық бағытымен 303 жоба қамтылып, жүздеген жұмыссыздар жұмысқа орналастырылды.
Аталған бағдарламаның ел экономикасының дамуындағы ықпалы мен маңыздылығы ескеріліп, Елбасы ағымдағы жылы да оны жалғастыруды тапсырды. Биыл “Жол картасын” іске асырудағы негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бойынша қол жеткізілген көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеу мен оны тұрақтандыру. Ол негізінен өз шешімін тапты.
Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 12,7 млрд. теңге бөлінді. Оның 4,2 млрд. теңгесі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылса, барлығы 230 әлеуметтік маңызы бар жобалар іріктеліп, нәтижесінде 14137 жұмыс орны құрылды. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін жөндеу, дамыту бағытындағы 71 жобаға 5,5 млрд.теңге, жол жөндеу жұмыстарындағы 51 жобаға 2,4 млрд. теңге, мектеп, аурухана және басқа әлеуметтік нысандарды жөндеуге 2,7 млрд. теңге, ауыл, кент, селодағы әлеуметтік нысандарды жөндеуге 2,1 млрд. теңге игеріліп, 3110 жұмыс орындары ашылғанын айтуға болады.
Жыл басынан барлығы 230 жоба іске асырылып, бүгінгі күнде олардың 160-ның тиянағы келтірілді. Олардың ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіндегі 37 нысан, 50 жол, 43 білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени нысандар, қала және ауылдың 30 әлеуметтік-мәдени орындарын жөндеу мен қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар бар. Аталған жобаларда 14137 жұмыс орны құрылып, 13870 адам жұмысқа орналасты.
Өңірде “Жол картасы” шеңберінде қалпына келтіруді қажет ететіндер арасынан әлеуметтік маңызы бар күрделі нысандардың іріктелуі аса маңызды десек, 2009 жылы бағдарлама аясында бөлінген 12,7 млрд. теңгенің 4,8 млрд. теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларға жұмсалды.
Нарықтық қатынастар енген жылдардан бергі кезеңде жөндеуден өтпеген жылумен қамтамасыз ету нысандары қолға алынды. Нәтижесінде Қапшағай қаласындағы қазандық және жылу жүйелері, 10 жыл бойы тоқтап тұрған Талдықорған қаласының орам қазандығы мен орталық қазандығы, Іле ауданы Өтеген батыр кентінің жылу жүйелері, Қарасай ауданы “Алтын-Ауыл” шағын ауданының қазандығы сияқты маңызды нысандар қалпына келтірілсе, биылғы жылы 2 млрд.теңгеден астам қаражат кәріз жүйелеріне бөлініп, осы мерзімге 14 елді мекенде орналасқан 15 нысанның 80,9 шақырымдық кәріз жүйелері және 2 кәріз сорғыш стансасы жөнделді.
Сонымен қатар, қазандық және жылу жүйелеріне 1,1 млрд. теңге, электр, газбен қамтамасыз ету жүйелеріне де қомақты қаржы қарастырылды. Бұлардың барлығы тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызса, Көксу ауданы Балпық би кентінде істен шыққан орталық қазандық қалпына келтіріліп, бұл бюджеттік мекемелерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесін түбегейлі шешті.
Жол жөндеу жұмыстары барысында 251,9 шақырым жолды орташа жөндеу, 405,5 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілсе, “Жол картасының” арқасында жөндеуден өтпеген жолдардың тозған бөліктері жаңартылды.
Халыққа қызмет көрсететін орындардың талапқа сай болуына да ерекше көңіл бөлінуде. Бағдарламадағы үшінші бағыт – мектеп, аурухана және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеуге ауқымды қаржы бөлінгенінің арқасында көп жұмыс атқарылды. Елбасының балабақшалар санын көбейту туралы тапсырмасын орындау үшін нақты жұмыс жалғасып, Ақсу және Ескелді ауданында 2 балабақша бүлдіршіндер игілігіне берілсе, биылғы жылы Іле, Көксу және Қаратал аудандарында 3 балабақша ғимараты жөнделіп, пайдалануға берілді. Іле ауданы, Боралдай кентіндегі жұмыс жасап тұрған 220 орындық “Балдәурен” балабақшасы қалпына келтірілсе, Көксу ауданындағы бұрынғы балабақшаның ғимараты күрделі жөнделіп, 275 сәби қабылданып, 65 адам жұмыспен қамтылады. Сол сияқты Қаратал ауданындағы 240 балаға арналған балабақшаның іске қосылуы 57 адамның жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретіні игілікті істер қатарында екендігі сөзсіз.
