Астанада өткен бірінші қазақстандық лин-форум осы мәселеге арналды
Кеше Астанадағы “Rіxos Президент Астана” қонақ үйінде “Жаңғырту – үдемелі индустрияландырудың басты факторы” атты халықаралық конференция болып өтті. Оған Үкімет пен министрліктердің өкілдері, Парламент депутаттары, халықаралық сарапшылар, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары қатысты. Осы конференция аясында АҚШ, Ресей, Германия, Жапония, Үндістан елдерінің экономика мен жаңа технологиялар жөніндегі сарапшыларының қатысуымен “Бірінші қазақстандық лин-форум” болып өтті.
Бұл форумда еліміздің нақты секторын қалай жаңғыртуға болады, қазақстандық кәсіпорындардың өнімділігін арттырудың қандай жолдары бар, әлемде қолдауға ие болған лин-технологияны қалай енгіземіз, ол бізге не береді деген сұрақтарға мамандардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің, халықаралық сарапшылардың ұсыныстарымен жауаптар әзірленді.
Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев форум қонақтарына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің құттықтау сөзін оқып берді және Қазақстандағы индустрияландырудың барысы, экономиканы жаңғырту мәселесі туралы баяндама жасады.
Әсет Исекешевтің айтуынша, қазіргі таңдағы Қазақстан экономикасындағы үлкен проблемалардың бірі құрал-жабдықтардың ескіруі мен моральдық тұрғыдан тозғындауы болып отыр. Осының салдарынан өнеркәсіптің қуат шығындау деңгейі дамыған елдерге қарағанда 30 пайыз артық. Металлургия саласында құралдардың ескіруі орта есеппен 58 пайызды құраса, мәшине жасау саласында да осы деңгейде. Мұның өзі еңбек өнімділігіне кері әсер етуде. Мәселен, Қазақстанның мәшине жасау саласында бір адамның еңбек өнімділігі 10-17 мың долларды құраса, шетелдерде бұл көрсеткіш 90 мың долларға дейін жетеді.
Осы жағдай Қазақстан өнеркәсібіне жоғары өнімді, қуат үнемдегіш технологияларды, сонымен қатар, жаңа менеджмент енгізуді қажет етіп отыр. Осы бағыттағы дамыған шетелдерде қолданысқа енгізілген технологияларды лин-технологиялар немесе үнемді өндіріс деп атайды екен. Форум барысында осы жаңалықты Қазақстан экономикасына жаппай жұғысты етудің жолдары талқыланды.
Форумда сөз сөйлеген “Lean Plus” институтының директоры Майкл Вейдер (АҚШ) Қазақстанға лин-технологияларды енгізудің бірқатар жақсы мүмкіндіктері барын атап көрсетті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан экономикасы орта есеппен алғанда 10 пайыздық көрсеткішпен дамыған. Бұл даму қарқыны жөнінен әлемдегі 13-ші экономика деген сөз. Соның ішінде индустриялық өндірістің өсімі жөнінен 14-ші орынға табан тіреген. Бұл Қазақстанға жаңа технологияларды енгізуге артықшылық беретін жағдай. Екіншіден, Ресей, Қытай, Үндістан сияқты үлкен рыноктар Қазақстанның қасында тұр деп айтуға болады. Міне, осы рыноктарға еркін ену үшін де лин-өндірісті өркендету керек.
Майкл Вейдердің айтуынша, лин-өндіріс дегеніміз тек қана жаңа технологияларды енгізу емес, бұл, сонымен қатар, жаңа менеджментті әкелу, ұйымдағы еңбекке деген көзқарасты жаңадан құру деген сөз.
Аталған жаңалықтың тырнақалды жобалары біздің елімізде де жоқ емес екен. Мәселен, Қарағанды облысындағы “Қайнар-АБК” ЖСШ осы технологияны енгізу арқылы бір өнімді өндіруге кететін уақыт шығынын 5-6 есе қысқарта алған. Кәсіпорын шығаратын аккумуляторлар үлкен бәсекелестікке төтеп беріп, кез келген шетелдік рынокқа еркін ену мүмкіндігіне ие болған. Кәсіпорын басшысы Ербол Ажмағамбетов форумда өз тәжірибелерін ортаға салды.
Форумда басқа да көптеген шетелдік сарапшылар сөз алып, лин-технологияларды енгізу Қазақстан экономикасының болашағы екендігіне мән берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.