13 Қараша, 2010

Тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы – тұтастыққа

635 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Төрағалықтың тамаша табысы

Қазақстан Республикасы Мәжілісі Төрағасының орынбасары, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Қырғызстан бойынша Арнайы өкілі Жәнібек КӘРІБЖАНОВПЕН әңгіме – Жәнібек Сәлімұлы, алғашқы сұрақты Қазақстан Республика­сы­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төраға бо­лып сайланған 2007 жылғы 30 қа­рашада Мадридте қабылданған ше­шімге байланысты қойғанды жөн көріп отырмын. Өйткені, төр­аға­лыққа қатысты сол кезден бас­тал­ған іс-шаралар бүгінде нағыз ша­рықтау шыңына жетіп тұр емес пе? – Қазақстан Республикасын 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығына бе­кіту ту­ралы Мадридте бірауыздан қа­был­­дан­ған шешім – біздің еліміз үшін тарихи оқиға. Себебі, ЕҚЫҰ та­­рихында бұған дейін Азия құр­лы­ғын­да, мұсылман елдері арасында, сон­дай-ақ ТМД кеңістігінде бірде-бір мем­лекет беделді халықаралық Ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ет­пе­ген еді. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Ұйым төрағалығын Қазақстанға бер­ген­де, еліміздің барлық саладағы да­му үдерістерін, қол жеткізген та­быс­­та­­рын, саяси және эконо­ми­ка­лық әлеуетін, халықаралық дең­гей­дегі бе­де­лін ескерді. Бұл – Қа­зақ­станды әлем­дік қоғамдастықтың мойын­да­ғанының белгісі, елімізде та­­бысты жү­зе­ге асырылған рефор­ма­лар­ды жә­не еліміздің ұстанған са­ли­қалы сая­са­тын ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемле­кет­­тер­дің жоғары баға­ла­ған­ды­ғының нәтижесі, сон­дай-ақ Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сы­ның Тұң­ғыш Прези­ден­ті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың же­ке бе­де­лінің арқасы. Сонымен қатар, Ұйымға төраға­лық елімізге зор жауапкершілік, ау­қым­ды да салмақты міндеттемелер жүк­­теді. Үстіміздегі жылғы 14 қаң­тар күні Мемлекет басшысы Н. Ә. На­­зарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­­ағалық ету қызметіне кірісуіне орай Үндеу жолдады. Онда елі­міз­дің өз миссиясын атқаруда қандай ұс­та­нымды алға тартатынын жария ет­ті. Қазақстан төрағалығының ұра­ны төрт “Т”-ға негізделді. Яғни, “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транс­паренси” (ашықтық) және “то­ле­ранс” (төзім­ділік) ұраны таң­дап алын­ды. Қазақстан Ұйымға төраға болардан бұрын ЕҚЫҰ-ның ең басты ұстанымдары, атап айтқанда, әскери-саяси, экономикалық-эко­ло­гия­лық және гуманитарлық өлшем­де­ріне байланысты бірқатар жұ­мыс­тар атқарған болатын. Оларды жалғастыруға, әрі қарай дамытуға Қазақстан Республика­сы­ның “Еуропаға жол” мемлекеттік бағ­дар­­ламасы ұйытқы болды. Атал­ған бағ­дарлама еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етудегі өзіндік “жол кар­та­сы” болды. Бұл – Кәрі құрлық­тың құ­қықтық және экономикалық ре­формаларының тәжірибесін иге­ру­ге бағытталған сан алуан шаралар кешені. Ол Қазақстанның демо­кра­тия­лық реформаларды және халық­тың өмір сүру сапасын арттыруды әрі қарай ілгерілету бойынша Еу­ро­па елдерімен ауқымды өзара іс-қимыл орнатуына мүмкіндік берді. “Қазақ­стандық жолды” ұстану бізді Еу­ропамен барынша терең саяси, экономикалық, әлеуметтік және мә­дени-гуманитарлық бай­ла­ныс­тар­ға кеңінен жағдай тудырды. – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніне он бір айға жуық­тады. Еліміз қабылдаған мін­дет­те­мелерінің үдесінен шығып келе ме? – Қазақстан Республикасы төрағалыққа кірісер алдында мақсат еткен іс-шараларының басым көпшілігін орындады деп нық сеніммен айтуға болады. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер қазірдің өзінде Қа­зақстан Ұйымға төрағалықты абы­­роймен атқарып келеді деген пікір білдіруде. Ұйымға төраға­лық­ты өз деңгейінде атқаруымыз елі­міз­дің беделі мен мәртебесін кө­те­ру­де. Екіншіден, халықаралық қо­ғам­дас­тықтың Қазақстанға деген оң көз­қарасын әрі қарай нығайтуда. Үшін­ші жағынан, төрағалық біздің елі­міз­дің қазіргі кездегі ұстанған саясатын одан әрі дамытуға жол ашты. Дә­лі­рек айтқанда, үлкен мүм­кіндік берді. Сонымен қатар, біз беделді ха­лық­ара­лық Ұйымға төр­аға ретінде ЕҚЫҰ-ның алдағы ке­зеңдердегі ты­ныс-тіршілігін ке­ңей­туге өзіміздің үле­сімізді қосып келеміз. Ұйымның ең басты қызметі қа­уіп­сіз­дікті қамтамасыз ету бол­ған­дық­тан, Қазақстан өз төр­аға­лығы кезінде Ауғанстанды саяси және эко­номикалық жағынан тұрақ­тан­ды­руға, Таулы Қарабақ проб­ле­ма­сын бейбіт жолмен реттеуге, сон­дай-ақ, Қырғыз­стандағы жағдайды орнықтыруға ерекше көңіл бөлуде. – Сіз ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Арнайы өкілі ретінде сол бір қиын шақтарда қырғыз аға­йын­дардың арасында болып, араағайындық танытқан ресми тұл­ғалардың бірі болдыңыз. Қыр­ғыз­станда сәуір айында болған оқиғалар салдары өңірдегі өзге елдерді де алаң­датып отыр. Енді әңгіме ауанын со­лай қарай бұрып, себептерін айтып өтсеңіз? – Қырғыз­стан­дағы сәуір айын­­дағы оқиғаға апарып соқ­тыр­ған мәселелердің ең бастысы – ел хал­қының әлеумет­тік-эко­номи­ка­лық жағдайларының төмендеуінде. Нақ­­тырақ айтқан­да, қырғыз ағай­ын­­дар Қырғыз­стан­ның бұрын­ғы билігінен тұрғын­дардың әл-ау­қа­тының жақ­са­руын күтті. Олар­дың бұл үміті ақ­талмады. Халық­тың әл-ауқаты жақ­сарудың орнына ке­рі кетті, сыбай­лас жемқорлық, ұйым­дас­қан қыл­мыс белең алды. Осы­лай­ша халық­тың билікке деген на­ра­­зылығы кү­шейді. Бұған сон­дай-ақ көрші елдегі саяси-эко­но­ми­калық тұрақты­лық­тың өз дең­гейін­де бол­май тұрғаны қосылды. Осы проб­ле­малардың ше­шілмеуі Қыр­ғызстан тұрғындарының тол­қуы­на, олардың көшеге шығуына, жап­пай берекесіз­діктің орын алуы­на алып келді. – Жәнібек Сәлімұлы, бүгінде Қырғызстан проблемасына неге осыншама мән беріліп отыр? – Қырғызстан халықаралық қо­ғам­дастықтың тең мүшесі. Қыр­ғыз­стан Ауғанстанға жақын жерде орна­ласқан. Оның үстіне Қыр­ғыз­стан аумағында екі үлкен дер­жа­ва­ның әскери базалары бар. Егер бұл ел­дегі жағдайды тез арада тұрақ­тан­дыр­маған жағдайда, ол ертең Ор­та­лық Азиядағы қауіпсіздікті сақ­тау­да қиындықтар туғызуы мүмкін еді. Сондықтан Қырғызстан про­бле­масы туындаған соң, ондағы жағ­дайды тұрақтандыруға ха­лықаралық ұйымдар, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан Рес­публикасы бірден кірісті. Қақтығыстан кейін Қырғыз­стан­ның бұрынғы президенті Құр­ман­бек Бакиев елдің оңтүстігіне барып бой тасалағанын білесіздер. Егер Қ.