03 Қараша, 2010

“Сарыарқа” сақадай сай

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қарағандыдағы осылай атала­тын әуежай өткен ғасырдың сек­се­нінші жылдарында салынған, сән-сәулеті  жағынан сол кездегі  көзге аса сүйінішті ғимарат болса, қаз­ір заман талап-талғамына сай одан сайын жайнап, жарқыраған қалпында  тіпті әдемі көрінеді. Бұ­дан он шақты жыл бұрын жұмысы қожырап, күтімі қашқан уақытты байырғы қызметкерлері болмаса, бүгінгілері білмейді. Әлемдік стандарттарға толық жауап беретін инфрақұрылымы жолаушыларды қарсы алу, шығарып салу және әуе кемелеріне  техникалық қызмет көр­сету бойынша  Астана мен Алматы әуежайларынан еш олқы соқпайды. Ол кейінгі төрт-бес жылда  Батыстан Шығысқа, Шы­ғыс­тан Батысқа қарай көк аспан астында төтелей тартып жүрген алып ұшақтардың бір сәт табан тіреп, аялдап, жүк түсіріп, жүк тиеп,  жанар-жағар май толық­ты­рып алатын трансконтинентальді транзиттік бекет ретінде де  алыс-жақынға аян. Қарағанды мен Астана арасы жүрдек көлікке екі-ақ сағаттық жол. Арқа ауа райының, әсіресе, қыс басында құбылмалы екені ескеріле отырып Еуропадағы қауіпсіздік және  ынтымақтастық ұйымының елордадағы жетінші саммитіне қатысатын мәртебелі делегациялардың бірқатары  Қара­ғанды әуежайында қабылданып қалу мүмкіндігі қарастырылып жа­туы оған үлкен дайындық шара­ла­ры­ның бірі. — “Қамданған қапы қалмайды” демекші, арнаулы ұшақтар  қабыл­дау туралы нұсқау түсе қалған жағдайда оған сақадай-сай әзір болуға  байланысты жұмыстарды кү­шейттік”, – деді бізге   “Сары­ар­қа” халықаралық әуежайы, АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Нұрболат  Жетпісбаев. Ол сонымен бірге, делегациялардың қай тобын да  меймандостықпен қарсы алып, Астанаға жөнелтуге мүмкіндік жеткілікті екенін айтты. Мәселен, бір сәтте “Боинг” секілді ұшақтың 21-ін еш кедергісіз қабылдауға жағдай бар. Ал екі сағат аралы­ғында 950 жолаушы қабылданады. Екі күту, аялдау залдарының бірі ха­лықаралық жолаушыларға арна­лып жабдықталған. Мәртебелі мей­мандар әрі қарай сапар жал­ғас­тырғанша тынығатын 50 орын­дық зал және бөлек жаңартылу үстінде екен. Оларға қызмет көр­се­тетін мамандар, әлемге танымал тілдерді жетік меңгерген аударма­шы­лар тобы бар. Қонатын жолақ­тарды мұзданудан тазартатын, ұшақтарды сүйрейтін тартқыштар, автосатылар, басқыштар сияқты тех­никалардың жаңа түрлері қолданысқа дайын тұрған көрінеді. Жалпы алғанда, бұл алқалы жиынға келушілердің  жолы Қа­рағандыға түсіп қалмақтығына  сәй­кес алдын ала шаралар басқа да орындардың басты назарында. Теміржолшылар ұшқыр электр пойызындағы бірнеше вагонды халықаралық талапқа сай сән­деу­де. Автокөлік саласы жайлы авто­бустармен қамтамасыз етуге  дай­ындықта. Еліміз тарихында ерекше орын алар осынау басқосудың мінсіз ұйымдастырылуы, қатысушылар есінде ұмытылмастай қалуы қара­ғандылықтарға да үлкен сын, зор жауапкершілік. Сондықтан  сол деңгейден көріну – бұл күндегі бас­ты мақсат. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.