Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БІЗДІҢ БІРЛЕСКЕН ҮЛКЕН ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ ӘЛІ АЛДА
Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан – Еуразия түпқазығы” атты кітаптың авторы Пьер-Люк Сегийонға берген сұхбаты
Үстіміздегі жылдың 27 қазанында Мемлекет басшысы Францияның саяси, іскер, интеллектуалдық топтары және БАҚ өкілдерімен кездесті. Шара аясында француз публицисі Пьер-Люк Сегийонның “Қазақстан – Еуразия түпқазығы” атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Оқырмандар назарына Н.Ә.Назарбаевтың осы басылымда жарияланған сұхбатын ұсынып отырмыз.
– Құрметті Президент мырза, Сіздің еліңіз үшін коммунистік режімнен капитализмге өту қалай болды?
– Қазақстан тәуелсіздігіне саяси аласапыран барынша асқынып тұрған кезеңде ие болды. Біздің көз алдымызда тарих өзгеріп, тұтас дәуір өткенге кетіп жатты. Ал бір дәуірдің аксиомалары – бұл келесі дәуірдің шешілмеген міндеттері екені белгілі. Сол бір жауапты сәтте бізге мемлекетіміздің одан әрі жүретін жолын айқындаған тағдыршешті шешімдер қабылдауға тура келді.
Қазақстанда ол кезде әлеуметтік-экономикалық ахуал өте күрделі еді. Бізде кеңестік Конституция өмір сүріп, саяси жүйе мүлдем дамымаған болатын. Экономика тұралап қалған, ал бюджетте оған қан жүгіртетін ақша болмады. Көп елдерді қызықтырған ядролық арсенал бар еді, бірақ біз одан бас тарттық.
Біздің халқымыз осынау күйзеліске шыдау үшін өз бойынан күш-қуат пен батылдық таба білді. Біз реформаларды жедел жүргізіп, ұлттық валютамызды енгіздік. Еліміз халықаралық экономикалық байланыстар жүйесіне кіріге бастады. Проблемалар бастан асып жатты, бірақ та біз оларды шеше алдық. Мен қол жеткен нәтижелерден басқа, қиындықтарды еңсеру де табыстың өлшемі болады деп санаймын.
– Сіз экономика ғылымында үлкен табыстарға қол жеткіздіңіз. Сонымен қатар Сіз жас кезіңізде металлург болып жұмыс істедіңіз. Өзіңізге өмірде бір-бірінен қатты айрықшаланатын екі әлеммен – ғылым және еңбек әлемімен танысу көмектесті ме?
– Еңбек – бұл ойылған қолдардың поэзиясы. Жас кезімде мен Қарағанды металлургия комбинатын салуға қатыстым. Кейін онда 9 жыл жұмыс істедім.
Ол естен кетпес уақыт еді. Біз өз қолымызбен Қазақстанның өнеркәсіптік қуатының негізін қаладық. Сол кезде мен домна пешінде иық түйістіре еңбек еткендер орынды түрде “болаттай берік ұрпақ” деп атала алар еді. Өздерінің кәсіпқойлығын сөзбен емес, іспен дәлелдеген жігерлі, еңбексүйгіш, ізгі адамдар ұрпағы деп атала алар еді. Ондай адамдар қазір де қажет.
Еңбек секілді ғылым да менің тағдырымда, менің қалыптасуымда маңызды рөл атқарды. Түрлі лауазымдар атқарғанда мен басшылық жасайтын үдерістерді түбегейлі зерттеуге тырыстым. Сонда білгендерім бізге экономикалық реформаларды жүргізе бастағанда көмектесті. Ғылыми көзқарас болмаса мұндай ауқымды жобалар күйреп тынады. Бәрін де егжей-тегжейлі есептеу керек. Қазақстанда біз солай жасап келеміз. Ешқашан жорамалмен істемейміз, әрдайым қайда бара жатқанымызды және неге жететінімізді білеміз.
– Сіз саясаттағы өз философияңызды қалай сипаттар едіңіз?
– Менің саясаттағы басты қағидатым – біріктір де бағыттай біл. Ол біздің жерімізде болған тарихи оқиғалардың қисынынан туындайды.
