Түркиядағы Қожанасыр халықаралық көрмесінің 30 жылдық мерейтойына шақырылған ең таңдаулы отыз адамның ішінде Орталық Азиядан “Егемен Қазақстан” газетінің суретшісі Айдарбек Ғазизұлының болуы әріптесіміздің карикатура өнеріндегі талай жылғы еңбегінің жемісі һәм қылқалам туындыларын әлемдік деңгейде танытудың айқын бір көрінісі десек, қателеспейміз.
Құдай-тағала адам баласының болмысын бір-біріне мүлде ұқсатпай, түрін, тілін, мінезін мейлінше әр түрлі етіп жаратқан ғой. Соның ішіндегі өзіне ылғи да құрметпен ізет тұтқызып, кісіні сыйластық сызығынан асырмайтын жандарға зерде-зейінің айрықша бұрылады. Ондайлар тау қопарып тастағанмен бара-бар толайым жұмыс тындырғанмен, жұртқа өзін өзгеден зор көрсетіп, биіктен табылуды мақсат тұтпайды. Асығып-аптығып ешкімнің алдына түсіп те кетіп жатпайды. “Көппен көрген – ұлы тойды” тіршілік аспабының айнадай сазына айналдырып, тағдырдың табыс-сыйына тасымай, тағылықтың табанында жасымай, сырлы әуеннің сыңғырына құлақ түре жұмбақ күй кешеді. Мұндай жандарды көбіне тым алыстағы жұлдыздардың арасынан табатынбыз. Сөйтсек, біздер кейде өзімізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген әріптестердің жан жамалына көкірек жанарын салуды жадымыздан шығарып алып жататын көрінеміз.
Газеттің әдеттегі лездемесінде секретариатта қызмет істейтін суретші Айдарбек Ғазизұлы көрінбей қалды. Арада бір апта уақыт өткенде барып “Айдарбек Түркияға іссапармен кетті” деген тосын жаңалыққа елең етісе қалғанбыз. Айына бір рет, онда да бөлмемізге тек кезекшілігіміздің кезі келіп қалғанын ғана айтуға кіретін Айдарбектің басқа уақытта қандай шығармашылық жұмыстармен айналысатынынан әріптестері мүлде бейхабар болып шықтық. Болгарияның Габрово қаласында Әзіл-оспақ және сатира үйі бар екенін, жыл сайын мұнда халықаралық әзіл-оспақ фестивалі өтіп тұратынын, ең бастысы сондағы әзіл-оспақ және сатира музейі қорында біздің әріптесіміздің үш таңдаулы еңбегі сақтаулы екенін алғаш рет естігенде, бір жағынан мерейленсек, екінші жағынан талай жылдан бірге қызмет істеп жүрген суретшінің әлемдік карикатурашылар арасындағы осыншама танымалдығын білмегеніміз үшін іштей қысылғанымыз тағы рас. “Балықшы мен аңшы” тақырыбы бойынша Венгрияда өткен карикатурашылар байқауында жүлделі орынға ие болса, Босния Герцогиняда шығатын “Носорог” халықаралық әзіл-сықақ және карикатура журналы ұйымдастырған “Саясат және саясаткер” тақырыбындағы бәйгеде он бірінші орынға табан тіреуі, Алманиядағы “Арақ-шарап” тақырыбына салынған карикатуралық шығармалар байқауында ерекше қырынан еленуі, екі жыл бұрын Бакуде жарық көрген әлемнің танымал карикатурашылары каталогында қазақтың қарапайым бір баласының суреті мен Қазақ елі туралы хабардың қатар жариялануы, сондай-ақ Корея, Чехия, Италия сияқты тағы да басқа бірталай елдердің өнер додаларынан шет қалмауы онсыз да күнделікті газет ісінен қолы босамайтын суретшінің еңбекқорлығымен қатар болмысындағы ең басты қасиетті аша түскендей. Жұртты езу тартқыза отырып, елдің көкейіндегі өткір мәселелерді қылқаламымен түйреп-түйреп, түйдек-түйдек туындылар жазып тастапты көп сөйлемейтін біздің Айдарбек. “Неге бұл жігіт той-домалақтың ішінен көп көріне бермейді?” дейтінбіз оқта-текте жұрттан оқшау мінезіне қайран қалып. Мұндайда өнер адамының қиялы қай қияда самғап ұшып жүретінін сезе бермейтін сияқтымыз. Сірә, осынау толайым табыс суретшінің өзімен-өзі оңаша қалып, терең оймен тебіренген сәттерінде өрілген-ау деп топшылаймыз.
