05 Қараша, 2010

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

449 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

ЭКСПОРТТЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ЖОБА

Еңбекшілдер ауданында соңғы жылдары көп салалы маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Оның қатарында қазір елімізге игілік төгіп жатқан “Атан­сор” темір рудасы кенішін, “Сага Криг Голд компани” алтын өн­дірісін, “Каз Гер Құс” фабри­касын, “Богви” фирмасының бор­дақылау алаңдары мен заманалық диірмен кешенін, цемент және әк шығара­тын зауыттарды қосуға болады. Бұл өнімдер жергілікті рынокты қамтамасыз етумен қатар, шетелдік әріптестерге де жөнелтілуде. Экономикалық және нарық­тық саясатты талдау мен сауатты жүргізілген мониторинг өңірдің инвестициялық тартымдылығы шек­сіз екендігін де көрсетуде. Кү­ні кеше Мамай ауылында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың қатысуымен ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал өсіруге бағытталған ин­вес­тициялық жобаның тұсауы кесілді. Оның жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайды. Біз сол күні алыстағы Америкадан жөнел­тілген 162 бас герефорд және абер­дин-ангус құнажын­дарының арнайы автокөліктермен тікелей Астана әуе­жайынан жеткізілге­нінің куәсі болдық. Аталған ірі инвес­тициялық жобаның 85 пайызын “Kaz Beet LTD”, қалған 15 пайызын “Global Beet іnvestors” компаниясы қаржыландыруда. – Солтүстікамерикалық тех­нологиямен жұмыс істейтін жоба Мемлекет басшысының агро­өнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі тап­сыр­масын орындауды көздейді, – дейді Қ.Отаров. – Мақсат елімізде асыл тұқымды мал санын көбей­туде бұрын-соңды болмаған бетбұ­рысты шараларға салмақты үлес қосу. Сондықтан, жыл соңына дейін осында тағы да 2020 бас мал алып келу жоспарлануда. Ал, таяу болашақта оның саны 5 мыңға жеткізіледі. Егіншілік саласында бетбұрыс­ты қадамдар жасаған Мамай ауылы түрленіп қалыпты. Ал, бүгінгі жобаның болашағы елді одан да еңселендіре түспек. Бас мердігер “АСТВ Спецстрой” ЖШС бор­дақылау кешеніне бөлінген жүз гектардан астам алаңда тамыз айынан бастап қыруар жұмыс атқарып үлгергенімен, алдағы нысандарды кесте бойынша пай­далануға беру үлкен жауапкер­шілікті талап етеді. Құрылысшылар сенімді ақтай білетіндіктерін ай­тады. Бізді қуантқаны, 140 жұмыс­шының қатарында жергілікті тұр­ғындар қарасының көбейе бас­тағаны. Заманалық мал шаруашы­лы­ғы кешенінің іске қосылуымен 70 жұмыс орны ашылса, оның негізгі бөлігі мамайлықтар болатыны анық. Оның үстіне, Асқар Қиықов басқаратын жергілікті “Еңбек-Береке” ЖШС мұхиттың арғы жа­ғындағы Солтүстік Дакота шта­тынан жеткізілген малды қыстан алып шығатындай көлемде жем­шөп дайындап отырғандығы ауыл адамдары­ның тұрмысы жақсарып, әлеуеті артқандығын көрсетеді. – Бұл аса ірі әрі қыруар күш-жігер мен уақытты талап ететін жоба, – дейді бізбен әңгімесінде жаңадан құрылған “Kaz Beet LTD” серіктестігінің директоры Нұрғали Бисе­ке­нов. – Абердин-Ангус тұқымы негізінен