Біз – қазақстандықтармыз!
Икрам ХАШИМЖАНОВ, ОҚО өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Егеменді ел болып, іргемізді тіктегенде Президент Н.Назарбаев көпұлтты мемлекетімізде этносаралық қарым-қатынастың жаңа моделін ойлап тапты.1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы консультативтік кеңесші орган ретінде құрылды. Уақыт өте келе оның құқықтық мәртебесі кеңейіп, “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заң қабылданып, ұйымдық жағынан күшейді. Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлауға құқылы болды.
Шынында да, бүгінде Ассамблея Қазақстан халқының ортақ мінберіне айналып, әлеуметтік мәні зор мәселелер кеңінен талқыланатын болды. Біз осындай қоғам құра алдық деген мақтаныш сезімі көңіл қуантады.
Қазіргі кезде ЕҚЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде ұлтаралық және дінаралық қатынастар проблемалары қайтадан өзекті бола түскенін байқамау мүмкін емес. Еуропада орныққан құндылықтар жүйесі мен жедел өсіп келе жатқан ұлттық этностар мәдениетінің арасындағы жанжалдар байқалады. Еуропанің түрлі өңірлерінің өмір салтын, дәстүрлерін, мәдениетін, этностық тарихын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ та, батыстық өркениеттің құндылықтары әлемнің басқа өңірлерінде де, сол секілді батыс қоғамының ішіндегі этностар тарапынан сөзсіз құрметтелуі тиіс деген қағида да сондайлық әділ болып шығады. Біздің Ассамблея мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысу идеяларын жақтайды. Көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде Қазақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, нәсілшілдікті, ксенофобия мен антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ұйымның айтарлықтай қуатты әлеуетін пайдаланып келеді.
Қазіргі таңда, Елбасы атап өткендей, АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания секілді өркениетті елдердің және өзгелердің де Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты әлемде баламасы жоқ бірегей қоғамдық институттың жұмыс тәжірибесін зерттеуге ден қоюлары – ұлттық саяси бағытымыздың дұрыс, қолға алған істеріміздің шынайы өмірмен үйлесіп жатқандығының бір көрінісі.
Бұл қоғамдық құрылым – ұлт пен ұлыстар достығының, бірлесіп өмір сүруінің, сөйте отырып қоғамдық, мемлекеттік, халықаралық мәселелерді шешуге бірге араласуының жарқын мүмкіндігі. Кез келген елде ешқандай ұлтаралық қақтығыссыз өмір сүруге болады, мұны бүкіл әлемге Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты, мемлекет басқарудағы жарқын қызметі, Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі өмірі дәлелдеп отыр.
1995 жылдан бері аталған қоғамдық институт этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарып келеді. Мен ҚХА-ның әрбір сессиясында айтылған міндеттерге ыждағаттылықпен мән беріп келемін. Әрбір сессия жылдан жылға ерекшеленіп келеді. Ассамблеяның алғашқы сессияларында 40-қа жуық этномәдени бірлестіктер қатысқан болса, бүгінгі күнде олардың саны 800-ден асты. Мемлекет басшысы біздің алдымызға патриоттық тәрбие, азаматтықты және мемлекеттік тілді нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді бағыттар бойынша тың міндеттер жүктеп, жаңа идеялар тудырушы, мемлекеттің ұлттық бірлік саясатының сенімді тірегі болу талаптарын қоюы Ассамблея қызметінің жаңаша сипат алғанын аңғартады.
Міне, сол себепті біз “Әртүрлі этносты бір тудың астына біріктіру” деген ұстанымды дүние жүзіне танытуымыз қажет. Танытып қана қоймай, таратуымыз қажет. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі 4 ұранның бірі – Төзімділік осы мақсатты көздейді. Бұл, ең алдымен, бүкіл әлемдегі еларалық ынтымақты, бірлікті, татулықты көздегендіктен туып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы Ассамблеясы, оның құрамындағы этномәдени бірлестіктер өткен 15 жыл бойы ел тәуелсіздігінің орнығуы, Қазақстанда тұратын халықтардың қилы да қиын тарихи тағдыры, бір шаңырақ астында татулық пен достыққа селкеу түсірмей бейбіт өмірге қол жеткізген жағдайын насихаттап келеді.
