Елбасы қасиетті Құрбан айттың алғашқы күніндегі Алматыдағы жұмыс сапары барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне келді. Мемлекет басшысының аталған жоғары оқу орнының Студенттер үйіне арнайы жолы түсіп жатса, оның да өз жөні бар. Бұрымды қыздар тұратын, болашақта мұғалім, келешекте ана болар арулардың жатақханасы әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде іргетасы қаланып, өткен жылы студенттердің игілігіне берілген болатын.
Қандай да қиындықтарға қарамастан, құрылысы сәтті аяқталған Студенттер үйі бүгінде мұнтаздай болып көз тартады. Ішінде қыз баланың жанына керектінің бәрі бар жатақхананы дер кезінде салдыруға тікелей пәрмен берген Президентке студенттер бүгінде дән риза. Аққудың көгілдіріндей болып киініп, бұрымдарына шолпы тағынған үздік оқитын өнерлі студенттер ұстаздарымен бірге Елбасына өз ауыздарымен алғыс айтатын сәтті тағатсыздана, толқи күтіп жүрсе, бұл – әсіре айтыла салған сөз емес.
Елбасының қасиетті Құрбан айт күні оқу орындарына жолы түсіп отырғанын да университеттің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы жақсы ырымға балап, жетістіктерін көрсетуге дайындалып жатты.
Мемлекет басшысын кешегі әйгілі “ЖенПИ-дің” бүгінгі жастары осылайша қуана қарсы алды. Алдымен университет ректоры Шәмша Беркімбаева Президентке Студенттер үйінің ауласында қойылған университет бүкіл өмірінен хабар беретін тақталармен таныстырып өтті. Одан кейін Елбасы Студенттер үйін аралап, әдеміліктің, жастықтың “ауылымен” танысты. “Қыздың жиған жүгіндей” деген сөз осындайда айтылатын болса керек. Бейнелеу өнері факультетінде оқитын қыздарымыздың бөлмелері тіпті тамаша. Келесі бөлмеде Мемлекет басшысына Студенттер үйінің салынуына алғыс айтып, Президенттен хат алған Нұргүл Қайдауылова отыр еді. Ол өз бөлмесіне Мемлекет басшысы бас сұғады деп ойлады ма екен?!
Осыдан кейін Елбасы 2-ші қабатта орналасқан мультимедиялық кабинетте, одан сервис және студенттер бөлмесінде болды. Сонда тұрып жатқан студент жастардың өмірімен танысып, әңгімелесті.
Кісі қызығарлықтай етіп, қыз балаларға арнап салынған жатақхананың құрылысына 506 миллион теңге қаражат бөлінген. 450 орынға лайықталған, тоғыз қабатты Студенттер үйі заманға сай жабдықталып, студенттердің оқулары мен тұрмысына барлық жағдай жасалған. Секция түріндегі тұрғын бөлмелер 2 және 3 адамға арналған. Тұрғын бөлмелерде жұмсақ жиһаздар, жеке жуынатын бөлмелер қойылған.
Әр қабат кіржуғыш мәшине, өтектеу тақталары, тоңазытқыштармен және электр плиталарымен жабдықталған, өтектеу және тұрмыстық бөлмелер бар. Кешеннің балкондары әйнектелген. Ғимаратта интернетке қосылған 2 оқу залы мен 2 кинозал орналасқан. Бірінші қабаттарда сән салоны – шаштараз, сонымен қатар, жаттығу залдары бар. Ғимарат жедел сатымен және өрт дабылымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ мұнда мүгедек жандарға арналған арнайы көтерме құралдары да қарастырылған екен. Жатақхананың жалпы көлемі – 5184 шаршы метр.
Елбасы Студенттер үйі алаңында Президенттік және Мемлекеттік стипендия иегерлерімен кездесіп, оқу орнына микроавтобусты сыйға тартты.
– Бір ананы тәрбиелеп шығу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей. Бұл оқу орнының қасиеті сонда, 60 жылдан бері бұл шаңырақтан 50 мыңнан аса маман тәрбиеленіп шықты. Мен сондықтан бұл оқу орнына “университет” деген дәреже бердім. Осы жатақхананы салдырдым. Жағдайларыңның жақсы болғандығына қуаныштымын. Елдің сауатын көтеруге, білімге мемлекет қаражат аяп жатқан жоқ. Астанада жаңа университеттер салынып, интеллектуалдық мектептер ашылып жатыр. Сіздердің қолға алған жұмыстарыңызды заманауи жұмыстар деп санаймын. Себебі, бәсекенің барлығы – білімде, ғылымда. Бәсекеде нағыз білім алып өскен, ғылыммен шұғылданатын адамдар жеңеді. Сондай мемлекет те жеңеді. Менің тілейтінім, бақытты болыңдар, өмірде жақсы жолдас табыңдар, балалы-шағалы болыңдар! Біздің барлық арқауымыз, діңгегіміз – ауыл. Ауылдың білімін түземесек, қазақтың болашағы болмайды. Болашақ педагог болатын сіздерді ауылдың білімін көтеруге атсалуға шақырамын, – деді Елбасы студенттермен кездесу барысында.
Студенттер атынан сөз сөйлеген филология факультетінің студенті Гүлжан Тілеумбетова: “Қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған, 66 жылдық тарихы бар арулар мекеніне келгеніңізге қуаныштымыз. Сізбен осындай кездесудің орайы келгенін бақыт деп білеміз! Себебі, осы оқу орнына университет мәртебесінің берілуі, Студенттер үйінің салынуы, біздің қыздар үшін 50 президенттік шәкіртақы бөлінуі, грантта оқитындарға 3 мезгіл тамақтану мүмкіндігі, тіпті осы оқу орнының сақталып қалуы да Сіздің арқаңызда. Бүгінгі біздің ортамызға келуіңізді барша қазақ қыздарына деген қамқорлығыңыз деп білеміз”, деп қыз бала үкілеген барлық үміттер үдесінен шығуға замандастары атынан сөз берді.
Осыдан кейін студенттер жуырда ғана Елбасының “Euronews” телеарнасына берген сұхбатын еске салып: “...тілші Сізбен сұхбатында “Сіздей Президенті бар қазақ халқы бақытты”, деп Ұлтымыздың Көшбасшысына қарата айтылған сөзге өте қуанғандарын білдірді. Студент қыздар жақында айдай Астанамызда ЕҚЫҰ Саммиті өтетіндігін айтып: “Қыз бала қашанда тілекші ғой. Біз осы жиын сәтті өтіп, халқымыз ежелгі қонақжайлығын көрсете білсе, Сіздің мәртебеңіз өссе, мемлекетіміз сапалық жаңа деңгейге көтерілсе, бүкіл адамзатқа қатысты мәселелер шешімін тапса деп тілейміз!” деді.
Айнаш ЕСАЛИ.