09 Қараша, 2010

Торғайға темір жол тартылса

735 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Толғандырар тақырып Торғай өңірінің тарихы көбіне-көп қызыл кеңестің кейбір әсіре сақтығынан, “аңқаулығынан” әлсіреп барып, сөнуге айналған балауызды елестететін еді. Сананы торлаған өткенге деген енжар көзқарас мәңгүрттікке белең алып, жойқын шарпуы бұрынғыны бұлдыратты да бүгінгіні бүл­дір­гідей етіп, ертеңнің ұлттық мысын аяусыз жаншып тастаған болатын. Бұлай демеске лаж жоқ. Көресінің көкесін қараңызшы. Өткен ғасырдың жетпісінші жылының басында облыс ашыларда, билік басындағы бір дөкей: “Торғай деген кішкентай құс емес пе, облыс атын Бүркіт қою керек” деп та­бандап тұрып алыпты. Мәссаған, без­гелдек! Іргесі патшалық Ресей­дің қазақ жерін отарлау саясатына байланысты Оренбург атты бекініс есебінде қаланып, 1845 жылы Тор­ғай деп аталып, қала мәртебесін ал­ғаны, ал 1868 жылдан жаңа құ­рылған, өзімен аттас облыс пен уез­дің орталығына айналғаны әлгі сабазыңның жетесіне жетпеген екен-ау! Облыс тағдыры тайғанақты болды. Кеңес дәуірінің өзінде екі рет ашылып, сонша рет жабылды. Арқалық қаласы 1997 жылдың сәуі­рінде облыс орталығы мәртебесінен айы­рылып тынды. Уақытша дейік, үмітті үзбес үшін. Облыспен ілесіп құт кеткендей болды. Өңір халқы басы ауған жаққа үдере көшті. Әрине, көш қомы негізінен Қостанай жаққа, одан қалды, жаңа астана маңына түсіріліп, шешілді. Қазіргі елордадан “Алматыда – қытайлықтар, Астанада – торғайлықтар” деген әзіл-шынды қалжың естіліп қалады. Шындығы басым сыбыс. Дардай атауы басынан сырғып түске­ні­мен, орнында атамекен қалды. Ел мен жер қал­ды. Мызғымас мінезімен, алмастай тіл, ділімен, иманды дінімен, болашаққа деген іңкәр сезімімен туған жер төсіне кенедей жабысып, қайран да қайран әр төбеде шо­қиып қажырлы халқы қалды. Тіршілік қа­мын жасап жатыр. Нарықтан зарығыңқырап өткенімен, Елбасының көрегендік саясаты нәтижесінде еңсе көтере бастады. Қазір күллі Торғай бойынан әлеуетті жаңғырық естілетіндей. Облыс орталығынан оңтүстік-батысқа қарай 550 шақырым қашықтықта жат­қан Жангелдин мен Амангелді аудан­дары­ның, сәл-пәл беріректегі Арқалық қа­ла­сы мен осы аттас ауданның ел-жұрты Тәуел­сіздіктің алдағы жиырма жылдығын жаңа бетбұрыс жағдайындағы толағай та­быс­тарымен, елеулі өзгерістерімен қарсы алуға жұмылған. Бір қарағанда қазір облысты жоқтап, аң­сап отырған ешкімді кезіктірмейсің. Қол­да­ғыға қанағат, тәубе деседі. Бұдан да зорына шыдаған: аштық, жазықсыз қуғын-сүргін, соғыс зардабы, тың топалаңы... Осынша зауалдың аранында кетіп, түңілген үстіне түңілсе, бүгінгі Торғайдан не пұшпақ қалар еді? Төңкеріс жылдарының зобалаңы ше? Ақ пен қызыл шайқасы. Атойлап Алаш шық­қандағы итжығыстар иірімдері... Не көр­меген Торғай елі. Көрді, білді, сезінді. Жаманшылығынан безінді. Сара жолмен текеңдеп, адастырмас бағытын тез ілді. Соның игілігін бүгін көріп отыр. Егемендіктің елге төгілген шапағатын жер мойыны шалғайдағы торғайлықтар да сезінгісі келеді. Заңды талап, табиғи ұмты­лыс қой. Қай қиырдағы жаңалықтың бәріне елеңдеп отырғаны. Өзіне икемдеп жатқан­да­ры да байқалады. Әр өңір өзім деп өзеу­реме­се, жыламаған балаға... түсінікті ғой. Осы орайда торғайлықтар неден дәмелі, зарығып күтетіндері не? Түсінде көрмегенді өңінде сезінгісі келе­тіні – темір жол! Иә, кәдімгі күндіз-түні бір тынбайтын қозғалыстағы темір жол! Қазіргі мұңы да, мұраты да – темір жол! Осының нендей жөні болар екен? Қалай? Қайтіп? Торғайлықтар еліміздің әр тарапындағы темір жолға қатысты үлгертіліп жатқан істерді саралап, көріп- біліп отыр. Үкіметте айтылған сөзді ел іші іле естиді. Сондай бір жағымды жаңалық биылғы жылдың шілде айының орта шенінде қылаң берген-тін. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов арқа­лық­тықтармен кездесуінде “Арқалық-Шұбар­көл” темір жолының құрылысы басталаты­ны туралы ақжолтай хабарын жеткізген. Үкіметте қаралып жатқан жоба бойынша енді Арқалық көлік тұйығынан транзиттік бекетке айналатын болады. Міне, бұл жоба іске асырылғанда, Шұ­бар­көлдің тас көмірін мол сұраныспен пай­даланып отырған облыстың тұтастай оң­түс­тік өңірі арзан тасымал нәпақасына кенеліп қалар еді. Жасыратын несі бар, Шұбаркөл көмірінің әр тоннасын 8-9 мың теңгеге сау­да­лап, жағар май құнын бұлдап жүргендер халықты кенедей соруын қояр еді. Түк­пір­дегі ауыл жағдайы белгілі. Келіп тұрған көмір­ді қалтасына қарамай, шарасыздықтан алады. Рас, автокөлікпен тасымалдау­шы­ларды да түсінуге болар-ау. Егер “Арқалық – Шұбаркөл” темір жолы тартыла қалса, Арқалықтағы ашық қоймада жинақталған көмірді пайдаланушыларға жеткізудің өзін­дік құны едәуір арзанға түсері анық. Тек көмір ғана ма, Қарағанды бағытынан келе­тін түрлі халық шаруашылығы жүгін, соны­мен қатар жолаушылар тасымалын ұйым­дастыруда жеңілдік, тиімділік мүмкін болуы дәлелденбейтін ақиқат емес пе? Ана бір жылдары “Арқалық – Жезқазған – Қызылорда” бағытында темір жол тарту жайлы сөз ел арасында гулеп кеткенін бі­леміз. Мұның да тиімділігі шашетектен бо­лар еді. Амал не, тек сөз жүзінде қалып қой­ды. Темір жол Қызылордаға тірелді дегенше, күре бағыт Оңтүстік пен Батыс өңірді Орталықты қамти отырып желі тартар еді-ау, деген ой бойды қуанышпен кернейтін. Немесе, тағы бір риясыз бағыт: “Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар” желісі де ғасырлар толғатқан проблеманы оңтайлы шешудің бірден-бір жолы болар еді. Осы соңғы жобаны жақтаушылар 387 шақырымдық “Краснооктябрь-Дөң” темір жол магистралін ойластыра бастағанда, өз­дерінің бұрқыраған өтініш-ұсыныстарымен Үкімет назарын аудартқанын білеміз. Бірақ ол жобаға құлақ асқан ешкім болған жоқ. Бұл жерде бастапқы жобаның стратегиялық маңызын жоққа шығарудан аулақпыз. Оның еліміздегі көлік қатынасы тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі әрі ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі ерекше екені бесенеден-белгілі жайт. Аталған темір жол магистралі Қостанай облысындағы Қамысты ауданы мен Ақтөбе облысындағы Әйтеке би және Хромтау аудандарының әкімшілік аумақта­ры арқылы өтеді. Яғни, солтүстік пен орталықтағы өндірістік-өнеркәсіптік аймақ­тарды Ресейдің темір жолдарынсыз еліміздің батыс өңірлерімен байланыстыратын ең қысқа да төте жол. Бұған дейін Ресейдің Ор, Қарталы темір жол бағытын пайдалануға мәжбүрленіп келген болатынбыз. Жолаушы пойыздары, жүк артқан ауыр составтар Қарталыдағы ресейлік кеден бекетінде жеті-сегіз сағат кідіріске тұратыны еске түссе, әлі күнге көңілді ауыр мұң билейді. Қазір ше, жағдай түбірімен жақсылыққа өзгерген. Сондай-ақ “Дөң–Краснооктябрь–Тобыл–Петропавл” бағытымен Балтық және Қара теңіз порттарына қысқа жолмен жүк жет­кізу­ге, әсіресе астық экспортын