Өткен бейсенбі күні Ресейдің Солтүстік астанасы – Санкт-Петербург қаласында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуінің алғашқы қорытындысындай болған “ЕҚЫҰ мен ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” атты халықаралық конференция өтіп, ол туралы газетімізде егжей-тегжейлі жазылған болатын. Біз сол конференцияны ұйымдастыруға белсенді қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, саясат ғылымдарының докторы, профессор Камал БҰРХАНОВТАН жиынның қорытындылары туралы айтып беруін өтінген едік.
– Бұл шара Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің аяқталып келе жатқанына байланысты оның алғашқы қорытындысы іспетті болды. Оған ЕҚЫҰ мен ТМД елдерінің сарапшы ғалымдары, сала мамандары, көрнекті саясаткерлерімен қатар, көптеген Азия, Еуропа, Америка, тіпті Африка елдерінің де өкілдері қатысып, баяндамалар жасады. Конференция біздің төрағалықтан кейін ЕҚЫҰ мен ТМД арасында жаңа мүмкіндіктер туғанын көрсеткен шара болды десек те артық айтқандық емес. Қазақстан төрағалығы көптеген мәселелерді түбегейлі өзгертіп, жаңа көзқарас, Ұйым шеңберінде жаңа философия, жаңа тұжырым, жаңа арақатынас қалыптастырды. Осының арқасында біздің алдымызда жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар туып отыр. Жасалған баяндамалар мен пайымдауларда осы төңіректе күрделі әңгімелер айтылып, Қазақстан төрағалығының көптеген мақсаттарының, алға қойған міндеттерінің іске асқанын конференция дәлелдеп бергендей болды. Бұрынғы уақытта Еуропа елдерінің мамандары сөйлесе-ақ, бізге ананы дұрыс істемей жатырсыздар, мынаны дұрыс жасамадыңыздар деген секілді сын айтуларын бүгінде мүлде доғарғаны осы конференцияның барысында анық көрінді. Керісінше, олар қазақстандық төрағалықтан өздеріне жаңа көзқарас қалыптастырғандарын жеткізді. Олар біздің “еуропалық” немесе “еуроатлантикалық”, сондай-ақ “еуразиялық” қауіпсіздік деген болмайды, қауіпсіздік жаппай, толығымен сақталғанда ғана бейбіт өмір болады деген тұжырымымызды мойындады. Іс жүзінде солай екені де анық емес пе. Мәселен, мұхиттың ар жағында жатқан Америка азиялық Әл-Каида жанкештілерінен зардап шекті, ал олардың әскерлері Ауғанстан мен Иракта соғысып жүр. Бұл дегеніңіз – қауіпсіздікте қандай да бір аймақтық шекара жоқ екенін, оны толығымен және жаппай қамтамасыз еткенде ғана бейбітшілік орнайтынын Қазақстан әлемге дәлелдеп берді және оған ЕҚЫҰ- дағы әріптестеріміз қазір толығымен қосылып отыр. Ауғанстан мәселесін реттеуде, онда бейбіт өмірді қалпына келтіру бағытында да Қазақстанның әрекеттері басқаларға үлгі екенін мамандар мойындауда. Осы күнге дейін көптеген еуропалық саясаткерлер өздерінің айтқанынан шықпайтын қандай да бір саяси күштерді біржақты қолдау арқылы бейбітшілік орнатамыз деген тұжырым ұстанып келген еді. Ал Қазақстан олай деген жоқ, ол елдің жалпы жағдайын, тұрмыс-ахуалын жақсартуды, соның ішінде түрлі саланың мамандарын дайындасақ, олар ертең елдеріне қару ұстауды емес, еңбек жарағын қолдануды немесе білім қууды үйретеді, елде сонда бейбітшілік болады деген ұстанымды көздеп, нақты әрекеттер жасап жатыр. Мыңға жуық ауған жастарын жаңа заманның тіршілік әрекеттеріне оқытып, білім беріп жатқан себебіміз сол. Осыны әлемдік мамандар көріп, оның дұрыстығына көздерін жеткізіп отыр. Сондай-ақ “созылмалы сырқаттар” деген айдар тағылған аймақтық кикілжіңдерді реттеуге де Қазақстан төрағалығы алғашқы күннен бел шешіп кірісті. Өйткені, бұлар Ұйымның жауапкершілік аумағында ғана емес, әлемнің қауіпсіздігіне жаппай қатер төндіретін аймақтар, сондықтан олар ЕҚЫҰ елдеріне ортақ проблема екенін, себебі, қазіргі замандағы қауіпсіздіктің, жоғарыда айтқанымыздай, ешқандай шекарасы жоқ екенін Қазақстан төрағалығы көрсетіп берді. Бұл істер де қауіпсіздіктің жаппай сақталуына мүмкіндік туғызатын әрекеттер екенін әлем жұртшылығы көріп отыр.
