Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту мақсатында Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен өткен “Тілдарын – 2010” республикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті.
Шараның негізгі мақсаты: үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдаумен бірге, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу болып табылады.
Байқауға еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Сөйтіп, шапағатты шара мәреге жетіп – үш тілді жетік меңгерген ғалым-мамандардың қазылық алқа шешімімен “Тілдарын – 2010” республикалық олимпиаданың бас жүлдесін – Астана қаласы “Астанаэнергосервис” акционерлік қоғамының заңгері Индира Өмірзақова иеленсе, бірінші орынды – Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектептің мұғалімі Әсия Кусалиева қанжығасына байлап, екінші және үшінші орындар – Шымкент қаласы М.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №8 гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бегайым Әділханова мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті Арайлым Садықоваға бұйырды.
Сондай-ақ, байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және басқа да сыйлықтармен марапатталды.
Берік САДЫР.