13 Қараша, 2010

АЗИАДА – 2011: Бізге – бедел, басқаға – бәсеке!

640 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қысқы Азия ойындары біз үшін жаңа жылдың ең басты, ең қуа­нышты оқиғасы болатыны даусыз. Өйткені, Еуразияның жүрегіндегі Қазақ елінде тұңғыш рет өткелі отырған әлемдік деңгейдегі спорт додасы біз үшін үлкен бедел, зор мәртебе екені белгілі. Алайда, спорт мерекесінің болатын күні жақындаған сайын, сан-түрлі сауал­дар да туындап жатыр. Мәселен: “Бұл Азиаданың басты жаңалығы неде?”, “Дүбірлі додаға қанша қаражат жұмсаймыз?”, “Ақ Азиада бізге не береді?” деген сауалдарға қысқаша жауап іздеп көрелік. “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ-тың прези­денті Анатөлі Құлназаровтың айтуынша, байрақты бәсекеге екі қаламыздағы 10 спорт кешені пайдаланылады. Соның ішінде, төртеуі – Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы мен Астанадағы “Қазақстан” спорт сарайы, “Шымбұлақ” пен “Ме­деу” мұз айдыны. Оған қоса, Астанадағы жабық коньки тебу стадионы, Алматы­дағы шаңғы мен тұғырдан секіру халық­аралық кешені және Алматы облысын­дағы шаңғы және биатлон стадиондары салынып жатыр. Сондай-ақ, елордамыз­да құрылысы қар­қын­ды жүріп жатқан республикалық велотрек те Азиадаға пайдаланылады. Бұл ны­санда шорт-трек пен мәнерлеп сырға­наудан жарыстар өтеді. Ал бүгінгі таңда жұ­мыс істеп тұр­ған “Астана-Арена” жа­бық футбол ста­­дионында Азиаданың ашы­лу сал­танаты, “Табаған” спорт кешенінде фристайлдан жарыстар өткізіледі. Соңғы кездері мұндай жарыстарды өткізіп жүрген елдер бір-бірімен бәсекеге түсіп, өздерінше өзгешелік жасап жата­тыны да жасырын емес. Ал, біз немен таң қалдырамыз? Ұйымдастырушы­лардың айтуынша, біздің жаңалығымыз – дүбірлі жарыстардың қос қалада өтуі және спорттық бағдарламаға жаңа екі спорт түрін енгізу болмақшы. Мұндай додаларды ұйымдастыратын елдер әлі күнге коньки мен шорт-тректің ара қашықтығын өзгертумен ғана шектеліп келсе, Қазақстан бірден допты хоккей мен қысқы спорттық бағдарлау сияқты спорт түрлерін ұсынды. Сонымен қатар, Азияның олимпия­лық кеңесі тұңғыш рет Азия ойындары­мен қатарлас өткізілетін екі ірі жобаны мақұл­дады. Бірі – Азиада алауының эстафетасы, екіншісі – “Мәдени Азиада”. 2011 жылдың 12 қаңтарында Олимпиада алауы Азияның олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Кувейтте тұтатылып, чартерлік рейспен қазақ жеріне әкелінеді. Ал “Мәдени Азиада” дегеніміз не? Бұл Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет Азияның аса бай тарихи және мәдени мұрасын, Қазақстанның ғажайып мәдениетін көрсететін шара. Атап айтқанда, екі қалада бір мезгілде әртүрлі фестивальдер ұйымдастырылады. Солардың қатарында мұздан жасалған мүсіндер фестивалі, “Voіce of Astana” музыка және би фестивалі, цирк өнері фестивалі, бейнелеу өнерінің көрмесі, фотобайқау, “Қазақ ауылы” атты қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарының фестивалі, спорттық тауарлар мен кәдесый өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, суреттер мен эсселер байқауы, “Ұлы Жібек жолы” жәрмеңке-фестивалі, Азия елдерінің мәдениеті фестивалі бар. Бұл өте құптарлық жәйт. Өйткені, спорттық ойындарды қабыл­дай­­тын кез-келген мемлекет өзінің ұлт­тық болмысын, салт-дәстүрлерінің ерек­ше­лік­терін жарқыратып барлық жұртқа паш еткісі келеді. Неғұрлым өзін-өзі жақсы көрсетіп, жақсы жарнамалаған елге болашақта туристер көптеп ағылып келе бастайды. Ал, біздің Отанымызға аяқ басқан әрбір турист мемлекет қазынасы­на құйылған қаржы деген сөз. Қаржы демекші: “Дүбірлі додаға қанша қаражат жұмсаймыз?” деген сауал да көпшілікті толғандыратыны түсінікті. “2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізуге Қазақстан жалпы алғанда 233,5 млрд. теңге жұмсайды”, – деп мәлімдеді 1 қазандағы Сенаттың жалпы отырысында Қаржы министрі Болат Жәмішев. Оның айтуынша, Азиадаға қатысты іс-шара­лар­дың шеңберінде ең көп шығын теледидар және радио хабарларын таратуға (8,644 млрд. теңге) және Азия ойындарының ашылу мен жабылу салта­натын ұйым­дастыруға (7 млрд. теңге) кететін көрінеді. Онымен қоса, 6, 76 млрд. теңге ойындар­ды басқару