Сан ғасырлар бойы біздің халқымызға өз тәуелсіздігін қорғауға тура келді. Біздің ата-бабаларымыз әрдайым қауіп-қатер төнгенде біріге білді. Мұнда әңгіме тек қана әскери күш туралы болып отырған жоқ. Тарихта қазақтардың тіліне, дәстүріне, мәдениетіне зор қатер төнген кезеңдер болған. Бұл факторлар өмірмен барабар еді. Біз оларды сақтап қалдық.
Кеңестік кезеңде Қазақстан тоталитарлық режім біздің даламызға жер аударған түрлі халықтар үшін туған үйіне айналды. Қазақтар қандай қиналып жүрсе де, кімде кім паналатуды қажет етсе, солардың бәрін қонақжайлылықпен қабылдады. Біздің жеріміз түрлі этностағы миллиондаған адамдар үшін екінші отанына айналды. Қонақжайлылық – даланың басты қағидасы, ол біздің бойымызға қанмен сіңген.
Бүгінде біздің ортақ үйімізде, Қазақстан Республикасында 140 этностың және 46 конфессияның өкілдері бейбіт қатар өмір сүруде. Ал этностық немесе діни негіздегі жанжалдар олардың арасында жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз қоғамды топтастыра алдық. Бүкіл ел егемендік жөніндегі бағзы арманын іске асыру жолында бірікті.
– Осы жылы Астанада 11 жылдың ішіндегі жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның алғашқы Саммиті өтеді. Халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан Сіз бұл Саммиттен не күтесіз?
– Бұрын ғасырларға кететін нәрселер қазір он жылдарға сыйып кетеді. Сондықтан да 11 жыл – осы заманғы әлем үшін үлкен мерзім.
Ыстамбұл және Астана саммиттерінің арасындағы үзілісте көптеген жаңа проблемалар пайда болды. Терең өзгерістерге деген қажеттілік айшықты көріне бастады. Ал бұл ең алдымен әскери-саяси салаға қатысты. Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылуы арқылы бұдан 35 жыл бұрын орнаған жүйе біздің уақыттың нақтылықтарына сай келмейді. Еуропалық қауіпсіздік мәселесі әлдеқашаннан бері құрлық аясынан шығып кеткен.
Қазір әңгіме Еуратлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік туралы болып жүр. Соған қоса 20 жылда ЕҚЫҰ құрамы әлдеқайда өзгерді. КСРО тұрғысындағы бір қатысушының орнына ұйым он бес жаңа республикаға ие болды. Демек, қазір біздің кеңістікте тұрақтылықты ұстап тұру бірінші кезектегі міндеттердің бірі болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан “Корфу үдерісін” дамытуға зор маңыз береді.
Орталық Азияда баршаны қамтитын қауіпсіздік мәселесі Ауғанстан мен Қырғызстандағы ахуалға тікелей байланысты. Бұл екі мемлекетке көмек көрсету талап етіледі. Мұндай қажеттілік бар болып тұрған кезде біз ондай көмекті көрсетуге міндеттіміз. Бұрынғылар айтқанындай, көмек көрсету – бұл қазіргі бар немесе мүмкін болатын бәлеге қойылатын тосқауыл.
Тұтастай алғанда біз Саммит ЕҚЫҰ-ның дамуындағы жаңа кезеңнің басы болатынына сенімдіміз. ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 елдің көшбасшылары келеді. Біз жемісті үнқатысуға келеді деген үміттеміз.
– Ауғанстандағы қазіргі ахуалды Сіз қалай бағалайсыз? Бұл елдің проблемалары көрші елдермен ықпалдаспай немесе негізгі өңірлік ұйымдардың пікірлерін ескермей шешілуі мүмкін бе?
– Ауғанстандағы ахуал – жаһандық проблема.
Уақыт гуманитарлық бастамаларды белсендірек іске асыру, бұл елге көмектің экономикалық бөлігін күшейту жөн екенін көрсетті. Ауғанстанға оның кедейшілік ахуалдан шығуына мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді іргелі жобалар қажет. Экономикалық та, сондай-ақ саяси да реформаларға жәрдемдесу керек. Адамдарға білім және ертеңгі күнге деген сенім беріп, қолға қару ұстамай-ақ өмір сүруге болатынын көрсету керек. Бұл ретте ЕҚЫҰ, НАТО, ЕО, АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді өңірлік құрылымдар міндетті түрде осы іске араласуы тиіс.