“Жол картасы” аясындағы жөндеу жұмыстарымен 17 мектеп, 6 кәсіптік білім беру ошақтары, 16 емдеу орындары, 4 мұражай, 1 қарттар үйі, 7 спорт мектебі сияқты маңызды нысандар қамтылғанын да атап өткен жөн.
Аталған бағдарламаға бөлінген қаржының 2 млрд. теңгеден астамы ауылдық жерлердегі елді мекендерге беріліп, 11 селолық клуб күрделі жөндеуден өтіп, 17 ауылдың көшелері жарықтандырылды. 36 балалар алаңқайлары салынып, 6 ауылда мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді. Сондықтан 22 ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі мақсат – жұмыссыздықтың алдын алу мен жастардың кәсіби біліктілігін жетілдіру. “Жол картасын” іске асыру барысында әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар тәжірибесін ұйымдастыру мәселесі шешімін тапты. Биылғы жылы бағдарлама ауқымын кеңейту жұмыстары жалғастырылды. Республикалық бюджеттен бөлінген 384 млн.теңге шеңберінде облыста 1800 әлеуметтік жұмыс орындарын құру және 1400 жас мамандарды жастар тәжірибесіне жіберу жоспарланса, бұл жұмыстың тиімділігіне көз жеткізілді.
Биылғы жылы әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар тәжірибесін ұйымдастыру үшін кәсіпорын және ұйымдармен бекітілген келісім-шарт қатары 1282-ге жетті. Жыл басынан халықтың мақсатты тобына жататындар арасынан әлеуметтік жұмыс орындарында жұмысқа орналасқандар саны 2075 адамды, жастар тәжірибесіне қатысушы түлектер қатары 1793 адамды құрады. Ал, республикалық бюджеттен осы бағдарламаларға бөлінген қаржының 310 млн.теңгесі игеріліп, олар болашақ мамандықтарына қажетті тәжірибеден өтті.
Сонымен бірге, 2010 жылы “Жол картасы” аясында кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламасы да жалғасын тапты. Бағдарлама бойынша 4500 адамды оқыту мақсатында республикалық бюджеттен 562,6 млн.теңге қарастырылып, жыл басынан 26 оқу орындарымен келісім-шарт жасалды. Нәтижесінде, 4500 адам даярлау курстарына жіберілді.
Облыста “Жол картасының” жүзеге асырылу барысына нақты бақылау орнатылған және апта сайын оның барлық бағыттары бойынша мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан және қалалар деңгейінде “Жол картасын” үйлестіру және мониторингтеу жөніндегі комиссиялар жұмыстарын жалғастырып, қаржының тиімді жұмсалуы бақылауға алынған.
“Жол картасы” бойынша 2010 жылға белгіленген жұмыстар
Іріктелген жобалар 230
Бөлінген қаржы 12,7 млрд.т.г
Ашылған жұмыс 14137
орындары
Ұмсын БАЛАБИЕВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы. Алматы облысы.
Пәтерлер көбейіп келеді
Облыс орталығында тағы бір жаңа үй пайдалануға берілді. Ертіс өзені жағалауындағы бұл шағын ауданда соңғы жылдары құрылыс қарқынды жүруде. Мектеп, балабақша, емхана салынды. Жуық арада осы жерде кардиологиялық емдеу орталығы ашылмақшы. Қала әкімі Бақытжан Жоламановтың айтуынша, болашақта бұл жерден жастар мен жасөспірімдерге арналған “Өркен” атты мектеп пен спорттық сауықтыру кешені салынады. Сонымен қатар бұл жерде ботаникалық бақ өсірілетін болады.
“Құрылыс МҚБ” фирмасы тұр-ғызған осы аудандағы Ткачев көшесі 16-үйде барлығы 72 пәтер бар екен. Егіз балалары бар Докучаевтар отбасы, жас ұстаз Жангүл Бегалы осы үйден жаңа пәтер алды. Бұл үй ипотекалық несиелеу жүйесі бойынша жас отбасыларға, мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік мекеме мамандарына берілді. Мемлекеттік бағдарлама негізінде салынған баспана Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі ұсынған несиелер бойынша өткізілді. Үйдің ауласы да тұрғындарға ыңғайлы, асфальт төселген, балаларға арналған ойын алаңы бар, ал, автотұрақ бөлектеу орналасыпты.