сапалы ұйымдастыруға жол ашылып отыр. Мұның үстіне бұл бағыттың экономикалық әрі әлеу­меттік тиімділігі де айқын білінуде. Қыс­қасы, сәтімен оңғарылған іс болды. Ал біз жоғарыда атаған “Арқалық–Тор­ғай–Ырғыз–Шалқар” темір жолы жоба­сы­ның да салмағы анау айтқандай тым жеңіл болмайтын. Амал нешік? Екі таңдаудың бірі басымдық алғаны заңды ғой. Бірақ бұл ұсыныстары күн тәртібінен түспесе екен деген Торғай өңірі халқының пікірі ескерусіз қал­мағаны абзал. Бұл мақсат жүзеге аса қалса, қыбырсыз жатқандай әсерге бөлейтін көсілген ен аймаққа тіршілік қаны леки жүгірер еді-ау. Экономикалық әрі әлеу­мет­тік тұрғысынан керемет ілгерілеушіліктерге қол жеткізілетіні былайша да түсінікті жайт. Бүгінгі бәсекелестік жағдайында Торғайдың өте сапалы еті мен басқа да мал шаруашы­лығы азық-түлігін, қазба байлықтарын, өндірістік-өнеркәсіптік өнімдерін сыртқа тасымалдауда таптырмас амал-жолы болатыны түсінікті ғой. Ал өз ретінде халық қозғалысына да жан бітер еді. Дәп солай. Бұл өңір халқы қазір негізі­нен қатқыл жол немесе дала жолы бойымен қатынайды. Оның жайы белгілі. Қыстың түтек бораны мен көктемгі лайсаң адым ат­тат­пай қоятын машақатты кезеңдер жолау­шылардың аяғын бір етікке тығады. Мұны өткінші келеңсіздік, жүрмелі жайсыздық деушілер табылар, дегенмен, бұл өңірдің экономикалық әрі әлеуметтік дамуына тұ­тастай кедергі жасап отырғаны көзге шық­қан сүйелдей байқалады. Әріні қозғамай-ақ осыдан екі-үш жыл бұрынғы дүрбелеңге оралып көрелікші. “Қос­танай – Арқалық” жолаушылар пойы­зының кестеден алынып тастау қаупі төніп тұрды. Темір жолдың өту бағыты Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағын қам­титындықтан, екі облыстың әкімдері шығын төлемін жасауда “сен салар да мен салар” болып, халықты тығырыққа тірей жаздады. Алдымен вагон саны кемітілді, кейін кесте бұзылды. Пойыз, әне-міне, тоқтауға шақ қалды. “Қазақстан темір жолындағылар” әгәрки, қостанайлық билік органдары тасы­мал үшін жинақталып қалған қарыздарын өтемейтін болса, жолаушылар пойызының тоқтатылатынын әлсін-әлі ескертіп жатты. Алғашында бұған пысқырып та қарамаған облыс әкімдігі халықтың төкпелеп жолдаған өтініш-тілектерін және “Егемен Қазақстан” газетінде дер кезінде көтерілген жанайқайды ескеріп дегендей, сабасына түсті, қажетті төлемді аударды. Пойыз қозғалысы қалыпты жағдайға енді. Сонда бір оқырманның редакцияға алғысын жаудырып: “Пойыз біржола тежеліп қалса да бұл кеселді шыбын шаққан құрлы көрмейтін басшылардың болғанын біліп, жағамызды ұстадық қой”, деп үрей ұштығын аңғартып, ағынан ақтарыла жазғаны бар. Иә, халық тағдыры еленбеген осындай енжарлықтың орын алғаны қандай өкінішті. Мұндай кертартпалық алдағы уақытта да қайталануы әбден мүмкін ғой. Сонда не болады? Салдары мен салқынын көзге елес­тету қиын емес. Арқалықтың тұйықталған темір жолына телміріп отырған күллі Торғай өңірінің халқы (жасы бар, кәрісі бар, оқу­шы­сы, студенті) ... иен далада жосып кеткен­дей болар еді. Қыстың 40 градустан асып жығылатын үскірік аязы делік, апталап со­ғатын долы бораны делік... Сыртқы қатынас сап тыйылса, жалпақ Торғай бойының халқы сыйқырлы шеңбердің шерінде шыр ай­налып, басы зеңген қойдай бір орнында тұралап, көнбістіктің құрбаны болғандай күңгірт күй кешетінін аңғару онша қиынға соқпас. Оның бетін аулақ қылсын. Сонау зұлматта, аштық жылдарында