Кеше Астанадағы “Нұр Отан” ХДП-ның кеңсесінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының өкілдері қатысқан кеңейтілген отырыс болып өтті. Онда алдағы 3 жылға жасақталған республикалық бюджет жобасы талқыланды.
Елбасы халыққа Жолдауында еліміздің 2020 жылға дейін даму бағытын айқындаған болатын. Президент әлемдік экономикалық дамудың қазіргі заманғы трендтерін ескере отырып, бізге дағдарыстан кейінгі сауығу мен жаңа тұрпатты экономикалық дамуды міндеттеді деді Үкімет басшысы. Осыған сәйкес Үкімет алдағы 5 жылға есептелген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ұсынып, ол Елбасы қолдауына ие болды. Нәтижесінде 7,26 трлн. теңгені құрайтын “Индустрияландыру картасына” республикалық және аймақтық маңызы бар 237 инвестициялық жоба кірді. Алғашқы жартыжылдықтың өзінде көптеген іс атқарылып, оның 72-сі іске қосылды. Жыл аяғына дейін 150 жоба өз мәресіне жететін болады. Премьер-Министрдің айтуынша, өткен 9 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ 7,5 пайызды құраған. Бұл ТМД бойынша ең үздік көрсеткіштердің бірі. Қарашадағы мәліметтер бойынша өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға өссе, қайта өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз өсімді көрсеткен. Химия өнеркәсібі 76,5 пайызға артқан. Мемлекеттік азық-түліктік бидай қоры 500 мың тонна екен. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі соңғы 9 ай ішінде 1 трлн.теңгені құрапты. Кәрім Мәсімовтің айтуынша, Үкімет азық-түлік рыногындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Сондай-ақ жылдық инфляция – 6-% болады деген Үкімет болжамы дұрыс келгендей. Ағымдағы 9 ай ішінде инфляция 5,2 пайызды көрсетті. Елбасы тапсырған тағы бір мәселе — әлеуметтік міндеттемелер. Олардың орындалу барысы қандай екендігі халықтың көз алдында. Осыған дейін күрмеулі мәселе боп келген балалар бақшасы, мектепке дейінгі балалар мекемесі тек биылғы жыл ішінде 457-ге көбейген.
Еліміздің 3 ірі банкі, БТА, Альянс және Темір банктердің берешегін қайта құрылымдау секілді қиын үдеріс сәтті аяқталды. Осы шара нәтижесінде қаржы және бюджет жүйелерінде тұрақтылық байқалып отыр. Банктердің депозиттік базасы да өсуде. 2008 жылы 5,4 трлн.теңге болса, биылғы жылдың еншісіндегі көрсеткіш – 7,3 трлн. теңге. Бұл халықтың жинаған қаржысының өскендігін білдіреді. 2011-2013 жылдарға арналған жаңа 3 жылдық бюджет нақты әрі ашық әлеуметтік сипатқа ие. Онда Үкімет негізгі назарды экономикалық даму мен әлеуметтік дамудың сапасына аударып отыр. Бұл ең бірінші үдемелі индустрияландыруға қатысты. Жобаның жүзеге асырылуына жоспарланған бюджеттен 2,3 трлн. теңге, ал келесі жылы 800 млрд. теңге қарастырылған. Еліміздің экспорттық әлеуеті мол саласының бірі агроөнеркәсіптік кешен болып табылады. Сондықтан оның биылғы қаржыландырылуы 487 млрд. теңгені құрап, ал келесі жылы 170 млрд. теңгедей болмақ. Көлік инфрақұрылымының 2011 жылғы дамуына бюджеттен 345 млрд. теңге қарастырылып отыр, ал 3 жыл ішінде барлығы 1 трлн. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл ретте тек халықаралық маңызы бар жолдар ғана емес, елімізге, экономикамызға пайда әкелер жолдар да салынбақшы. Кәрім Мәсімов 2011 жылы “Өзен-Түркіменстан шекарасы” темір жол учаскесі аяқталатынын мәлімдеді. Жаңа бағыт арқылы ел бизнесі Парсы шығанағы елдерінің рыногына тура шығуға мүмкіндік алады, бұл 600 км. жол қысқаратын болады деген сөз. Бюджетте бұл мақсатқа 10 млрд. теңге қарастырылған.
Жоспарланған 3 жылдық бюджетте әлеуметтік нысандар маңызды рөлге ие. Мысалы, білім беруді дамытуға байланысты жасақталған бағдарламаның жүзеге асуына 151 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр, оның 50,6 млрд.теңгесі 2011 жылы бөлінетін болады. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу де назардан тыс қалған жоқ. “Балапан” бағдарламасына биыл 3 жылдық бюджеттің 21,3 млрд. теңгесі берілсе, осы сома 3 жылда 52,7 млрд. теңгеге жететін болады. Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына 2011 жылы 65 млрд. теңге жоспарланып отыр, ал 3 жыл ішінде барлығы 209,4 млрд. теңге қарастырылады. Тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламасына бюджет жобасынан 19,1 млрд. теңге бөлініп, оның 5,8 млрд. теңгесі 2011 жылы беріледі. Бюджет жобасында тағы бір маңызды мәселе – ауыз су. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін су құралдарына бөлінетін қаржы – 178,6 млрд. теңге.
“Нұр Отан” ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген отырысына ұсынылған 3 жылдық бюджет жобасы осыған дейін “Нұр Отан” фракциясына мүше депутаттардың қатысуымен әлденеше рет зерттелді.
Премьер-Министр өз баяндамасының соңында республикалық бюджет тапшылығы біртіндеп азайтылатындығын мәлімдеді. Мысалы, 2011 жылы ол 2,8% ІЖӨ көрсеткішінен 2013 жылы 1,5%-ға азаймақ. Биылғы жоспарланған республикалық бюджет ІЖӨ-нің 4,6 %-на тең тапшылықпен бекітіліп отыр. Жаңа республикалық бюджет жобасы дұрыс әрі теңгермелі жасақталған, деді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.