–Пәтерлер өзіміз армандағандай-ақ жарқырап тұр, іші кең, бұрынғы пәтерлерден мүлде өзгеше, дейді тұрғындар. Қала әкімі жыл соңына дейін облыс орталығындағы Аманкелді-Ворушин көшелері қиылысында құрылысы жүргізіліп жатқан тағы бір көп қабатты тұрғын үйдің пайдалануға берілетінін атап өтті.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
Салаға серпін беретін жоба
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттік ресурстармен қоса шетелдік инвестицияларды тарту арқылы бірлескен кәсіпорындардың нысандарын салу міндетін қойған болатын. Индустриялық даму бағдарламаларында еліміздің өңірлерінде инвесторлар үшін барынша тартымды жағдай жасалғаны айтпаса да түсінікті.
Бұл орайда, мемлекет-жеке меншік әріптестігі тетігінің зор әлеуеті ескеріліп, жаңа экономиканың қозғаушы күші кәсіпкерлікке үлкен сенім артылып отыр. Әртараптандырудың өзегі де – осы сала. Президенттің тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновацияларға дайын қуатты кәсіпкерлер табына сенім артуы бекер емес. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының ұсынылуы шағын және орта бизнестің тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жобаларды қаржыландыруға, экспорттық рыноктарға бәсекеге қабілетті отандық өнімдерді шығаруға мүмкіндіктер беретінін ешкім жоққа шығара алмайды. Облыс орталығына таяу орналасқан Петерфельд ауылында “Биоплант Флора” деген жаңа атауға ие болған органикалық-минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт іргетасының қалануы соның бір айғағы. Бірлескен кәсіпорынның бой көтеруіне қазақстандық “AKS agro LTD” (президенті Асқар Құлыбаев) және ресейлік “Goldheіn іnvestments lіmіted” (президенті Давит Варагян) компаниялары мүдделілік танытып, 8 миллиард теңге инвестиция құйды.
Зауыт іргетасының қалануына орай өткен салтанатты шарада облыс әкімі Серік Біләлов индустрияландыру картасына 27,5 миллиард теңгенің 13 жобасы енгізіліп, пайдалануға беріліп жатқанын жеткізді. Елбасы тапсырмасына сәйкес аграрлық салаға да инновациялық технологиялар дендеп еніп келеді. Шаруашылықтар топырақ құнарлылығын кемітпеудің, ылғал ресурстарын сақтаудың озық әдістеріне көшкен. Енді, міне, астық өндірісінің табыстылығын көздейтін жақсы бастамаға куә болып отырмыз. Облыс еліміздегі астықтың үштен бірін өндіреді әрі оны ірі эскпорттаушы болып табылады. Жоба салаға үлкен серпін берері сөзсіз. Асқар Алтынбекұлы ресейлік әріптестермен бірігіп қолға алған бағдарламаның өміршеңдігін, орасан зор экономикалық және экологиялық тиімділігін атап көрсетті. Білікті кадрлардың даярланатынына, жергілікті мамандардың тартылатынына сенім артты. Мұндай зауыт ТМД кеңістігінде әзірге біреу ғана. Ресейдің Подольск қаласында жұмыс істейтін кәсіпорынның тыңайтқыштары Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында сынақтан өтіп, жақсы нәтиже берген. Жамбыл ауданындағы “Агротехника” шаруашылығының бас агрономы Владимир Лобода “Биоплант-Флора” органикалық-минералды тыңайтқыштар қолданған егістік алқаптарынан мол өнім жинағанын тәжірибе ретінде бөлісті. 10 мың шаршы метр алқапты алып жатқан кәсіпорынды салумен “Ливкос-Север” ЖШС айналысып, келесі жылы іске қосуға міндеттенген. Бірінші кезегін салуға 1,5 миллиард теңге қаражат жұмсалып, жылына 12 мың тонна өнім шығара бастайды. Толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өнімділік 60 мың тоннаға дейін артады. Оның өнімдері Орталық Азия елдеріне де жөнелтілетін болады. Алғашқыда 70 адам тұрақты жұмысқа орналасса, кейін 400-ге дейін ұлғайту көзделген.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Қарқынға қарқын қосылып
Ақтөбе қаласы жыл сайын қанатын кеңге жайып, өсіп, өркендеп келеді. Әсіресе, шырайлы шаһарда тұрғын үй құрылысы қалыпты дамуда десек артық айтқандық болмас. Белгілі бір уақытта қаланың бір ауданына ат ізін салмай қалсаң, көп кешікпей зәулім үйлердің бой көтергеніне, бірегей шағын ауданның орын тепкеніне куә боласың. Мұны тұрғын үй құрылысындағы жоспарлы да жүйелі жұмыстың нәтижесі деу орынды. Жақында Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов өткізген кезекті жиналыста үстіміздегі жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйлер құрылысы тағы бір пысықталды.
Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының орындалу барысы туралы хабарлама жасаған қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Бақұзақ Дариннің әңгімесінен аңғарылғаны, бұл бағытта біраз ілгерілеу бар екен. Үкіметтің басты әлеуметтік міндеттерінің бірі де бірегейі азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Мұны шешудің жолы – коммуналдық және ипотекалық тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру, осындай тұрғын үйлерді көптеп салуға қол жеткізу.
Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша биыл республикалық бюджеттен көлемі 7,3 мың шаршы метр ипотекалық тұрғын үй құрылысына 471,0 миллион теңге қаржы бөлінді. Ал, 5610 шаршы метр жалдамалы тұрғын үйлерге 320,936 миллион теңге қаралыпты. Қазіргі таңда несиелік және жалдамалы тұрғын үйлер құрылысымен қатар “Болашақ” шағын ауданында мүгедектерге арналған 72 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй салынуда. Республикалық және жергілікті бюджеттен үстіміздегі жылғы тоғыз айға бөлінген қаржы толық игерілді. 28678,5 шаршы метр ипотекалық тұрғын үй несиені қайта пайдалану есебінен іске қосылды. Үстіміздегі жылдың маусым айында “Жастық” шағын ауданында екі қабатты он жеті пәтер пайдалануға берілді. Қала әкімінің мәлімдеуінше, 2005 жылдан басталған тұрғын үй бағдарламасы жыл сайын 10-15 пайызға асыра орындалып келеді. Келесі жылдан бастап “Батыс-2” шағын ауданында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғын үй салу алғаш рет қолға алынады. 2011-2013 жылдары тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 8 миллиард теңгеден асып, 93644 шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтілуде. Сонда үш жылда 1410 ақтөбелік баспаналы болады.
Қалада биылға жоспарланып, салынып жатқан тұрғын үйлер жыл аяғына таман пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру ең алдымен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің дайын болуына тәуелді. Сондықтан жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жүргізуге конкурстар өткізілген. Қазір канализация құбырларын жүргізу аяқталған, ал жылу жүйелері желтоқсан айында іске қосылатын болады. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуіне байланысты 11 және 12 шағын аудандарда, шаһардың ескі бөлігінде жылумен қамту нашарлап кеткен. Осы мәселені шешу мақсатында “Трансэнерго” АҚ-тың ұсынысы бойынша 312 атқыштар дивизиясы даңғылының автовокзалға таяу тұсынан қуатты арттыратын насос стансасы салынатын болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
Жол бойындағы жаңалық
елімізде тұңғыш рет жол төсемінің су-жылу режімін ұдайы өлшеп отыратын датчиктер қолданыла бастады
“ҚазжолҒЗИ” АҚ мамандары Астана- Бурабай автомагистралінің 7-ші шақырымында Қазақстанда тұңғыш рет жолдың топырақ төсемінің және жол жамылғысының температурасы мен ылғалдылығын өлшеп отыратын арнайы датчиктерін орната бастады. Бұл датчиктер басқа елдерде пайдаланылып жүрген құрылғылардан артық жетілдірілген. Өлшеулер тәулік сайынғы және жыл бойғы циклде жүргізіліп отырады. Өлшеулер нәтижелері жол құрылымының су-жылу режімінің сипаттамасын алуға және жол құрылымын есептеу тәсілдерін жетілдіру барысында ескеруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін осыған ұқсас, бірақ бұл деңгейде жетілдірілмеген датчиктер АҚШ, Жапония, Украинаның Киев, Ресей Федерациясының Ленинград және Мәскеу облыстарының жол учаскелеріндегі топырақ төсемдеріне орнатылған болатын. Ондағы бақылаулар нәтижелері топырақтың есепті сипаттамаларын және сол өңірлердегі су-жылу режімін реттеу шараларын дәлірек белгілеуге мүмкіндік берді. Қазақстанда мұндай жұмыстар тұңғыш рет қолға алынуда. Осы өлшеулердің нәтижелері жолды пайдалану барысындағы жол құрылымының уақыт өткен сайынғы өзгерістерінің нақты жай-күйін және олардың пайдаланылу мерзімін анықтауға мүмкіндік ашады, — дейді “Қазжол ҒЗИ” АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Телтаев. Сондай-ақ келешекте мұндай датчиктер республиканың түрлі табиғи климаттық жағдайдағы басқа жолдарына да орнатылатын болады.
