10 Қараша, 2010

Береке басы – бірлікте

800 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­­мақтастық ұйымының бойына қан жүгірт­ке­нін төрағалық барысы айқын көрсетіп берді. Үс­ті­міздегі жылдың 1-2 желтоқсанына бел­гі­лен­­ген саммит әлемдік қоғамдастықтың на­за­рын Қазақстанға ерекше аударып отыр. Біздің елі­­міз тек жер асты байлығына ғана емес, со­ны­­мен қатар, жер үсті қазынасына да ие екен­ді­гіне, ашып айтқанда, адамдарының ру­хани жа­ғына да бай екендігіне көз жет­кізілуде. Ел­дегі татулықтан, төзім­ді­лік пен келісімнен ар­тық ештеңе жоқ екен­дігіне әлем жұртшылығы ерек­ше ден қойып отыр. Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы мәртебелі төр­ағалығы Қазақ­станның посткеңестік ке­ңістіктегі дамуы жө­нінен алда келе жат­қан елдердің санатында екен­дігін көр­сетіп берді. Жақында өткен Қазақ­стан халқы Ассамблеясының кезекті сес­­сиясы барысында Әзірбайжан Рес­пуб­­ли­ка­сы­ның Ресей Федерациясындағы Тө­тенше және өкі­летті елшісі Полад Бюль-Бюль­оғлы өз сө­зінде мынадай ойды ерекше ашып көрсетті: “Егер ЕҚЫҰ өзіне мүше Мемлекет басшы­ла­ры­ның Саммитін он бір жылдан бері өткізбесе, Қа­зақстан тек өзінің жұмы­сымен көп­ші­лік­ті мойындатып ғана қоймай, саммитті өт­кі­зуге бастамашы ретінде Ұйымға мүше ел­дер­дің барлығын өзіне шақыра білді”. Бұл – өте маңызды. Өйткені, үстіміздегі жыл­дың 1-2 желтоқсанына жоспарланып отыр­ған саммит еліміздің мәртебесін көтеріп, мем­лекеттің басында жүрген азаматтардың, ту­ра­сын айтқанда, Президент Нұрсұлтан На­зар­баев­тың халықаралық аренадағы беделін де арт­тыра түседі. Саммитті өткізе отырып, біз ел бе­де­лімен қатар, өзімізге де жұмыс іс­тей­тін­дігімізді несіне жасырайық. Еліміз халықаралық инвестиция тартуға мүмкіндік алады. Ин­вес­ти­ция дегеніміз не? Ол – халық игілігіне қызмет ете­тін жобалар. Яғни, еліміз құрметті, өр­ке­ниетті болуға қадам басып, халқының тұрмыс жағ­дайын жақсартуда қолдау табады. Егер тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ жері көптеген халықтардың ары-бері қатынауына ерекше қолай­лы аймақ болды. Батыс Еуропадан бастап Азияның барлық аймағынан дерлік Қазақстан аумағы арқылы көптеген халықтар сауда-саттықпен және өзге де мақсаттармен өткенін білеміз. Осы­ның өзі қазақ жерінде өзге ұлттарға деген төзімділік пен келісім қағидаттарының сонау бір дәуірлерде қалыптаса бастағандығын көр­се­теді. Кеңестік кезеңде индустрияландыру, соғыс, тың игеру сияқты науқандарда Одақта тұрып жатқан өзге ұлттар өкілдері Қазақстанға жаппай тартыла бастады. Осы ретте қазақ халқының қонақжай, бейбітсүйгіш екендігін ерекше айта кеткен жөн. Қазақ халқының сон­дай жақсы қасиеттерінің арқасында көптеген ұлт өкілдері, соның ішінде өзім де бармын, Қа­зақ­станда өзіміздің өмір сүру ортамызды, Ота­нымызды таптық. Бүгінгі таңда Қазақ елі көп­ұлтты республикаға айналып, мұнда көптеген этнос өкілдері бақытты ғұмыр кешіп жатыр. 90-жылдардың ортасында Н.Ә.Назарбаев тарапынан жасалған Ассамблея құру идеясына қарсы болғандар да кездесті. Әйтсе де бұл қарсылықтар оның мәртебесіне және өзге де қырларына емес, аталған қоғамдық институттың қаншалықты маңызды екендігіне мән бермегендіктен орын алып жатты. Бүгінгі таңда сұрау салатын болсақ, онда халқымыздың көпшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясын толеранттылықты арттыруға, этносаралық келісімді нығайтуға қажетті институт деп тап­қан болар еді. Бір мақсатқа жұмылған, яғни мемлекеттің нығаюына, халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға жұмыс жасайтын этносаралық татулық, бір-біріне төзімділік бүгінде Ассамблея арқылы да тек оң нәтиже беріп келеді. Елбасы өз сөзінде эко­номикадағы толағай табыстарымыз көп жағ­дай­да қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында мүмкін болып отырғандығына ерек­ше назар аударды. Ассамблея жұмысының өзі осы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге ба­ғытталғандығын орынды атап өтті. Көптеген шет мемлекеттер хал­қымыздың татулықта және өзара түсіністікте өмір сүруіне айтарлықтай үлес қосып келе жат­қан Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының қызметін лайықты бағалап қана қой­май, үйренуге де болатын жақ­тары бар екендігін айтып, қы­зығушылық танытуда. Мен бір мысал келтіре кетейін. 