Биылғы жыл әлемдегі беделді ұйымдардың бірі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық тізгінін берік ұстаған еліміз тарихына айрықша оқиға болып жазылатыны сөзсіз. Оның үстіне 1-2 желтоқсан күндері бүкіл төрткүл дүниенің назары Қазақстанның елордасы – Астанаға ауады. Яғни, ЕҚЫҰ-ның 7-ші саммиті аясында әлемді толғандырған күрделі мәселелер талқы таразысына түсіп, көп көкейіндегі ойлар әңгіме өзегіне айналатын болады.
Бұл ретте халықаралық қауіпсіздікті нығайту, толеранттылық ұғымын беріктендіру, өзара түсіністік идеясын алға тарту секілді қағидаттарға сүйенетін Ұйым қызметін ширатудағы саммиттің рөлін ерекше атап өтуіміз қажет. Біз саммит қарсаңында Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жаныш РҮСТЕНБЕКОВпен кездесіп, аталған көкейкесті проблемалар, оларды шешудің жолдары төңірегінде ой бөліскен едік.
– Жаныш Сұлтанқұлұлы, қазақ пен қырғыз жұрты сонау ежелден бауырлас әрі тағдырлас елдер екені белгілі. Сол себепті де олар бір-біріне деген шынайы ниеттестігі мен бауырластық тілегінен еш уақытта айныған емес.
Ал биылғы жылдың сәуір айында Қырғызстанда мемлекет билігіне деген халықтың ашық наразылығы бұрқ етіп, мемлекет саяси қиын жағдайда қалғанда ең алдымен Қазақ елінің қабырғасы қайысқаны анық. Қабырғасы қайысып қана қоймай, бауырлас елдің қайтадан өз еңсесін тіктеуіне барынша жәрдем беруге тырысты.
Ал Қазақстанның бұл тараптағы жауапкершілігін сол кезде қырғыз жұрты қалай сезінді?
– 2010 жыл Қырғызстан үшін көптеген ауыр сынақтарға толы жыл болды. Сәуір оқиғаларының алғашқы күнінен бастап Қазақстан Қырғызстандағы ушыққан жағдайдың бетін бері қарату мақсатында үлкен қадамдарға барды. Атап айтарлығы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде елдегі шиеленіскен жәйттердің күрмеуін шешу бағытында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі Жәнібек Кәрібжановты тез арада Қырғызстанға жібергені белгілі. Сол уақытта біз болып жатқан оқиғаларды үлкен үреймен, қорқынышпен бақылап отырған едік. Алдымыздан нендей күндер күтіп тұрғаны, оқиғалардың қалай өрбитіні дәл сол кезде белгісіз болатын. Яғни, сол кезде болашақты болжаудың өзі қиынға соқты. Ел үшін шешім қабылдауда әр минөт емес, әр секөнттің өзі маңызды еді. Міне, елдің басына қара бұлт үйірілген осындай шақта бауырлас ел – Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жасалған қадамдардың барлығы бізге үлкен демеу әрі қолдау болды. Біз оны айрықша сезіндік.
– Сіздің елде орын алған төңкерістің арты азамат соғысының тұтануына соқтыра жаздаған шақта Қазақстанның тек өзінің ғана емес, әлемдік қоғамдастықтың жан-жақты, сан тарапты мүмкіндіктерін пайдалану жолдарын қарастыруы, сол мақсатқа ұмтылуы үлкен пайдасын тигізді ғой...
– Әлбетте. Бұл орайда Қазақстан басшысының дер кезінде, күн аралатпай қабылдаған оң шешімдерінің әрқайсысы да қырғыз жерінде қалыптасқан жағдайларды оңтайландыруға бағытталғанын айтуымыз керек. Мәселен, Қазақстан Президенті АҚШ, Ресей және әлемнің басқа да ірі мемлекеттерінің іс-әрекеттерін тиімді үйлестіріп, қазақстандық әскерилердің күшімен тағынан тайдырылған президент Қ.Бакиевтің Қырғызстаннан тыс жерге жеткізілуін ұйымдастыра білді. Бұл күрделі шара аз уақыттың ішінде орындалып, Қырғызстандағы азаматтық қарсыласу мен соның салдарынан туындайтын саяси шиеленістің алды алынды.
Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстан өз кезегінде ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде Қырғызстандағы ушыққан жағдайды бір жүйеге келтіру бағытында Ұйымның алдына қойған басты міндеттерін орындай алды. Яғни, сол бір қиын-қыстау күндері аймақағы шиеленістердің алдын алу, дағдарысты жағдайларды оңтайландыру, елдің басына түскен ауыртпалық салмағын жеңілдету секілді мәселелерді бір жүйеге келтіруге тырысты. Қазақстан бұл мәселелерді ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және азаматтық секілді үш өлшемі бойынша жүзеге асырып, бұл бағыттарда тиімді қадамдарға бара білді.
Қырғызстандағы жағдайды ретке келтіруге ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының дер мезетте қабылдаған және жұдырықтай жұмылған күш-жігері де үлкен қолдау болды деп ойлаймын. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің Өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаевамен де сан мәрте кездесіп, күрделі мәселелерді шешудің жолдарын қарастырды. Бұл Қырғызстандағы саяси дағдарысты оңтайландыру бағытындағы әлемдік қоғамдастық пен халықаралық құрылымдардың өзара тиімді күш біріктіруінің айқын көрінісі болды. Посткеңестік кезеңнің тарихында алғаш рет халықаралық және аймақтық ұйымдар өздерінің күш-қайраттарын Қырғызстандағы дағдарысты бәсеңдетуге, сондай-ақ, елдегі саяси өмірді тұрақтандыруға бағыттай білді.
Биылғы жылдың 22 маусымында ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер делегация өкілдерінің арасына Қырғызстанның оңтүстігіндегі жағдайды ретке келтіру жұмыстарын күшейту бағытындағы тұжырымдама жобасы таратылды. Аталған жоба бойынша ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Орталығының мүмкіндіктерін арттыру және ЕҚЫҰ-ның Шұғыл полиция топтарының Қырғызстанға орналасуын қамтамасыз ету көзделді. ЕҚЫҰ-ның Шұғыл полиция топтары кейбір себептерге байланысты әзірше Қырғызстанға атбасын тірей қойған жоқ.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір елдің гуманитарлық көмегі екінші бір елді тығырықтан толық шығара алмайды деген тұрғыда сөз айтқан болатын. Десек те, Қазақстан тарапынан көрсетілген гуманитарлық бағыттардағы көмек-қолдау елге қаншалықты дәрежеде медет болды деп ойлайсыз?
– Қазақстан аз уақыттың ішінде Қырғызстандағы егіс науқанын қолдау үшін жанар май мен тұқымдық дәннің жеткілікті қорын жеткізіп үлгерді. Биылғы жылдың 11 қазанындағы өз жеделхатында Роза Отунбаева барлық қырғыз жұрты атынан Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы алғысын жеткізді. Соның ішінде ол Ош қаласын, сондай-ақ, Ош пен Жалалабад облыстарының елді мекендерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына үлкен материалдық көмек көрсеткені үшін де алғыс білдірді. Р.Отунбаева жеделхатында былай деді: “Жалпы көлемі 11 миллион АҚШ долларынан астам қаржыны құраған көмек Қырғызстанның оңтүстігіндегі шиеленіскен жанжалды ретке келтіруге, сондай-ақ, сол кездегі елдегі күрделі жағдайды тұрақтандыруға сеп болды”. Қазіргі таңда Қырғызстанға келген көмектерді пайдаға асыру үдерістері үлкен қарқынмен жүргізілуде. Бүгінде Ош қаласында 139 отбасына арналған көпқабатты екі тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары қолға алынып жатыр. Ош және Жалалабад облыстарының елді мекендеріндегі 1983 үйге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Баспана иелеріне қазірдің өзінде адрестік көмек көрсетілуде. Мәселен, баспаналардың іргетасын қалау 74 пайызға, қабырғаларын тұрғызу 41 пайызға, төбе жабындысы мен шатырын қалпына келтіру 11 пайызға дейін жүргізілмек. Ал Қырғызстанның оңтүстігіндегі 15 мыңнан астам тұрғынға қоғамдық бақылау жүргізудің негізінде гуманитарлық көмек көрсетілді. 2010 жылдың 1 қарашасында қалпына келтірілген үйлердің 40 пайызға жуығы тапсырылса, 15 қарашада тағы да 40 пайызға жуық, ал осы айдың соңына дейін 20 пайызды құрайтын қалған тұрғын үй құрылыстарын пайдалануға беру көзделіп отыр. Яғни, бұл – күн суытқанға дейін Қырғызстанның оңтүстігіндегі барлық жапа шеккен азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудегі негізгі түйткілді мәселелер шешіледі деген сөз.