Жол құрылымдарының жұмыс жағдайын зерттеу мақсатында осындай датчиктерді орнату жөніндегі шешім Көлік және коммуникация министрлігінде автомобиль жолдарын пайдалану мәселелерін талқылау нәтижесінде қабылданған. Автомобиль жолдарының мықтылығы мен ұзақ мерзімге сақталуы негізінен жол жамылғысы мен топырақ төсеміне байланысты екенін айтады мамандар. Сол себепті де бірдей материалдар мен құрылғылардың республиканың әр өңіріндегі қызметі әрқилы болады. Осыған байланысты олар бірқатар міндеттерді шешу керек деп есептейді. Олар – жол құрылғылары мен материалдардың әртүрлі жағдайдағы қызмет ерекшеліктерін зерттеу, жол құрылғыларын қазіргі пайдалану жағдайына сәйкес жобалау, сонымен қатар жаңа материалдар мен технологияларды зертхана жағдайында және жолда олардың Қазақстанда пайдаланылу тиімділігін анықтау үшін тексеріп көру болып табылады.
Осы мақсатпен кейінгі бес жылда топырақты, геосинтетикалық және жылу сақтағыш материалдар пайдаланылған асфальт- бетонның жаңа құрамдары 30-ға тарта тәжірибелік учаскелерге төселген. Барлық сынақ учаскелеріне тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады. Олардың нәтижелері автомобиль жолдарын салғанда және жөндегенде техникалық және экономикалық жағынан тиімді шешімдерді барынша нақты пайдалану үшін ұсынылуда. Бұл өз алдына жолдардың ұзаққа шыдас беретін төзімділігін арттыруға, сондай-ақ автомобиль жолдарына жұмсалатын бюджеттік қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік ашады, дейді сала мамандары.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.
Балқаш көлі қамқорлыққа зәру
Қазақстанның шығысында орналасқан Балқаш көлінің бүгінгі ахуалы ғалымдарды ғана емес, көпшілікті де қатты алаңдатуда. Оның өзіндік себептері де жеткілікті. Ең басты күрделілік Балқаш көлі суының көлемі жыл сайын азайып қана қоймай, сонымен қоса айдын көлдегі тазалық жағдайы да нашарлай түсуінде болып тұр. Анығырақ айтқанда, өндірістік қалдықтар деңгейінің көтерілуі және өзге де қиындықтар экологтардың бұл бағыттағы қауіп-қатерін ұлғайта түсуде.
Ғалымдар Балқаш көлінде қалыптасып отырған экологиялық түйткілдің әлемге аты белгілі Арал қасіретін қайталау мүмкіндігін жасырмайды. Олай болса, Балқашты экологиялық зардаптардан қалай құтқаруға болады? Бұл бағытта бүгінгі күні және келешекте ықпалды қандай іс-шараларды жүзеге асырған жөн?!
Алматы қаласында өткен “Іле-Балқаш бассейніндегі су ресурстарын басқаруды интеграциялау: бірлескен шешімдер және келешектегі жобалар” атты халықаралық конференцияға қатысушылар осы және өзге де мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды. Халықаралық конференцияға Қазақстан, Ресей, Қытай және Қырғызстаннан су шаруашылығы агенттіктері мен ведомстволар және халықаралық ұйымдар өкілдері мен ғалымдар қатысты. Халықаралық деңгейдегі кездесудің негізгі әрі өзекті мақсаты – Іле және Балқаш көлдері ресурстарын пайдалану және қорғау төңірегіндегі мәселелерді жан-жақты талдау. Бұл орайда, әсіресе, Қазақстан мен көрші мемлекеттер арасындағы шекаралық ынтымақтастықтың құқықтық негіздері, сонымен қатар аймақтағы әртүрлі салаларда суды тиімді пайдалану бойынша озық технологияны қолданудың келешегі де назардан тыс қалмады.