Конференция барысында сөйлеген мамандар сөзінен Қазақстанның беделі мен танымалдығы, сонымен бірге, оның болашақ перспективасының зор екендігі көрініп тұрды. Азуын айға білеген барлық мамандар Қазақстан төрағалығының өте тиімді болғанын, тіпті бір мамандар “Әлем – Қазақстан төрағалығына дейін және одан кейін” деген түсінік қалыптасуы мүмкін екенін де айтып қалды. Мұндай төрағалық Ұйым тарихында бұрын-соңды болған емес деген пікірлер де білдіріліп жатты. Осының бәрі біздер, қазақстандықтар үшін, әрине, зор мақтаныш. Тұтастай алғанда, бұл әлемдік саяси элитаның бізді бұрынғысынша үйренуші, қандай ақыл, сын айтсақ та тыңдаушы елсіңдер деп емес, терезесі тең әріптес ретінде мойындағанын көрсеткен конференция болды. Осының өзі Қазақстан төрағалығының зор нәтижесі емес пе?
Барлық айтылған әңгімелер мен пікірлерде, жасалған баяндамаларда Қазақстанның абыройына шәк келтірілмей, оның өмірдің барлық саласындағы күрделі үдерістерді өзі бастап, оны алға дұрыс бағытта жылжытып отырғаны атап көрсетіліп, үлкен үміт арттыратын мемлекет екеніне сенім білдірілді. Бұл Қазақстан саясатының дұрыс екендігін, оның әлемдік істерге ықпал ете алатын әлеуетінің зор екендігін және оны әлемнің алдыңғы қатарлы жұртшылығы сөзсіз мойындайтындығын көрсетіп берді. Осындай жетістіктердің бәріне Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қол жеткізіліп отырғаны да саясаткерлер мен мамандар пайымдарынан айқын көрініп тұрды. Ал енді осындай әңгімелерді өз елімізде емес, шет елдердің төрінде естудің өзі де бір ғанибет, үлкен мәртебе екен…
– Шет ел демекші, осындай конференцияның Қазақстанда емес, Ресей қаласында өткізілу себебі неде?
– Бұл шара Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының 35-ші пленарлық отырысы аясында ұйымдастырылды. Ал ол Санкт-Петербургте өткізілмек болып белгіленген. Сөйтіп, Санкт-Петербургтегі алғашқы Ресей Думасының мәжілістері болған Таврия сарайында алдымен ТМД ПА отырысы болды, одан кейін біздің сөз етіп отырған халықаралық парламенттік конференциямыз өз жұмысын бастады. Оның жұмысын ТМД ПА-ның қазіргі төрағасы, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федералдық Кеңесінің Төрағасы Сергей Миронов құттықтау сөзбен ашты. Одан кейін парламенттік конференцияның қатысушыларына арналған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің құттықтау сөздері оқылды. Ал конференциядағы алғашқы баяндаманы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов жасады. Одан әрі ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы, Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Б.Грызловтың, Украина Жоғарғы Радасының Төрағасы В.Литвиннің, ЕҚЫҰ ПА төрағасының орынбасары Р.Миглиоридің, Еуропа Қауіпсіздік және қорғаныс ассамблеясының төрағасы Р.Уолтердің, Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары С.Якуттың, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының президенті Д.Букиккионың, Дүниежүзілік миграция жөніндегі ұйымның бас директоры В.Л.Свинганың және басқалардың сөздері тыңдалды. Осыларды анықтап айтып отырған себебім – оқырмандарға конференцияға қатысушылар деңгейін көрсету.
– Секциялық отырыстарда қандай мәселелер қарастырылды? Ондағы баяндамалар мен ұсыныстар жасағандар да жоғары деңгейдегі әлемдік есімдер болды ма?
– Әлбетте. Секциялық отырыстарда да кілең ығай мен сығай баяндама жасады. “Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік” деген атпен өткізілген бірінші секцияның жұмысына Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ә.Жолшыбеков пен Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, ТМД ПА қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы В.Войтенко модераторлық етті. Онда Ауғанстан, Қырғызстан мәселелері және “созылмалы сырқаттар” туралы пікірлер алмасылды. Қырғызстанның Ресейдегі елшісінің міндетін атқарушы У.Шынәлиев баяндама жасады. ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілі, Финляндия Парламентінің депутаты К.Кильюнен де осы аймақта бейбітшіліктің қалай сақталып тұрғаны және оған Қазақстан төрағалығының қосып отырған үлесі туралы жан-жақты баяндады. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер мен НАТО-ның бұл аймақтағы саясатының қандай болмағы керектігі жөнінде бағалы ұсыныстар жасалды. Бәрінің пікірлерінен де ЕҚЫҰ шеңберіндегі елдер ендігі жерде ортақ проблеманы шешуде барлық көзқарастарды да ескеріп, тең жағдайда шешім қабылдау қажет деген ұстанымда екендіктері көрініп тұрды. Пікірсайысқа қатысқан Ұлыбритания Парламенті Өкілдер палатасының мүшесі М.Хэнкок, Кипр Республикасы Парламентінің мүшесі Н.Катсоуридес, Панафрика Парламентінің бас хатшысы З.Мадас, Финляндия Парламентінің депутаты М.Лаукканен және т.б. пікірлерінен осы бағдар анық аңғарылды.
