Жиырма жасында жасындай жарқ етіп, әлемнің көз құрты болған Бекзат Саттархановтай оғлан Сиднейде қазақ халқының қолына бокстан алғашқы алтынды аялап ұсынып еді. Тұла бойы сымдай тартылған көркем бозбала “қазақ – батыр халық, батыр болмаса осынау ұланғайыр жерді ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қалай қорғар еді. Осындай жұрттан Олимпиада ойындарының жеңімпаздығын екі немесе үш мәрте алған азаматы жоқ. Құдай қос көрсе бұл биікті мен бағындырармын” деген сыңайда ой айтып еді.
Жұрт сенді. Өйткені, оның күші енді толысып келе жатқан. Әдіс-айласы ерек, шегініп бара жатып та ұрып салып, соққыларын дәл тигізетін ондай боксшы әлем боксында саусақпен санарлықтай еді.
Алайда, боздақ арманына жете алмады. Құйрықты жұлдыздай қазақ көгінен ағып өтті.
Осындай ұлан еш ұмытылмау керек. Ел есінде болуы керек. Аға ұрпақтың осындай ержүрек ұлым бар деп мейірленіп жүруі үшін жас ұрпақтың ерлік баянынан үлгі алып жүруі үшін. Кейінгі жас толқынға патриоттық тәрбие беруде темірқазық болу үшін. Оны ел ағалары жасайды. Жасаған. Түркістанға кіреберіс даңғыл Бекзат атымен аталады.
Қазақтың айтулы ұлы Нұрлан Балғымбаев Қазақстан Бокс федерациясының тізгінін ұстап тұрғанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт сарайын салдырып берген. Бекзат шағын ауданы бар. Мұның бәрі Бекзат дүниеге келген Түркістанда атқарылған жұмыстар. Жетпей тұрғаны, олқы тұсы бекзада Бекзаттың ескерткіші еді. Осы олқылықтың орнын Түркістан қаласының тізгінін ұстаған Қайрат Молдасейітов толтырған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында. Ішіміз қатты жылып қалды. Болып толған елдерде, мәселен, Германияның Бавариясында сыра саптыаяғына ескерткіш бар. Көңілі қалағанын орнатады. Ал, біздей қазақ жұртына, төрт құбыласын әлі түгендей алмай жатқан, тарихының шетіне әлі шыға алмай жатқан халыққа Бекзаттай айбарларымыздың ескерткіштері керек. Қайрат бауырға, Түркістандай ұлы орданы басқарып отырған әкімге сол үшін рахмет айттық.
Жақында Түркістанда “Қала күні” өтті. Қала күні деген – аста-төк дастарқан, қызылды-жасылды әшекей, ән, күй, би жарысы емес, өткенге есеп беру ғой. Бұл жөнінен Түркістанда көңіл марқайтатын жұмыстар жүріп жатыр екен.
Біз мұны Қайрат Молдасейітовтің жұмысынан байқағанбыз. Сонымен, Түркістан қала күніне қалай келді?
Қасиетті қаламыздың 1500 жылдық мерейтойының аталып өткеніне 10 жыл толып отыр, – деді қала әкімі. Түркістан қазақ халқының мақтанышы, барша түркі халықтарына ортақ қара шаңырақ. Осындай қаламыздың тарихи рөлін жоғары бағалайтын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев киелі қаланың гүлденіп, көркеюіне ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында қаламызда көптеген жұмыстар атқарылды.
“Қала күні” мерекесіне орай қаладағы барлық сала қызметкерлерінің шеруі ұйымдастырылды. Шерудің негізгі мақсаты бүгінгі таңға дейінгі атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді паш етіп және қаламыздағы түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті тұрмыс кешіп жатқандығын насихаттау еді.
Былтыр заман талабына сай 3 мектеп пайдалануға берілсе, биыл да 3 мектептің құрылысы жүруде. Соның ішінде Жібек жолы ауылындағы Сауран жалпы орта мектебі мен ауылдық балабақшаның құрылысы бітіп, 1 қыркүйек күні пайдалануға берілді. 2010 жылы “Жол картасы” бойынша 6 нысанды күрделі жөндеуге 67 млн. теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына және келесі жылы жөндеу жұмыстары жүретін мектептердің сараптамасына 39 млн. теңге бөлінді. Жоғарыдағы нысандардың қазіргі таңда жұмыстары аяқталуда. Соның ішінде 2010 жылы Президентіміздің бастамасымен “Балапан” бағдарламасы аясында бос тұрған ғимараттардың 3-уіне күрделі жөндеу жұмыстары және 10 мектеп жанынан 500 балаға шағын орталықтар ашу жұмыстары жүргізілуде. Ал, келер жылы 1160 орындық 4 балабақшаның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Оған қоса 2 балабақша салу, 5 мектептің жанынан шағын орталықтар ашу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау саласында да биыл ауқымды шаралар атқарылды. Облыстық бюджеттен Жаңа Иқан, Қарашық, Абай ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория мен Қаражон, Достық елді мекендеріндегі медпункттердің құрылысына 165 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде Жаңа Иқан ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бітіп, ашылу салтанаты болды. Сондай-ақ, биыл көп жылдан бері шешімін таппай жүрген қаламыздағы 60 төсектік туберкулезге қарсы диспансердің құрылысын аяқтауға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
“Жол картасы” бойынша ересектер емхансы мен медициналық колледжінің күрделі жөндеу жұмыстарына 271 млн. теңге бөлініп жұмыс жүргізілуде.