– Нағыз ағайынның сыналар тұсы басқа қиындық түскенде көрінеді ғой. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз жерінде саяси-әлеуметтік ушығу өрбіген мезеттен бастап күні бүгінге дейін ондағы қалыптасқан әрбір жағдайды өз назарында ұстап отырғаны белгілі. Бұған Қазақстан Президентінің Қырғызстанның экономикасын еңсе көтерту бағдарламасын ұсынғаны айқын дәлел. Бүгінде бұл бағытта қандай нақты істер атқарылуда?
– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның Қырғызстанға көмегі тек материалдық көмек көрсетумен ғана шектелген жоқ. Иә, 2010 жылдың маусым айында Қазақстан Президенті әлемнің барлық көшбасшыларының ішінде бірінші болып, Қырғызстанның экономикасын көтеру және қалпына келтіру бағытындағы көп миллиондық бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынған болатын. 2010 жылдың 8 маусымында АӨСШК-нің Ыстамбұлда өткен 3-ші саммитінде Қазақстан Президенті үлкен мінберде сөз сөйлеп тұрып, әлемдік қоғамдастықты Қырғызстандағы күрмеулі мәселелерді шешудің ауқымды жобасын жасауға шақырған еді. Ал 2010 жылдың 4 шілдесінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында жоғары деңгейлі жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобының негізгі мақсат-міндеті – Қырғызстан экономикасына қажетті өзекті мәселелерді шешуге бағытталған мақсатты әрі тәжірибелі бағдарламаны әзірлеуді қолға алу. Сол себепті, Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің бірлескен күш-жігерлері негізінде Қырғызстанның Дағдарысқа қарсы бағдарламасының жобасы әзірленді. Бұл жобаның шеңберінде Дүниежүзілік банктен, Азия даму банкі мен ЕурАзЭҚ-тің Дағдарысқа қарсы қорынан жеңілдетілген қарыз тартылмақ. Бұған қоса, Қазақстан Президентінің басшылығымен арнайы гуманитарлық қор құрылатын болады. Бұл орайда, Қазақстан аталған гуманитарлық қорға алғашқы құрылтайшылық жарна есебінде 10 млн. АҚШ долларын салуды да мақсат етіп отыр.
– 10 қазандағы Жогорку Кенештің сайлауы еш талас-тартыссыз, демократия талаптарына сай өткені жария етілді. Енді оның нәтижелерінен не күтуге болады?
– Қазақстан биылғы жылдың 10 қазанында Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешіне сайлау өткізу үдерісіне бақылау жүргізуді жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Ал ол ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) және басқа да құрылымдардың тарапынан жоғары бағаланды. ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан парламенттік сайлаулардың бейбіт түрде өтуіне мүдделілік танытып, көршілес елде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің орнауына өз тілектестігін білдіргені де белгілі. Жалпы, бұл сайлаудан күтетініміз көп.
– Биылғы жылдың 1-2 желтоқсаны Қазақстан үшін тарих парағына үлкен оқиға болып енетінін білесіз. Мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі басқосуында Қырғызстандағы жағдай қарастырылуы әбден мүмкін. Астана төрінде өтетін ЕҚЫҰ Саммиті Қырғызстанның кейінгі тыныс-тіршілігіне қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қырғызстандағы жағдайды ретке келтіру өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Бұл ретте әлемдегі жетекші Ұйымға төрағалық ету шеңберінде Қазақстанның бастамалары болашақта ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін басқа елдерге үлгі болады деп ойлаймын. Бұған қоса, халықаралық қоғамдастық Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бері қалыптасқан этносаралық татулық пен конфессияаралық келісім үлгісіне айрықша мән беруі қажет деп санаймын. Бұл модельді ксенофобия, діни және ұлттық төзімсіздік орнаған Еуропаның және әлемнің өзге де елдеріне үлгі боларлық әмбебап тәжірибелер жиынтығы деп қарастыруға болады. Сол себепті де Қырғызстан 130 ұлт пен ұлыс татулықта тіршілік кешіп жатқан Қазақстанның аталған үдерісті де оңтайландыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдіріп, оның көтерген бастамаларын жоғары бағалайды.
