Елбасының бұл айтқаны күн өткен сайын осы ұстанымды толықтыра түскен істермен айшықталып отыр
– Қазақстанның төрағалық етуінің нәтижесінде ЕҚЫҰ-ның менталитетінде едәуір өзгерістердің болғаны байқалады. Сондықтан да биылғы жыл Ұйымның тарихындағы жаңа кезеңнің басы бола алады, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Бельгияға жасаған ресми сапары кезінде New Europe басылымына берген сұхбатында. “Біз төрағалықтың тізгінін қолымызға ала отырып, бір жылдың ішінде барлық мәселелерді шешіп тастау мүмкін еместігін түсіндік. Алайда, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық басымдықтары бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, көптеген жетістіктерге жетті”, деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Орталық Азияның бүгінгі мәселелеріне халықаралық қоғамдастықтың назары аударылғанын атап айтты. “Қазақстанның тарапынан болған іс-әрекеттердің нәтижесінде Қырғызстандағы жанжал тоқтатылды. Сондай-ақ, Ауғанстан да ұмыт қалған жоқ. Біз осы ислам республикасына халықаралық деңгейде гуманитарлық көмек көрсетуді күшейткіміз келеді”, деп мәлімдеді Н. Назарбаев.
ЕҚЫҰ-ның болмысының өзгергеніне бір дәлел, “еуропалық қауіпсіздік” деген ұғымды Қазақстан “еуразиялық қауіпсіздікке” өзгертті. Өйткені, бір-бірінен бөлінбейтін Еуропа мен Азияның қауіпсіздігі де біртұтас қарастырылуы қажет. Сондықтан да Қазақстан төрағалық тізгінін ұстаған соң Азиядағы тұрақсыздықтың үлкен ошақтарының бірі – Ауғанстанға ерекше назар аударды. Өйткені, ауған мәселесі аймақтық және жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, халықаралық коалициялық күштерге көп жылдар бойы жүйелі көмек көрсеткен Қазақстанның сыртқы саясатының ажырамас бір бөлігі болып табылады.
Атап айтарлығы, Қазақстан төрағалықты қолына алған күннен бастап ЕҚЫҰ-ның кеңістігімен шектелмей, Ұйымға мүше елдерді шекаралас мемлекеттердің аумағынан төніп тұрған қауіп-қатерлерге жаңаша көзқараспен қарауға шақырды. Мысалы, Ауғанстан жаһандық деңгейде атышулы лаңкестіктің, діни экстремизмнің, есірткі саудасының үлкен ошақтарының бірі болып саналады. Ал бүгінгі таңда ЕҚЫҰ-ның үш мүшесі Ауғанстанмен шекаралас орналасқаны, Ауғанстанның өзі ЕҚЫҰ-ның әріптесі болып табылатыны белгілі. Осыған орай, төраға мемлекет қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін барлық ерік-жігерін Азия құрлығындағы әріптес мемлекеттермен үнқатысуды одан әрі нығайтуға жұмсады.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 2007 жылғы Мадрид кездесуіндегі Ауғанстанға қатысты шешімдерін басшылыққа ала отырып, төрағалық қызметіне кіріскенге дейін ауған халқына көрсетілетін көмектің көлемін ұлғайту жөнінде бастама көтерді. Десек те, ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға тереңдеп көңіл бөлуіне ЕҚЫҰ-ның төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ағымдағы жылдың 28 қаңтарында Лондонда өткен халықаралық конференцияда ауған мәселесіне қатысты сөйлеген сөзі ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арасындағы пікірталасты одан әрі жандандырды. Қанат Саудабаев қысқа мерзім ішінде Кабулға үш мәрте арнайы сапармен барды. 2009 жылдың қараша айындағы, 2010 жылдың мамыр және шілде айларындағы Ауғанстан президенті Хамит Карзаймен және сол елдің жоғары басшылығының өзге де өкілдерімен болған кездесулер ЕҚЫҰ тарапынан ең қажетті деген тұстарда көмек көрсетудің бағыт-бағдарларын айқындап берді.
Қазіргі кезде Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан арасындағы шекараларды басқару деңгейін көтеруге, трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға, Ауғанстанның шекаралық және полицейлік күштерінің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда. Ауғанстанды қалпына келтіру және дамыту дегенде, ең алдымен, жаһандық лаңкестік, діни экстремизм және есірткі трафигімен тиімді күресу мәселелері қарастырылады. Осыған орай, біздің еліміз жаһандық жаңа қауіп-қатерлермен күреске бағытталған халықаралық қауымдастықтың ұжымдық күштерін жетілдіруді, жоғары деңгейге көтеруді мақсат тұтып отыр.
Еліміз Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімовтің айтуынша, Ұйым шеңберінде Қазақстан ең маңызды мәселелерді шешуде және созылмалы дағдарыс жағдайларын реттеуде үйлестіруші миссияға ерекше көңіл бөлуде. “Мәселен, Қазақстанның Қырғызстандағы дағдарысты реттеуде аса маңызды үйлестіруші рөл атқарғанын ЕҚЫҰ-дағы барлық әріптестері жоғары бағалауда. БҰҰ мен Еуроодақ сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, қысқа мерзімде түпкілікті шешім қабылдадық”, дейді ол.