Халықаралық жиында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Оңдасын Жиенқұлов Қазақстанның көршілес елдермен шекаралас өзендерде су қорларын қорғау және пайдалану саласындағы ынтымақтастығы төңірегінде баяндады. Оның айтуынша, 2005 жылдың маусымы мен 2007 жылдың желтоқсан айының соңына дейін Еуропалық одақтың қаржылай көмегімен Аймақтық экологиялық орталықтың Орталық Азияға арналған “Іле-Балқаш бассейніндегі интеграциялық басқару жоспарын жасау” жобасы жүзеге асырылған. Балқаштағы жағдайдың Арал теңізіндегі қасіретті қайталайтындығы туралы дәйекті ескерген Еуроодақ сарапшылардың және қалың көпшіліктің интеграциялық басқару мен жүйені енгізу туралы ұсынысын қолдаған болатын. Бұл жоба 2009 жылы іске қосылды және ол үш жылға есептелінген.
Жобаның негізгі мақсаты – Іле-Балқаш бассейндерінде дамудың тұрақтылығына қол жеткізу, су ресурстарын интеграциялық басқару принциптерін одан әрі дамыту және аймақта су мәселелері туралы диалогты нығайту. Дегенмен, жоғарыда аты аталған көлдердегі су қорларын тиімді пайдалану мен басқаруда бүгінгі күнге дейін біршама кедергілер кездесіп отырғандығын жиында сөз алған сала басшылары мен ғалымдар тілге тиек етті. Мұндай олқылықтардың бірі – су секторына қатысты заңдарды қолдану тетіктеріне байланысты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Су қорын пайдалану және қорғауды реттеу жөніндегі Іле-Балқаш бассейні инспекциясы бастығының орынбасары Жолдас Аманбаевтың айтуынша елімізде су заңнамасы талаптары бойынша бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
– Мемлекеттік инспекторлар заңнамаға орай суды пайдалану, шаруашылық субьектілері жағдайларын бақылауды назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, 2009 жылы су заңнамасын сақтау бойынша 228 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 170 ескерту жасалды. Су заңнамасын бұзушылықтағы негізгі және көпшілікке тән олқылықтардың арасында, ең алдымен суға мемлекеттік меншік талаптарының өз деңгейінде сақталмауы орын алуда. Сондай-ақ, су қорғау аймақтары мен су нысандарын жеке және заңды тұлғалардың тұрақты түрде ластауы экологиялық жағдайды одан әрі күрделендіре түсуде. Сондықтан да бұл бағыттағы іс-шаралар ықпалдылығын арттырудың маңызы зор, – дейді Ж.Аманбаев.
Шын мәнісінде де, тіршіліктің қайнар көзі – суды пайдаланудағы көптеген олқылықтар келешекке қауіп-қатер төндіруде. Сала мамандары су нысандары және су қорғау аймақтарында тұрған өндірістік нысандар құрылысының көбеюіне байланысты өзендер мен су қоймаларындағы ластану деңгейі жыл сайын арта түскенін айтуда. Мәселен, Үлкен және кіші Алматы, Есентай өзендеріндегі судың сапасына олардың жанында орналасқан құрылыстардың қоқыстары кері әсерін тигізуде. Мұндай қолайсыз экологиялық жағдай еліміздің өзге де су қоймаларында жиі кездеседі.
Еліміздегі ірі қалалардың бірі – Алматыда және Талдықорғанда ауыз судың өндірістік кәсіпорындар мен автомобиль жуу орталықтарында техникалық қажеттіліктерге пайдалануына тойтарыс беретін уақыт жеткендігі жиында атап көрсетілді. Бұған керісінше, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету өте төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қоса, селолардағы су жүйелері желілерінің техникалық жағдайы да нашар екендігі жасырын емес.