Өз тарапымнан біздің елімізде құны 50 миллион доллар тұратын білім беру бағдарламасы басталғанын айта аламын. Ол бойынша 1000 ауған студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алады. Біз Ауғанстанға көмектің көлемі мен тетіктерін бұдан былай да кеңейте береміз.
– Көрші Қырғызстандағы тұрлаусыз ахуал Сізді мазалай ма? Қырғызстандағы ішкі жанжалды бейбіт шешу жолдарын іздестіруде Сіз қандай рөл атқардыңыз? Сіздіңше, дағдарыстың негізгі себептері не болды?
– Қырғызстанда болған оқиға – қасірет. Ал қасірет болған жерде көп уақыт бейберекетсіздік, абыржушылық пен ауыртпалық орын алады. Туысқан халықтың бұл ауыртпалығын біз бөлісеміз.
Қырғыз және қазақ халықтары өте етене жақын. Бізді берік тарихи түйін байланыстырады. Сонымен қатар қазақстандық бизнес Қырғызстанда айтарлықтай кең таралған. Мәселен, бұл елдің банк жүйесіндегі 40 пайыз қазақстандық капиталға келеді.
Осының бәрі көрші елде орын алған оқиғаларға енжар қарауға мүмкіндік бермейді. Дағдарыстың бір себебі ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай болып табылатыны анық. Республиканың бұрынғы басшылығы елеулі саяси қателіктер жіберіп, бар проблемаларды шешпеді. Қарсылықты көңіл-күй шегіне жеткен кезде адамдар көшеге шықты.
Біз көршілеріміздегі жағдайдың тез арада тұрақтануына өте мүдделіміз және бұған іс-әрекетімізбен қатысудамыз. Қазақстан көрші елге үлкен көлемді гуманитарлық көмек жіберді.
Қазақстан Үкіметі мамандарының тобы қырғыз тарабымен бірге қолдау білдірудің кейінге шегерілмес шараларын анықтады. Күйреген үйлер үшін құрылыс материалдары, жылу электр стансалары үшін отын – бұл жедел көмекті біз 10 миллион доллар көлемінде көрсеттік.
Үстіміздегі жылдың шілдесінде Қырғызстанға ауқымды көмек көрсету үшін халықаралық нәрлендіру конференциясы ойдағыдай өтті. Осындай тағы бір форум өткізу жоспарлануда. Сарапшылардың бағалауы бойынша елдің оңтүстігін қалпына келтіруде 1 миллиард доллар шамасында қажет болады.
Мен туысқан халықтың даналығы салтанат құратынына және халықаралық қоғамдастықтың жәрдемі арқылы жағдай таяудағы уақытта қалпына келетініне сенімдімін. Қазіргі кезде Конституция қабылданған, Парламентке сайлау болды. Солай болса-дағы Қырғызстан әлі де болса қолдауды қажет етеді.
– Сіздердің Еуропа Одағымен қарым-қатынастарыңыздың қазіргі жағдайы қандай? Ол Кеден Одағы жұмысын бастағаннан кейін қалай дамитын болады?
– Қазақстан өзінің “Еуропаға жолын” әлдеқашан бастағанын білерсіз. 2008 жылы бұл құлшыныс осы аттас ресми құжатта бекітілді.
ЕО-мен өзара тиімді және болжауға болатын қарым-қатынас құру – біздің дипломатияның шешуші векторларының бірі.
Қазақстанның сыртқы саудасының 40 пайыздан астамы Еуропа Одағына келеді.
Бұл тіпті біздің Ресеймен және Қытаймен сауда айналымымыздан да жоғары. Біз ОПЕК-ке кірмейтін елдер арасында Еуропаға энергия тасымалдау жағынан үшінші орын аламыз.
Қазір шикізаттық емес секторлардағы ынтымақтастық тереңдеуі үшін жағдай жасалуда. Қазақстан білім мен озық технологияларға негізделген инновациялық экономика құру ниетінде, сондықтан да еуропалық тәжірибеге мүдделі.