Оның және өзгелердей бір нәрсеге даурығып, дауласып, пікір таластырып жатқан кезін көрмейсіз. Қашан көрсең бір қалыптан айнымайтын, сабырлы, үнсіз кейпі суретші табиғатына ғана тән болмысты боямасыз жеткізгендей. Неге сөйлейді? Суреттері сайрап тұрғанда. Ол өзінің ой-байламын карикатура тілімен баяндайды. Бүгінгі қоғамның түйткілдері мен көлеңкелі көріністерін білгісі келген адам суретші Айдарбектің шеберханасын бір тамашалап шықса, көп нәрсеге қанығарына күмәніміз жоқ. Ол ұсақ-түйек жәйттерді жеңіл әуенмен кестелей салуға әуестенбеген, бүкіл адамзат баласын алаңдатқан ауқымды тақырыптарға ой толғайды. Әжуалай отырып, мысқылмен мың сан тақырыпқа қалам тербейді. Сонау Түркиядан Қожанасыр халықаралық көрмесінің оны іссапардың барлық шығынын өздері төлеп шақыруы жай оқиға емес. Орталық Азия елдерінен мәртебелі қонақтардың арасында жалғыз бір өзінің ғана болуы мұндай олжа кез келгеннің қанжығасында кете бермейтінін аңғартады. Мұнан әрмен қарайғы әңгімені Айдарбек Ғазизұлының өзімен жолығып, жалғастыруды жөн көрдік.
– Қожанасыр халықаралық көрмесіне қай елдерден карикатурашылар қатысты, бас-аяғы қанша адам болдыңыздар? – деп ә, дегеннен сұрақты шараның деңгейін шамалап алуға бұрғанбыз.
– Халықаралық көрменің алғаш 1974 жылы тұсауы кесілсе, содан бері жылына 40-50 елден 400-ге жуық карикатурашы қатысатын әлемдегі ең ірі шара Түркияның Ыстамбұл қаласында өтеді. Осы көрмеге 2006 жылы Л.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” шығармасы негізінде салған карикатурамды жолдаған болатынмын. Әлемнің айтулы карикатурашылары келіп төрелік ететін байқауда менің еңбегіме ерекше баға берілген болатын. Комиссия мүшелерінің шешімімен 1974-2010 жылдарда көрмеге келіп түскен жұмыстарды сұрыптай келе, олардың арасынан 660 адамның еңбегі арнайы каталогқа енсе, ал мына шараға солардың ішінен 30 адамды іріктеп шақырып отыр. Мұндай құрметке ие болу, әрине, суретші үшін үлкен жетістік деп білемін, – дейді ол түбі бір түркі жұртынан алған әсерін қысқаша түйіндеп.
– Атақты адамдардан кімдерді кездестірдіңіз? – дейміз арғы ойын алаңсыз қаузап.
– Сырттай еңбектеріне қызыға құмартатын ресейлік Игорь Смирнов, украиналық Владимир Казаневский, әзірбайжандық Байрам Гаджизаде, италиялық Александр Гатто, ирандық Рахим Баггал, түркиялық Тан Орал мен Мұхидин Көроғлы сынды әлем таныған карикатурашылармен басымыз осылай тоғысады деп бұрын үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Олармен жақын сырласып, өз саламыздың сан алуан қырынан тұшымды әңгіме-дүкен құрдық. Бұл ретте мен әлемнің әр шалғайынан карикатура саңлақтарының басын қосып, бір-бірімен етене танысуға, келешек ойларымен бөлісуге жан-жақты мүмкіндік туғызған түркі бауырларға алғысымды айтқым келеді. Себебі, бүгінгідей әлемдік қаржылық дағдарыс алға көбірек тартылып отырған заманда қиындыққа қарамастан осындай түрлі мәдени шаралардан тұратын көрме ұйымдастыру үшін ең әуелі батыл шешім жасай білу қажет. Түркия үкіметіне қоса елдің қалталы азаматтарына дейін бұл көрме дегенде аяқтарынан тік тұрып, қызмет көрсететінін ұқтық. Мәселен, келген қонақтарға жұмсалатын қаржыны түгел осындағы Рахми Коч деген дәулетті адам көтеріп алғанын білдік, – дейді дәстүрге берік елдің өнер мен мәдениетке қалай қолдау көрсететініне көз жеткізіп.
– “Тойдан – тобықтай” дегендей, түрік бауырлар мұндайда қонағына қалай сый-сияпат көрсетеді екен? – деп көрмеге көңіл бұра сұрақ қойдық.
