Жақында Білім және ғылым министрлігінде ғылымды дамытудың бүгіні мен болашағына арналған мәжіліс болды. Оған төрағалық жасаған министр Бақытжан Жұмағұлов қатысушылардың ғылымның ең өзекті мәселелерін бүкпесіз, ашық және жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алдына диверсификациялы, берік және инновациялық экономика құру туралы стратегиялық маңызды міндеттер қойды. Оның негізгі бөлігіне нәтижелі және тиімді ұлттық инновациялық жүйе ретінде қызмет ететін жаңа ғылыми орталықтар енуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа ғылыми-технологиялық деңгейге көтерілу үшін жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибені меңгеруіміз қажет.
Жоғары білім мен ғылымның зияткерлік пен материалдық-техникалық жиынтық қорларының бірігуі, ең алдымен, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетінің дамуына және тиімді қолданысқа қол жеткізуге, ғылыми мектептер мен ғылыми-педагогикалық ұжымдардың берік қалыптасуына алып келеді. Жоғары дәрежелі ғылыми қызметкерлерді дайындаудағы ескі жүйе өмір талабынан алшақтап қалды. Сонымен қатар, шетелдік әріптестермен салыстырғанда Қазақстан ғалымдарының әлемде жарық көрген жұмыстары саны айтарлықтай аз.
Дегенмен, бөлінетін қаражаттың аздығына қарамастан, соңғы жылдары оқымыстыларымыз халықаралық дәрежеде едәуір жетістіктерге жетті. Оны атап өтпесек ақиқаттан аттағандық болар.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ірі университеттер ұлттық және аймақтық инновациялық жүйенің қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Ондай оқу орындарының білім беру үдерісінде және инновациялық ізденістерде мүмкіндіктері мол. Олардың бюджеттік айналымы кейде университет қаржысынан әлдеқайда жоғары болатын тұстары бар. Мәселен, Стэнфорд университеті электрондық техника шығаруға бағытталған кәсіпорын ретінде “Силикондық өңір” деген атпен бәрімізге таныс. Бұл кәсіпорын экономикалық даму тұрғысынан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, құрылым тиімділігін танытуда. Ал жетістіктерінің басты сыры – компанияның білім ошағына жақын орналасуынан деп білеміз.
Осыған байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мүмкіндіктері мен болашағы туралы айта кетсем деймін. Пайымдауымызша университет әлемдік брендтерден еш кем емес. Бәрімізге белгілі білім ордасы Алматы қаласының ең әдемі өңіріне орналасқан 85 гектар жерді алып жатыр. Шағын қала деуге тұратын университет аумағында мектептер, кадр дайындайтын факультеттер, лабораториялық базалар, Елбасының тікелей қолдауымен құрылған нанотехнологиялық орталық бар.
Университетте математика, энергетика, химия, биотехнология, құрылыс материалдары және басқа да салалар бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Университет құрамында мемлекеттің стратегиялық және ұлт мүддесіне қатысты қолданбалы зерттеулер жүргізетін басым бағыттағы еншілес мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істейтін 8 ғылыми-зерттеу институты мен 20-дан астам орталықтар бар. Сол секілді білім орнында инновациялық кәсіпорындар, бизнес-инкубаторлар, инновациялық кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын дамыту желілері орналасқан. Университет инновациялық белдеуін қалыптастыруға, нарықтық-кәсіпкерлік құрылымды технологиялық бағытта жүргізуге мүмкіндік жасайды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында көрсетілген барлық ғылыми-зерттеудің басым бағыттары, білікті мамандарды дайындауды жетілдіру, сондай-ақ Республика үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мақұлдаған индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіледі. Мұның бәрі ғылым, білім, бизнес, өндіріске бағытталған университеттік кластердің құрылуына алғышарттар жасайды. Қазіргі кезде білім алу өмір мен биотехнологиялар әлеуметтік-гуманитарлық білім және технологиялар, “Универ-сити” Мәдени-тұрмыстық, тәжірибелік-өндірістік, инновациялық бизнес орталықтары, технопарк, мейманхана жүйелі жұмыс істейтін ҚазҰУ-дың төрт жылға арналған ғылыми-оқыту инновациялық кластерін құрудың тұжырымдамасы жасалды.
Біздің ғалымдарға қазіргі кезеңдегі ғылыми-техникалық жетістіктерді, жаңа технологияларды коммерциялау әдісі тиімді болмай тұр. Бүгінгі күні бұған қарапайым адамның қолы жетпейді. Себебі, заңда қарастырылмаған еді. “Ғылым туралы” жаңа заңның жобасында мұндай бап көрсетілді.