Елбасымыз атап өткендей, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында биыл қаламыздағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жеке ғимараты жоқ екендігі ескеріліп, жаны жомарт демеушілер есебінен 100 балаға арналған барлық жағдайымен жаңа ғимарат салынып берілді. Мұндай бастама әлі басқа қалаларда іске асқан жоқ. Сонымен бірге, өздеріңіз көріп жүргендей көп қабатты үйлердің алдында ойын алаңдары, орталық “Жеңіс” саябағы қайта жөндеуден өткізілді. Аквапарк, Бекзат Саттархановтың ескерткіші секілді жұмыстар да жаны жомарт азаматтарымыздың арқасында іске асты.
Сонымен қатар, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй салу, қаланы көріктендіру бағытындағы жұмыстар да жалғасын табуда. Соның дәлелі осы шараның алдында қаламыздағы әлеуметтік жағдайы төмен, үй кезегінде тұрған 12 отбасыға коммуналдық тұрғын үйдің кілті тапсырылды.
Осы жылы өңірімізде біраз кәсіпорындар өнімдерін шығара бастады. Атап айтқанда, тігін-тоқыма бұйымдарын шығаратын фабрика, тамшылатып суару жүйесіне құрал жабдықтар шығаратын цех, қиыршық тас және асфальт өнімдерін шығаратын цех, шұжық өндіретін цех секілді өзге де кәсіпорындар іске қосылды. “Жасыл ел” өңірлік бағдарламасына сәйкес “Жасыл аймақ” іс-шарасы бойынша жоспарланған 103 гектарға 44356 түп ағаш отырғызылып, 94 пайызға игерілді. Қаламыздағы көп жылдан бері өзекті мәселелердің бірі болып келген жылу қазандығы шешімін тауып, 235 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі мерекемен бірге шаруаларымыздың жыл бойына атқарған еңбектерінің нәтижесін көретін Алтын күз мерекесі қоса тойланып отыр. Қала күні мерекесінде қаладағы бюджеттік мекемелер мен түрлі кәсіпорындардың “Есімхан” алаңында шеруі болып өтті. Шеруге жалпы саны 7 мыңнан астам адам қатысты. Шеру соңы мерекелік концертке ұласты. Мерекеде ауылшаруашылық саласында озық еңбегімен көзге түскен азаматтар қала әкімі Қайрат Молдасейітов пен қалалық мәслихат хатшысы Ғани Рысбековтің марапаттауымен арнайы бағалы сыйлықтарға ие болды. Әрі қарай “Қала күні” мерекесі кешкі жастар сейіліне ұласты.
Түркістанға бірде барғанымызда, “Оразадағы оңды істер” қайырымдылық шарасының үстінен түстік. Әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасыға бір жолғы көмек көрсетілді. Әрқайсына екі қап ұн, бес литр сұйық май, қыста жағатын көмір таратылып берілді.
– Біз бұл шараға қаланың жомарт азаматтарын тарттық, – деп еді қала әкімі Қайрат Молдасейітов. – Бір жолғы көмек ешқайсысының қабырғасын жаппағанымен оразада ешкімге жаутаңдамай, бала-шағасының алдында мейірленіп отырсын дедік. Тағы да көмектер ұйымдастырамыз. Түркістандай киелі қала қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда өзге өңірлерге үлгі болу керек қой.
Разы болдық. Ниетіне. Түсінгеніне. Осы Қайрат Молдасейітов алғаш әкім болғанда кәсіпкерліктен келген азаматтың басшы болғаны қалай болады деген дүдәмал сұрақтар болған. Кей сөздері, жасаған жұмыстары түйеден түскендей еді. Өмір түзетіпті. Жөндемді әкім болыпты. Ар жағында бекзаттық болмыс бар-ау. Соған қуандық.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.