Үстіміздегі жылдың тамыз айында Шығыс Қазақстан облысы мұғалімдерінің дәстүрлі конференциясы жылдағыдан жаңаша сипатта, кейінгі толқын жастар үлгі-өнеге алатындай мәнді де сәнді өтті. № 17-ші мектептің атшаптырым кең залында Кенді Алтайдың түкпір-түкпірінен келген ұстаздар өздері жасаған ұлттық нақыштағы киім-кешек, текемет, кілем, басқа да заттарын ала келіп, үлкен жәрмеңке ұйымдастырды. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, көрмені аралап шықты. Зайсан ауданындағы № 11-ші кәсіптік лицейдің директоры, жаңашыл да іскер ұстаз Әлия Құсманқызы Қасымова ұйымдастырған арнайы көрме бұрышына келген кезде өңір басшысы қызығушылық танытты. Қазақтың алты қанат киіз үйі, ішінде неше түрлі ою-өрнек, қамшы, ертоқым, басқа да қажетті заттар жайнап тұр. Зайсандағы қасиетті қара шаңырақ осыдан 65 жыл бұрын дүниеге келіпті. Аспазшы, тігінші, шаштараз, есепші, құрылысшы, газбен және электрмен дәнекерлеуші мамандықтарын әзірлейтін оқу орнын осы уақытта мыңдаған жас бітіріп шыққан. Өңір басшысы Әлия Құсманқызының ісіне ризашылығын білдірді. Мұғалімдердің тамыз конференциясында Ә. Қасымова басқаратын кәсіптік лицей “ең үздік номинация” атағын жеңіп алды. Жақында ол басқаратын ұжымда болудың сәті түскен еді.
Ауыл шаруашылығын өркендетуде сала мамандарының, қарапайым кәсіп иелерінің алатын орны үлкен екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеге еліміздің Президенті Н. Назарбаев әр кез жете көңіл аударып келеді. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында: “Барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт” деген болатын. Бұл сөздер білім беру жүйелеріне үлкен міндеттер жүктейтіндігі белгілі.
Аудан орталығы – Зайсан қаласының бір шетінде үш қабатты оқу ғимараты, екі қабатты жатақхана, техника тілін үйренуге арналған зертханалары бар № 11 кәсіптік лицей аумақты жерді алып жатыр. Бұл білім ошағының негізі 1945 жылы қаланған. Алғашқы уақытта ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі, одан кейін СПТУ, № 23 кәсіптік техникалық мектеп (КТМ) ретінде жұмыс істеген.
Әлия Қасымова бес жылдан бері осы мекемені басқарып, ауырды да, жеңілді де бастан өткеріп келеді.
Ұрпақ тәрбиелеп, жеке тұлға етіп қалыптастыруда, ұжымды басқаруда басшы Ә. Құсманқызының еңбегінің ұшан-теңіз екеніне, оқу тәрбие үрдісінде үлесінің зор екендігіне еш күмәніміз жоқ. Ә. Құсманқызы кәсіптік лицейдің табысты еңбегін мақтан еткен кезде “Нәтижеге бағытталған жеке тұлғаны өмірден өз орнын табатын маман етіп оқыту мен тәрбиелеуде, педагогикалық қызметкерлердің іс-әрекетін ұйымдастыруда әр саланы басқарып отырған лицей директорының орынбасарлары Әлия Өтеуова, Ербұлан Абдрахманов, Әлия Сыязбаева, аға шебер Қасен Сыбанов, әдіскер Гүл Жайлаубаева, шаруашылық жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Көпжасаров сынды әріптестерімнің үлкен жауапкершілік пен шығармашылық еңбектеріне риза боламын”, – дейді.
Лицейдің кәсіптік білім беруінің басты бағыты – жұмыс берушіге қажетті еңбек нарығының талабына сәйкес білікті маман дайындау. Бұл бағытты жүзеге асыру үшін кәсіби білік пен жұмысшылардың біліктілік деңгейінің жаңа талаптарын анықтайтын көптеген мәдени шаралар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, сайыстар, байқаулар өткізіледі.