Сол алқалы жиында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ел ғылымының алдында тұрған іргелі мәселелерді атап өтіп, оның ішінде төрт нысанға ерекше тоқталды.
Біріншісі, Астана қаласында ашылған “Назарбаев Университеті” еді. Жаңа университет, бұл – мемлекетіміздің дамуына, ықпал ететін өте маңызды ұлттық жоба. Сонымен қатар, қазақстандық дербестікпен үндесетін халықаралық білім берудің, ғылыми практиканың үздік моделі – ұлттық бренд. Назарбаев университеті мамандықтары экономиканың басым бағыттарына, үш жаңа ғылыми орталыққа негізделген. Өмір ғылыми орталығы ағза органдарын, жасанды жүрек пен өкпені, жасушаларды ауыстыруды және медицинаның өміршеңдігін зерттеуді әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарымен бірлесе отырып жүргізеді. Энергетикалық зерттеу орталығы энергетика, физика, жоғары энергетикалық техниканы жаңарту мәселелерімен айналысады. Тақырыпаралық аспаптық орталық лабораториялық және конструкторлық базасы бар инжиниригтік негізінде дамиды.
Елбасы берген тапсырманы орындау үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында 6 инновациялық-білімдік бірлестік (консорциум) құрылды. Бүгінде толық пайдаланылмай отырған ғылыми-техникалық саланың негізгі бөлігінің бірі – кадрлық әлеует. Бұл ғылымды дамытуда, білім берудің ықпалдастығын арттыруға тікелей тәуелді. Мұны министр екінші өсу нысаны ретінде атап өтті.
Қазіргі кезде “Парасат” Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі АҚ бірнеше ірі мекемелерден құралған. Өз қызметінде АҚ басты назарды ғылыми жаңалықтарды және жаңа технологияларды коммерциялау, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу сияқты маңызды, әрі өзекті салаға аударуы қажет.
Ғылым және білім министрлігі Әлемдік банкпен бірігіп “Технологияларды коммерциялау” жобасын іске асыруда. Жобаның құны 75 млн. АҚШ доллары. 2011 жылы байқаулардан сүрінбей өткен жобалар грант қаржысына жұмыс істейтін болады. Бұл жоба – төртінші нысанды құрайды.
Талқыланып жатқан “Ғылым туралы” жаңа заңда көптеген түйінді мәселелер қарастырылу үстінде. Ғылымды басқару жүйесін модернизациялау көзделген.
Жоғарыдағы жиында министр заң жобасына қатысты мына мәселелерді атап өтті:
бірінші, ғылымды мемлекеттік басқару және қаржыландыру жүйесін дамыту;
екінші, ғалымның және ғылыми қауымдастықтың беделін арттыру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту;
үшінші, зерттеулер нәтижесіне талапты күшейте отырып, мемлекеттік қаржыландыруға қолжетімді ету;
төртінші, белгілі ғалымдардың қатысуымен мамандандырылған мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасауды қалыптастыру;
бесінші, ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерциялау үшін құқықтық шарттар және ықшамдалған рәсімдер ұйымдастырып отыру.
Осы арада “Ғылым туралы” заң жобасындағы үш жаңалықты ерекше атауға болады.
Біріншіден, ғылыми мекемелерді (базалық қаржыландыру) және ғылыми жобаларды (гранттық және бағдарламалық-мақсатты) қаржыландырудың қайнар көздері нақты көрсетілген.
Базалық қаржыландыру, яғни мемлекеттік ғылыми мекемелердің инфрақұрылымы мен мүліктерін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындар тайға таңба басқандай дәйектелген. Бұл заңға енгізілген тың жаңалық болып табылады.
Ғылым ғылыми-техникалық қызметтің қаржыландырылуы, бірінші кезекте, мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Екіншіден, ғылыми-зерттеулер “Мемлекеттік сатып алу” заңынан шығарылады. Себебі, бүгінгі қолданыстағы заңда ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар таңдауға арналған байқауларды ұйымдастыру мәселесі күрделеніп кеткен.
Үшіншіден, басқару ісін оңтайландыра отырып, артық бюрократиялық килігулерге тосқауыл қою.
Осыған орай, Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметі кеңейтіледі, Ұлттық ғылыми кеңестер қалыптастырылады, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың Ұлттық орталығы құрылады. Бір сөзбен айтқанда ғылымның көсегесін заңды ғылыми зерттеулер көгертеді.
Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылым жөніндегі проректоры.