26 Қазан, 2010

“Айшылық алысқа алты сапар”

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Егемен Қазақстанның” Шы­ғыс Қазақстан облысындағы мен­шікті тілшісі Оңдасын Елубайдың Өскемендегі “Рекламный Дай­джсет” баспасынан “Айшылық алыс­­қа алты сапар” атты фото­ше­жі­релі толымды кітабы жарық көр­ді. Кітап туралы қысқаша түсінік­темеде “Бұл кітап оннан астам жи­нақтардың авторы ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі О.Елубайдың төрт Олим­пиада мен футболдан өткен екі Әлем кубогы чемпио­натын көзбен көріп, санасына түй­ген, қатпары қа­лың қазақ спорты­ның жетістік­тері мен проб­лема­ларын көзі қарақ­ты оқыр­мандарға жеткізген топтама жина­ғы” деп атап көрсетілгеніндей осы еңбекті Оңдасынның спорт тақы­рыбын­дағы ұзақ жылғы жур­на­листік жұмысының бір белесі деп айтуға әбден болады. Кітапқа алғысөзді еліміздің атақ­ты балуаны, Олимпиада чем­пионы Жақсылық Үшкемпіров жаз­ған екен. Осы алғысөзінде Жақсылық ағамыз “Айшылық алысқа алты сапар” кітабындағы барлық суреттер автордың төл туындысы. Қырық жылда ол түсірген жиырма мыңға тарта сурет пен жиыны 60 сағаттық бейнесюжет өз алдына бір төбе” деп атап көрсете кетіпті. Кітап үш бөлімнен тұрады. Олар “Айшылық алысқа алты сапар”, “Суреттер де сөйлейді”, “Өзім­нің өмірім, қартаймас көңі­лім” деп аталады. Бірінші бөлімде өзінің аты да айтып тұрғанындай 1998 жылы Парижде өткен фут­болдан әлем кубогы чемпионаты, 2000 жылы Сиднейде өткен олимпиада, 2002 жылы Кореяда өткен футболдан әлем кубогын сарапқа салу жарысы, 2004 жылы Афинада, 2006 Туринде, 2008 жы­лы Бейжінде өткен олим­пиадалар туралы егжей тегжейлі жазылған. Оңдасын осылардың барын өз көзімен көріп, солардағы жарыс­тардың куәсі болған. Шынын айту керек, міне осындай ең жоғарғы дәрежедегі әлемдік спорт жары­сына қатысқан және ешқайсысын құр жібермей үздіксіз қатысқан журналист Қазақстанда жоқ болар, бар болса, тым некен-саяқ болар. Осыған байланысты өзінің кітапқа жазған алғысөзінде Жақ­сылық Үшкемпіров былай дейді: “Бейжіндегі беймаза күндердің қалтарыс сәтінде Оңқаңнан: – Құпия болмаса айтшы, сапарға қаржыны қайдан табасың? деп қалжыңдадым. – Оның қандай құпиясы бар. Өзім еңбек ететін газеттің бас­шылары, спортты жанындай сүйе­тін іскер азаматтар қолдады, бір рет көлігімді сатуға тура келді, – деп ағынан жарылды ақкөңіл азамат” деп Оңқаңның ерлікке тән еңбегіне тәнті болғандығын білдіріпті. “Суреттер де сөйлейді” деп аталатын кітаптың екінші бөлімі тек қана суреттермен өрнектелген екен. Бұл суреттер ел өміріндегі елеулі жаңалықтар, еліне елеулі қайраткерлер, Шығыс Қазақстан об­лы­сының спорт өміріндегі оқи­ғалар, “Егемен Қазақстан” газеті­нің Шығыс Қазақстан облысы, оның ішінде қасиетті Семей жерінде өткен тоқсан жылдық торқалы тойының үзік сәттерінен үнсіз сыр шертеді. “Өзімнің өмірім, қартаймас көңілім” атты үшінші бөлімде автор өз өмірі жайлы қысқа түрде ғана оқырмандарды хабардар етіпті. Кітап жеңіл оқылады. Ішінде спорт жайлы қызықты деректер жиі кездеседі. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.