Бүгінде білім ошағы тракторшы-машинист, электрик, жүргізуші, газбен дәнекерлеуші, ауыл шаруашылығы өндірісінің шебері-фермер, құрылысшы, шаштараз, аспаз, тігін, есепші мамандықтары бойынша кадр даярлауда. Бұл лицейге балалар тоғызыншы сыныптан кейін қабылданады. Оқу мерзімі – екі жыл он ай. Осы уақыт ішінде шәкірттер болашақ мамандығының қыр-сырына қанығып шығады. Жыл сайын 70-80 түлек өндіріске, үлкен өмірге жолдама алады. Қазіргі уақытта түрлі мамандықтар бойынша 281 бала тәлім-тәрбие алып жатыр.
Серіктес ұйымдармен жұмыс жүргізуде оқу орны Зайсан қаласындағы кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Атап айтқанда: “Шығыс энерготрейд” ЖШС, “Зайсан-Нұр Сервис” ЖШС, “Дарын” ЖШС, “ДЭУ-33” ЖШС, “Қара Ертіс” ШҚ, “Нұр” ШҚ, “Зайсан-тазалық” мекемесі, т.б.
Жастарға білім, тәрбие беріп жүрген азаматтардың қай-қайсысы да өз істерін жақсы біледі. Мысалы, арнаулы пән мұғалімдері Бекзат Абикешов, Бақыт Құдайбергенов, Риза Жадыкова, өндірістік оқу шеберлері Насиев Ерғали, Әбеев Қанағат, Оңғарбаев Әсемғазы, Кіжіков Құрманбек, Затов Айнабек, Хуснуллин Рафит, Қалиасқаров Айтахмет, Төлеуова Гүлжазира, кітапханашы Карменова Шолпан, тәрбиеші Нұрасылова Нұрлан, Айтбаев Талант, оқушыларды тамақпен жабдықтаушы Майжерова Мәліктің іскерлігі және аспазшылар Оспанбаева Шынар, Қойшыбаева Жанар, Кужкаева Гүлжанат есімдерін ерекше атап айтуға болады, есепші және кадр бөлімінде істейтін мамандар, дәрігер Төлепбергенова Париза, Солтанова Жанат, Тлеуханова Сайраш, Әндірбаева Гафура, жас мамандар Қонарбаев Дулат, Қажымұратов Серік, Мейрамқан Гүлнұр, Алханова Зайра, Ниғметолла Ерік, Ткеева Күлзипа, аспазшыларды даярлайтын Айғозина Нұрқия, шаштаразшыларды даярлайтын Жантекеева Мира, есепшілерді даярлайтын Қалибаева Алмагүл сияқты өндірістік оқыту шеберлері озық тәжірибесімен әріптестерінің, оқушылардың мақтанышына айналған.
Оқулықтар жөнінен аздаған қиындықтар болғанымен, оқытушылар қолда бар мүмкіндіктердің бәрін сарқа пайдалануда. Оқу кабинеттері заман талабына, эстетикалық талғамға сай жабдықталған. Ақпараттану кабинеті де соңғы үлгідегі компьютерлік техникалармен жұмыс істейді. Спорт залы, мәжіліс залы әркез жастардың игілігінде.
Мамандықтарды даярлаудың негізі болып табылатын оқыту шеберханалары, зертханалары, оқу сыныптары бүгінгі күн талаптарына сай жаңарып, көркейіп жабдықталған деуге толық негіз бар.
