18 Қараша, 2010

Отанды сүю – иманнан

605 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Барша мұсылмандардың ең ұлық мерекесі – Құрбан айт күні Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық мешітте болып, жамағатты осы қасиетті күнмен құттықтады. “Күмбезді ел – көрікті ел” де­ген, алтындалған күмбезі сона­дай­дан менмұндалап тұратын Алла­ның жердегі үйі – құттыхана Алма­ты мешітіне Құрбан айт күні мыңдаған адам жиналды. Негі­зінен айт – ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүние келген. Кейін оны діни дәстүрге, мұсыл­ман­дардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрлан­дырған. Содан бері Құрбан айт мұсылман ай күнтізбесіндегі Зүл­хижжаһ айының 10-шы жұл­ды­зында басталып, 3-4 күнге жал­ға­сып келеді. Демек, үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше. Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Ұлы Жаратушы иеміз – Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, кембағал жандарға қамқорлық көрсетеді. Мұсылмандар Алладан ізгі тілектер тілейді. Елбасымыздың бас­тамасымен Құрбан айт мере­ке­сінің алғашқы күні мемлекеттік ме­рекелер тізіміне енгізілгені белгілі. Міне, осы қасиетті мереке күні Елбасы Орталық мешітке келіп, ғибадат жасаған соң, өзін аса ықыласпен күтіп тұрған жама­ғатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. – Құрбан сөзінің мағынасы жа­қындау, жақындасу деген ұғым­ға саяды, – деді Нұрсұлтан На­зарбаев. – Бұл күні мұсылмандар игі амалдарымен Жаратқанға жа­қын­дайды. Бүгін еліміздің әр ай­мақ, тарапындағы барлық мешіт­терде Айт намазы оқылып, кәде­лер жасалып, тілектер тіленуде. Дін дегеніміз – алдымен иман. Қасиетті хадисте “Отанды сүю – иманнан” деп айтылған. Өзін мұсылман санайтын адам бұл күні Отанның амандығын, ше­ка­ра­ның бүтіндігін, елдің тыныш­тығын тіледіңіздер деп ойлаймын. Ендеше, Алланың алдында сол жасаған дұғаларыңыз бен амал­да­ры­ңыз, тілектеріңіз қабыл болсын. Себебі, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің татулығымыз бен ауызбіршілігіміз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің ырысы қашанда артық болмақ. “Ислам” атауының тағы бір мағы­насы – бейбітшілік. Ата дініміз бейбіт өмірге, сабырға шақырады, теңдік пен бірлікке бастайды, ізгі­лік пен иманға үндейді. Ағайын-туыстың арасында жылылық, жа­қындық орнатады. Қоғамда бауыр­ластық артады, ел ішінде өзара қайырым мен мейірім, қанағат пен алғыс сезімі күшейеді. Сондықтан, елімізде татулық пен бірліктің, түсі­ністік пен сенімнің берік ор­науына мұсылман ағайындардың қосып жатқан үлесі зор. Сондай-ақ Елбасы қасиетті Қағбаның төңірегінде миллионда­ған мұсылман қажылық парызын өтеп жатса, құбылаға бет түзеген жа­мағат арасында біздің 4 мыңға жуық отандасымыз бар екенін, елі­міздің амандығы мен халқы­мыз­дың бірлігін тілеген ағайын­ның да дұғалары қабыл болсын деген тілегін білдірді. “Бұрынғы кезде қажылыққа бару қиямет қиын болатын. Қазір тәуелсіздігіміздің арқасында қажы­лық­қа барып жатқандардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл орайда айтарым, қасиетті парызды қалжыңға, бос мақтан үшін сапарға айналдыруға болмайды. Қажылық­ты ынталы жүрек, шынайы ықы­лас­пен жасаған жөн. Қажылыққа барып келгендер жүріс-тұрысымен, ақыл парасатымен, өнегелі істе­рі­мен көпшілікке үлгі, абыройлы болулары қажет. Сонда жұртшылық оның мән-мағынасын дұрыс түсінбек”, деді Президент. Одан әрі ислам – адамзат ба­ла­сын имандылыққа ұйытатын, ина­баттылыққа бастап, ізгілік пен игілікке үндейтін дін екенін, рахы­мы мол Алла ықыласпен, ынталы жүрекпен алақан жайған пендесінің тілеуін беретінін айта келе, Елбасы: “Жамағаттың есінде болар, бұдан бұрын да айтқанмын, мен Мекке-Мединеге барған сапарымда қа­сиет­ті Қағбаға кіру құрметіне бө­лен­ген едім. Сонда ерекше күй кешіп тұрып, Жаратқаннан еліме, халқыма шапағатыңды аяма деп тіледім. Алла сондағы тілегімді берген сияқты. Міне, бүгінде хал­қы­мыздың халықаралық абыройы артып, еліміздің мәртебесі биіктей түсті. Құдайға тәубе, мінекей, тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығы қар­са­ңында қазағымыз, халқымыз дүние жүзіне белгілі, сыйлы-құр­мет­ті болды, 56 елдің басшысы жи­налып, Астанада бас қосып, Қазақ­станды тағы да дүние жүзіне та­нытуға қол жеткізбекпіз. Біз мұны мақтан тұтып, жетістігімізге шүкір­шілік айтуымыз керек. Келесі жылы біз Ислам Конференциясы Ұйы­мына басшылық жасаймыз. Бұл – біздің руханият саласындағы іргелі істерімізді ислам әлемінің мойындауы деп білемін”, деді. Сөзінің соңында Елбасы діннің діңгегі дәстүрмен берік екендігін, дін – алауыздыққа емес, ауыз­бір­лік­ке, араздыққа емес, ағайын­дыққа үндейтінін, яғни елдің бірлігі болашақтың баяндылығы екенін, ендеше, осы мешітке келіп отырған жамағатқа, олар арқылы бүкіл Қа­зақ­стан мұсылмандарына бақ-бе­ре­ке, әр отбасына амандық әкелсін деп тілейтінін айта келе, еліміз бо­ла­шақта бақуатты, үлкен мемлекет­тер­мен терезесі тең болғанына тілек тілейтінін жеткізді. Бір айта кетерлік қуанышты жәйт, елімізде соңғы жылдары иман­дылық үйлері артып, медре­селер көптеп салынуда. Халықтың, соның ішінде, әсіресе, жастардың имандылыққа бет бұруы да көңілге қуаныш ұялатады. Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төр­аға­сы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қазір елімізде 2205 мешіт болса, кешегі санақ бойын­ша Қазақстан халқының 70 пайыз­дан астамы мұсылман екенін, енді он жылдан кейін 80 пайызға же­те­тініне күмәні жоқтығын, ол деген сөз, Қазақстан мәңгі-бақи мұсыл­ман елі болатынын қуанышпен жеткізді. Алматы мешіті Жаратқанға құлшылық етер еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі саналады. Бүгінде Орталық мешітке мыңдаған адам жиналып, құран оқытып, дұға қылып, құрбандық шалып, бір-бірін мерекемен құттықтап жатты. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.