– Мерекені ұйымдастырушы Метин Пекер мырза біздің осы кісімен жақынырақ танысуымызға мұрындық болды. Коч мырза кездесу кешіне қатысты. Мұндай қолайлы сәтті суретшілер қалт жібере ме? Смирнов табан астында қалам, қағазын суырып алды да, демеушінің қыр соңынан қалмай, бірде оң жағынан, енді бірде сол қапталынан білдірмей әп-сәтте достық шаржын салып тастады. Мұны Кочқа тарту етуді де ұмытпады. Сол-ақ екен, Коч та қарап қалмай Смирновтан қойын дәптерін бере тұруын сұрады. Бас-аяғы бір үш минөтке жетер-жетпес уақытта достық әзілмен салынған Смирновтың да сұлбасы дайын болды. Міне, ғажап! Бізде біреулер өнерге демеушілікті әйтеуір бір атын шығарып қалу үшін жасап жатқандай болып көрінеді. Ал, мынадай жәйт қайталана бермейді. Ендеше, мұнда өнерге демеушілікті кездейсоқ біреулер келіп жасамайды. Тікелей соған қатысы бар кәсіби білімді адамдар қолдау көрсететінін бір Кочтың өзі дәлелдеп берді. Расында карикатурадан хабары болмаса мына шараның өзі мұншалық терең, мазмұнды өтпес еді ғой. Оның Турхан Сельчук есімді түріктің классик карикатурашысына құрмет көрсетіп, оның альбом-жинағын не үшін шығарғанын, жеке көрмесін ұйымдастыру себебін осындай көріністен кейін кім ұқпауы мүмкін?
Мұндай көңілді сәттен кейін Коч бәрімізге өзінің достық рәуіштегі суретін салуға рұқсатын берді. Отыз суретші отыз жақтан жамырап жатырмыз. Бейнебір шеберлік класын өткізгендей жанымыз марқайды. Әріптестермен болған әңгімеге не жетсін, шіркін? Бұл көп жылға рухани азық болды. Ол – бір. Екіншіден, Коч мырза Турхан Сельчуктің альбом-жинағын өз қолымен табыс етті. Бірінші, Смирновқа сыйлығын табыстады. Екінші, Казаневский шықты. Сосын италиялық Гаттоны шақырды, босниялық суретші де еленген. Кенет тағы кім бар деп сұрады-ау деймін, Коч жанында тұрған Метин Пекерге бұрылғанда, ол құлағына әлденені сыбырлай қойды. Шамамда мына жақта түбі бір түркі жұртынан өзіміздің бауырмал Қазақ елінің суретшісі тұр деген болуы керек деп топшыладым. Айрықша жылылықпен келіп қолымды қысып, альбом-жинақты ұстатты. Осыдан артық тағы қандай сый болушы еді?– деп ол әдеттегідей әдебіне көшкен.
– Тағы қандай өнегелерді өмірлік үлгі етуге болады? – дейміз әріптестің әңгімесін қызыға тыңдап.
– Сосын Ыстамбұл көшелерінде сурет салдық. Кемемен теңізде жүзіп келе жатып қиялға ерік берген қызықты тұстар қайталанбас, сірә. Кемеге қатысты түрлі тақырыптағы дүниелер адамның арман-аңсарын айна-қатесіз баяндап тұрды. Бір байқағаным, мұнда суреттің қай түрі де қатты өркендеген. Мультфильмге бейімделген оқушылардың көркемсурет мектебіне бас сұқтық. Олар бізге сол жерде салған суреттерін сыйлады. Біздің қолымыздан арнайы сертификат алды. Ұлы мұраттар дәл осы балғын ортада бастау алатынына көзіміз анық жетті, – деп ол өнердің қайнар көзі мөлдір бастаулардан басталатынын алға тартқан.
– Отыз елдің карикатурашылары жиылып, ортақ қандай ойға келдіңіздер? – дедік сөз соңында.
– Карикатура адамдарды бір-бірімен араздастырмайды, керісінше, халықтарды жалғастыратын алтын көпір сияқты. Оған аударманың қажеті жоқ. Оның тілі – біреу. Ортақ тілде сөйлейтін суреттің ешкімге жаттығы жоқ. Халықаралық карикатура көрмесінің бәріміздің ойымыздан шығу себебі содан болса керек, – деген ол әңгімесін кәсібімен сабақтастырып.
Расында, зейінмен зерделесек, карикатура жанрын жандандырып жатқан елдер өскен жұрттың өнегесін көрсетуде. Ал, бізде бұл сала кенже қалыңқырап қойғандай көрінетін. Мұнымыз жаңсақтау болар. Әлемдік деңгейдегі көрмеге өзге елдер қазақтың баласын құрметтеп шақырып жатса, бұл жанрдың шамының әлі жанып тұрғаны ғой. Сол шамның жарығы төңірегіне жайыла түссе деген тілек қой біздікі.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.