23 Қазан, 2010

Остеопороз – ересектердің ғана ауруы ма?

763 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ДДҰ-ның мәліметі бойынша, остеопороз әлемде жүрек-тамыр, онкология және қант диабетінен кейінгі төртінші орында болса, бүгінгі таңда Қазақстанда сүйектің сыну қаупі (остеопороз) кеселі сүт безі қатерлі ісігінің өсуінен 8 есе жоғары. Бұл жө­нін­де Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында остеопороз жөніндегі дәрігерлердің қазақстандық қауымдастығының президенті Гүлжан Ғабдуллина мәлім етті. Шараның басты мақсаты – халықтың назарын остеопороздың таралуы мәселесіне аудару. – Остеопороз – бұл тірек-қозғалыс аппара­тының асқынған ауру түрі, ауру кезінде сүйек ұлпасы әлсіреп, оның сыну қаупі күшейеді, – деді Гүлжан Ғабдуллина. – 2010 жылы “Шығыс Еуропа және Орталық Азияда аймақтық аудит. Эпидемиология және әлеуметтік-экономикалық салдар. 2010 жыл” атты халықаралық бағдарлама аясында еліміздегі остеопороз мәселесінің жағдайына аудит жүргізілді. Әрине, статистика көңіл қуантарлық емес. Аудиттің алдын ала мәліметтері бойынша, Қа­­зақ­­станда остеопороз сынығы бар нау­қас­тар­ға медициналық көмек көрсету жағ­дайының нашар екендігі анықталған. 45-50 жас аралы­ғындағы науқастардың сүйектегі мине­ралдық тығыздығы­ның жағдайын тексерген кезде 33,33 пайыз жағ­дайында (ер кісілерде 27,27, әйел­дерде 37,5 пайыз) остео­пения анық­талса, әйелдердің 12,50%-ында, ал ер кісілердің 9,09%-ында остеопороз бар екендігі белгілі болған. Жалпы, республикада кальцийді пайдалану­дың орташа көрсеткіші ДДҰ белгілеген мөл­шерден төмендеген. Бұған қоса, тұрғын­дардың көп бөлігі “D” дәруменінің тапшылығын тартып отыр. Мұның бәрі сүйек ұлпасын бұзып қана қоймай, рахит кеселін де туғызады екен. Соңғы жылдары Ресейдің бірқатар аймақтарын­да рахит кеселі балалар арасында 54 пайыздан 66-ға дейін өскен. Қазақ ұлттық медициналық университетінің амбулаториялық-емханалық терапия кафедра­сының меңгерушісі Бақытшолпан Исаева остео­по­роз проб­лемасы Алматы және Алматы облысы тұрғындары арасында кең таралғанын, өйткені, бұл аймақта йодты пайдалану деңгейінің төмен­дігінен ұйқы безінің кеселдері жиі кездесетінін, бұл осте­опо­роздың дамуына әкеп соқтыратынын алға тартады. Бір айта кетерлігі, осы уақытқа дейін бұл ауру егде тартқан адамдардың кеселі ретінде қарас­тырылып, сүйек салмағының азаюынан туындайды деп есептелініп келсе, алайда, қазіргі таңда бала жаста остеопороз сүйек салмағы жоғары қарқынмен өсе бастағанда пайда болатындығы дәлелденіп отыр. – Соған байланысты тұрғындарға кәсіби тұрғыда көмек көрсету жағын қазірден қолға алу керек, – дейді Гүлжан Ғабдуллина. – Оны тек мем­лекеттің орталықтандырылған қолдауы арқы­лы ғана шешуге болады. Бір айта кететін жәйт, біздің елімізде остеопорозбен және сүйек сыну қаупі жоғары науқастарды емдеуге арналған пре­па­рат­тардың құнын мемлекет қаржылан­дыр­майды, сол себепті көптеген тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолы жетімсіз. Ал Алматы қаласы дәрігерлердің білімін жетіл­діру институтының профессоры, медицина ғылым­дарының докторы Оразбай Әбдіразақов­тың ай­туын­ша, бел сүйегі сынған науқастарға медици­налық көмек көрсету жағдайын жақсарту қажет. “Батыс Еуропада бел сүйегі сынған науқастардың көбі оперативті әдіспен емделеді, ол емдеудің опти­малды стандарты болып сана­лады. Қазақстанда кеселді хирургиялық емдеудің көрсеткіші өте төмен. Соған байланысты сүйек сынғаннан кейін өліп кету қаупі өте жоғары, - дейді ол. Мамандар кальцийді адам ағзасына көп мөл­шер­де жеткізуші өнім ретінде сүтті атағанмен, бұл тағам­ды Қазақстанда жалпы тұтыну деңгейі өте тө­мен көрінеді. Ендеше, остеопорозбен ауырғымыз кел­­месе күніне кем дегенде 200-250 грамм сүт ішуі­міз керек екен. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.