Президентіміздің Ассамблеяның 15-сессиясында: “Бүкіл Қазақстан мен оның әрбір этносының тағдыры үшін ең алдымен Ассамблея мүшелері, мына сіздер жауап беруге тиіссіздер. Сіздер бірлігі жарасқан Қазақстанның абыройы мен беделінің, ғасырлар бойы қалыптасқан жарасымды салт-дәстүрлерінің жанды айғағысыздар”, – деген сөзі әрбір оңтүстікқазақстандық этномәдени бірлестік басшысының көңілінен кетпейді, жадында жатталып қалды.
Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты теңгерімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Мемлекетіміздің өзегі, оның дамуы мен қалыптасуында шешуші тарихи рөл атқарушы – қазақ ұлты. Сол үшін де қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің кешенді шаралары қолға алынып, Қазақстан халқының белағашы болатын қазақ мәдениетін өркендету ісі шешімін табуы тиіс. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбек этномәдени бірлестігі ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар ісі жөніндегі жоғары комиссары Кнут Воллебекпен 2009-2010-2011 оқу жылдарына келісім-шартқа отырып, өзбек тілінде білім беретін мектептерде билингвалды және көп тілді білім жүйесін дамытуда. Бұл дегеніміз – сабақ ұлттық тілмен қатар, мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ассамблеяның соңғы сессиясында Елбасы ішкі арманын да жасырып қала алмады. “Егер Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен бүкіл көпұлтты Қазақстан мемлекеттік тілге бет бұрса, біз бұдан бір-бірімізге жақын бола түсіп, бір-бірімізді жақсы түсінетін боламыз... Мен, сірә, екі тілде бірдей сөйлеуге тура келетін сирек Президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсінетін күнді армандаймын”, – деді Елбасы мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталған сәтінде. Осы ретте өзбек қауымы қазақ тілінің тынысын кеңейтуге өзінің үлесін қосып келеді және алда да қоса беретін болады.
Қазақ тілінде еркін, таза сөйлеп тұрған өзге этнос өкілдерін тыңдау, олармен пікірлесу адам жанына ерекше шуақ құятын, қуаныш сыйлайтын ғажайып сезім болса, күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, мұндай отандастарымыздың саны мемлекеттік қызметтің әртүрлі салаларында көбейіп келе жатқанына өзіміз де куәміз. Бұл жәйт мемлекеттік тіл саясатының дұрыс бағытта келе жатқанын айғақтайды.
Ұлтаралық татулықты нығайтуға қосқан үлесі үшін жыл сайын бірнеше азаматтар лайықты марапатталып, өзгелерге үлгі болып келеді. Таяуда өткен ҚХА-ның ХVІ сессиясында 10 азамат Ассамблеяның 15 жылдығына орай “Бірлік” алтын медалімен марапатталды. Соның ішінде біздің жерлесіміз, өзбек этномәдени бірлестігінің “Мейірімді аналар” қорының төрайымы Парахат қажы ана Хажиметова да бар. Парахат қажы – 11 перзент тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты ана. Оның кең пейілі мен мейіріміне өз балаларына ғана емес, өзге балалар да бөленіп отыр. Сайрам ауданындағы №4 балалар үйіндегі 341 жетім баланы бауырына басып, үнемі қамқорлығын аямайды. Әр мерекеде сыйлықтар таратып, жетімдердің маңдайынан сипайды. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасыларға да көмегін аямайды. Мәселен, өзбек этномәдени бірлестігі өткізген “Апат айтып келмейді” акциясына Парахат ана 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Осы қайырымдылық акциясынан түскен 2 300 мың теңге қаражат Сарыағаш ауданындағы су тасқынынан залал көрген отбасыларға жіберілді.