Бакиевті ол жерден шы­ға­рып әкетпесе, оңтүстік пен сол­түс­тік тұрғындары арасында қақтығыс болар еді. Оның соңы Қырғыз­стан­да азамат соғысының басталуына соқтыру қаупін туындатты. Көп кешікпей, халықаралық қоғамдас­тық Қырғызстанның бұрынғы пре­зи­дентін ол жерден басқа елге алып ке­ту туралы шешім қабылдады. Осы орайда Қазақстан Республи­ка­сы­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­машы болып, үлкен үлес қос­қа­нын, барынша ықпал еткенін атап айт­қым келеді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен, Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен кеңесе келіп, Құрманбек Бакиевті өзге елге алып кету туралы уағдаласты. Бұл операцияны Қазақстанның әс­ке­рилері жүзеге асырғанын әлем жұрт­шылығы біледі. Жалпы, Қыр­ғыз­стандағы қиын жағдайдың әрі қа­рай өршімеуіне ЕҚЫҰ тара­пы­нан атқарылған жұмыстар ерекше ма­ңызды болды. Бір ғана мысал кел­тірейін, Бішкектегі берекесіздік бе­лең алған кезде халықты, стра­те­гия­лық нысандарды, сауда орта­лық­­тарын қорғап, қалада қоғамдық тәр­тіпті сақтауға тиіс милиция қыз­мет­керлерінің өздері бас сауғалады. Қа­лалар мен елді мекендерде тәртіп ор­нататындардың қатары азайды. Сол шақта ерікті түрде қырғыз ағайындар құрған қоғамдық тәр­тіп­ті орнататын жасақшылар топта­ры­на ЕҚЫҰ қаржылық, материалдық қол­дау көрсетті. Соның арқасында бі­рінші кезекте қоғамдық тәртіп ор­на­туға мүмкіндік туды. Сауда орын­дары мен тұрғын үйлерді то­нау, өртеу әрекеттері тоқтатылды. Бұл – сол уақыттағы көптеген про­бле­малардың бір ғана қыры. Адам құ­қығы, заңды әрекеттер жасау, билік институттары, экономиканы жол­ға қою, гуманитарлық көмек се­кілді мә­селелерді ретке келтіру қа­жет бол­ды. Осылайша өзге де ха­лық­аралық ұйымдардан келген ар­найы өкілдер өзара ақылдасып, әр­қай­сымыздың жұмысымыз әр бөлек болса да, бірлесіп жұмыс іс­теу­ге келістік. Он­да­ғы мақсат елдегі бе­рекесіздікті тоқ­татып, қиын жағ­дай­ды сауық­тыруға ықпал ету бол­ды. Сөйтіп, ЕҚЫҰ-ның басшылық жа­сауымен үйлестіру кеңесі құ­рыл­ды, кеңес қазіргі кезде де жұмыс істеп жатыр. – Үйлестіру кеңесінің құра­мына қандай халықаралық ұйымдардың өкілдері кірді? – БҰҰ, Еуропалық Одақ, ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілдері, Қыр­ғыз­станда тіркелген ЕҚЫҰ-ға мүше мем­лекеттер елшіліктерінің өкілдері кірді. – Бішкекте болған оқиғалар біраз уақыт өткен соң, Ош, Жалал­абад қалаларында да көрініс берді. Оның себебі неде? – Кейбір сарапшылар “Ол оқиғаларды біреулер ұйым­дас­тыр­ды, ақша берген” деген болжамдар айт­ты. Солай болуы да мүмкін. Бі­рақ та бұл мәселенің шығу тегі те­рең­де жатыр. Кеңес Одағының ке­зінде Ошта дәл сондай жанжал шық­қан. Араға тура 20 жыл салып тағы қайталанды. Соның барлы­ғы­ның ең басты себебі – әлеуметтік-эко­номикалық мәселелердің дұрыс ше­шілмегендігі, кедейлік, жұ­мыс­сыз­дық, сыбайлас жемқорлық, ұйым­дасқан қылмыс, есірткі сау­да­сы және басқа да проблемалардың қор­даланып қалғандығы. – Осы орайда ЕҚЫҰ, өзге де ха­лық­аралық ұйымдар тарапынан не істелді? – Ең бірінші, тәртіп орнатуға ба­са күш салынды. Қақтығыстың одан әрі ушығып кетуіне жол бер­меу шаралары қарастырылды. Гу­ма­нитарлық көмек көрсету мә­се­ле­ле­рін шешу, Өзбекстанға ығысып кет­кендердің мәселесін шешу қа­жет болды. Уақытша үкіметке осы про­блемаларды шешуде нақты кө­мек жасалды. Ал үйлестіру кеңесі сая­си партиялардың жетекшіле­рі­мен, үкіметтік емес ұйымдардың бас­шыларымен кездесулер өткізген кез­де, кейбір азаматтар егер Қыр­ғыз­станда Қазақстандағыдай Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы құрылып, ой­дағыдай жұмыс