Бұл мәселеде Қазақстан ұсынысы қолдау тапты
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау КСРО құлап, оның бойында орналасқан Ресейден басқа Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан республикалары өздерінің тәуелсіздігін алғаннан бері күн тәртібінен түспей келеді. Бұрын оның мәртебесі теңіз жағасында орналасқан КСРО мен Иран сияқты елдердің арасында соңғы рет 1935 және 1940 жылдары қол қойылған келісім-шарттардың негізінде анықталып, екі мемлекет теңізді пайдалануда тең және айрықша құқылы болып келген. Енді теңіз жағасында бес тәуелсіз мемлекет пайда болды. Сондықтан бұрынғы келісім-шартты қайтадан қарап, жаңадан туындаған жағдайға сәйкес теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау қажет болып отыр. Бұл қазір өте күрделі және өте көреген дипломатиялық шеберлікті талап ететін проблемаға айналған мәселе. Өйткені, Каспий теңізі қазір энергоресурстардың түпсіз көзі ретінде де жағалаудағы елдердің өзіне деген мүдделілігін бұрынғыдан да гөрі тереңдете түсті. Ресейдің “Каспий теңізі ынтымақтастығы” атты ғылыми-зерттеу институтының мәліметтеріне қарағанда, Каспий теңізіндегі әзірге анықталған мұнай қоры 5,1 млрд. тоннаны, ал газ қоры 8 трлн. текше метрді құрап отыр. Оптимистік болжамдарға қарағанда Каспийден шығарылатын мұнайдың жалпы көлемі 2015 жылы күніне 2-4 млн. баррельге жетеді екен. Қазақстан талас аймақтар мен кен орындарын бөлуде Ресеймен келісімдерге келді. Әзірбайжан мен Түркіменстан арасында да шешілмеген проблемалар көп, екі елдің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы қызу жұмыс істеп жатқанымен, мүдделер қайшылығы толығымен еңсерілер емес. Көптеген сарапшылар Иран үшін Каспий проблемасы басымдыққа ие емес дегенімен, бұл ел де теңіз мұнайын саудалау бағытындағы жұмыстарын ұлғайтуға түрлі әрекет етіп жатыр. Соның ішінде осы бағытта Қазақстан және Ресей Федерациясымен ынтымақтастықты тереңдете түсуге ұмтылуда. Құқықтық мәртебені анықтауда теңіз бойындағы мемлекеттердің бәрі де өздерінің мүдделеріне барынша сәйкес келетін жобаларды ұсынып келеді, бірақ біреудің мүддесін көздеген жоба екінші, кейде үшінші, төртінші жақтардың мүддесіне қайшы келіп, мәселе тұйыққа тіреліп тұр. Бірақ осы кезде теңіздегі энергоресурстарды өндіру және басқа да амалдардың әсерінен оның экологиясына келетін залал су қоймасының өздігінен, табиғи жолмен тазалану және жаңару күшіне ырық бермей, шектен тыс көбейіп барады. Оны және барлық тараптар атсалыспаса бір жақ немесе екі, үш жақ өз күшімен залалсыздандыра да алмайды. Ал оның барлық құрлыққа қасіретін тигізетін үлкен табиғат апатына айналуы да ғажап емес. Сондықтан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің тезірек анықталуына әлем жұртшылығы көз тігіп отыр десек, артық айтқандық емес. Теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі алғашқы саммит 2002 жылы Ашғабад қаласында болған. Онда бәлендей үлкен келісімге қол жеткізілген жоқ. Сондықтан келесі саммитті 2003 жылы Иран астанасы Теһранда өткізу белгіленген. Бірақ бұл кездесу түрлі себептермен кейінге қалдырыла беріп, ақыры 2007 жылы ғана өткізілді. Онда бес тарап Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі конвенцияны әзірлеуде жалпыға ортақ қадамдар жасау жөніндегі декларацияға қол қойған болатын. Енді міне, көп үміт күттірген үшінші саммит те өз жұмысын бастады. Оның жұмысын қарсы алушы жақтың басшысы ретінде Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзін әріптестерін ежелгі әзірбайжан жерінде қарсы алып отырғанына қуанышты екенін жеткізуден бастады. Одан кейін теңіз мәртебесі туралы өз елінің позициясын жеткізді. Каспий теңізін ынтымақтастық алаңына айналдыруға біз мүдделіміз, деді ол. Екінші болып сөзді орыс әліпбиіндегі орнына сәйкес Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежад алды. Ол да теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау туралы өз елінің нақты ұстанымдарын айтып берді. Үшінші болып сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде Каспий жағалауы елдеріне қатысты барлық мәселелердің толық және тұтастай шешілуіне мән беретінін