Арқа төсіндегі елордамыздың алтын діңгегі орнатылып, бірте-бірте халыққа қызмет көрсететін рухани орталықтар салына бастаған кезде, соның алғашқыларының қатарында ірге көтерген Президенттік мәдениет орталығы еді. Қазақтың ақ шағаладай әдемі киіз үйінің үлгісінде салынған ғимараттың алғашқы сызбасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қағазға түсіріп, мемлекетіміздің рухани орталығы осындай болса деген ізгі ниетпен бастаған жұмысы көп кешікпей жұртқа қызмет көрсете бастаған-тын. Оның алғашқы салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы қатысып, бұл орталық мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, ең бастысы руханияттың шарасы кең шаңырағы болсын деген еді. Содан бергі он жылдың жүзі болып қалыпты. Осы уақыт ішінде бұл төрт құбыласы түгел құт мекен елдің ұйытқысы, жұрттың жақсылыққа жиналар орнына айналды.
Кеше осыған орай мәдениет орталығында мерекелік кеш өтіп, онда мекеме басшысы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков руханият ошағы жайлы жан-жақты мәлімет берді. Берел қорғанынан табылған Алтын адамның киесі саналатын самұрық құстың, Есік қорғанының Алтын адамын желеп-жебеп жүрген барыстың, Абылай ханның қамқа тонының, Қаз дауысты Қазыбек бидің шапанының төрден тегін орын алмағанын таратып айтып берді. Ғалым сонымен қатар елге орталық бүгінгі таңда бес түрлі бағыт бойынша жұмыс істеп жатқанын хабардар етті. Бұларды нақтылай түссек, ол Мемлекеттілік тарихы музейі, Қазақстан Республикасы мемлекеттілігі және Президенттік институтын зерттеу ғылыми зертханасы, кітапхана, концерт залы – “Ұлттық дәстүрлер театры”, “Мәдени мұра” журналы дер едік. Бірінші сала бойынша галереялар мен залдар, “Тәуелсіз Қазақстан және оның негізін салушы Н.Ә.Назарбаев”, Қасиет, Этнография, Археологиялық, Ежелгі дәуір, тағы басқа залдардың қатарында көркем сурет галереясы жұмыс істейді. Орталықтың директоры бұл астаналықтар үшін бірден-бір рухани шаңыраққа айналғанын айта келіп, осы өткен 10 жыл ішінде 310 мың көрермен музейді тамашалағанын, ата-бабалары өткен жол мен бүгінгі дәуіріміздің нақты көріністеріне куә болғанын, атақты қылқалам шеберлері Г.Исмайлова, А.Ғалымбаева, К.Муллашев, Е.Төлепбайдың көрмелері, Абылайдың алтын зерлі қамқа тонының, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды үш би портреттерінің, “Қазақстан Республикасы тәуелсіздік шежіресі” атты көп томды кітаптың 14-томының тұсаукесер рәсімдері өткенін жеткізді.
Ал кітапхана қорының 600 мыңнан асып кеткенін, сирек қорда 3 мың құндылық жатқанын, миллионға тарта оқырман рухани байлықтан сусындағанын мысалға келтірді. “Ұлттық дәстүрлер театрында” да қыруар жұмыстар атқарылғанын, оның шымылдығы “Ұлбике” музыкалық трагедиясымен ашылғанын, белгілі ақын Несіпбек Айтұлының “Бәйтерек” поэмасының негізінде поэтикалық-музыкалық спектакль қойылғанын, Абайға, М.Дулатовқа, К.Әзірбаевқа, Б.Момышұлына, Ә.Тәжібаевқа, Ш.Мұртазаға, Ш.Айтматовқа Әсет пен Дәнешке, О.Сүлейменовке, М.Мақатаевқа, Ф.Оңғарсыноваға арналған әдеби-музыкалық кештер өткенін, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан басшылық жасап келе жатқан “Мәдени мұра” журналын тілге тиек етті. Қаржыландыру мәселесіндегі қиындықтарды да назардан тыс қалдырмай, бұл қиын шаруаға септігін тигізген мекемелерге, оның ішінде “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясына шынайы ықыласын жеткізді.
Бұдан кейін Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын оқып, шапқан аттай, атқан оқтай зулап өткен он жылда еліміздің қарқынды дамығанын, соның ішінде сол жағалаудағы ажары ашылған Астананың әсем ғимараттары туралы ой толғап, бұл рухани орталыққа бір кездері Отанымызға ат басын тіреген шет мемлекет басшылары да келіп, құндылықтарымызбен танысқанын сөзіне жел етіп тартып, орталықтың екі қызметкеріне “Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері” деген төсбелгі мен куәлік тапсырды.
Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтің ілтипатын жеткізді. Мұнымен бірге, өзге де лауазымды мекемелердің ыстық ықылас, жылы ниеттері “Ұлттық дәстүрлер театры” әртістерінің өнеріне ұласып, “Алпамыс” қойылымынан көріністер көрсетілді. Сөз орайы келгенде айта кететін бір нәрсе, қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлының Кубаға барған сапарында қазіргі сол елдің басшысы сыйға тартқан таяқ Семей қаласында тұрып жатқан, жақсының қадірін білетін ардақты азаматшаның қолында сақталғаны туралы теледидардан әлденеше рет айтылып қана қоймай, көрсетілді де. Ұлттың рухани құндылықтарының ордасына айналып отырған орталықтан сол таяқ орын тапса, тағы да бір өнегелі іс өз шешімін табар еді деген ойдамыз.
Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.