Алматыда Халықаралық бокс қауымдастығының кезекті конгресі өтті. Екі күнге созылған алқалы жиынға осы ұйымның президенті Чинг Куо Ву бастаған әлемнің 99 елінен келген делегаттар қатысып, күн тәртібінде тұрған мәселелерді қарады.
Бірінші мәселе – АИБА-ға мүше кейбір елдердің жарна төлемегендігі немесе кешеуілдетіп төлегеніне арналды. Мұндай мемлекеттердің саны 32 екен. Бұл мәселені Ву мырза қатты сынға алды. Жиын барысында олар конгреске қатысқанымен, дауыс беру құқығынан айырылды. Осыдан кейін Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов сөз сөйлеп, елімізде спортты дамыту, алдағы жазғы және қысқы Азиадаға дайындық мәселелеріне тоқталды. Сөз сөйлеушілер осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық делегаттарды қысқы Азия ойындарына шақырды.
Конгресте АИБА президентіне сөз қайта келгенде ол төрешілер комиссиясының жұмысына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, қазір төрешілердің ірі жарыстардағы барлық шығынын АИБА көтеріп отыр. Кезінде оларды өз елдерінің федерациялары өтейтін еді. Сонда федерация төрешіге жұмсалған барлық шығынды көтерсе, төрешілер олардың мүддесін қорғайтын. Ал қазір барлық шығынды АИБА өз мойнына алып, төрешілердің әділ жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Дегенмен, жиында кейбір елдердің өкілдері әділқазылардың жұмысына риза еместіктерін жасырмады. Мәселен, олар жекпе-жекте тек қорғанып, уақыт өткізіп жүрген боксшыларға төрешілер ұпай санын бермесе екен деген тілектерін жеткізді. Осыдан кейін Америка, Еуропа, Африка, Азия құрлығы және Мұхит жағалауы елдерінің өкілдері АИБА-ның соңғы төрт жылдағы жұмысына баға берді. Олар ұйымның жетістіктерін ғана айтпай, кемшін жақтарына да назар аударды.
Конгрестің екінші күні ұлттық федерацияларды АИБА қатарына қабылдау, жаңа технологияны меңгеру, яғни ұпай санау жүйесін жетілдіру мәселесі қаралды. Бірінші мәселе бойынша мынадай шешім қабылданды. Кейбір мемлекеттер (Мальта, Гуам, т.б.) АИБА-ның қарапайым талаптарын орындамағаны үшін ұйымға қабылданбады. Ал Гвинея Бисау, Танзания, Француз Полинезиясы, Кирибати сияқты елдерді делегаттар қол көтеріп, ұйымға мүше болуын жақтады. Екінші мәселе бойынша, Италия бокс федерациясының президенті Франко Фасенели “Scorіng” ұпай есептеу жүйесімен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы жүйеге 20 жылдай уақыт болды. Ал жаңа жүйе төрешіге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұнда төреші қай боксшыға ұпай бергісі келсе, бір-ақ секөнді болады. Италиялық бұл жүйені АИБА-ның техникалық комитеті 2009 жылы қолдап, конгреске ұсынып отыр. Аталмыш ұйым кезінде тәжірибе ретінде Италия мен Ирландия, Германия мен Польша құрамалары арасында кездесу өткізген. Сонда төрешілердің екі түрлі ұпай бергені байқалған. Жаңа жүйеде төрешілердің барлық басқан ұпайлары жазылады. Олар тиген соққының бәрін жаза береді. Бірақ бес төрешінің ішінен тек үшеуінің ғана ұпай қорытындысы шығарылады. Тағы бір айта кететін нәрсе, төреші бір боксшыға болысамын десе, одан ештеңе шықпайды. Яғни, төрешілердің ең төменгі және ең жоғары ұпай сандары алып тасталынады. Егер кездесуде тең есеп тіркелсе, әр төрешінің боксшыларға берген жеке ұпайлары есепке алынады. Бұл жағдайда да есеп тең болса, онда төрешілер өздері қалаған боксшыға тиесілі тетікті басады.
Конгресте осы жүйенің тиімділігі туралы көп ойлар айтылды. Мәселен, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенттері Юрий Цхай мен Серік Қонақбаев аталмыш жүйені қолдайтындарын айтты. Ал АИБА президенті Ву конгресте делегаттардың бұл жүйені қолдайтын болса, тәжірибе жүзінде ол ұлттық федерацияларға таратылатынын, жаңа құралды сатып алу үшін барлық шығынды АИБА көтеретінін жеткізді. Оның айтуынша есептеу құралының әр қайсысы 540 еуро шамасында тұрады. Осыдан кейін АИБА басшысын сайлау мәселесі көтерілді. Мұнда ұйым президенті Ву келесі төрт жылдыққа қайта сайланды. Одан әрі ұйымның вице-президенттерінің сайлауы өтті. Жиында әр құрлықтан бір үміткер ұсынылғандықтан, осы қызметке Африка, Америка, Еуропа және Мұхит жағалауы елдерінен бір-бір өкіл сайланды. Ал еліміз үшін бір қуанышты жағдай, даңқты боксшы, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев АИБА атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды. Бұл ұйымның атқарушы директоры болып Хо Ким орнында қалды. Азия бокс конфедерациясының президенті болып Гафур Рахимов аз ғана басым дауыспен қайта сайланды.
Дастан КЕНЖАЛИН.