Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау әрбір қазақстандықтың отансүйгіштігін көрсететін маңызды мәселе екенін атап көрсетті. Бүгінгі күні еліміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ЕҚЫҰ төрағалығын абыроймен атқарып, енді Ұйым мүшелері Мемлекет басшыларының саммиті сияқты әлемдік шараны өткізуге қол жеткізіп отыр. Оның үстіне еліміз тәуелсіздігінің 19 жылдығын мерекелейтін Ұлттық мереке қарсаңында тұрмыз. Біздің отырысымыз осы маңызды шаралардың қарсаңында өтіп, еліміздегі мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен ілтипатты тереңдете түсу мақсатын көздейді, деді Қ.Саудабаев.
Отырыс барысында Батыс Қазақстан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің, сондай-ақ Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану жөніндегі жұмыс тәжірибелері тыңдалды. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді дайындау кезінде мемлекеттік стандарттарды сақтау туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары хабарлама жасады.
Қ.Саудабаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен қолдану бойынша дұрыс нәтижелермен қатар, кейбір кемшіліктердің кездесетінін де атап өтті. Мәселен, оларды тиісті ережеге сәйкес пайдаланбау фактілері әлі де кездеседі, деді ол. Осы ретте, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына дайындық шаралары шеңберінде мемлекеттік рәміздерді тиісті тәртіпке сай пайдалану мен қолдануды патриоттық тәрбие жұмысымен үйлестіре отырып, азаматтарымыздың бойына сіңіре білуіміз керек, деді Қанат Бекмырзаұлы.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданды және мемлекеттік органдарға мемлекеттік рәміздер жөніндегі заңнама қағидаларының бұлжытпай орындалуы, сондай-ақ оларды пайдалануды бақылаудың тетіктерін жетілдіру туралы нақты тапсырмалар берілді.
Отырысқа комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жақсыбай САМРАТ.