Кісі тағдыры күнделік дәптер секілді. Қала тағдыры да адам тағдырына ұқсайды. Сарыарқаның төріне, ақ бұлттар етегіне орнаған алып қала Астананың тарихы бұл күнде тәуелсіздігіміздің алтын әріпті шежіресіне айналды. Дүние жүзінің атақты сәулетшілері Елбасының шақыруына құлақ асып, ат басын бұрды; жұлдызы биік мәртебелі бәйгелерге қатысып, өз есімдерін астанамыздағы зәулім нысандарға айшықты қаріппен өрнектей бастады. Ең әуелгі қылау түспеген ақ қағаздай жазира даланың бетіне жас қаланың нобай-нұсқасын сызған жапон сәулетшісі Кисе Курокава, Пирамида, Хан Шатырды өмірге әкелген ағылшын сәулетшісі Норман Фостер, қаланың кешенді құрылыстарын көркемдей құрған қазақ сәулетшілері – Сәрсенбек Жүнісов, Бақтыбай Тайталиев, Саматбек Бөкебай, Жұбаныш Әбдібаев қолтаңбасы әр тұстан кемпірқосақша құбылып көз тартады. Қайран қалмасқа амалыңыз жоқ!
Бір ғана Норман Фостердің Хан Шатырын тілге тиек етіп көрелік.
ХХІ ғасырдың технология жетістігін сәтті пайдаланған ғажайып құрылыс өзінің кеңдігі жағынан дүниеде некен-саяқ, ал Орталық Азияда жалғыз өзі. Жалпы көлемі 127 мың шаршы метр. Орталық тұғырының биіктігі 102 метр. Киіз үйдің уығы секілді жүздеген болат вант – тіреуіш туырлық секілді полимер қаптағышты шыркөбелек айналдыра көтереді. Атқаннан батқанға дейін күн сәулесі еркін түсетін түнікесі шаңырақ іспетті. Ішкі көрінісі ғаламат: бірде бұлбұлды бақ, келесіде шырайлы көл, түкпір төрде мөлдіреген көк теңіз – алмасып келіп көз тартады. Ауа райы қалыпты күйде ұсталады. Ойын-сауық кешенінің ішінде – гольф алаңы, сұлулық салоны, концерт залы, бес жұлдызды қонақ үйі, Green әмбебап сауда желісі – баяғы мың бір түн ертегісіндегі шығыс кереметіндей ерекше әлемге енгізіп, көңіл көншітеді. Құрылысты әсемдеген Украинаның атақты “Айсберг” компаниясы.
Ең ғажабы – ойын-сауық кешенінің ауа райы жыл он екі ай автоматты түрде реттеледі. “Айсберг” мұздатқышы әр залға өзінше жұпар ауа, самал жел, іңкәр жылылық желпуімен ерекше. Сол ғажайыпқа алғаш енген кісінің көңіл-күйі, бейне, тағдыр күнделігінің көркем жазуы секілді.
Хан Шатыр десе – дегендей! Құба дүз, жазира даланың жиегіне орнай қалған баяғы қас батырдың жорық қосыны секілді. Атам заманғы Күн Текті – Күлтегін, Білгір – Білге, Құт иесі – Құтлық, Тұңғиық – Тоныкөк, Шығыс ханы – Шыңғысхан жер еңбегін тескен дүбірлі жорықта әрі ыңғайлы, әрі жеңіл қос алып жүргені, тізгін тартқан жеріне дөңгелетіп шатыр тіккені кешегі тарихтан мәлім. Бағзы баба рухымен қайыра тірілген шатыр – самұрық құсша ұшып келіп, алапат даланың бетіне қазір ғана қона қалғандай, сірә. Күні кеше, қала күнінде Хан Шатырдың ашылу рәсіміне шамалы шегініс жасалық.
Астана әкімдігі қала күніне арнап зәулім кешеннің қас бетіне, көше іргесіне ашық стадион секілді – трибуна, кісі тізе бүгетін ұзына бойғы орындық, ортасында Елбасы, мәртебелі меймандар тізе бүгетін орынжай. Үстіне түкті пүліш. Көлеңкелі бастырманың оң қанаттағы Vіp-A бөлігіне бұрылып, белгіленген орынға тізе бүккеніміз сол. Мерекелік салтанат ду ете түсті.