Әсіресе, Іле-Балқаш ауданындағы қазіргі таңда қалыптасып отырған экологиялық жағдай “Іле-Балқаш бассейніндегі су ресурстарын интеграциялық басқару: бірлескен шешімдер мен келешектегі жобалар” халықаралық конференциясында сөз алған сала мамандары мен ғалымдардың қынжылысын тудырды. Ғалымдардың тұжырымдауынша, суды пайдаланудағы тиімсіздік, су ресурстарын басқару жүйесінің жетілмеуі және су бөлісіндегі мемлекетаралық түйткілдер экологиялық проблемаларға жол ашуда. Ал, бұл мәселенің бағдарламалық нақты шешімінің табылмауы, анығырақ айтқанда, оның жоқтығы түптеп келгенде ұлттық табиғи құндылықты жоғалтуға тікелей ықпал ететін экологиялық апатқа апаратындығы сөзсіз.
Экологтар Балқаш көліне уақытында, яғни шұғыл түрде қамқорлық жасап, көмек қолын созбаса ол міндетті түрде Арал қасіретін қайталайтындығын айтады. Ғалымдар суының жартысы – тұзды, ал екінші бөлігі тұщы көлдегі қазіргі кезеңдегі өзгерістер туралы ашына хабарлайды. Балқаш көліндегі тұзды су көлемі уақыт өткен сайын азаюда, сондықтан да ең болмаса оны дәл қазіргі қалпында сақтауға тырысу, сол бағытта барлық күш-қуатты жұмсау қажет.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.
Өңірдің өркендеуіне өзек болған іс
Биыл басталып, 2012 жылы аяқталатын болып жоспарланып отырған халықаралық маңызы бар күретамыр – “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автотрассасын салуға Қызылорда облысы ертерек қам жасады. Осындай алдын-ала ойластырылып, тыңғылықты қолға алынған жұмыс бірден жоғары қарқынға қол артты.
Аталмыш халықаралық көлік дәлізі жобасының айтарлықтай ауқымды бөлігі – 811,7 шақырымы Қызылорда облысы аумағынан өтеді. Оның жобалық құны 154 млрд. теңгені құрайды. Бұл жол облыстың барлық 7 ауданы мен облыс орталығын қамтиды. Күрежол бітіп, толық іске қосылған кезде аймақтың барлық өңірлерінде өндірілген өнімдер оның бойымен тек республика көлеміне ғана емес, сонымен қатар басқа да шетелдерге тікелей шығуына мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде облыстың экономикалық-әлеуметтік өсуінде қомақты серпіліс болар еді.
Аталған жобаны қазіргі таңда облыста “Салини”, “Тодини”, “Импреза” атты 3 италиялық компания және “Аккорд Окан” түрік-әзірбайжан бірлескен кәсіпорны жүргізуде. Шетелдік компаниялармен қатар қосалқы мердігерлер ретінде қазақстандық 24 қосалқы мердігер мекемелер бар, оның 4-і жергілікті жерден қосылып отыр. Жобаға сәйкес жаңадан тағы 4 жол-пайдалану учаскесі мен 4 жол-пайдалану бекеті қатарға қосылады. Сонымен қатар, барлығы 48 көпір (ұзындығы 350 метрден асатын 2 үлкен көпір Сырдария өзеніне), 336 құбыр, 14 жол айрығы, 2 темір жол өткелі және 74 мал өтетін орын салынып пайдалануға беріледі.
Жобаны іске асыру барысында аймақта жаңадан жұмыс орындары пайда болып, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға кең жол ашылды. Осы жолды салып жатқан мердігерлер 1 айда 11 тонна ет, 48 тонна ұн, 17 тонна сүт, 60 тонна картоп өнімдерін пайдаланды. Ал аталған тауарларды жергілікті өндірушілер жеткізіп беріп, біраз нәпақа тапты. Осылайша жол құрылысы бір мезгілде облыстағы орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар санының көбеюіне, жаңадан жұмыс көздері ашылып, бюджетке түсетін салықтар көлемінің артуына мұрындық болып жатыр. Бұдан басқа, жергілікті жерлердегі жеке меншік жер учаскелерінде өсірілетін бақшалық өнімдердің көлемі ұлғайып, жеке қожалықтардың ет-сүт өнімдері мен нан өнімдері көлемін өсірулеріне оң серпін беруде.
Бір тәуірі, жол құрылысына қажетті шағыл тас пен құмды қиыршық тас қоспалары жергілікті жердің өзінен шығады. Құрылысшылар оларды Жаңақорған және Шиелі аудандары аумағында орын тепкен карьерлерден тасып алып жатыр. Нақтылай айтқанда, осы күнге дейін жобаға қажетті 7,6 млн. текше метр шағыл тастың 1,9 млн. тоннасы, 4,5 млн. тоннаны құрайтын құмды қиыршық тасты қоспаның 1,4 млн. тоннасы даярланған.