Шотландиядан шыққа­нымен өзіміздің еттік бағыттағы ақ бас сиырлармен тектес. Сондық­тан, қазір бір айлық карантинде тұрған мал біздің өңірімізді де жерсініп, өнімді молайтатыны дәлелденген. Қысқа сирақты, кең кеуделі сиырлар тез жетіліп, 500-550 кило тартса, бұқалар 750-800 килоға дейін барады. Оның үстіне, бұл тұқымның сойыс сал­мағын­дағы шығымдылығы 70 пайызға (кәдуілгі малда 50 пайыз) дейін жетеді. Демек, еңбегіміз ақталады деп есептейміз. Жаңа бастаманың баянды болуына біз де тілектеспіз. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы. * * *

БАСТАУЛАР БАҒДАРЫ ӨНДІРІСТІ ӨҢІР ІРІ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУДА

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйен­сек ұлттық экономиканың өсуі мен дамуы төл өндірісті өркенде­тумен өрбитіндігі байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, еліміз индус­триясының тірегі саналатын Қараған­ды өңіріндегі іс-ізденістердің кейінгі кезде одан сайын жандана түсуінен бұл бағыт­тағы үрдістің тереңдеуін көре­міз. Мұның өзі ең алдымен индустрия­лық-инновация­лық даму бағдарламасының уақы­тында қолға алынуының арқасында жаңа тыныс, жаңа серпінге барынша мүмкіндік тууынан бастау алып отырғандығы белгілі. Жа­қында облыс әкімдігінің кеңейтілген оты-ры­сында ағымдағы жылдың 9 айының әлеумет­тік-экономикалық даму қорытындысы қара­лып, сонда аңғарылғандай, алға қойылған мін­детті жүзеге асыруда жағымды өз­ге­рістер қалып­тасқан. Оны атап айтар болсақ, әлбетте нақты деректерден артық айғақ жоқ екені анық. Сонымен соның біріне тоқтал­ғанда эко­но­микалық базалық салаларын дамытудың тұрақты динамикасы сақталуымен бірге, ол қарқынды ілгерілеуде деуге болады. Мәселен, өнімнің жалпы көлемі жыл басынан бері 786 миллиард 218 миллион теңгені құрағаны соны көрсетеді. Бұл экономикалық жаңғырулардың жүйелік сипатқа айналуын айғақтар көрсеткіш болып табылатындығы әсіресе, сала өкілдеріне жақсы түсінікті. Егер түйінін түсіндірсек өнім өндіру артып келеді деген сөз. Мұндай ілкімді адымға 12 жаңа өндірістің іске қосылуы үлкен із аштырғанын баса атау керек. Және бір игілікті жағы 5 мың жұмыс орны пайда болып, жұрт қуанышына қуаныш қосылды. Бүгінгі таңда үдемелі индус­триялық-инно­вациялық дамудың мемлекеттік бағдарлама­сының атқарылып шығуы барынша мән беріл­ген мәселе. Елбасының “Өңір­лік даму рефор­маларынсыз біз жедел әртараптандыруға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан бізге эконо­микалық өсу орталықтарын қалып­тастыруды бастау қажет. Қазақ­станның батысында мұ­най-газ секторын, химия өнеркәсібін, жаб­дықтар өндірісі мен көліктік қуаттарды дамыту керек. Орталықта, солтүстікте, оңтүстік пен шығыста – кен-металлургия кешені, атом, химия өнеркәсібі және аграрлық индустрия дамытылуы тиіс”, деп атап көрсетуіне сәйкес аймақтың өзіндік экономикалық ерекшелігі ескеріліп кен-металлургия, мәшине жасау, агроөнеркәсіп кешенін көтеру өзекті мақсат. Оны қаржы­ландыруға 76 миллиард теңге бө­лініп, 17 ірі жоба индустрия­ландыру