Әуелі ат тұяғының дүбірі құлақ кесті. Ұзына бойғы алаңға батыр бабаның Ұлы Даланы сілкіп оятқан мың сан ғаскері кимелей лекіді. Көз ұшындағы теңгені жалғыз жебемен қағып түсірер садақшы, шауып бара жатқан ат үстінде найзасын шырқ үйірген сарбаз, шығыршықты торкөз кіреуке киген балуан денелі қолбасы бет алдымыздан құйғытып өткенде екпінінен жау ыққандай еді. Бой-басынан ұяты сезілген, “Қара жорғаны” билеп, буыны жоқ бұратылған арулар. Көз жанары от боп жанып ат жалына жабысқан бозбала. Жібек жолы керуенінің бас бұйдасын тартқан кәрияның көкірегі жыр мен сыр. Оқалы шапан, оюлы камзол киген күймедегі кербез кейуана ұзатылған қызша сызылады. Өтіп бара жатқан бұл да бір дәурен десейші!
Осы біздің Елбасына дүниені суретпен көретін, кеңістік пен сұлулықты құп үйлестіре білетін, түпқазық идеяны түкпірлеп сезетін сәулетшілік мінез қонған. Әуелгі нобай-нұсқасын өзі сызған Бәйтерек, атақты архитектор Норман Фостерге ой салған Пирамида, Хан Шатыр сөзіміздің куәсі.
Қарсы беттегі Хан Шатырға қарап отырып, магнит өрісіне тап болғандай арбаламыз. Бірде жартасты ұрып бұрқыраған теңіз толқынының сарыны, келесіде сағыныш ұйыған көңіл күйінің тағдыр күнделігі. Көркем жазудың құп үйлескен мәтінін оқығандай боламыз.
Біраздасын ұлттық дәстүр көшінің лекіген шеруі бітіп, концерт басталды. Күй атасы Құрманғазының “Сарыарқасы” сөйледі. Жүзге жуық аспап бір нотаның асты-үсті үнімен, зар заманнан – бар заманға құлаш ұрып қалықтай күмбірлейді. Сәлден соң рампа сәулесінің астына аяғын санап басып итальяндық ұлы тенор Андреа Бочелли шықты. Зағип жанның мұң мен шері бала жастан көкірегіне тұнған. Әнші дирижердің сиқырлы таяқшасын ауа лебінен сезіп, құбылған сазды құйқылжытқанда ғой – кісі жанын шүберекке түйгендей, алты айшылық қашықты қас қағым мезетте игергендей, тыңдаушыны ас та төк әсерге бөлеп әлдиледі-ай! Дүние кемпірқосақ бояуға малынып, көз алдымызда дөңгеленіп тұрды.
Осы кезде Хан Шатырдың шырқау биігінен сақ ханзадасы – Алтын адам аяңдап түсіп келе жатты. Әсерлі көрініс көзді суыра тартты. Мерекелік концерт аяқтала Хан Шатырдың төрінен отшашу атылды. От-дәрінің қалыңдығынан жер тітіреп, құлақ бітеліп, ауа сілкінді.
Отшашу соңынан мәртебелі меймандар қозғалды. Тіркесіп-ұшқасып Хан Шатырдың сахналы қақпасына беттейсіз. Мәртебелі меймандарға қосылып ғимараттың ішіне енесіз. Жағалай гүлзар бақ, ұлттық киім өрнектері, субұрқақ, сауда орны, мәрмәр жиектеген дөңгелек әуіз... қонақтар легі ғимарат ішін шыркөбелек айналып батыс беттегі, үлкен төрдегі үш жүз орындық кең сарайдың төріне шықты. Бас жақта мәртебелі меймандарға қойылған мәтіби дастарқан, төр иесінің маңайы роза гүлінің құшақ-құшақ гүлдестесі отшашуға ұқсайды.
Өзімізге бұйырғаны 13 нөмірлі дөңгелек үстел төрі. “Осы он үш саны өзіме бақ-береке әкеледі, Мемлекеттік сыйлықтың медалі 13 санды еді”, – деймін жанымдағы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Сейдахметқызы Айтжанова аруға жылы әзіл тастап. Көркем бойжеткен Жанар Сейдахметқызы Алматыдағы 12-ші қазақ орта мектебін үздік бітіргенін, өзімді баяғыдан білетінін айтып сөзге тартады. Дөңгелек үстелді шыр айнала тізе бүккеніміз сол. Жұрт жайғасып болды-ау деген мезетте Елбасы түрегеліп мәйекті сөзін төгілдірді. Дуалы ауыздың жан сарайыңды аралаған әуезді тілекті ду-қолшапалақтау іліп әкетті.