Жобаны іске асыру барысында 15 250 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Ол жобаны іске асырудағы басты міндеттердің бірі болып табылады. Ал бүгінгі күнге 4387 адам жұмысқа қосылды. Оның ішінде 2437 жергілікті жердің азаматтары болса, олардың 1518-і бас және қосалқы мердігер мекемелерге жаңадан жұмысқа алынғандар болып табылады. Бұған қоса шетел компаниялары халықаралық стандарттарға сай жол салатын, жол-құрылыс техникаларында мол тәжірибелері бар жергілікті мамандардың жол-құрылыс техникаларында жұмыс істеу мен жол салуда мол тәжірибе жинай келе, бұл білімдерін болашақта аумақтың жол жұмыстары үшін пайдалана алатынына зор сенім артып отыр.
Осынау аса маңызды жобаның тиісті дәрежеде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және бақылау жасау мақсатында Көлік және коммуникация министрінің үстіміздегі жылдың 10 қантарындағы №6 бұйрығымен облыс әкімдігі жанынан көшпелі штаб құрылды. Осы күнге дейін аталған көшпелі штабтың бірнеше рет отырысы өткізілген. Нәтижесінде, 13 мердігер мекемемен арада жол бойындағы 122 топырақ карьерін пайдалану және барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында келісім-шарттар жасалды. Сонымен қатар 4 бас мердігер мекемеге облыс аумағынан жобаға қажетті 1480 га құрайтын 404 жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқықтары табысталды.
Жобаны қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 265 жол саласы техникалары мамандарын даярлау және қайта даярлау курстарынан өткізу жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, облыс әкімдігі тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысшыларға жағдай жасауы, жалақыны уақытылы төлеуі, коршаған ортаны қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вахталық қоныстарда жұмысшылардың тиісті дәрежеде тұрмыстық және санитарлық жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бақылауға алынып, бұл бағыттағы тиісті ұйымдастыру жұмыстары ретке келтірілуде.
Енді нақтылы лоттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайына келсек, олардың 1-5 сандылары бойынша мердігер италиялық “Салини Коструттори С.п.А” компаниясы шаруаны қолға алған. Ол осы жұмыста қазақстандық “ДМСУ-22”, “КазДорСтрой 2005”, “ЖылыойСтройСервис”, “Дорстрой”, “Стандарт Ойл”, “Вита Дорстрой”, “Шым Шақ НС” және “Инвест” ЖШС секілді барлығы 8 қосалқы мердігер мекемелермен келісім-шарт жасасқан. Бұл бағытта барлығы 408,8 шақырым жол салынады. Осы күнге бұлар 98 шақырым айналма жол салып, 38 шақырым жолдың негізгі қабатын дайындады, 26 шақырымға бір қабат асфальт және 8,6 шақырымға екі қабат асфальт қоспасын төсеу жұмыстарын атқарып шықты. Келесі 9-14 лоттар бойынша италиялық “Тодини Коструциони Дженерали С.п.А” компаниясы бас мердігер болып танылды. Ол өзінің қатарына қосымша мердігер етіп “УАД”, “Казахдорстрой”, “СинеМидасСтрой”, “ЖанботаТрансСервис”, “Строй мост-2010”, “Айқын жол”, “Мехколонна-13”, “ВестаТрансСервис”, “Nadex Trade” ЖШС-мен қоса “Казсевавтодор” АҚ сияқты еліміздің жол салушы 9 мекемесін қосып алды. Оларға 217,8 шақырым жол ауқымы тиесілі. Бүгінге дейін 82,2 шақырым жолдың негізгі қабаты дайындалып, 66,4 шақырымға бір қабат және 35 шақырымға екінші қабат асфальт-бетон қоспасы төселіп қойылды. Бұдан соңғы 7-ші лот бойынша италиялық “Импреза С.п.А.” компаниясы “Қуан КБ”, “Мер Строй” және “Бис КZ” ЖШС секілді қосалқы мердігер кәсіпорындармен бірге жұмыс жасауда.
Ал соңғы 6 және 8 лотты түрік-әзірбайжан бірлескен “Аккорд Окан” кәсіпорны жеңіп алып, 107,5 шақырымдық бөлікті жас