Өзімнің бір сөзімде айтқанымдай, халықаралық және аймақтық ұйымдар посткеңестік кезеңнің тарихында алғаш рет өздерінің күш-қайраттарын Қырғызстандағы дағдарысты бәсеңдетуге, сондай-ақ, елдегі саяси өмірді тұрақтандыруға бағыттады. Бұл Қазақстан төрағалығы кезінде жүзеге асып отыр. Осының өзі біраз нәрсені аңғартады деп ойлаймын.
– ЕҚЫҰ – 56 мемлекеттің басын біріктіретін ауқымды Ұйым болғандықтан, ол бірінші кезекте қауіпсіздікті нығайту, жалпыұлттық татулықты бір ізге түсіру, бітімгершілік идеясын алға тарту секілді қағидаттарға сүйенетіні анық. Ал бұл әлемдегі экономикалық, саяси үдерістердің, толеранттылықтың орнығуына әсер етпей қоймасы анық. Осыған байланысты сіздің ойыңызды білсек дейміз.
– Егер естеріңізде болса, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық тізгінін ұстау қарсаңында халықаралық қоғамдастық пен оның кейбір өкілдері әр түрлі ой-пікірлер айтқан болатын. Яғни, олар Қазақстан секілді Орталық Азия мемлекеті төрағалыққа дайын емес деген желеумен кейбір кереғар пікірлердің ұшығын шығарып, сол арқылы Қазақстанға қатысты оң пікірлерді көмескілендіруге тырысты. Кейін Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында өзінің Ұйымды ұтымды басқара алатындығын көрсетті. Сол арқылы дүние жүзінің жетекші Ұйымына өзінің жоғары деңгейде төраға бола алатынына халықаралық қоғамдастықтың көзін жеткізді. Олар ЕҚЫҰ-ның жоғарғы мінберінде тұрған Қазақстанның көтерген бастамаларын, оларды орындау кезіндегі мемлекеттің күш-жігерін жоғары бағалады.
Қырғызстан бұл пайымдаулар мен бағалауларға толығымен қосылады. Себебі, Қазақстан Ұйым Саммитін өткізудің жаңа заманғы бастамасын ұсына білді. Ал тұтастай алғанда мұндай саммиттер халықаралық саяси конъюнктураның талабы негізінде, сондай-ақ, мемлекеттердің арнайы келісімі бойынша екі-үш жылда бір рет өткізілуі керек. Ал мұндай саммиттердің 11 жыл бойына өткізілмеуін 1999 жылдан кейін Ұйымға төрағалық еткен ел үкіметтерінің түрлі себептерге байланысты әлемдік державаларды ЕҚЫҰ-ның түрлі бағыттағы қызметтері бойынша ортақ ұйғарымға келтіре алмауынан деп түсіндіруге болады.
Десек те, Қазақстан бұл түйткілді мәселенің түйінін шешуге алғашқы болып қадам басты. Бұл ретте айрықша атап өтерлігі, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге күрделі кезеңде келіп отыр. Яғни, бүгінде әлемдік қоғамдастық жаһандық экономикалық дағдарыс, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, терроризм, гуманитарлық және экологиялық апаттар, кедейшілік, аштық, энергетикалық ресурстардың азаюы, этносаралық және дінаралық қақтығыстардың салдарынан орын алатын шиеленістер сияқты күрделі мәселелермен бетпе-бет қалып отыр.
Бірақ та, осындай қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Президенті өзінің батыл бастамаларға толы қадамдары арқылы өз елінің әлемнің жетекші Ұйымына төрағалық ете алатынына кім-кімнің де көзін мықтап жеткізді. Яғни, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді ұстанымы ЕҚЫҰ-ға қатысы бар барлық құрылымдарға жаңа міндеттеме жүктеп қана қоймай, олардың жаңаша бағытта жұмыс істеуіне және тың бастамалар көтеруіне жол ашты. ЕҚЫҰ-ға жаңа реформалық өзгерістер енгізу мәселесі қазақстандық төрағалыққа дейін де көтерілген болатын. Ал Қазақстанның реформаторлық қадамдары ЕҚЫҰ-ның құрылымына ғана емес, сонымен қатар, ондағы түрлі себеттердің арасындағы теңгерімділікті ұстап тұру үшін де қажет болды. Қазірдің өзінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қызметіне жаңаша серпін берді деп үлкен сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет. Қырғыз елі мен халқына тыныштық пен түсіністік, өсіп-өркендеу, берекелі де бақуатты өмір тілейміз.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.