қартасына енгізілген болатын. Мұның 6-уы республика­лық маңызы бар жоба. Аталған қартаны пы­сықтау кезінде үйлестіру кеңесі тағы 5 инвес­тициялық жобаны ұсынды. Бұлардың қата­рында Қарқаралы ауданындағы “Көктасжал” кені­шінде тау-кен кешенін салу, “Арселор Миттал Теміртау” компаниясында болат өндірісі көлемін жылына 6 миллион тоннаға ұлғайту сияқты ірі жобалар бар. Жалпы алғанда, бүгінге дейін облыс бойын­­ша индустрияландыру картасына 324 миллиард теңгеге есептелген 22 жоба еніп отыр. Бұлар 36 мың 734 адамның еңбекке қамтылуына мүмкіндік туғызады. Бірінші жартыжылдықта 6-уы орындалды. Атап айтқанда, Жаңа­арқа ауданындағы “Жалын” кені­шінде көмір өндіру, “Қазорта­лықсым” ЖШС-де полиэтилен құбырларын, “Қазақ­мыс” корпо­рациясының “Қарағанды құю-ме­ханикалық зауытындығы “ҚазБел­АЗ” бір­лескен кәсіпорнында “БелАЗ” жүк автомә­шинесінің қосал­қы бөлшектерін шығару және құрастыру, “Қазтерм” ЖШС-де болат қап­тырмалы радиаторлар өндірісі іске қосылды. Сонымен “Bapy Mіnіg” ЖШС темір кенін иге­руді бастады. Ал 3-уі таяу арада жүзеге аспақ. Соның ішінде Май­құдық құс фабрикасы өндірістік кешенін жаңарту жобасы желтоқсан айында толық іске асқалы тұр. Басқаларының белгілен­ген мерзімде аяқталатындығына сенім үлкен. Осылардың ішінде мәшине жасау консо­рциумының құрылуы өңір өндірісіне елеулі өзгерістер жасауға жол салды. Құрамына 26 кәсіпорын, 3 ғылыми-зерттеу институты мен технопарк қамтылған оның келешегіне зор үміт артылады. Іске кіріскеннен бері өндіріс көлемінің 2 миллиард 350 миллион теңгені құрауы бастапқы қадам табысы ғана, толық қуатымен жұмыс қыздырған уақытта еселеп өсе бермек. Тау-кен шахталық, доңғалақты тракторларға тіркеме құрал-жабдықтар және өзге де отандық техникалық қондыр­ғы­ларды шығаруға 3 мың адам жұ­мыл­­ды­рылған. Бұл күнде әсіресе, осында жасалған қазандықтар өте өтімді өнім саналып тұр. Бірне­шеуінің Астанадағы Үкімет үйін жы­лыту үшін орна­тылуы жайдан-жай еместігі талассыз әлбетте. Енді жаппай шығарылуы қолға алынып жатыр. Бірінші кезекте олар­ды мектептерге бөлу, көбінің сұраны­мын қанағаттандыру қамта­масыз етіледі. Өмірге жолдама алған жобалар­дың қатарында әйгілі “КамАЗ” жүк көліктерінің Қарағандының өзінде құрастырыла бастай­тын күні де алыс емес. Осыны тездету үшін облыс әкімі Серік Ахметов Татарстанның Набереж­ные Челны және Елабұға қала­ларына арнайы барып, Қазақ­стан-Ресей бірлескен кәсіпорнын құруға келісімге қол жеткізді. Жоғарыда аталғандай “БелАЗ” сынды атақты техника күшінің қосалқы бөлшектері, негізгі тетіктері бұдан былай қарай алыстан тасымалдан­байтынын айтып өтпеске болмайды. Күні кеше қиялдағыдай көрінген істердің шындыққа айна­луы дамудың қандай екпін алған­дығын танытарлық құбылыстардың және бірі. Егістік алқаптарға дәрі себетін жеңіл ұшақтар жасай­тын зауыттың іргетасы қаланды. Саға­тына 170 гектар жерді дәрілейтін әуе көмекшісінің жылына 50-70-і тұтынушылар қолына тиеді. Индустрияландыру картасының аясында газ қоспаларының өндірісі жолға қойылса, бидайды