Сержан Әбдікәрімовтің пікірінше, бүгіннің өзінде Астанада өтетін саммиттің субстантивті толығуы анық байқалады. Мәселен, ЕҚЫҰ шеңберіндегі барлық міндеттемелерді жоғары деңгейде қайтадан бекіту, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікті нығайту мақсатында мемлекеттер арасындағы сенімді қалпына келтіру, 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінде қабылданған Вена құжатын жаңарту, трансұлттық жаңа қауіп-қатерлермен бірігіп күресу, Ауғанстан мәселесі, жер бетіндегі созылмалы жанжалдар, Қырғызстандағы ахуал, ЕҚЫҰ-ның екінші өлшеміне арналған стратегиясын іске асыру, төзімділік, кемсітпеушілік және мәдениетаралық үнқатысу құру сияқты адамзатты алаңдатқан күрделі мәселелер талқыға түсетін айтулы басқосуға жер-жаһанның халқы түгелге жуық елеңдеп отыр.
Алқалы жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл саммиттің “келісімдер саммиті” болмайтыны анық. Өйткені, жоғары дәрежедегі бұл жиын осыдан 35 жыл бұрын Хельсинкиде басталған процесті жаңа өмірдің шындығына бейімдеуге, ЕҚЫҰ-ның жаңару процесіне соны серпін беруге, стратегиялық бағдарларды байыптауға және біздің жүйелі дамуымыздың “Жол картасын” айқындауға арналып отыр. Бүкіл ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін тарихи оқиға болып саналатын жоғары деңгейдегі осы кездесуді өткізу жөніндегі шешім, ең алдымен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің, бейбітшілік пен қауіпсіздік, даму бағытындағы көпжылдық үздіксіз еңбегінің нәтижесінде қабылданғанына ешкім дау айта алмас. Отандық және шетелдік сарапшылардың пікірінше, бұл саммит Қазақстанның әлемдегі беделінің өскенінің және Елбасының жоғары беделінің айқын дәлелі.
Астанадағы Kazenerjy форумына қатысқан Австрияның федералдық экс-канцлері Альфред Гузенбауэр ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көптеген басшылары Астана Саммитіне Нұрсұлтан Назарбаевқа деген жеке құрметі үшін келеді деген пікір білдірді. “ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұлдағы саммитінен кейін, 11 жыл ішінде көптеген елдердің үкіметтері осындай форум ұйымдастыруға әрекеттенді. Бірақ, бұл Қазақстанның ғана қолынан келді. Осының өзі – үлкен жетістік. Екіншіден, саммит Қазақстанның осынау беделді Ұйымдағы алатын маңызды орнын көрсетеді. Менің ойымша, сіздерге бұл форумды ұйымдастыруға барлығынан бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі зор беделі көмек берді”, деді мәртебелі мейман.
Бұл пікірге біздің қосарымыз, үлкен Ұйым дағдарысқа ұрынған кезеңде және геосаяси мүдделер қақтығысы артқан заманда мұндай басқосуды өткізу – Қазақстан Президентіне деген халықаралық сенімнің айқын көрсеткіші. Аталған жиын арқылы Қазақстан халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға, әлемді дамыту үшін жаһандық үнқатысуды өткізуге деген ұмтылысын байқатуда. Қазақстанның ұстанымынша, халықаралық саясаттың жаңа замандағы басты ұраны: өзара сыйластық пен сенім, пәтуашылық пен төзімділік болуы қажет. Қалай десек те, Астана Саммитінің еліміздің егемендігі үшін де, Орталық Азия елдерінің тағдыр-талайы үшін де маңызы зор. Біріншіден, бұл Орталық Азия аймағының шетін мәселелеріне жаһандық қоғамдастықтың назарын аударуға деген тамаша мүмкіндік. Яғни, халықаралық ұйымдардың күш-қуатын аталған аймақтағы проблемаларды шешуге пайдалануға болады.
Бұған нақты мысал: Ауғанстан мен Қырғызстандағы мәселелерді шешу. Өйткені, бұл елдердегі тұрақсыздық Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне зор қауіп төндіруі мүмкін. Екіншіден, жоғарыдағы және басқа да мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, сенім мен ашықтық қағидаттарына негізделген аймақтағы қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыра отырып, Қазақстан басшылығы елдің және оның азаматтарының стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрекет жасайды. Мұндай саясат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төмендегідей қағидаттарға негізделген нақты ұстанымынан шығады: бүгінгі ғаламда кез-келген мемлекеттің қауіпсіздігі, ең алдымен, әскердің санымен және қуатымен емес, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі үнқатысу, ашықтық және белсенділік саясатымен көрініс табуы қажет.
Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.