Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет және трансферттерге құрылған жапсарлас екі заңдық құжат жобасы қаралды. Отырысқа Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері қатысып отырды.
2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт, сондай-ақ республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобалары бойынша баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жасады. Одан белгілі болғандай, 2010 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 8 миллиард АҚШ доллары сомасында белгіленген. 1 доллардың нарықтық бағамы 150 теңгені құрайды. Осылайша трансферттің жыл сайынғы мөлшері 1 200 миллиард теңге көлемінде бекітіліп, ол әр түрлі бағдарламаларды қаржыландыруы тиіс.
Ал облыстық бюджеттерден және республикалық маңызы бар қалалар бюджеттерінен республикалық бюджетке түсуі тиіс сома 2011 жылы 103,1 миллиард теңге, 2012 жылы – 102,1, ал 2013 жылы 121,1 миллиард теңге болып белгіленді. Тиісінше, республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге, елорда бюджетіне берілетін субвенциялар 2011 жылғы 789,9 миллиард теңге болса, бұл көрсеткіш 2012 жылы
– 880,6, ал 2013 жылы 865,8 миллиард теңге көлемінде белгіленіп отыр.
Қаржы министрі Болат Жәмішевтің сөзінен белгілі болғандай, 2011 жылға арналған республикалық бюджет түсімі 4 триллион 41 миллиард теңге көлемінде қарастырылса, шығыс 4 триллион 643 миллиард теңге деп көрсетілген. 2012 жылғы республикалық бюджет кірісі 4 триллион 365 миллиард теңге деп бекітілсе, шығыс 582 миллиард теңгеге артық қарастырылған. Ал 2013 жылғы республикалық бюджеттің кірісі 4 триллион 770 миллиард теңге болса, шығыс бөлігі 5 триллион 152 миллиард теңге деп бекітіліпті. Ішкі жалпы өнімге шаққанда тапшылық 1,5-2,5 пайыз аралығын құрайды.
Қаржы-кредиттік саясат туралы баяндаған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов қаржы секторындағы жағдай біршама тұрақтанғандығын атап өтті. Оның мәліметінше, екінші деңгейлі банктердің сыртқы қарызы үстіміздегі жылдың 1 қазанына 21,5 миллиард долларға төмендеген. Әйтсе де экономиканы қаржыландыру да 2 пайызға кеміп, тартылған қаржы көлемі 7,5 триллион теңгені құраған. Банктер портфелінің ортайып қалуы макроэкономикадағы тәуекелдермен байланысты, деп түйіндеген шешен Үкімет бизнесті қаржылай қолдау арқылы жағдайды түзеуге мүмкіндігі бар екендігін де ескерте кетті.
Резиденттердің депозиттері 11,4 пайызға өсіп, 7,3 триллион теңгені құрағаны белгілі болды. Теңгелей депозиттік қаржыларды тартуға белгіленген үстеме 9,6 пайызды құраса, жылдық инфляция 7,3 пайыз шеңберінде тұрақтаған. Осы ретте Ұлттық банк тарапынан инфляцияны болдырмау мақсатында қаржы массасын стерилизациялауға да барғаны белгілі болды. Екінші деңгейлі банктерден тартылған депозиттер 14,9 триллион теңгені құрапты. Ал Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 29 миллиард АҚШ долларына жетсе, еліміздің халықаралық резерві 58,4 миллиард доллар екені айтылды.
Баяндамалар тыңдалған соң сенаторлар Ғарифолла Есім, Бақберген Досманбетов, Иран Әміров, Хусаин Валиев, Анатолий Башмаков және Юрий Кубайчуктің сұрақтарына жан-жақты жауаптар берілді. Мәселен, азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты сұраққа жауабында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова қазіргі таңда сауда заңына өзгерістер енгізу қолға алынғанынан хабардар етті. Күнделікті тұтынатын азық-түлікке баға 30 пайызға өсетін болса, онда өкілетті орган бағаны 60 күнге дейін өзі белгілеуге құқы қарастырылыпты.
Осы ретте Сенат Төрағасы көтеріліп отырған мәселенің маңызды екендігін айтып, Үкімет тарапынан осы мәселеге жіті көңіл аударылуы тиістігін көлденең тартты.
Сонымен, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт, сондай-ақ Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобалары қабылданды. Ал 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Мәжіліске жіберілді.
Отырыста күн тәртібіне сәйкес өзге де заң жобалары қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.