Елде ТМД-дағы ең қолайлы бизнес ахуал әрдайым болған. Кеден Одағының жұмысы басталуымен біздің инвестициялық тартымдылығымыз арта түсті. Бізге келген инвестор 170 миллион адамдық тұрғыны бар және жиынтық ІЖӨ-сі 2 триллион долларға жуықтайтын орасан зор рынокқа қол жеткізеді. Үш ел Кеден Одағының бірлескен әлеуеті осындай.
Уақыт өте келе оның негізінде біртұтас экономикалық кеңістік құрылатын болады. Қазір біз бұл жолдың басында ғана тұрғанда мен еуропалық бизнесті Қазақстанда белсенді түрде кәсіпорындар салуға, әзірге бос тұрған орындарды тезірек алуға шақырамын. Біздің жедел өсу үстіндегі рынокта сұраныс қамтамасыз етілетін болады.
– 2015 жылға қарай Қазақстан шикі мұнайды аса ірі өндірушілердің ондығына кіруді жоспарлап отыр. Бірақ та Сіз Өз экономикаларыңыздың басқа секторларын даму жолындағы құлдыраудан қалай құтқара аласыз?
– “Мұнайды жағу дегеніміз – пешті ақша ассигнацияларымен жылытумен барабар”, дейтін жақсы сөз бар. Қара алтын – экономика дамуының жоғары қарқынын қамтамасыз ететін біздің стратегиялық ресурсымыз.
Бірақ та бізге мұнай өндіруден алынатын табыстардың басқа салаларды дамытуға көрсететін кері ынталандыру әрекетін бейтараптандыру мүмкін болды.
Қазір Қазақстанда 2010-2014 жылдарға арналған Жедел индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды бағдарламасы іске асырылуда. Ол өнеркәсіптің шешуші салаларын және, әлбетте, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған. Осы Бағдарламаның аясында үстіміздегі жылы біз 144 жобаны аяқтаймыз, ал бұл дегеніңіз 854 миллиард теңге инвестициялар және 20 мың жаңа жұмыс орындары. Бес жылдан кейін біз шикізаттық емес экспорттың үлесін қазіргі 10 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайтқымыз келеді. Ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігі 2 есе өседі. ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 10 пайызға төмендейді.
Сондықтан да экономиканы әртараптандыру – біздің басты басымдығымыз.
– Қазақстан Мыңжылдық мақсаттарының біріне қол жеткізуде – 2015 жылға қарай кедейшілік деңгейін екі есеге қысқартуда табыстарға жетіп үлгерді. Сіздер бұл бағытта бұдан әрі қалай ілгерілеуді жоспарлап отырсыздар?
– Бағзы даналық былай дейді: “Кедейшілік ұят емес, ал одан еңбек арқылы құтыла білмеу ұят”.
Өз тәуелсіз жолымыздың басынан бастап біз “Алдымен – экономика, содан кейін – саясат” қағидатын жария еттік. Біз ең қысқа мерзімде азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етіп қойдық. Ойластырылған іс-қимыл бағдарламасының және қазақстандықтардың еңбексүйгіштігінің арқасында біз бұл мақсатқа жеттік.
Кедейшілік деңгейін төмендету мен экономиканы дамыту – өзара байланысты нәрселер. Нақ осы өскелең экономикалық өсудің арқасында Қазақстан әлеуметтік бағдарламаларды ұлғайтып, кеңейте алды.
2000 жылдан 2009 жылға дейін мемлекеттік бюджеттегі әлеуметтік шығындар үлесі жалпы шығындар көлемінің орташа 45 пайызын құрады.
Азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру – мен Үкіметтің алдына қойып отырған шешуші міндеттердің бірі. Оны шешу үшін бізде барлық қажетті ресурстар бар. Солардың бастысы – қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі.
– КСРО дәуірінде Қазақстан экологиясы ядролық сынақтар мен Арал теңізінің ішінара тартылуынан зардап шекті. Сіздер бұл проблемаларды қалай шешудесіздер?
– Өркениет жолы консерві қалбырларымен төселген деп бекер айтылмаса керек. Арал және Семей өңірлері – бұл адамның табиғатқа деген жүрдім-бардым қараушылығының көрнекті мысалы. Олар бізге КСРО-дан мұраға қалды. Олармен біздің миллиондаған отандастарымыздың тағдырына залалын тигізген тарихтың мұңды беттері байланысты. Мұндай қателіктерді қайталауға болмайды.
