13 Қараша, 2010

Қысылғанда қолұшын бере алмайтын жолдастан сақтан

505 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Айтайын дегенім... Өмір болған жерде кейде қате­лік­тер, шалыс басулар орын алмай тұрмайды. “Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді” деген орынды ай­тылған сөз де бар. Адамдар әлде­нен­дей теріс қадамдарға бірде абай­сызда барып қалып жатса, енді бір­де оның зардаптарының қандай бо­ла­тынын жете сезінбегендіктен барады. Сонымен бірге, өмірде, сирек болса да, мүлде кінәсі жоқ адам­дар­дың айыптылар қатарына қосы­лып кетіп жататын кездері де кез­де­седі. Мұндай сорақы құбылыс әсіресе бәсекелестік, бақталастық деп аталатын сұмпайы мінез-құ­лық­тар белең ала түскен қазіргі за­манда жиі бой көрсете бастады. Әңгіме бұл жерде жұмысты мен се­нен артық және сапалы атқарамын деген адал бәсекелестік емес, өзіміз жиі айтып жүрген арамза бәсеке­лес­тік, яғни күндестік туралы бо­лып отыр. Өкінішке қарай, адал бә­се­келестіктің үлгісін “міне” деп шұқып көрсетудің сәті әзірге түсер емес. Сонымен, біздің айтпағымыз не? Біздің айтпағымыз, әп-әдемі жұ­мыс істеп жүрген азаматтар аяқ асты­нан “кінәлі” болып, жауапқа тар­тылып жатқанда солармен талай жыл қызметтес болған әріптес­те­рі­нің әлгі жолдасынан әп-сәтте безіп, теріс айналып шыға келетіндігі. Неге? Шын жолдас қысылған кезде танылады демеуші ме еді? Олай дейтініміз, белгілі кәсіпкерлер, ше­неуніктер “істі” болып жатқан кез­дер­де (ондай жағдайлардың болған­дығы баршаға мәлім) солардың бір жолдасының шығып, ау, ағайын, бұл қателік, бұл адамды мен жақсы бі­лемін, оның ешқандай кінәсі жоқ, деп жолдасын немесе әріпте­сін жақтап сөз сөйлегенін көрмеп­піз. Жым-жырт тыныш­тық. Керек десеңіз, не үшін құры­лып, нендей қаржыға күн көріп отырғаны белгісіз толып жатқан кәсіпкерлік ассоциациялар мен одақтар да бар. Бір қызығы, олар да түк көрме­гендей бола қалады. Бәл­кім, ол адамның шынымен де еш жазығы жоқ шығар. Көп ретте солай болып шығып та жатыр. Оған кезінде кінәлі деген айыппен жазаға тартылып, кейіннен кінәсі­нің жоқтығы дәлелденген соң ара­мыз­ға қайта оралып жатқан кісі­лер­дің жағдайлары айғақ. Олай бол­са, ол адам тексеру кезінде кет­кен қателіктен немесе, жоғарыда айт­қандай, бақталас біреулердің түрт­кілеуінен әлгіндей келеңсіз жағдайға душар болған шығар? Осы жағын ойламауымыздың сыры неде? Мансап пен байлықтың бүгінде бірінші кезекке шығып тұрғаны да, тек соны ғана көксейтіндердің бойларын күндестік, бақталастық деген дерттің меңдейтіні де рас. Бірақ, бір бірімізді сатып жіберіп қол жеткізген мансап пен байлық адамға бақыт әкеле ала ма? Бүгін біз біреуді сатып жіберсек, оның өзі баяғы 37-ші жылғыдай жұқпалы індетке айналып, ертең өзімізді де біреулердің сатып жібермесіне кім кепіл. Өзіміз болмасақ балалары­мыз, балаларымыз болмаса кейінгі үрім-бұтағымыз қарғысқа ұрынып жүрсе ше? Одан қалды, қасымызда қатар жүрген адамдарға сенбейтін болсақ, қарадай қуыстанумен күн өт­кізетін тірлікте не мағына қала­ды? Адамгершілік іс, жанашырлық пейіл, кешірімділік дегендерді қайтеміз? Сенетін, сыйлайтын дос-жолдастарымыз болмаса, қызметтің қызығын, байлығымыздың береке­сін кіммен бөлісеміз? Ал егер нағыз адам сияқты игілігін көре алмасақ оның бәрі не үшін қажет? Қарын­ның тоқтығына мәз болу доңызға ғана тән демеуші ме еді... Осындайларды көріп-біле жүріп, қысылтаяң шақта қолұшын беруге жарамайтын жолдассымақ­тардан сақтан демеске лажың жоқ. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.