Өркениет өнегесі – өз дәстүріңмен өмір сүру. Бұл мақсатта да Қазақстан мемлекеті барлық этнос өкілдеріне кең молынан мүмкіндіктер беріп, бар қажетті жағдайды жасап қамқорлығына алып отыр. Тарих бізді көпұлтты ел ретінде қалыптастырды. Оны біртұтас мығым мемлекетке айналдыру үшін бізге тыныштық пен бірлік аса маңызды. Қазір жер бетінде тыныш жатқан ел кемде-кем ғой. Осыны еске алғанда, “шүкір, еліміз тыныш” деп кеудемізді кере бір тыныстап қаламыз. Ол – ең алдымен біздің елімізді мекендеген ұлыстардың татулығының, дәстүрлі достығының, мемлекетіміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім саясатының арқасы. Бұл ел Президентінің қазақ жерін мекендеген түрлі этнос өкілдеріне әділдікпен қарауының нәтижесі деп білемін.
Бірлік пен ынтымақ басты қағидамыз дейді Семейдегі корей этномәдени бірлестігінің мүшелері Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізді мекендейтін түрлі ұлттар мен ұлыстар қазақ жерін туған еліміз деп ардақ тұтады. Ел тұтастығын сақтап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы – мемлекетіміздегі бірлік пен келісімнің ордасы. Халықтың ізгі тілегімен құрылған этномәдени бірлестіктер жылдар бойы көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелердің шешілуін қамтамасыз етіп, салт-дәстүрлерін сақтауға, тілі мен дінінің жаңғыруына оң ықпалын тигізіп келеді.
Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне көшіп келуге мәжбүр болған түрлі ұлт өкілдерінің қатарында корейлер де бар. Олар қоныс аударған кезден бастап кең пейілді қазақ халқының қамқорлығына бөленіп, өсіп-өркендеу үстінде. Сол үшін корейлердің қазақ халқына ризашылығы шексіз. Семейдегі корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Римма Тэн осылай дейді. Семейдегі бірлестіктің ашылғанына биыл, міне, 20 жыл толып отыр. Осынау ширек ғасырға жуық уақытта көпұлтты Қазақ елі корей мәдениетінің сақталуына да қомақты үлес қосты. Мұның бір дәлелі тағдыр жазуымен аттарын Андрей, Василий, Лена деген сияқты орыс есімімен атауға мәжбүр болған корейлер енді Қазақстанда өмірге келіп жатқан сәбилерін Пак Си, Су Ел деген сияқты байырғы есімдермен атауды жөн көріпті.
Осынау этномәдени бірлестік Оңтүстік Кореямен де тығыз қарым-қатынаста екен. Қажетті кітаптар мен корей мәдениетіне қатысты құрал-жабдықтар сол жақтан әкелінеді. Үш жылдан бері корей тілін үйренушілерге арнайы курс ашылған. Курста тек корейлер ғана емес, өзге ұлт өкілдері де оқиды. Бірлестікке 400-ге жуық адам мүше болса, олардың жартысынан көбі жастар көрінеді. Жастардың арасында қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақтың салт-дәстүрін де бір кісідей білетіндер өте көп екен. Корейлер мұны ел құраушы халыққа деген құрмет деп таниды.
– Біздің бірлестіктегі барлығымызды қуантатыны – Семейде тұратын 350 корейдің өзара бірлігі жарасқандығы. Біз тек ән айтып, би билеумен ғана шектеліп қалмаймыз. Бірлестікке мүше азаматтардың біліктілігін арттыру мақсатында жұмыстар жасап келеміз. Барлық игіліктің бастауында болған Қазақстан Президентін біз қашанда қолдаймыз және Елбасының ел бірлігіне қатысты бастаған жобаларын жүзеге асыруға атсалысамыз, – дейді этномәдени бірлестік мүшесі Светлана Ни.
Светлана Ни ханым – осыдан 20 жыл бұрын корей этномәдени бірлестігін құруға атсалысқандардың бірі. Орталықта корей ұлтының ұлттық аспаптары бар. Солардың бірі – самульнури деп аталады. Салт-дәстүр бойынша, самульнури мемлекеттің бірінші адамы алдында немесе ел-жұртқа қадірлі мейман келгенде ғана қолға алынады. Аталған барабан биыл Ассамблеяның 15 жылдығында ойналған екен. Осы жерде біз Римма Тэн ханымды әңгімеге тарттық.