300 мыңнан астам шаршы шақырым жер Семей полигонында жүргізілген ядролық сынақтардың зардабын тартты. Онда 1,7 миллионға жуық адам тұрады. Мемлекет барлық зардап тартқандарға арнаулы жәрдемақы төлейді. Оларға жеңілдікпен медициналық қызмет және әлеуметтік көмектің басқа түрлері көрсетіледі. Ғалымдар жердің қайтара залалдануына жол бермеу үшін жұмыс істеуде.
Аралға келетін болсақ, бұл жаһандық ауқымдағы проблема. Оны тиімді шешу үшін Арал теңізі аумағында жатқан елдердің ғана емес, көптеген мемлекеттің бірлескен күш-жігері қажет. Қазіргі кезде Қазақстан Аралды құтқарудың халықаралық қорына жетекшілік етуде. Бүкіләлемдік банк қаржыландырған бірқатар шаралар іске асырылды. Көкарал байламасы тұрғызылды. Осы гидроқұрылыс арқасында Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейі қалпына келе бастады.
Экологиялық проблемаларды шешумен Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан-ақ айналыса бастағанын атап өтейін.
Бұл істе бізге БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы, ЕО, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, БҰҰ Даму бағдарламасы секілді және басқа ұйымдар жәрдемдесуде. Елімізде 2004-2015 жылдарға арналған Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы және басқа бірқатар бағдарламалар іске асырылуда.
Біз төрт жылдан соң ормандарды қайта қалпына келтіру 47 пайыздан 85 пайызға дейін ұлғаяды деп білеміз.
– Қазақстанның елордасы Астана Сіздің басты жобаларыңыздың бірі болып табылады. Сіз өз елордаларыңыздың орналасқан жерін, дизайны мен архитектурасын қалай таңдадыңыз?
– Елорданы Астанаға көшіру елді дамытудың қуатты ынталандырғышы болды.
Көптеген жылдардан бері біздің халқымыз алғаш рет өз мемлекетінің бұдан былайғы тағдырын дербес айқындады. Адамдардың ой-санасында шынайы егемендіктің ұғымы нығайды.
Қазақстанның оңтүстік-шығыс шетінен оның орталығына көшу туралы шешімді біз халықаралық тәжірибені зерттеп, ішкі факторларға талдау жасай келіп қабылдадық. Ол кезде Астана да қатардағы провинциялдық қалашық болатын. Алайда сол кездің өзінде қалыптасып үлгерген инфрақұрылымы бар еді. Айналадағы кеңістік қала құрылысшыларына шығармашылық маневрлер үшін тамаша мүмкіндіктер берді.
Елорданы салудың бас жоспарын жапон архитекторы Кисе Курокава әзірледі. Онымен бірге мұнда өз жобаларын басқа да танымал шеберлер іске асырды, олардың арасында британ архитекторы Норман Фостер де бар. Оның ең көрнекті жұмыстарының бірі – Хан Шатыр кешені – Астананы ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық Азияның әсем тәжіне айналды.
Мен Қазақстанның елордасы біздің халқымыздың Еуразиялық сипатын бейнелегенін қаладым. Оның тұрпатынан бейбітсүйгіштік пен қонақжайлылық бейнеленсе дедім. Астананың қалай дамығанына көз салып, оның қандай болғанын көргенде, мен ойлағанымыздың іске асырылғанын түсінемін.
– Сіздің бүгінгі күнге басты тілегіңіз қандай? Жеке тұрғыдағы тілегіңіз қандай? Саяси тұрғыдағы ше?
– Менің басты тілегім – Қазақстанды қазіргіден әлдеқайда күшті және өркендеу үстіндегі мемлекетке айналдыру. Біздің еліміз қазірдің өзінде қызығарлықтай табыстарға қол жеткізсе де, бұл жүретін жолымыздың аз бөлігі ғана. Бізге әлі көп нәрсені істеуге тура келеді.
Біз өз алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткізетінімізге күмәнданбаймын. Бізде бұл үшін бәрі де бар, ал ең бастысы бізде сенімді әріптестер бар.
Солардың бірі Франция болып табылады. Біз бірлесе жұмыс істеп, қол жеткізгеніміз аз емес. Алда әлі үлкен жетістіктер бар. Француз халқына жақсылықтар мен табыстар тілейміз.