Отандық бизнес өркендейді, экономиканың жаңа тынысы ашылады
Жақында Алматыдан Кегенге кетіп бара жатқан жол үстінде, Шарын өзенінің шатқалды саясында аялдағанбыз. Өзеннің жоғарғы жағында Мойнақ гидро-электр стансасының құрылысы қолға алынып жатқанын білеміз. Ал мына шоқы-шоқы таулардың арасында, соған жалғас ен далада, сай-салада қаншама халық, қаншама ауыл тіршілік етіп, өмір тынысын өрістетуде. Кешінде Кегенде тойда болғанбыз. “Ақ ниет” деген аты да, заты да жақсы тойхана екен. Тек үлкен люстралардан түскен жарық көмескілеу. Жарықты жарқыратып төгуге электр қуаты жетпейді екен. Жергілікті азаматтар: “Құдай қаласа, Мойнақ ГЭС-і іске қосылса, көзіміз сонда ашылады” деп жымия күлімсіреп қояды. Иә, Қазақстан Даму Банкінің бір ғана Мойнақ ГЭС-і Нарынқол, Кеген, Шелек және басқаларын қамтыған жобасы осылайша тұтас бір өңірдегі қаншама мыңдаған адамдардың үміт оттарын маздатып отыр десеңізші!
“Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының басты даму институты саналатын Қазақстан Даму Банкінің тағы бір игілікті ісі – “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортын кешенді дамыту жобасы бойынша атқарылып жатқан ұлан-ғайыр жұмыстарды да алдағы Азиадаға дайындықты жазу мақсатының аясында осы таяуда ғана өз көзімізбен көріп қайтқанбыз. Шымбұлақ келбеті де танымастай өзгеруде. Банктің нақ осындай неғұрлым мәнді жобалары қатарында Ақтау теңіз айлағын кеңейтуді, Павлодар облысында хлор-сілтілі өндіріс ұйымдастыруды, Тараз металлургия зауытының жаңалануын, Қызылорда облысы мен Оралдағы ГТЭС құрылыстарын, сондай-ақ экономикамыз үшін стратегиялық маңызы зор басқа да жобаларды атап айтуға болады.
Мысалға алар болсақ, ҚДБ инвестициясының қатысуымен 2009 жылы бес жаңа нысан қатарға қосылды. Осы ретте өнімін Түркия және Иран сияқты елдерге экспорттайтын Ақтау металл прокаты зауытында жылына 160 мың тонна прокат өндірілуде. Келешекте өндіріс көлемі 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақшы. Екінші жоба – Алматы облысындағы балық өнімдерін өңдеу зауыты да тек өңірді ғана емес, барлық көршілес облыстарды да қажетті тамақ өнімдерімен қамтамасыз етумен бірге, өнімді шетелге шығаруды жоспарлауда. Осы облыстағы өндірістік кешен түрлі сусындар мен шырындар, шай шығарумен айналысуда. Бұл жобада Елбасы әркез назарда ұстайтын энергия үнемдеу жайы да мұқият ескерілген. Ал, Астанада жүзеге асқан тағы бір жоба бойынша өмірге келген кәсіпорын тозған көлік дөңгелектерінен резеңке қиқымдарын жасап, шет елдерге экспорттап жатыр. Ақтөбе қаласында темір-бетон бұйымдары зауытының негізінде қуаттылығына сай жылына 170 мың текше метр сапалы бетон өндіру жолға қойылды. Бұларға қоса, 2010 жылдың басынан бері Банк қаржыландырылуын мақұлдаған 4 жаңа инвестициялық жобаның ішінде құны 1 миллион доллар тұратын Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңалау жөніндегі стратегиялық жоба өзінің ауқымдылығымен көзге түсіп, жұртты сүйсіндіруде дей алсақ керек.
Қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында ғана 5 жоба қаржыландырылды. Солардың ішінде “Ютекс” АҚ жылына 4 мың тонна жіп иіреді, 720 мың дана төсеніш жабдықтарын шығарады. “Меланж” АҚ 5,2 млн. метр мақта жібі мен 1800 тонна тоқыма бұйымын өндіреді. “Фараб” комбинаты” ЖШС жыл сайын 540 мың тоннаға дейін медициналық, мақта һәм гигиеналық өнімдерін шығарады. Ал енді “SDTC Group” ЖШС жобасын пайдалануға берерде бірден 2571 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Жалпы, Банктің Оңтүстік Қазақстан облысында тоқыма кластерін ұйымдастыруда әмбе бүкіл еліміз бойынша тоқыма өнеркәсібін дамытуда аса маңызды рөл атқарып отырғандығын айтпай тұра алмаймыз. Иә, бүгін таңда Банк Қазақстан Үкіметінің Дағдарысқа қарсы бағдарламасын іске асыруға зор үлесін қосқан һәм қосып жүрген негізгі даму институттарының бірі екендігі күмәнсіз. Өзі ашылғаннан бергі он жыл аясында Қазақстанның даму банкі жалпы құны 13,8 млрд. доллар болатын 181 жобаны мақұлдап, оларды өмір ақиқатына айналдыру үшін 4,1 млрд. доллар соманың несиесі берілуін қуаттады. Ең бір тамашасы, жобалардың жартысына жуығы, яғни 83 нысан қазірдің өзінде қатарға қосылған. Және бір айтарлығы, бұл жобалар ел экономикасының металлургия, энергетика, тоқыма, мәшине жасау, көлік және байланыс сияқты маңызды секторларында жүзеге асуда. Ал енді банктің бірден-бір құрылтайшылық тізгінін “Самұрық-Қазына” қоры 2008 жылы өз қолына алса, тек соңғы 3 жылда ғана пайдалануға берілген кәсіпорындар 1,9 млрд. доллардың өнімін өндіріп, 314 млн. доллардың өнімін экспортқа шығарғанын, сонымен бірге бюджет қоржынына 112 млн. доллар салық қаржысын құйғанын айтқанымыз абзал.