классигіміз Ғабит Мүсіреповтің Қостанай жақтан жол тартып, Торғай бағытына қыстың көзі қырауда ат-шанамен сапарлағандағы көзбен суреттеулерін бір шолып шығыңызшы, жан түршігеді... Шығар жанды қалай шүберекке түюдің жантәсілімі көзден бір күре тартыл­ған болат жолдың желісін аңсатып, үздік­тіреді... Шыркөбелек тұйық: теріскей жағы Қостанай мен Сарыарқаның ор­та­лық бөктері; Жезқазғанның жауыр төбелі адырлары; батыс бедеріндегі Ырғыздан бастап, Шалқарға дейін­гі асу бермес өткелектер – бар­шасы Торғай атырабын “шайтан” шығырға салып қойған­дай, шыңғыртып тастаған-ды... Бүгінгі күні де сондай шыж­ғы­рынды күйде... Әрине, бұл темір жолға қатысты айтылған тіл безер­лік күйт қой... Жасырып, бүгетіні жоқ, жарылқанбаған жайдақ жағдай десеңізші! Мұндай күйкі тірліктен кім шығара алады? Әрине, ел қамын жеген Үкімет! Ендігі бір саралы жобасын осы өңірге арнаса, қағаберістегі өңірге шұғылалы шуақ шашылғалы тұр-ау! Тарихтан белгілі, мұндай ірі жобалардың сұлбасында ірі тұлғалар тұрғаны мәлім. Мы­салға 1927-1930 жылдары салынған Түрксібті (Түркістан – Сібір темір жолы) алуға болады. Оның құрылысының қарқын­ды әрі сапалы жүруіне РКФСР Халық комиссарлары кеңесі жанынан құрылған, көрнекті мемлекет қайраткері Т. Рысқұлов жетекшілік еткен Түрксіб құрылысына жәр­демдесу комитеті көп еңбек сіңірген. Темір жол торабының салынуына осы саланың саңлақ инженері М.Тынышбаев өзінің білік­тілігімен елеулі үлес қосқан. Мемлекет қайраткері Н.Оңдасы­новтың “Мойынты – Шу” темір жол құрылысындағы қолтаңбасы өшпек емес. Ал Алаш көсемі Ә. Бөкейханов Сібір темір жолы бойы аудандарына экономика­лық зерттеу экспедициясының басы-қасында болып, нақтылап айтсақ, жергілікті мал шаруашылығын, оның ішінде қой өсірудің жай-жапсарын зерделеп беруі – еріккеннің ісі емесін тарих дәлелдеген. Демек, Түрксіб темір жолы тартылардан көп бұрын (аймақты әлгіндей зерттеудің қорытындысы 1904 жылы орыс тілінде кітапша болып шыққан – Қ.Ә.) қолға алынған дәйекті іс болып тұр ғой. Байқайсыз ба, болашақта түсетін темір жол бойының өндірістік, өнеркәсіптік, тіпті мал шаруашылығындық мүмкіндіктерін зерттеуге қандай ықтияттық танытылған. Торғай өңірі де сондай ауқымды зерттеуге сұранып-ақ тұр. Белгілісі де алуан бедерлі, тылсымы да жетерлік – тасада бұққан. Бір таңырқарлығы сол, темір жолдың қазақ өмірінде алатын зор мәні турасында Ш. Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің, А.Бай­тұрсынов пен М.Дулатовтың еңбекте­рінде аракідік болса да ұшырасып қалады. Яғни, олар қазақ тұрмысы мен тіршілігін, қоғамның дамуын темір жолсыз елестетуге болмайтынын аңғарып отырған. Үрдіс – кімнен? Негізі бар. Ал үйренерлік, атқа­рылатын іс бүгінгінің үлесіндегі шаруа ғой. Темір жол көлігі саласындағы стратегия­лық мақсаттарға келетін болсақ, 2020 жылға қарай, елімізде әрі одан тысқары да жүк және жолаушы тасуды жеделдету үшін 1400 ша­қырым жаңа темір жол желілерін салу белгіленген. Соның нақты бағыты Елба­сы­ның биылғы халыққа арнаған Жолдауында: “Біз қазірдің өзінде “Жетіген – Қорғас” және “Өзен – Түркіменстанмен мемлекет­тік шекара” темір жол желілерін салып жа­тыр­мыз, олар іс жүзінде біздің өнімдерге Қытай мен Парсы шығанағы елдерінің ры­нок­тарына жол ашады”,– деп тұжырымдалған. ... Иә, темір жол тартыла береді. Торғай­дың несібесі де “мен мұндалап” тұрғандай! Қайсар ӘЛІМ.