Форумды телебайланыс арнасы бойынша құттықтау сөзбен Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ашты.
Осы форумға Астанадан құттықтау жолдауға рұқсат етіңіздер! Қазақстан-Британия сауда палатасы мен “Самұрық-Қазына” қорына осындай форумды ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Осы форумның Лондонда өтіп жатқанының өзі бір нышан, өйткені, Лондон – бұл Қазақстан үшін көптеген маңызды шетелдік инвесторлардың орталығы және Лондон Сити қазақ компаниялары өзінің халықаралық капиталдандыруын арттыруға ұмтылатын жер. Сондықтан, бұл көптеген мәселелер бойынша, оның ішінде әлемдік экономиканы қалпына келтіру туралы пікір таластыра алатын саясаткерлер, бизнесмендер, сарапшылардың кездесуіне арналған алаң, деп атап өтті Қазақстан Үкіметінің басшысы өз сөзінде.
Форумның бірінші күнінде секциялар бойынша пікірталастар ұйымдастырылды.
Пікірталасқа “Самұрық-Қазына” АҚ-тың басқарма төрағасы Қ.Келімбетов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Қ.Әбусейітов, Біріккен Корольдіктің Қазақстандағы елшісі Дэвид Моран, Британия-Қазақстан партияаралық парламенттік тобының төрағасы Лорд Вейверли, Еуропа Қайта құру және даму банкінің Орталық Азия, Түркия, Шығыс Еуропа және Кавказ бойынша басқарушы директоры Оливьер Декамп, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Лорд Хон Хауэлл, Қазақстанның ұлттық компанияларының басшылары, инвесторлар, трансұлттық компаниялардың өкілдері, сарапшылар, журналистер қатысты.
Форумның екінші күні “Қазақстанның банк және қаржы секторларының тәжірибесі мен перспективалары”, “Қазақстанда инвестициялау тәуекелдері мен мүмкіндіктері” тақырыптарында пікірталас өрбіді.
“Егемен-ақпарат”.