терең өңдеу арқылы, яғни ұннан өтімділігі жоғары өнімдер өндіріледі. Қоңырат кенішінің үйінділерінен катодты мыс, тұрмыстық және өнеркәсіптік мақ­сатта пайдаланылатын энергия үнемдеуші шамдар, лифтілер шығару, көмір байыту фабрикасын салу жобаланып жатыр. Біраз жылдан бері көтеріліп келген шахталарда жинақталған метан газын кәдеге жарату мәселесіне ақыры мықтап бет бұрылды. Дамудың қолайлы, келешегі кең жолдары үнемі іздестірілу үстінде. Осы мақала жазылып жатқанда хабарланғандай, үйлестіру кеңесі кейінгі отырыста Абай ауданындағы “Астро-Агро” ЖШС-нің 2600 мүйізді ірі қараға арналған бор­дақылау кешенін салу жөніндегі инвести­циялық жобасын қарап, ин­дус­трияландыру карта­сына ен­гізілуін қолдаған. Иә, тиімділігі дәлелденген пайдасы мол жобаларға қай уақытта да жол ашық. Қазір құрылысы қызу қолға алынған Қарағанды фармацев­тикалық зауытының үшінші кезегі екі жылдан кейін отандық дәрі-дәрмектерді молынан өндіруге кірісетіндігі көпшілік көңіліне жағып отырған жаңалық­тардың бірі. Ал келесі жылы облыста – 6, одан арғы жылдары 7 жобаны жүзеге асыру көзделген. Өңірдің өркендеуіне жаңаша серпіліс әкелген бұл жобалардың әрқайсысы осындай мән-маңы­зымен ерекшеленеді. Олардың орындалу барысы ұдайы бақылауда ұсталады. Байқалған олқылықтар назардан тыс қалмай­ды. Кейбір аудандық әкімдіктердің әлі ин­вестиция тартуға икемсіздігі, жаңа инно­вациялық жобаларды енгізуге тартыншақ­тығы аймақ басшысы ескертіп жүргендей, елеусіз қал­майтын мәселе. Тапсырма мен талап күшейтіледі. Кәсіпкерлерді, инвес­тор­ларды республикалық, өңірлік маңызы бар жаңа жобаларды бірлесіп жасауға тартуға, келесі жылдың жоспарына енетіндерін мейлінше екшеп, талқы­лап, қатаң сұрыптап өткізуге көңіл бөлінуде. Біз сарапшылармен пікірлесіп, білгені­міз­дей, іске асқан жоба­лардың пайдасы мен тиім­ділігі байқалып жатқан жақтар көп. Айталық, ірі ұлттық компания­лардың өнім тұтынуында қа­зақстандық үлестің ұлғая түсуі соған айқын мысал саналады. Облыс тауар өндірушілерінің оларға өткізетін өнімі 20 миллиард теңгеден асты. “Арселор Миттал Теміртау”, “Қа­зақмыс” секілді өндіріс алыпта­рының жергілікті бұйымдар мен заттарға ықыласы жылдан-жылға жоғары. Жалпы алғанда, жүйе құраушы кәсіпорындарда отандық өнім көлемінің салмағы 60 пайызға жеткендігін айтуға тұрарлық жай деуге болады. Ол шектеулі меже емес, өсіп-өне түспектігі даусыз. Сонымен, тоқсан ауыз сөзің тобықтай түйі­ні сол, ел өндірісі ежелгі қара шаңырағының жаңа қырынан көрінуіне аталған жоба­лардың ықпал етері анық. Мұндай маңызы бөлек шаруа-шаралардың ұдайы ұйытқысы, көшбасшысы болып жүретін өңір осы жолы да өнеге өріне көтерілуге ұмтылуда. Таудай талпынысқа орай іс ілгері, еңбек өнімді. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * ӨНДІРІС ӨРІСІ Биылғы жаз айларында өндірісті өңірде елімізде қабылданған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 12 инвестициялық жоба іске қосылған болатын. Елдің өркендеуіне жол бастайтын мұндай жоспарлы  жаңа жобалардың қатары  тағы да көбейе түсуде. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мұндай жағымды жаңалықты жуырда облыс әкімдігінің осы салаға орай өткен үйлестіру кеңесінің отыры­сында мәлім етті. Сөйтіп, жыл соңына дейін іске қосылатын бұл жобалардың жалпы құны 31 млрд. теңгеден асып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанда  облыс орталығындағы “Каустик” АҚ-тың жаңа өндірісі іске қосылмақшы. Өндіріс орны хлор және каустикалық ұнтақ өнімдерін  сынапты пайдалану тәсілімен емес, енді экологиялық жағынан алғанда қауіпсіз саналатын мембранды технология бойын­ша шығара алады. Ал, қазір Екібастұздағы ГРЭС-1 стансасында орналасқан №5 энергоблокқа электр сүзгілерін орнату ісі жүргізілуде. Көмірлі өңірдегі тағы бір өндіріс орны – “Богатырь Көмір” серік­тестігі де кеніштерде көмір тасымалын жүзеге асыратын  жолдарды қайта жөндеу жұмыстарын аяқтап қалыпты. Бұл жобаны іске асыруға 2,9 млрд. теңгедей қаржы жұмсалыпты. Кеңесте сондай-ақ, Ақсу ферроқорытпа зауытының директо­ры Арман Есенжолов өндірісте жоспар­ланған 6 жобаның екеуі өңірлік индус­трияландыру картасына енгенін, электр пеші мен жылу-энергетикалық жабдық­тарды күрделі жөндеулер жұмыстары алдағы желтоқсан айында аяқталатынын айтты. Облыс орталығындағы  “Павлодар­энерго” АҚ-қа қарасты  №3 жылу-электр стансасы да жөндеуге алынған жылу  қазандығы агрегаттарын уақытында іске қосыпты. Облыста сонымен қатар елі­міздің индустриялық картасына енгізіл­месе де, жұмысы қарқынды басқа да ин­вестициялық жобалар  жүзеге асырылуда.  Биыл облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев еліміздегі “ҚазАгро” ұлттық компания­сы­на тікелей  өтінішпен шығып, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы бойынша қол­ға алынған  көкөніс қоймасының жұ­мысын жеделдетуді өз бақылауына алды. Нәтижесінде “Ақтоғай-Агро” серіктестігі қолға алған қуаты 8500 тонна  көкөніс сақ­тауға арналған қойма  міне, қыс түс­пей пайдалануға берілді.  Соңғы кезде Ал­матыдағы “Фудмастер” компания­сы­ның жергілікті бөлімшесіне айналған облыс орталы­ғындағы “Сүт” кәсіпорны да шығары­латын сүт өнімдердің сапасын жақсартуға мүмкіндік алды. Ал, “Еуразиялық энер­гетикалық корпорация” АҚ екі инвести­циялық жобаны қолға алыпты. Корпора­цияға қарасты “Шығыс” көмір кенішінде  тағы бір кешен құру жобасын іске асырғандарымен, Ақсу электр стансасы­ның екінші энергоблогын қайта қалпына келтіруді келер жылға қалды­рыпты. Бұған себеп,  осы корпорацияның вице-президенті Н.Арипходжаевтың айтуынша, Ресейдің  “Харьковтяжмаш” зауытының дайындаған турбогенераторы стансаның талабына сай болмай, қайтадан сол зауытқа жіберіліпті. Бұл зауыт шығарған  құрал-жабдық жоғары вольтті электр қуатының сынағына төтеп бере алмаған көрінеді. Сондықтан бұл энергоблок 2011 жылдың мамыр айында іске қосылуы мүмкін. Ал, алдағы уақытта, облыс орталығында салынатын шыны зауыты мен Екібастұз қаласында жоспарланған кешенді қорытпалар, эмульсиялық жарылғыш заттар қоспаларын, кокс өндірісіне қолданылатын шикізаттар