2007 жылы Парижде болған ке­зімде Францияда тіркелген көп­теген елдердің елшілері ал­дында баяндама жасауыма тура келді. Сонда Қазақ­стандағы ұлттық саясатты, поли­этностық кеңістіктегі ұлттар өкілдерінің ер­кін өмір сүріп, бір-бірімен тату тұруы жайын сөз еткен кезімде бір ел өкілі орнынан тұрып: “Мен өз премьер-министріме сізді елімізге ша­қыру туралы өтінішпен шықсам, сіздерде бұл мә­се­ленің шешімі қалай табылып жүріп жат­қанын айтып бере аласыз ба?” деген ұсынысын жеткізді. Мұны да біздің ұлтаралық татулыққа, өмір сүру салтымызға деген қызығушылықтан туын­дағандықтан көрініс берген жәйт деп тү­сі­нуіміз қажет. Өйткені, көптеген елдер Қазақ­стан­ның этносаралық татулық пен өзара түсі­ніс­тік моделіне қызығушылық танытып жүр. ТМД елдерін айтар болсақ, Ресей мен Беларусь өз ассамблеяларын құру кезінде, әрине, өзіндік ерек­шеліктерін ескере отырып, қазақстандық тә­жірибені басшылыққа алғаны белгілі. Көр­ші­лес Қырғызстанның өзі орын алған оқи­ға­лар­дан кейін өзінің этносаралық қарым-қа­ты­нас институттарын құра бастады. Сондықтан қазақстандық этносаралық татулық моделі қа­зір­гі жағдайда қажеттілікке айналып отыр деп нық сеніммен айта аламын. ЕҚЫҰ Лунд ұсынымдарында этностық аз­шы­лықтың жалпымемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне және қоғамның саяси өміріне қатыса алуы шаралары нақты жазылса, Қазақстан бұл үдеден де шығып келеді. Егер Лунд ұсынымдарына көз жүгіртер болсақ, Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының онымен толық сәйкесетіндігін көреміз. Ассамблеяның 1995 жылы консультативтік-кеңесуші орган ретінде құ­рылуы барлық этностық топтардың пікірін ес­кере келе, коллегиалық негізде ұлтаралық ке­лі­сімді қамтамасыз етуге үлес қосуға бо­ла­ты­нын көрсеткен және мемлекеттің ұлттық сая­сат­ты дамытуының айтарлықтай нұсқасы бола ала­тынын айғақтаған үдеріске айналды. Соны­мен қатар, ҚХА этносаралық қарым-қа­ты­нас саласындағы мемлекеттік саясаттың ин­фра­құ­рылымын және институттық үдерістің бастал­ған­дығын көрсетіп берді. Мұның бар­лы­ғы Қа­зақстан халқы мен Ассамблея мүшелері көріп жүргендей, қазақстандық басшылықтың ел­дегі бейбітшілік пен келісімді құрудағы ба­сым­дықтарының салмақты екендігін дә­­лел­дей­ді. Посткеңестік кеңістіктегі біздің көрші­ле­рі­міз­дегі орын алған этносаралық қақтығыстарды еске түсірсек, әсіресе, оның маңызы артады. ТМД елдерінің кейбіріндегі этностық ки­кіл­жің­дер әр түрлі этностық топтардың өзара ық­пал­дас­тықта тұрақты дамуына үміт артпайынша және жұмысқа қабілетті үндесу институтын құр­майынша жүзеге аспайтынын көрсетті. Бұл тұр­ғы­дан келгенде Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы алғашқы болып қоғамдық үнқатысудың тиім­ді тетігіне айнала білді. Осы орайда Ассам­блея беделінің артуы оның мемлекеттік маңызы бар саяси мәселелерді шешуге қатысуымен де бай­ланысты. Мәселен, 1995 жылы елде Пар­ла­мент болмаған кезде көпұлтты Қазақстан хал­қының өкілетті ұйымы ретінде өзін дә­лел­дей алды. Нәтижесінде қоғамдық орган мәр­те­бесін иемденген ҚХА Қазақстанның поли­этностық мозаикасындағы тілдер мен мә­де­ниет­терді дамытуда ұлттық азшылықтың құ­қық­тарын қамтамасыз ету құралына және этносаралық қарым-қатынастарды реттейтін ай­рықша үнқатысу алаңына айналды. Менің пайымымша, алдағы саммит ба­ры­сын­да көптеген ел басшылары біздегі ұлт­ара­лық татулық пен өзара төзімділік үдерістеріне жіті назар аударатыны анық. Өйткені, қазіргі әлем­де толеранттылықтың жетіспей жатқаны ай­қын сезілуде. Өзара төзімділік пен келісім болмаған жерде тұрақтылық та болмай­тын­дығын уақыттың өзі анық көрсетті. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы мүшелерінен этностық мүд­делерді қамтамасыз ету мақсатында 2007 жы­лы Парламент Мәжілісіне тоғыз депутаттың сай­лануы айтарлықтай жетістік болды. Сондай-ақ 45 конфессия мен 130-дан астам этностық топ­­тар өмір сүріп жатқан елімізде этносаралық келі­сімді қамтамасыз етудің тиімді институты болып табылатын көпұлтты Қазақстан халқының мүддесін білдіретін Ассамблея мәртебесі Ата Заңмен бекітілді. Халықаралық тәжі­рибе көрсеткендей, 34 елде парламенттің кіші палатасында ұлттық азшылық өкілдері үшін (бірден он орынға дейін) заң­шы­ға­ру­шы­лық квота берілсе, солардың ішінде Италия, Фин­ляндия, Дания, Португалия, Хорватия, Румы­ния, Словения, Үндістан және Пәкстан сияқ­ты елдер де бар. Ал этностық азшылықтың жо­ғары палатадағы өкілдері болуын қарас­ты­ра­тын нормалар 17 елде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіліпті. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе мынадай қорытынды шығаруға болады: ҚХА құру және оған жаңа функциялар беру бірқатар қазақстандық заңнама көз­қа­ра­сынан қарағанда да және ЕҚЫҰ мен БҰҰ-ны қоса алғанда беделді халықаралық ұйымдардың бірқатар халықаралық нормативтік-құқықтық акті­лерімен алғанда да өзінің заңды екендігін көр­сетеді. Осылайша Қазақстан халқы Ас­сам­бле­ясы өкілдерінің Парламентте болуын қам­та­масыз ету көпұлтты Қазақстанда этносаралық тұрақтылықты сақтаудың және толықтай алғанда прогрестің бір базалық шарты ретінде елі­мізде халықаралық демократиялық нор­маларды ұстанады. Бүгінгі таңда Қазақстан дінаралық және этнос­аралық қарым-қатынастар саласындағы үн­десу мен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі өзі­нің тәжірибесімен бөлісе ала­ды және өзге­лерге үлгі боларлық елге айналды. Көптеген халық­аралық маңызды шаралардың Қазақ­стан­да, әсіресе, оның елордасы Астанада өтуінің өзі әлемдік қоғамдастықтың бізге деген риясыз сенімі деп нық сеніммен айта аламын. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен еліміз басты демократиялық шарт­­тарына қарсы келмейтін еуразиялық құн­ды­лықтарымен Еуропаға жол тартса, олар да өз құндылықтарымен Қазақстанға өзіндік ықпалын тигізуде. Мысалы, осыған дейін өткен діндердің құрылтайы өркениеттер үнқаты­суы­ның кеңейе түсуі мен қазіргі әлем құры­лы­сының негізгі мәселелеріне тереңдей енуіне ерек­ше үлес қосты. Сонымен қатар, жақында өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы әлем­дегі орын алып жатқан құбылыстардың байы­бына баруға өзіндік септігін тигізді десек, ар­­тық айтқандық емес. Одан кейін Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХVІ сессиясы бәріміздің басымызды қо­сып, алдағы тұрған міндеттерге ерекше ден қой­дырды. Қазақта “Береке басы – бірлікте” де­ген қанатты сөз бар. Олай болса, елімізде өтіп жатқан әрбір шараның артында үлкен стра­тегиялық маңыз бен елді өркениет жолына бастайтын қадамдар тұрғанын көруге болады. Қорыта айтқанда, Ұйымға мүше елдер бас­шы­ларының бізге атбасын бұруы байырғы қа­зақ жерінде өркениет көшінің бір пұшпағы жат­­қанына көз жеткізді. Қазақстан халық­ара­лық қоғамдастық алдында этнос өкілдерінің төзім­ділік пен келісімде өмір сүріп жатқанын паш ете алады. Ең бастысы, саммит елге, оның бас­­шысына деген сенімді одан әрі нығайтады. Ен­дігі мәселе біз ел болып оның абыройлы да өз деңгейінде өтуіне бар күшімізді салуымыз керек. Лиеонид ПИТАЛЕНКО, Парламент Мәжілісінің депутаты, Беларусь этномәдени бірлестігінің төрағасы.