Кеше Астанада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен тікелей режімде Алматы қаласында 700 мегагерц жиілігіндегі LTE технологиясы негізінде outdoor жүйесінің қанатқақты 4G стандарты іске қосылды. Үздік технологияны елімізге жеткізуші Alcatel-Lucent компаниясы болып отыр.
Осыдан 1 ай бұрын Премьер-Министр Байланыс және ақпарат министрлігінің алдына “Электронды үкімет” бағдарламасы бойынша кең жолақты интернетті көпшілік қолданысқа енгізу туралы мәселе қойған болатын. Бұл халықты жылдамдығы өте жоғары интернет жүйесімен қамтамасыз етеді. Ал жаңа ендірілген LTE жүйесінің қолданылу аясы өте кең. Атап айтсақ, телемедицина, қашықтан білім беру және басқа да салаларда қызмет көрсетеді. Жаңа LTE байланыс жүйесі әзірше Алматының орталық аудандарын ғана қамтиды. Оның сапасы мен мүмкіндіктерін қолданушылар LTE-мобилі бортында тексере алады. LTE-мобилі дегеніміз жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған жылжымалы зертханалар. Билайн LTE жүйесі шынайы жұмыс жағдайларында басқа абонентке (DL) ақпараттарды жіберудің ең жоғары жылдамдығымен – 60 мб/с, басқа абоненттен қабылдау жылдамдығымен – 15 мб/с (UL) қамтамасыз етпек. Орташа жылдамдық – (DL) 8-10 мб/с, (UL) 2-4 мб/с тең. LTE технологиясы – ұялы байланыс саласының екінші және үшінші буынындағы негізгі бағыт болып табылады. Ол байланыс операторы ретінде ғана емес, байланыс аясын кеңейту, клиенттерге қызмет көрсету сапасын көтеру секілді қызметтер бойынша да діттелген бағыттың қосымша мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жаңа буынның байланыс қызметі арқылы сымсыз ғаламтормен жоғары жылдамдықта байланыса аламыз, оған қоса үзіліссіз жұмыс істеу мүмкіндігіне де ие боламыз. Жүйе 3 G, 3G+ жүйелерінің жылдамдығынан 2 есеге жоғары.
LTE технологиясы – бұл ең алдымен жылдамдық. “ВымпелКом” бизнесі Қазақстанда байланыстың 4 буынымен дамып келеді, сондай-ақ компания әлемдік телекоммуникация рыногындағы соңғы жаңалықтарды қолдануда. Қазақстандық LTE байланыс жүйесі — посткеңестік елдер ішіндегі 700 мега герц диапазонында жұмыс істеуші алғашқы жүйе. Бастамамызды Қазақстан Үкіметі мен Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдағандарына рахмет, біз 4 G байланысының барлық артықшылықтарын көпшілікке көрсетуге мүмкіндік алдық, деді “ВымпелКом ЛТД” компаниялар тобының ТМД елдері бойынша бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Дмитрий Кромский. Мамандардың болжауынша, әлемде LTE байланыс жүйесін бағалап, қолданатындар саны 2015 жылға қарай 4 млн.-ға жуықтайтын көрінеді. Дмитрий Кромский жаңа жүйенің барлық артықшылықтары бірден назар аударатындығын жеткізді. Бүгінде 4 G байланыс жүйесі Швейцария мен Норвегияда қолданылады. Ал қарашаның ортасында АҚШ-та енгізуді жоспарлап отыр.
Премьер-Министр осыдан біраз уақыт бұрын “Электронды үкімет” жобасын талқылау барысында министрлерге өзімен мобильді планшеттер арқылы байланыс орнатуды тапсырған болатын. Мобильді планшеттер интернет желісі арқылы бейнеконференция режімінде, сонымен қатар, хат-хабар түрінде шұғыл байланысқа шығуға мүмкіндік береді. Үкімет басшысы оларға тапсырма беру үшін бұл қызмет түрі ыңғайлы екендігін, осы арқылы олардың өзіне тікелей өтініш жасай алатынын атап көрсеткен болатын. “Кеше бірінші рет жұмыс уақытында барлық министрлер байланысқа шықты. Алайда кешкісін хабарласқанда маған көпшілігінің көмекшілері жауап қайтарды. Ендігі жерде бұл құрал-жабдықты Үкімет мүшелерінің өзі пайдалануы тиіс. Мысалы, мен оны өзім қолданамын, деді Премьер-Министр.
4 G-ны қолданысқа енгізу шарасы барысында Үкімет басшысы Байланыс және ақпарат министрлігіне екі міндет жүктеді. Келесі аптада Үкіметте отырысын өткізуге дайындалуды тапсырамын. Онда осы қанатқақты жобаны ЕҚЫҰ Саммиті және Азиаданы өткізгенге дейін, яғни қаңтардың аяғына дейін ұзарту мүмкіндігі қаралады. Бұл үшін қажетті шешімдерді дайындаңыздар. Екінші тапсырма, LTE технологиясын бүкіл еліміз бойынша енгізуді қарастыру керек. Өйткені, 3 G технологиясын енгізуді созып алған сияқтымыз. Жеке өзім LTE технологиясының болашағы зор деп есептеймін, деді Үкімет басшысы.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.