– Қазақ халқының “Бипыл, бипыл, бипыл-ай, тартшы құрбым бір күйді-ай” деп айтылатын жақсы бір әні бар. Естуімше, корей халқының бипа деп аталатын күй тартатын ұлттық аспабы бар екен. Сондай-ақ, мына ұлттық киімдеріңіз қатты қызықтырады. Ұзын әрі кең, жүріп-тұруға қолайлы. Ер адамдар да әйелдер сияқты шаштарын ұзын етіп өсіріп, түйіп алатындары не себепті?
– Қазір ғалымдарымыз зерттеп жатыр, қазақ пен корей халқының салты да, тамыры да бір, екі халық та тілдік құрылымы жағынан алтай тобына жатады. Өткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяға сапарында біз тағдырлас, тамырлас халықпыз деп айтты ғой. Шынында да бізде қоңыр үнді сіздердің домбыраға ұқсас бипа аспабы бар. Шашқа келсек, ер адамдар үйленгенге дейін шаштарын өсіріп, төбелеріне түйіп алады. Бұл оның атақ-дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Салтымыздың бір ерекшелігі де осында жатыр. Кейінгі кезде Қазақстанның барлық телеарналарынан көрсетілетін корей телесериалдарынан байқасаңыздар, әйел адамдар да сондай көрікті етіп шаштарын түйіп алады. Олардың да шаш түйістеріне қарап, кім екенін, қай топқа жататынын оп-оңай айыруға болады.
– Сериал демекші, қазір теледидарда жүріп жатқан “Құйынды мекен”, “Ханзада Жумонг” фильмдерін тамашалайсыз ба, қанша дегенмен де арғы ата-бабаларыңыздың туған жері ғой дегендей, тағы бір сауалымыз қазақ жеріне қоныс аударғанда Оңтүстік Кореядан көшіп келдіңіздер ме?
– Иә, сериалдар Оңтүстік Кореянікі, бірлестігіміздің гүлденуіне де оңтүстіккореялықтар көмектесіп отыр. Бірақ біздің әке-шешеміз Солтүстік Кореядан қоныс аударған. Жалпы, ата-анамның Солтүстік Корея қос Кореяның да арғы түбі деп айтып отыратыны есімде қалыпты. Қоныс аудару себебі – уақыт қысылтаяң, тәртіп қатаң болды. Дәл қазақтың жеріндей берекелі де тыныш ел әлемде некен-саяқ. Мұны біз бағалауымыз керек. Шыны керек, сериалдарды көргім келмейді. Өйткені, ру-руға бөлінген халық бір-бірімен соғысып жатыр. Кинода тарихи шындық көрсетілгенмен, өзара соғысқанды көргеннен қиын ештеңе жоқ, дегенмен, бұл менің жеке пікірім деп есептеңіздер.
– Қазақстандағы этностар өздерінің тілдерін, ділдерін, діндерін сақтап, алаңсыз ғұмыр кешуде, – деп тамсана әңгімелейді Римма Ивановна. – Өскелең ұрпақ та Қазақстан атты мемлекетті сүйіп өсетіні ақиқат. Бүгінде Астана төрткүл дүниеге танымал қала, жер жүзіндегі рухани-мәдени орталыққа айналып келеді. Елордада өткен халықаралық маңызды іс-шараларға шетелдік меймандар тұрақты түрде қатысып жүр. Олардың ұлтаралық татулық тұрғысынан Қазақстаннан үйренері көп деп білемін.
Қазақстанның шаңырағы – ұлттар мен ұлыстар татулығының алтын арқауы. Ассамблея қоғамдық келісімнің кепілі, бірлік пен достықтың дәнекері екендігі рас. Тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдерінің жұмыла жасаған игілікті істерінің арқасында бірліктің қазақстандық бірегей үлгісі қалыптасты. Тек бірлік пен ынтымағы бар мемлекеттің ғана болашағы кемел. Абай мен Шәкәрім, Мұхтар сынды ынтымағы жарасқан ұлылар жерін, рухани орда Семей өңірін жүзден астам ұлт пен ұлыс мекен етуде. Ал қаланың өзінде он төрт этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Осылардың арасында корей этномәдени бірлестігі де қазақпен етене іс-қимыл танытып, еліміздің ертеңі үшін жұмыстануда.
Семей.