орта­лығын, телевизия­лық және баспасөз орталықтарын ашуға, Азиаданы біріккен ақпараттық желімен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Болат Жәмішев сондай-ақ, Азиаданың мәдени бөлігіне – 1,57 млрд., Астана мен Ал­маты қалаларын ойындарға сай безен­діруге – 470 млн., антидопингтік зерттеу­лерді жүргізуге және спортшыларға медициналық қызмет көрсетуге 1,177 млрд. теңге бөлінетінін хабарлады. Ал Азиадаға жұмсалған шығын турис­тер ағынымен қайтып келе ме? Мұны кесіп айту қиын. Онымен қоса, біз әлі қан­ша туристің келетінін біл­мейміз. Бұ­лар­дың барлығы ойындар­дың деңгейі мен жарнамасына келіп тіреледі. Осы жерде бір қызық мәліметті келтіре кетелік. “2011 жыл­ғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйым­­­дастыру комитетінің атқарушы ди­рек­­циясы” АҚ-тың вице-президенті Евге­ний Никитинскийдің пікірінше, Азиа­даға ке­летін әрбір турист шамамен 2 мың АҚШ доллары көлемін­де ақша қалдыра­ды. “Әрине, нақты табыс туралы айтуға әлі ерте. Бірақ, бар­лық мәселе келетін ту­ристердің саны­на байланысты. Алайда, біз­дегі стандартты шығындар бойынша, ше­телдік туристер өз қалтасынан шамамен 2 мың доллар қаржы жұмсайды. Міне, әлем­дік дең­гейдегі спорт мерекесінің эко­номи­калық тиімділігі осында”,- дейді ол. Алдын-ала жасалған есептеулер бойынша, Азиадаға шамамен 10 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Одан бөлек, 4,5 мың ресми тұлғалар бар. Олардың өзін төрт санатқа бөлуге болады: біріншіден, Азия олимпиялық кеңесінің өкілдері, vіp-қонақтар және ресми тұлғалар; екіншіден, спортшылар мен бапкерлер, командаларға қызмет көрсе­тетін мамандар, дәрігерлер мен массаж­шы­лар; үшіншіден, халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер, сондай-ақ, шетелдік БАҚ өкілдері, хосттарату­шылар. Ұйымдастырушылар­дың айтуын­ша, қонақтарды қарсы алу, орналастыру, тамақтандыру сияқты мәселелер толық шешіліп қойыпты. Айт­пақшы, шетелдік­терге қызмет көрсетуге 3 мыңнан астам еріктілер (волонтерлер) тартылмақшы. Ай­та кетелік, жарыстар­дың бағдарлама­сына сәйкес, спорттың 11 түрі бойынша өтетін Азиадаға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөйлейтін комментаторлар мен диктор­ларды дайындау қызу жүргізілуде. Алайда, мұндай дәрежедегі спорт жарыстарын өткізуден тәжірибеміздің жоқтығынан көптеген мамандарды шетелдерден шақырып жатырмыз. Азия ойындарын көрсету құқығы өте тәжірибелі шетелдік компанияға беріледі. Анатөлі Құл­назаров­тың айтуынша, барлық жарыстар теле­экраннан тікелей эфир арқылы көрсеті­леді. Тек, шаңғымен жарысу ғана onlіne режімінде, яғни, жазылып алын­ған бейнекөрініс түрінде таратылады. Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияевтың айтуынша, Қазақ­стан Азиадаға, ең алдымен, имидждік жоба ретінде қарайды. Содан соң, шы­ғын­дарды толық өтеуге қатысты бірнеше себептер бар. “Біз бұл жерде Азиадаға арналған инфрақұрылымның әлі салы­нып жатқанын ескеруіміз керек, ал Қыс­қы Олимпия ойындары өткен Ванкувер­де инфрақұрылым дайын болды. Оған қоса, шығындарды жабу үшін біз демеу­шілерді тартып, теледидар хабар­ларын таратудан пайда түсіруді де ойластыру­дамыз. Мәселен, Азиаданы әлемнің 30-дан астам еліне көрсетіп, соның нәти­жесінде 4,5 млрд. теңге табыс табуды болжап отырмыз”,- деді ол. Сөзімізді түйіндейтін болсақ, әлемдік деңгейдегі спорт додасы тәуелсіз Қазақ­стан үшін зор мәртебе екені сөзсіз. Бұл – егемен елдің, жаңашыл жұрттың өсіп-өркендеуіндегі жаңа белесі. Соны­мен қоса, қонақжай қазақ үшін де, спортшы қауымы үшін де үлкен сын, жоғары жауапкершілік. Өйткені, алдын-ала жа­сал­ған болжамға сүйенсек, Азия құрлы­ғындағы 45 мемле­кеттің 30-дан астамы Азиадаға толық қатысатындық­тарын ма­құл­дады. Мұндай жарыстардың бағдар­ламасына сәйкес, 11 спорт түрі бойынша 69 жарыс өткізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Соның ішінде, Қазақ­стан да спорттың 11 түрінен 169 спорт­шысымен сынға түсіп, бақ сынайды. Олай болса, көк байрағы­мыз көк­те желбірейтін дүбірлі додада спорт­­шыларымыздың маңдайы жар­қырап, жүлделі болсын деп тілейік! Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.