Екінші секцияда экономикалық мәселелер, соның ішінде бүкіләлемдік экономикалық дағдарыс салдары қарастырылды. Оның себебі де ортақ екендігін, оның салдарын ешбір ел өздігінен шеше алмайтындығын, біздің Елбасымыз өзінің көптеген мақалаларында, баяндамаларында талай рет айтқан болатын. Проблеманың себебі бір болғандықтан, оның зардабын Президент Н.Назарбаев барлық елдер бірлесіп қана жеңе алатынын дәлелдеп берген болатын. Конференциядағы баяндамаларда ЕҚЫҰ мүшелерінің бәрі де осы принципке тоқтап, ондағы идеяларға ден қоятындығын білдірді. Болашақта қаржы саясаты қандай болуы керек, мұндай дағдарыстарға жол бермеу үшін не істеуіміз керек, ортақ бағдарлама қабылдап, соның төңірегінде іс-қимыл жасаса қалай болады деген тұрғыда ортаға түскен пікірлер де мол болды.
Бұл секцияға Қазақстан Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанов пен Армения Республикасы Ұлттық Жиналысы тұрақты комиссиясының төрағасы В.Айвазян модераторлық етті. Баяндама жасағандар арасында ЕурАзЭҚ бас хатшысы Т.Мансұров, ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық істер жөніндегі үйлестірушісінің орынбасары А.Стукало, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты А.Башмаков, Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Аяған, Тәжікстан Парламентінің комитет төрағасы С.Екузод, Ресей Ғылым академиясы Зоология институтының лаборатория меңгерушісі Н.Аладин, Француз Республикасы Парламентінің сенаторы И.Поццо ди Борго, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бас хатшысы Р.Гасанов, Болгария Парламентінің депутаты В.Гикова және т.б. болды. Барлық баяндамалар да мәселені түбегейлі зерттеп, оны жан-жақты және толық ашқан ұйғарымдар болып шықты деп айтуға болады. Соның ішінде “Қазақстанның индустриялық дамуы: жаңа мүмкіндіктер мен сыбағалар” атты тақырыпта баяндама жасаған профессор Б.Аяғанның баяндамасындағы фактілер де тыңдармандарға оң әсер етті. Сондай-ақ Арал проблемасы туралы айтқан профессор Н.Аладиннің пікірлері маған қатты ұнады. Ол бүгінгі күні Арал проблемасына нақты көңіл бөліп отырған Қазақстан ғана екенін ашық айтты. Бөтен елдің маманының аузынан мұндай жетістіктерді есту де бір ғанибет екен.
ЕҚЫҰ-ның үшінші себетінің мәселелерін қамтыған үшінші секцияның жұмысына Қазақстан Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов пен Беларусь және Әзірбайжан парламенттерінің мүшелері В.Байков пен А.Рагимзаде модераторлық етті. Мұнда жасалған баяндамалар да кәсіби тереңдігімен, проблеманы терең зерттегендігімен ерекшеленді. Соның ішінде Қазақстанның Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры С.Мәжитовтің баяндамасы талай адамға ой салғанына куә болдық. Оның қазақ халқының төзімділігі ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде айқын көрінгендігін көлденең тартқаны ұтымды шықты. Бұрын бізге осы себет бойынша түрлі сындар айтылатын еді, бұл жолы ондай бірде-бір әңгіме болған жоқ. Секция жұмысында Ислам Конференциясы Ұйымы Парламенттік одағының кабинет директоры Ю.Абуагла Ахмад, Санкт-Петербург университетінің америкалық зерттеулер кафедрасының профессоры Ю.Акимов, ЕҚЫҰ ДИАҚБ директорының бірінші орынбасары Д.Уэйк, Бельгия Сенатының депутаты П.Вилль және т.б. сөйледі.
Қорыта айтқанда, конференция өзінің мақсатына жетіп, қазақстандық төрағалықтың алғашқы әділетті қорытындылары шығарылды деп ойлаймыз. Оның жұмысын қорытқан Мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов: “Сөйлеген шешендердің сөздерін қорыта келгенде Қазақстан ЕҚЫҰ жұмысын аса маңызды мәселелер бойынша белсендірек жүргізуге қол жеткізгенін көруге болады. Біз бірлесе іс-қимыл жасаудың жаңа сатыларына жеткенімізді түсініп отырмыз. Бұл, әсіресе, қауіпсіздік мәселесіне тығыз байланысты”, деген еді. Осы сөздерге ешнәрсе алып-қосуға болмайтыны анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.