істеген жағдайда, Ош­та ондай оқиға болмас еді деген пі­кір айтты. Бұл сөздің де жаны бар. Қырғызстанда да халықтар ас­сам­блеясы бар, өкінішке қарай, ол сөз жүзінде ғана жұмыс істеп кел­ге­нін байқадық. – Қырғызстанда билік ауысқан­нан кейін ел халқы мемлекеттің жаңа конституциясын қабылдады. Ел парламенттік басқару жүйесіне көшті... – Әр мемлекет басқарудың қан­дай жүйесін қалайтыны, қандай конс­титуция қабылдайтыны сол ел хал­қының құзырында. Қырғызстан халқы референдумда парламенттік басқару жүйесін қолдады. Қырғыз елі 10 қазанда парламенттік сай­лау­ды да өткізді. Сайлаудың дау-да­май­сыз өткені қуантады. Дегенмен, ал­дағы кезеңде көп мәселелерді ше­шу керек. Елдегі жағдайды тұ­рақ­тандыратын экономикалық мәсе­лелер бірінші кезекке шы­ға­ры­луы тиіс. Мұны айтып отырған себебім, қыс болса иек астында тұр. Ош пен Жалалабадта қиратылған, өр­телген үй-жайлар әлі түгелімен қал­пына келтіріле қойған жоқ. Халықаралық ұйымдар, сондай-ақ, Қа­зақстан Қырғызстанға көмектер көр­сетіп жатыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Қырғызстан біз­дің жақын көршіміз екенін, ха­лық­тарымыздың туыстық байла­ны­сы тереңде жатқанын, сол себепті би­ыл болған қайғылы оқиғалар біз­дің де жанымызды ауыртатынын атап айтты. Сондықтан Ел­ба­сы­мыз­дың ұйғарымымен Қазақстан көр­ші елде тыныштық пен тәр­тіп­тің орнатылуына қажетті ша­ра­лар­ды қолданып жатыр. Қырғыз Рес­пуб­ликасына 11 млн. АҚШ дол­ла­ры­нан астам көлемде гуманитарлық көмек жасалды. Оның ішінде қа­жет­ті азық-түлік тауарлары, үй са­лу­ға қажетті құрылыс заттары жі­бе­рілді. Алдағы қысты ескере оты­рып, 6 млн. АҚШ долларынан ас­там қаржыны құрай­тын көмір оты­ны берілді. Қазір Қырғызстанда мем­лекеттік инсти­тут­тарды қал­­пы­на келтіру үдеріс­тері жүргізіліп жа­тыр. Ендігі басты міндет – Қыр­ғыз­стан үкіметін жа­сақтап, оның нақ­ты жұмысқа кірі­суін және қор­да­ланып қалған мәсе­лелердің ше­ші­луін жүзеге асыру. – ЕҚЫҰ Қырғызстанға кон­суль­тативтік полиция тобын жіберу жөнінде шешім қабылдаған еді. Ол ел аумағына әлі орналасқан жоқ. Неге кешіктіріліп жатыр? – Бұл мәселе парламенттік сай­лау­дың алдында туындаған бо­ла­тын. Сол кезде консультативтік по­ли­ция кеңесін кіргізуге уақытша үкі­меттің қарсылығы болған жоқ. Бірақ қыр­ғыз ағайындар: “Кейбір адам­дар сай­лау кезінде мұны сая­сат­қа айнал­ды­рып жіберуі мүмкін, сон­дықтан сайлау тыныш өтсін, со­дан кейін ше­шім шығарамыз”, – де­ді. Біз қа­зір олардың шешімін күтіп отырмыз. – Жәнібек Сәлімұлы, Астана Саммитінен ЕҚЫҰ-ға мүше мем­ле­кет­тер, сондай-ақ әлемдік қо­ғам­дас­тық не күтеді? – Астана Саммитінің саяси ма­ғы­насы аса жоғары, тұжырымда­ма­лық мазмұны өте ауқымды болады де­ген ойдамын. Өйткені, Ыстамбұл сам­митінен кейінгі кезеңде әлемде көп өзгерістер болды. Саммитте ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси, эко­но­ми­калық-экологиялық және гу­ма­ни­тарлық өлшемдері бойынша жа­ңа дәуірде, ХХІ ғасырда қалай жұ­мыс істейміз, соның негізінен туын­даған міндеттерді қалай жүзеге асы­рамыз деген ауқымды мә­селелер міндетті түрде таразыға са­лы­нып, жан-жақты талқылануы тиіс. Бұл жиында Ұйым ке­ңіс­ті­гін­де­гі ғана емес, жаһандық ауқымдағы қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету про­бле­маларына ерекше маңыз бе­рі­ле­ді деп күтілуде. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.