шығаратын өндірістер өңірлік индустрия­ландыру картасынан орын алатын болады. Мәселен, шыны зауытын кезінде Қызылорда және Ақтөбе жерінде салу жоспарланғанымен, іске аспай қалыпты. Қазірде бұл жобаны қытайлық-қазақстан­дық компания қолдап іс жүзіне асырса  ол бүкіл еліміз үшін пайдалы жоба болар еді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы. * * * 2010 ЖЫЛҒЫ 9 АЙДЫҢ КӨРСЕТКІШТЕРІ Ауыл шаруашылығы АСТЫҚ                 ЕТ ӨНДІРУ 13,6 млн.               КӨЛЕМІ тонна                     4,1% өсті _______________________ МАЛДЫҢ           СҮТ БАРЛЫҚ              ӨНДІРУ ТҮРІНІҢ               КӨЛЕМІ САНЫ                   1,5% ӨСТІ 3% ӨСТІ _______________________ Сауда ҚАҢТАР-ТАМЫЗ АЙЛАРЫНДА СЫРТҚЫ ТАУАР АЙНАЛЫМ 27,6% ҰЛҒАЙЫП, 55 МЛРД. АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАДЫ. _________________________ Көлік және байланыс КӨЛІКТІҢ БАРЛЫҚ ТҮРЛЕРІМЕН ЖҮКТЕРДІ ТАСЫМАЛДАУ КӨЛЕМІ — 18,7%, БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІ — 4,9 %, САУДА 12,9 % ҰЛҒАЙДЫ 2010 ЖЫЛДЫҢ 9 АЙЫНДА БӨЛШЕК САУДА АЙНАЛЫМЫ НАҚТЫ МӘНДЕ ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ТИІСТІ КЕЗЕҢІМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 13% ӨСТІ _________

ЖОҒАРЫ ТАЛАПҚА САЙ ОРТАЛЫҚ

Жол азабын жүрген білер. Жаяу­­дың да, аттылының да қиын­дығымен өз қадірін үнемі есіне түсіріп отыратын жол бойымен жүрмейтін жолаушы кемде-кем десек, темір тұлпарды тізгіндеген қайсыбір жанға оның доңғалақ­тарын ауыстырып отыру да (қыс­қы, жазғы, т.б) аса қажеттілік туды­рары айтпаса да түсінікті. Осындай мақсатта халыққа қызмет көрсе­туде Астанада жаңа шина орта­лығы өмірге келіп, автоәуес­қойларға есігін айқара ашты. Астанада Алаш тас жолы бойын­да әлемдік стандарт бойын­ша тұсауы кесілген Вианор шина орталығы Финляндияның Nokіan Tyres Plc компаниясының еліміз­дегі тұңғыш инвестициялық жо­басы болып табылады. Оны атал­мыш фирманың республикадағы еншілес кәсіпорны Nokіan Tyres ЖШС жүзеге асырды. Вианордың жеңіл және жүк мәшинелеріне арналған орны 1100 шаршы метрді құраса, жалпы аумағы 4000 шар­шы метрге жуық. Тұтынушыларға арналған үлкен сауда залында сатып алушы­ларға барлық жағдай жасалған десек жаңылыспаймыз. Арнайы менеджерлер мен көлік жөндеудің кәнігі шеберлері сізді құрақ ұша қарсы алып тұр. Ал екі бірдей сер­вистік алаңда да арнайы мамандар кәсіби қызмет көрсетуге даяр. Cондай-ақ, алты тұрақ та кезектің көп күттірмейтіндігінен хабардар етеді. Сервистік алаң жаңа құрал-жабдықтармен жаб­дық­талғанын да айта кеткен абзал. Аталған орталықтың техника­лық директоры Сергей Процес­соның айтуынша, мұндағы доңға­лақ ауыстыру мен осыған ұқсас өзге де жұмыстардың қызмет ақысы қалта көтерерліктей екен. Сонымен қатар, ол клиенттер үшін қолдан келгенше қызметімізді аямаймыз, халық риза болса, бізге одан өзге не керек дегенді де шын ықыласымен жеткізді. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Астана. _______________________________ Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.