Арғы-бергіні ойласаң-ақ қиялың әр тарапқа кезіп кетеді. Бойыңды қай-қайдағы сезім билейді. Қолтығыңнан кие демейді. Жеті қат жер астынан, әлде заңғар биіктегі күмбез қабырғасынан күмбір-күмбір қоңыр үн құлаққа жетеді. Мына кеңқолтық, ақкөңіл, албырт қара орман қазекем Ұлы Далада молда торғайға ұқсап бұқпалап, шілдің қиындай тоз-тозы шығып тозып кетпесін деп, сүттей ұйып тіршілік кешсін деп, тақымы ат арқасына жабысып өткен кешегі түркі қағандары мен хандарының рухы қайта тіріліп келіп арамызда жүргендей. Ілкі дәуірде азан шақырып қойған аттары мүлде басқа болатын. Жасаған еңбегіне, сөзінің салмағына лайық жадымызда мәңгі сақталсын деп: бірін Күлтегін – Күн текті, бірін Ел тірегі – Елтеріс; бірін Білгір – Білге; бірін Тұңғиық – Тоныкөк; бірін Бес буын – Бумын; бірін Құт иесі – Құтылық; бірін Ел етуші – Елетміш деп – бәдізші баба есімдерін тасқа ойып мәңгіге жазып кеткен еді.
Алла бұйыртса біз-дағы бүгін ортамызды толтырып, ойдағыны түгендеп, төбедегіні келтіріп, Қызыр-Ілиясты алаңсыз пейілімен қайырылтқан Президентті – Елбасы деп түстеп, түгендеп отырмыз! Жан шуағында күн тұрғанда тұратын деген жауһар сөз жарықтық әз бабаның еміс-еміс жеткен лепесі, жан сыры, тірі сөздің ұйқасы мен ұнасымы болып естілгені. Аян бергені. Сары даланы жаңғыртқан аруақ шақырған үні ауыздықпен алысқан ат тұяғының дүбірі, тұма бұлақтың бітелмес көзіндей бұрқылдаған рух-жігері тұла бойыма шымырлап құйылғаны. Сары далада сағым қуып жүрген кілең елес-сұлбалар: “Аруақ! Аруақ!” десіп, бас құрап келіп Хан Шатыр астына пәтуаға бас құрағандай.
Осы мезет ұстазым Әуезов жазғандай: екі кісі болып бөлініп, өзім той дастарқанында отырсам-дағы жан дүнием Елбасы сөзінің пайымына сусындағандай сезілді. Төр иесінің айтқаны Мағжан ақынның: “Көк түрік енші алып тарасқанда, Қарашаңырақ қазақта қалған жоқ па?” – деген лепесті қайталап тұрғандай естілді. Сондай-ақ сөз арасында Төр иесінің мына заман ішін тартып деген ой орамының да астарында сыр жатыр. Қара орман қазақ арғымақ аттай аршындап алға түспесе екен, тұсаулы текежәумітше митыңнан аспаса дейді бәзбіреулер. Біреуге қарап пікір етеміз, біреуге қарап шүкір етеміз. Расын айтсақ: шетел ешкімді мақтамайды, тек қана күштіні мойындайды.
Қазақстан туралы көре алмаушылық бар, түсінбеушілік бар, асыра сілтеушілер бар, мақтан тұтушылар бар, жүрегінің төріне ұстаушылар бар... Солардың бәріне Елбасының әлгідей ірі сөзі, ақ-адал еңбегі, қылдан таймас қажыр-қайраты арашашы. Әділін айтушы. Біреу аспандатып мақтайды, біреу аспандап жүріп биіктегі Елбасының көзіне түссем, назарына іліксем дейді бұл өзінің мүддесі. Көптің пікірі емес. Елбасына қажеттісі – көптің пікірі.
