Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.
Қазақстан дипломатиясының басшысы өзінің сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған бейнеүндеуінде мәлімдеген төрағалықтың көкейкесті мәселелеріне орай атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның “саяси менеджері” ретінде Ұйымға барлық қатысушылардың пікірлері мен мүдделерін ескеру және ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі тепе-теңдігін қамтамасыз ету тұрғысынан көрінгенін ерекше атап айтты. Ұйымның Іс басындағы төрағасының пікірінше, Қазақстанға Мемлекет басшысы ұсынған төрағалықтың 4 ұраны – Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділікке толық көлемінде сәйкес келу мүмкін болған. Сөйтіп, еліміз ЕҚЫҰ қоғамдастығы көрсеткен сенім үдесінен шыға білген. Қ.Саудабаев бүкіл жыл бойына Президент Нұрсұлтан Назарбаев Іс басындағы төрағалық жұмысына тікелей және тұрақты басшылықты жүзеге асырып, ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы іс жүзінде барлық көкейкесті проблемаларды өзінің назарында ұстағанын ерекше атап өтті. Бұл әсіресе, Қырғызстандағы саяси дағдарыс барысында айқын көрінді, деді ол. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы одан әрі Қазақстанның жас елордасында өтетін алдағы Саммиттің және соған сәйкес шаралардың ұйымдастырушылық және мазмұндық қырлары туралы әңгімеледі. Саммиттің маңызын айқындаушы шешуші мәселе ретінде оның қорытынды құжатының мазмұны бойынша консенсусқа қол жеткізілуі аталды. Онда қазақстандық дипломатияның басшысы ЕҚЫҰ қоғамдастығын Ұйымның барлық үш өлшемі бойынша қабылданған нормаларды, қағидалар мен міндеттемелерді орындауда тағы да шешімділіктерін қуаттауда сөзсіз ерік-жігер танытуға шақырды. Сонымен қоса, ЕҚЫҰ жауапкершілігі саласында қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді белгілеп, оларды еңсеру бойынша тиімді іс-қимыл жоспарын жасау, еуроатлантикалық және еуразиялық қоғамдастықтың біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздігі мен Ұйымның өзін жетілдіру жолдары бойынша стратегиялық мақсаттарды айқындау қажет. Осыған байланысты Қ.Саудабаев қорытынды құжаттың мазмұндық негізін қалыптастыратын кейбір міндетті компоненттері туралы сөз қозғады. Біріншіден, қару-жараққа бақылау жасау режімін нығайту, өңірдегі сенім шараларын жандандыру, бұған әсіресе, 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту арқылы қол жеткізу үшін ортақ күш-жігер жұмсау қажет. Екіншіден, ЕҚЫҰ-ның трансұлттық қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлеріне қарсы күрестегі, оның ішінде біздің өңіріміздің сыртындағыларын да қоса алғанда, қызметін күшейту керек. Осыған орай, ЕҚЫҰ өзінің мандаты аясында, өзге де халықаралық факторлармен қатар, Ауғанстанға қажетті ықпал етуді белсенділендіре алар еді. Үшіншіден, Ұйымның жанжалдарды ерте ескерту мен алдын алудағы және шешудегі, дағдарысты жағдайларды және жанжалдан кейінгі оңалту ісін басқарудағы әлеуетін арттырған жөн. Төртінші. ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағында жанжалдар тәуекелін төмендету мақсатында басты назар этносаралық және дінаралық толеранттылық мәселелеріне аударылуы тиіс. Бесінші. Құқық үстемдігінің мызғымастығын қуаттап, адам құқы мен оның негізгі еркіндігінің айнымастығын құрметтеу керек. ЕҚЫҰ-ның осы негіз қалаушы қағидаттары болашақта да қоғамдастық қауіпсіздігінің ажырағысыз бөлігі болады. Біз сондай-ақ елдерімізде жанды, белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруды қолдауымыз қажет. Осыған орай Қазақстан