Биылғы жылдың 24 желтоқсаны – қазақтың қайталанбас біртуар қайсар ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған күні. Баршаға аян, тау тұлғалы дарабоз батырымыздың бір ғасырлық тойын артындағы қара орман қазағы дүркіретіп тойлап, ерекше ықыласпен атап өтуде. Алматыдағы батырдың есімін иеленген №131 мектеп лицейі де ерлік пен елдіктің киесіндей болған батыр аталарының мерейтойына орай “Мәңгі тірі Бауыржан Момышұлы” деген ашық тәрбие сағатын өткізіп, бабаларына өз құрметтерін көрсетіп, атап өтуді мақсат етіпті.
Бауыржан аталарының ерлік істері мен ғибратты өнегесін өрен ұрпаққа ұғындыруды мақсат еткен бұл шара алдымен батыр аруағына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды.
– Біз батыр атамыздың атымен аталатын мектепте оқимыз. Білім ұясы төріндегі атамыздың жарқын бейнесі мұнда келе жатқан біздерді адалдыққа, адамдыққа, ерлікке шақырып: “Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет етіп, халық үшін қан төгуден аянба” деп тұрғандай, – деген жүргізушінің саңқылдаған дауысы жиналған оқушылардың жүрегіне шым-шымдап жетіп жатқандай сезіндік. Сондай-ақ оқушылар Ұлы Отан соғысы қазақ халқының моральдық күш-қуатына қиямет болғанын, осы жойқын ұрыста қазақтар өздерін жауынгер ретінде, халық ретінде көрсетіп, майданның аяғына дейін өзге бауырлас халықтармен бірге тар жол, тайғақ кешуден өтіп, Жеңіс туын асқақ желбіреткенін паш етті. Сұрапыл соғыста елдің батырлығын, қайтпас қайсарлығын танытқан Қазақстанда жасақталған 28-гвардиялық панфиловшылар дивизиясының ерлігі жайында өлең жолдарын оқыды.
Жамбыл облысының, Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында кіндік қаны тамып, ер жеткен бала Бауыржанның есейе келе: “Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің”, демекші, сын сағатта ер намысын, жер намысын ту етіп, қиындыққа төтеп берген қасиеттерін оқушылар бірінен кейін бірі іліп алып жеткізіп жатты. Әсіресе, атаның “Мен халқымның ұлымын” деген шығармасын орындау әсерлі шықты. Онда:
“Ерлік аспаннан түспейді. Ерліктің екі түрі бар. Еңбектегі ерлік – соның бір түрі. Жалқаулар арамызда әлі де кездеседі. Содан кейінгі бір ерлік бар. Мен ойлаймын, бәрінен жоғары – отбасындағы ерлік. Әкеңді, шешеңді сыйлай білу де ерлік. Кейбіреулер сыйламайды. Жұбайыңның қадірін білу, балаларды өсіру, тәрбиелеу ол да – ерлік. Баланы тәрбиелеу әркімнің қолынан келе бермейді. Қазақтың бір тамаша мақалы бар: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”. “Текті жердің баласы” дейді. Бүгінгі күннің ерлігі – осы”, – делінген.
Тәрбие сағатында батырдың көзін көрген белгілі ақын Шөмішбай Сариевтың жүректен тебірене айтқан естелігін балалар ықыласпен қызыға тыңдады.
– Мен ол кезде “Жұлдыз” журналының поэзия бөлімін басқаратынмын. Оның редакциясы Жазушылар одағының үшінші қабатында орналасқан. Жоғарыдан түсіп, буфетке кофе ішуге келе жатқанмын. Алдымнан таяғын тықылдатып Баукең – Бауыржан Момышұлы келе жатыр. Мені танымайды. “Ассалаумағалейкум”, – дедім дауыстап. Ол жалт қарап, көзінен от шашып, мұртын тікірейтіп, таяғын сол қолына алып, маған әскери адам ретінде “честь” берді. Содан соң қолын ұсынып амандасты. Мен ол кісіні көрген сайын тағы да дауыстап амандасамын, ол кісі “честь” береді. Осылай бес-алты рет қайталанғаннан кейін, бір күні амандассам “честь” берместен, мұртын тікірейтіп: “Ер соңыма?” – деді. Мен ердім. Кафеге барып екі кофеге тапсырыс берді. Ақысын төлейін деп едім, төлеткізбеді. Маған айтқаны: “Шенің қандай?” деді. Мен КазГу-дің әскери кафедрасында дайындықтан өткен лейтенант едім, өзімді көтеріп “аға лейтенантпын” дедім. Сосын Баукең: “Мен полковникпін. Саған бұйырамын: “Мына кофені ішесің?” – деді.
Шынында да батыр ата бүгінде аңызға айналған адам. Ол кісі: “Жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, жетпеген арманда кетті. Отан соғысында өлгендерді ұмытпайық. Өзіміз өлгенше олардың аттарын аузымыздан түсірмей, жазғанымызда қағаздан қалдырмай айта берейік. Оларға біздің дұғамыз сол болсын! Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады. Өлгенге бақыт керек емес. Өлінің бақыты тірінің тірлігінде”, – деп соғыста шейіт болғандарды қашанда естен шығармауды үндесе, енді міне, мектептегі кеш сондай қасиетті сөз айтқан, әлемге ерлігімен аты шыққан батырдың өзіне құрмет жасап, ұрпақ жалғастығын көрсетуде. Баукеңнің Отан қорғауға үндейтін отты пікірлерінің маңыздылығы бүгінде құнын жойған жоқ. Сондықтан да, кеште батырдың ұлағатты ойларынан үзінділер оқылып, қанатты сөздер жатқа айтылды. “Болмасын соғыс, болмасын” әні орындалды.
– Әрбір шәкіртімізді, болашақ қазақ азаматын батыр ата жүріп өткен өмір жолымен, шығармашылық биігімен таныстырып қана қоймай, батыр ата бейнесі арқылы елін, жерін қорғар болашақ ерлерді, қаһармандарды тәрбиелеу – қоғамымыздың, егеменді еліміздің ұлтжанды азаматтарын тәрбиелеу, – деді бізге 7 “А” сыныбының жетекшісі Балкенже Әлиманова. Ал мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Б.Құсайынова мұндай ашық сабақтың үйретері мол, баланың Отанды сүюге бағытталған тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
Иә, қазақ халқы батырларға кенде емес. Олардың рухына тағзым етіп, бізге бақытты, бейбіт күнді сыйлағандарды құрметтеп, даңқын көтеру – бәріміздің міндетіміз. Батыр Бауыржан үлгісі бізді елді, жерді, Отанды, тілді сүйіп, құрметтеуге баулиды. Ол кісінің қаламынан шыққан әр дүниесі әрқайсымыздың кітап сөремізде болуы тиіс. Оны оқып, өзімізге тәлім-тәрбие алып, батырлыққа, ерлікке талаптануымыз керек. Бейбіт күн сыйлаған батырлар даңқын әрқашан биік ұстайық.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Алматы.