Соңғы үш жылдық білім кесіндісінің нәтижесі бойынша жылдан-жылға оқушылардың білім сапасының оң нәтиже беріп, оқу үлгерімінің 100 пайызға жеткендігін көруге болады. Лицейде 8 үйірме жұмыс істейді, оған 165 оқушы тартылған. 2 факультативтік сабақ жүргізіледі, оған 45 оқушы қатысады (бұл жалпы оқушы санының 85%). Топ оқушылары оқу барысында жылда өткізілетін апталықтарға, спорттық шараларға, мәдени көпшілік шараларға, жарыстарға үнемі қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
Лицейде мамандық алуға талпынып келген қандастарымыз – оралман оқушыларға ерекше көңіл бөлініп, тілді үйренуге, жазу-сызуға, компьютерлік сауаттылыққа, жергілікті оқушылармен қарым-қатынас жақсартуға бағытталған мақсатты шаралар жүргізіледі. Осы орайда, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Нұркенова Армангүл Сейітқанқызының “Жас ақындар” атты пәндік үйірмесінің жұмыстары ерекше қызығушылық туғызады. Армангүлдің әрбір өткізген үйірме жұмысындағы шаралары қазақ тілінің мәйегі сөз маржандарын теруге үйретеді. Осы үйірменің еңбегі нәтижесінде “Жеңісті жастар жырлайды” атты жас ақындардың өлеңдер жинағы жарық көрді. Сонымен қатар, жатақханадан ақысыз орын беріліп, тегін тамақ пен оқулық және қосымша курстармен қамтамасыз етіледі.
Оқушы білімін дамыту, нақтылау мақсатында мектепішілік, пәнаралық олимпиадалар, “Ең үздік шығарма” байқаулары өткізіліп, жүлдегер анықталып отырады. Лицей оқушылары аудандық шығармашылық көрмеге қатысып жүлделі орындардан көрінді. Шаштараз мамандығы бойынша Еркінқызы Ермек Өскемен қаласында болған облыстық мамандықтар сайысына қатысып, жүлделі ІІІ орынды еншіледі. АШ-16 топ оқушылары Қанатұлы Ноян мен Ертісбаев Дәурен Көкпекті ауданында өткен үздік механизаторлар сайысына қатысып, жүлделі ІІІ орынды еншілеп және өнерпаз мектеп номинациясын жеңіп алды.
Жақында Зайсанға келген сапарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы № 11 кәсіптік лицейге келіп, онда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Лицей директоры Әлия Қасымова жастарға кәсіптік бағдар беру бағытында жүзеге асырылған істерді, алда тұрған міндеттерді аймақ басшысына жеткізді. Оқу ғимаратын, өндірістік шеберхананы, мәдени шара өткізілетін залды, асхананы аралап шыққан аймақ басшысы ұйымдастырылған жұмыстарға, нәтижелі істерге оң баға бере отырып, № 11 кәсіптік лицейдің облыс орталығынан шалғайда орналасуына байланысты және жүргізуші топтарына жеңіл автокөлікті облыстық білім басқармасының бөліп беруіне ықпал жасайтынын уәде етті.
Алда асқаралы міндеттер тұр. 32 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Әлия Қасымова кәсіптік лицейді аралатып көрсетті. Жанымызда еріп жүрген аудан әкімінің орынбасары Қазбек Биқадамов бұл оқу орнына түсуге жастардың құштарлығы жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті. Аудан әкімі Серік Зайнулдин кәсіптік лицейге жиі келіп тұрады, оқушылардың проблемасына көңіл бөледі. Басқа да жағдайларды жасап тұрады.
– Елбасы Н. Назарбаевтың елімізде білімді де білікті жұмысшы жастар тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасын орындау басты міндетіміз. Аманшылық болса, 2012 жылдан бастап, агротехникалық колледжге айналамыз. Демек, жұмысшы кадр тапшылығы болмайды деген сөз. Зайсанда газ бен мұнайдың мол қоры табылды. Қазір Майқапшағайға дейін темір жол тарту мәселесі жоғары жақта оң шешілетін сияқты. Яғни, осы мамандықтар бойынша кадрлар әзірлесек деген де ой бар. Биыл өзіміздің учаскедегі жерден 20 тонна астық, бес тонна картоп, сәбіз, қызылша жинап алдық. Оны күтіп баптайтын оқушылардың өздері. Еңбекке бейімделген шымыр жастар күні ертең өз ортасында құрметке бөленетіні сөзсіз, – деп ағынан жарылды лицей директоры Әлия Қасымова.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.
--------------------------------
Суретте: Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Қазбек Биқадамов, директордың орынбасары Ербұлан Кенжебекұлы, директор Әлия Қасымова, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрбек Бейсенов.