ЕҚЫҰ Саммиті шеңберінде түрлі шараларға халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етті. Алтыншы. Қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде экономикалық еркіндік, әлеуметтік әділеттілік пен жауапкершілік те біздің ортақ қауіпсіздігіміздің ажырағысыз бөлшегі болып қалуы тиіс. Жетінші. Қауіпсіздіктің халықаралық және өңірлік құрылымдары жүйесінде ЕҚЫҰ-ның рөлін қазіргіден де нақтырақ айқындап, 1999 жылғы Кооперативті қауіпсіздік тұғырнамасы негізінде басқа да халықаралық ұйымдармен үйлесімділік деңгейін және ынтымақтастығын жоғарылату қажет. Өздеріңіз білетіндей, төрағалығымыз барысында біз мемлекетаралық құрылымдардың қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылын тиімді етуге ұмтылып қана қоймай, қауіпсіздіктің трансқұрлықтық белдеуін құру үшін прагматикалық үнқатысу қалыптастырудың іргетасын қалауға үндедік. Сегізінші. ЕҚЫҰ-ның жедел және институттық әлеуетін күшейтіп, оның қызметін тепе-тең деңгейдегі құқықтық негізбен нығайтқан жөн. Париж хартиясына Қосымша құжат қабылдануы ЕҚЫК үшін тұрақты жұмыс істейтін органдар мен институттар құру үдерісіне негіз қалады. Біз бұдан әрі де Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссарды, ДИАҚБ-ны, БАҚ бостандығы жөніндегі өкілді жан-жақты қолдауға дайынбыз. Алайда, Кеңестің толыққанды Ұйымға трансформациялануы әзірше аяқталған жоқ. Осыған байланысты төрағалық Венадағы жұмыс нәтижесіне үлкен үміт артады. Бұған дейін бірнеше мәрте мәлімделгеніндей, Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттердің пікірлері барынша есепке алынатын теңдестірілген құжат дайындау міндетін басты мәселе ретінде қояды. Бұл жұмыстың жеңіл емес екенін мойындаған ләзім. Нәтижесінде алдағы жоғарғы деңгейдегі кездесу ЕҚЫК-ЕҚЫҰ-ның даму тарихында екінші кезеңнің лайықты аяқталуына қол жеткізіп, ынтымақтастықтың сапалық тұрғыдан жаңа – Хельсинки мен Парижден кейінгі үшінші кезеңін ашады ғой деп сенеміз. Өйткені, жаңа тарихи жағдайда қайта түлеген “Хельсинки рухы” “Астана рухымен” байитын болады. Осылай деген ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы қорытынды құжаттың жобасын келісу бойынша атқарылған жұмыстардың барысы мен алдын ала нәтижелерін жоғары бағалады. Ол мемлекет және үкімет басшылары Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтып, оны дамытудың шешуші мәселелері бойынша консенсусқа қол жеткізеді деп үміттенетініне және осы негізде Ұйым қызметіне жаңа серпін беріп, оның тарихында жаңа парақ ашатынына екпін түсірді. Саммит маңызы туралы Қ.Саудабаев мемлекет және үкімет басшыларының белсенді қатысуын және қорытынды құжат бойынша мәмілеге келу қажеттігін айрықша атады. Венаға сапары аясында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Австрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишермен, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен және Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің (МАГАТЭ) бас хатшысы Юкия Аманомен кездесулер өткізді.Мемлекет басшысы Талдықорғандағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді
Президент • Бүгін, 19:45
«Egemen» де, домбыра да сыйлады
Руханият • Бүгін, 19:30
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының жай-күйімен танысты
Президент • Бүгін, 19:00
Мемлекет басшысы Ынтымақ ауылындағы мектепті аралап көрді
Президент • Бүгін, 18:21
Биыл Жетісу облысында 250 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген
Президент • Бүгін, 17:48
Президент «Талдықорған» индустриялық аймағына барды
Президент • Бүгін, 17:36