атап өтті. Бұл жердегі ең басты мәселе, Каспийдің құқықтық мәртебесінің түпкілікті анықталуына тығыз байланысты болып тұрғаны баршамызға түсінікті, деді ол. Одан әрі Президент Каспийдің маңызы көмірсутегі ресурстарының мол қоры және бекіре тұқымдас балық түрлерінің көптігімен ғана сипатталмайды. Өз жағалауында сан түрлі халықтың басын қосып, олардың тамағын асырап, өсіп-өнуіне жағдай туғызған қарт Каспий мыңдаған жылдар бойы достық пен тұрақтылық теңізі болып келгенін де ұмытпайық, деді. Осыдан әрі Елбасы Теһранда болған екінші саммиттің маңызына тоқталды. Осы саммит Каспийге қатысты мәселелерді шешуде бесжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін көрсетті. Онда біз барлық түйткілдерді де бейбіт жолмен, сындарлы түсіністік рухында және өзара келісім негізінде шешуге болатынын бүкіл әлемге көрсете алдық, деп атап өтті. Одан әрі Елбасы саммиттер арасындағы ауқымды жұмыстарды еске алды. Соның ішінде 2008 жылғы қазанда Ресейдің Астрахан қаласында болған Каспий жағалауы мемлекеттерінің Бірінші үкіметаралық экономикалық конференциясы жұмысының жемісті болғанын айтып, онда теңіздегі қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық келісімінің жобасы әзірленгенін, сонымен қатар су қоймасының ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қосымша хаттамалар дайындалғанын ауызға алды. Ал, биыл Қазақстанда уағдаласушы тараптардың осы мәселе бойынша үшінші конференциясы өткізіледі. Осы конференцияда дайындалған төрт қосымша хаттаманың тым болмаса екеуіне қол қойылады деп үміттенеміз. Ал теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі сыртқы істер министрліктеріндегі Арнайы жұмыс тобының қызметін жетілдіру туралы айтатын болсақ, оның отырыстарын жылына кем дегенде бес рет өткізу туралы тапсырма беруді ұсынамын дей келіп, осы қатардағы ойын қазақстандықтардың каспийлік әріптестері ұсынған барлық іс-шараларға да қатысуға дайын екенін айтумен түйіндеді. Одан әрі Каспий мәселесіндегі қазақстандықтарды қатты толғандырып жүрген мәселеге тоқталды. Ол бекіре балықтардың азайып бара жатқандығы туралы барынша өзекті мәселе еді. Осыны ескеріп Қазақстан жағы оны аулауға уақытша бесжақты мораторий енгізуді ұсынады, деді ол. Бұл шешім бекіре тұқымдас балықтардың санын қалпына келтіріп, оның болашақ ұрпақ үшін сақталуына мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар, Елбасы Каспий биоресурсын пайдалану, қорғау және оны қалпына келтіру, браконьерлікпен күресу бойынша ынтымақтастықты ғылыми негізделген бесжақты келісім-шартқа қол қою арқылы заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Ал теңіз түбін бөлісу, құрлықтағы мемлекеттердің транзиті, су асты кабельдері мен құбырларын тарту сияқты қазақстандықтардың жаппай мойындалған халықаралық тәжірибеге сүйеніп жасалған ұстанымы тұрақты екенін және ол ешкімнің мүддесіне де қайшы емес екенін айта келіп, әріптестерін келіссөздер барысында айтылған мәселелерді оң шешуде сындарлылық пен саяси ерік-жігер танытуға шақырды. Каспий жағалауы халықтары арасындағы жемісті ықпалдастықтың достық рухында нығаюы біздің елдеріміздің өңірлік ынтымақтастығын жаңа белестерге шығаратынына сенімдімін, деді Елбасы кіріспе сөзінің соңында. Өз кезегінде сөйлеген Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев ынтымақтастыққа дайын екендігін білдіре отырып, теңіз түбі арқылы тартылатын мұнай құбырларын салудың апат қаупі зор екенін ауызға алды. Ал Каспийдің құқықтық мәртебесін тезірек анықтауға біз жауаптымыз, оны өзіміз шешпесек өзгелердің араласқысы келері сөзсіз, деді ол. Сондықтан қазіргідей үш жылда емес, жыл сайын кездесіп тұруымыз керек. Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымухаммедов те теңіз мәртебесі туралы өз жағының ұстанымын жеткізді. Соның ішінде теңіз түбі арқылы тартылатын мұнай құбырларының салынуына қатты мүдделі екендіктерін айтты, бірақ бұл іс барлық қауіпсіздік шараларын сақтап жүргізілуі керек, деді ол. Сонымен қатар, ол теңіздің экологиясын жақсартуға байланысты әріптестерінің ұсыныстарын қолдайтынын білдірді. Осыдан кейін пленарлық отырыс жабық есік жағдайында жалғасты. Тым ұзаққа созылған отырыс аяқталған соң қорытынды құжаттарға қол қою рәсімі болды. Атап айтқанда, онда Каспий жағалауы мемлекеттері басшылары теңіздегі қауіпсіздік мәселесі бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісімге, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан президенттері Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қазақстан үшін ең маңыздысы Нұрсұлтан Әбішұлының бекіре балыққа қатысты ұсынысы арнаулы хаттамалық шешіммен қабылданғаны болды. Атап айтқанда, саммитке қатысушы тараптар тиісті ведомстволарға үш айлық мерзімде Каспий теңізінің бекіре балығын аулауға бес жыл мораторий жариялаудың тетіктері туралы ұсыныс дайындау туралы тапсырма берілгенін жария етті. Сондай ақ, тиісті ведомстволарға жағалаудан 24-25 миль қашықтықтағы кеңістікті қамтуды басшылыққа алып, үш айдың ішінде теңіз бойындағы елдердің ұлттық меншігіндегі аймағының көлемін келісу туралы тапсырма берілгені белгілі болды. Бұл да Қазақстанның бұрын жасаған ұсынысы болатын. Сөйтіп, бұл жолы да Қазақстанның ұсыныстары әріптестер тарапынан қолдау тапты. Қол қою рәсімінен соң президенттер бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Онда бірінші болып сөйлеген Ильхам Әлиев тараптар арасында келісімге келмейтін қиын түйіндер жоқ екенін айта отырып, бүгінгі саммиттен кейін біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтардың жаңа кезеңі басталды, деді. Иран Ислам Республикасының Президенті М.Ахмадинежад Каспий бойы елдерінің негізінен үш ерекшелігін айтты. Олар біздің мәдениетіміздің, тарихымыздың ұқсастығы, аймақтың ерекше байлығы дей келіп, өз сөзін осындай болған соң да біздің ынтымақтастығымыз тығыз болуы керек деп түйіндеді. Үшінші болып сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев саммиттің сәтті өткенін айта келіп, жоғары деңгейдегі мұндай кездесулер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға және осы тараптағы келіссөздердің белсендірек жүргізілуіне жаңа серпін беретінін атап өтті. Одан әрі саммитті ұтымды ұйымдастырғаны үшін қарсы алушы жаққа ризашылығын білдірді. Саммит барысында біз теңіздің құқықтық режімі жөніндегі өз елдеріміздің әлі келісілмеген позицияларын да білдірдік және көптеген мәселелерді шешу бойынша өзіміздің ұсыныстарымызды айттық. Соның ішінде теңіздің биоресурстарын пайдалану, қорғау және өсіру мәселелеріне қатты көңіл бөлдік дей келіп, сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің көршілес бес ел халықтарының тұрмысы үшін аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Теңіздің құқықтық мәртебесінің әлі күнге шешілмеуі әрқайсымызға да өзіндік проблема тудырады. Сондықтан да біз жағалаудағы елдердің болашақтағы қарым-қатынастарын нығайтатын құқықтық мәртебе туралы конвенцияны дайындау процесінің белсенді жүргізіліп, тезірек дайын етілуін тілейміз. Бүгін біз конвенцияға қол қойылуы керектігін бірауыздан мойындадық. Енді ирандық әріптесіміз М.Ахмадинежадтың ұсынысы бойынша Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция бір жылда дайындалатындығы жөнінде тиісті ведомстволарға тапсырма бердік, деді Қазақстан басшысы. Ресей Президенті Д.Медведев пен Түркіменстан Президенті Г.Бердымухаммедов те саммиттің табысты өткенін атап өтті. Д.Медведев шекараны делимитациялау ісі аяқталған соң теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау да қиын болмасын ескертті. Біз енді осындай саммитке жылына кем дегенде бір рет жиналатын болдық, деді ол. Осының өзі біздің ынтымақтастығымыздың арта түскенін көрсетеді. Саммит жұмысының барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен және Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежадпен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастардың кейбір мәселелері жөнінде әңгімелесті. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті туралы да пікірлер алмасылды. Сөйтіп, Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының Баку саммиті нақты мәселелерді шешуге қол жеткізген табысты жиын болды. Жақсыбай САМРАТ – Бакуден. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.