Нақ осы арада бір жайды таратыңқырап айтайық. Қазір елімізде сегіз даму институты болса, соның бесеуі “Самұрық-Қазына” қорының құрамына кіреді. Жаңа бірқыдыру ілкімді жұмыстарын сөз еткен ҚДБ-дан басқа, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстан инвестициялық қоры, Kazyna Capіtal Managtent және Экспортты сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорация осылардың қатарында. Бүгін таңда бұл компаниялардың 146 инвестициялық жобаны қаржыландырып отырғанын, оның ішінде 96 нысан пайдалануға берілгенін, осы өндіріс орындарында 20 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын айтсақ та, өркендеудің өрелі биігін айқын көреміз.
Отандық орта және шағын бизнесті қолдауда “Даму” қоры елеулі істер тындыруда. Осы ретте 8500 субъектіге көмек көрсетіліп, соның арқасында 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға 120 млрд. теңге бағытталған болатын. Соның нәтижесі де көп күттірмей, 2009 жылдың шілдесіне дейін-ақ 4760 жұмыс орны құрылып әрі қолдау тауып, 2550 ОШБ субьектілері несиеленген-ді. Бұл орайда қамтылған экономика салалары – сауда, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және байланыс, тағы басқалары. Мысалы, “Даму” қоры арқылы осы ретте Алматы облысында ғана 17 млрд. теңгеден астам сомаға 574 жоба қаржыландырылып, 1400-ден аса жұмыс орны ашылды. Нақ осы облыста “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерден ставканы субсидиялау мен кепілдік алуға 43 өтінім келіп түскен.
“Самұрық-Қазына” өзінің даму институттары арқылы ел экономикасын әртараптандыру мен жаңаландыруға, отандық кең ауқымды бизнесті көтеруге көңіл бөліп, айтарлықтай үлес қосуда. Қордың бір топ компаниясы инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық даму аясындағы 13 жобаны іске асыруға қатысуда. Болжамдарға жүгінсек, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 5500-ге жуық тұрақты жұмыс орындары құрылмақ. 26 млрд. доллар көлемінде Қордың инвестициялық портфелі жасақталуы да көңілге тоқ жағдайдың бірі. Қор құрамына кіретін даму институттары 212 жобаны мақұлдап, қазір солардың ішіндегі 160 жоба қаржылану сатысына көшті.
Алдағы уақытта ел экономикасын тұрақтандыруды, әртараптандыруды және модернизациялауды жеделдете жақсартудағы даму институттарының рөлі арта түспек. Әсіресе, экономиканың басым бағыттары, ірі бизнес пен шағын және орта кәсіпкерлік назарда болмақ. Индустриалдық даму және инфрақұрылымды нығайту ел экономикасын көтерудің негізіне алынбақ. Олай болса, “Самұрық-Қазынаның” бірінші кезектегі міндеті отандық бизнеспен біріге отырып, өзінің Даму институттары арқылы Индустрияландыру картасына кірген инвестициялық жобаларды іске асыру болып табылады. Бұл ретте Қор құзырына жататын ауқымды 19 жобаның жиынтық құны 14,16 млрд. долларды құрайды. Бұдан басқа, республикалық деңгейдегі 2 жоба бойынша қордың қатысуымен ұзындығы 1510 шақырымдық Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ газ құбыры және газ-химия кешені салынуда. Сонымен қатар өңірлердің бақылауымен ҚДБ қаржыландыруындағы 21 жоба жүзеге асуда. Осылайша, жалпы алғанда, “Самұрық-Қазына” қоры 2010 жылы жалпы құны 20 млрд. доллардан астам 40-тан аса жобаны іске асырумен шұғылдануда.
“Самұрық-Қазына” ҰӘҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуына жүгінсек: “Елдің Ұлттық әл-ауқат қоры алдағы 5 жыл ішінде 24,4 млрд. АҚШ долларына теңесетін 40-қа жуық инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салмақ. Сөйтіп, соның барысында 45 мың адамға жұмыс беріп, жобалар жүзеге асырылғаннан кейін 10 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек”. Отандық бизнестің өркендеуі, отандық экономиканың жаңа тынысы ашылуы осы емес пе. Ендеше, “Самұрық-Қазынаның” самғатуы арқасында еліміз Орта Азиядағы өнеркәсіп көшбасшысына айналатын уақыт та, әлбетте, алыс емес деп білеміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.