26 Қазан, 2010

Ой ұшқындары

550 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жел тұрса желкенге де жан бітеді. *** Суға жүзе білмейтін батуға әзір тұрады. *** Тепсінген теңіздің толқыны қатерлі. *** Қартайған арыстан тамақтан азар, Өсекшіл адам ақылдан азар. *** Ит тұрғанда итше абалауға не жорық. *** Кісіге ақыл үйрету – қиын, аздыру – оңай. *** Желіде тұрған құлын бойын жазбас. *** Ұрыншақ болма, ұғыншақ бол. *** Сойыл заңға ұйымайды. *** Шіріген жұмыртқадан балапан өрмес. *** Жаны ашымас досыңнан қарсыласың көп артық. *** Баланың бойындағы кемшілік – отбасының қателігі. *** Ниеті бұзықтың беті бүлк етпес. *** Көңіл көркі – қуаныш. *** Сықырлауық есік жас жігіттің жақтасы емес. *** Боршаланған балық тұзды қалайды. *** Сөз қуған сыпайылықтан аулақ. *** Әділетті болғың келсе – шындыққа жүгін. *** Тозған шапан төр таңдамас. *** Көп қол ауыр жүкті де құлатар. *** Тек тұрмаған суық қару – кім-кімге де қауіпті. *** Суалған өзен суға қанбас. *** Келеңсіз сөз – көңіл салқындығы. *** Ай жарықта теңіз де айнадай. *** Үріккен сазан жайынды оятар. *** Теке сақалға жайын мұрт жараспайды. *** Балық – суда, мал нуда өсер. *** Жайын қартайса – жарға тығылар, Ит қартайса – қораға тығылар. *** Шайқалған қайық не қорқытар, не батырар. *** Қуаныш үзілмеген жерде көңіл марқаяды. *** От жақсаң, сөндіруді ұмытпа. *** Арамдық ойлағанның өзіне де, сөзіне де сенбе. *** Қартайған ат қамшы жақтырмайды. *** Ыстық құшақ – сағыныш белгісі. *** Тас жүрек – тағылықтың төркіні. *** Қыран самғаса – тоят іздер. *** Аққа күйе жақпа, күйеге өзің батарсың. *** Әке ырқына көнбеген бала – басбұзар. *** Тілемсек болма, тілекші бол. *** Еріншек адам – сүріншек. *** Шенеуніктің құдасын сынағаның – құрдымға құлағаның. Саламат ХАЙДАРҰЛЫ, журналист-жазушы, “Егемен Қазақстанның” ардагері.