Төр иесінің уәйімі – ұлы ақынның уәйімімен сабақтас. Дүйім жұрт қазақ десе – ештеңе білмейді. Қазақстан десе – батысқа, шығысқа – құбырмен құйылып кетіп жатқан мұнайды, уран шикізаты мол қиыр сахараны, ұланғайыр жер көлемін ғана көзге елестетеді. Самсап тұрған ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жүрек жұтқан халықты елестетеді. Бұл неғылған тәуекелшіл жұрт деп таңғалады. Әйтсе-дағы қазақты мықты халық ретінде мойындамайды. Жай ғана жүрген қара шаруа, дамушы ел деп шамалайды. Осының бәрі түсінбеген теріс пиғыл! Төр иесі қайтсем төрткүл дүниеге қара орман қазақты мойындатамын деп қам жейді.
Қазақ десе – кеңқолтық, төзімді, еңбегі зор, тері сор, ат жалында жүріп Ұлы Даланы сақтаймын деп бес мың жылдай тарих кешкен көзжұмбай тәуекел иесін біле түссе дейді. Қазақтың қадым қасиетін сезінсе дейді.
Мексика бұғазынан айналып Атлант мұхитын бойлай ағып жер дүниені қақ бөліп Мұзды мұхитқа жетіп таусылатын жылы ағыс – гольфстрим бар. Жерді орап ағатын ол ағыс болмаса Батыс Еуропаның біраз елі қараң қалып, суып кетер еді. Үскірік есер еді. Сол жылы ағыс лебінен қысы-жазы жап-жасыл көгал болып жатады. Түрлі жан-жануар көркейіп жетіледі. Жұрты алты ай көйлекшең жүреді. Әдеби шендестіруге жүгінсек: Ұлы Даланың ортасын ойып тұрып тіршілік кешкен қазақ ұлты жылы ағыс секілді жер әлемді жылытушы, ұйыстырушы күш. Кешегі бауыры суық соғыс жылдары шығыстан корей, батыстан чешен, қарашай, құмық, түрік, Қырым татарларын жеріне әкеп үйіп-төккенде – бауырына алып, алдына дастарқанын жайды. Кейінгі неміс, ұйғыр, өзбек, полякты бір атаның баласындай ғып құшағына сыйыстырып, төрінен орын беріп отырған осы қазақ – мұхиттағы әлгі гольфстрим – жылы ағысқа келеді.
Қазақ болмаса әлгі ұлт пен ұлыс ұйытқысы жоқ айрандай ішінен іріп кетер еді. Қазақ – сүттей ұйытушы, бауырына тартушы. Мұхиттың жылы ағысы қандай болса – ұлт пен ұлыстың қан тамыры, үлкен үйі, қарашаңырақ иесі осы қара орман қазекем де сондай!
Төр иесі қазекемнің ауызбірлікті, сүттей ұйытушы, қарашаңырақ күшін қозғап тебіренеді.
Әлгіде Хан Шатырдың алып сахнасында тыңдаушыны ұйытып қалықтата ән шырқаған Андреа Бочеллидің ариясынан итальян рухы желдей есіп, құлақ құрышын қандырып, шымыр-шымыр бойға сіңеді. Қыздар квартеті сүйемелдеп, қоңыр сазды құлпыртқаны құлақта қалды, көңілге балшекер сезім жұққызды.
Астана десе – тіл ұшына Назарбаев есімі оралады. Сөзі, сәулетті сезінетін дарынын танимыз. Көріп-біліп жүрміз: шетелдік қонақ сүйсінеді, серпіледі, риза болады, әйтсе-дағы бізді өздерінен ешқашан биік қоймайды. Өздерінен асырып мақтамайды.
Әр тарапқа алақтап адасатын біз емеспіз! Өзгелерді көбірек сөйлетіп, жақсысын жылдам үйреніп, мезгіл емтиханынан сүрінбей өтіп, үзбей жетілуге күш саламыз. Кеше ғана жас математиктеріміз дүниелік ақыл-ой бәйгесінде бесінші орынды иеленді. Есік-терезені қымтап жауып, өз-өзімізді қызықтап, ауыл арасының ұсақ әңгімесіне малдану – күпірлік. Қазіргі уақыт – аттың жалында, түйенің қомында жүргендей. Кісінің ақыл-ойы кемелденген сайын уәйімі молая түседі. Өз буына өзі пісіп теңселген мінездің күні өтті. Есеп берер емтихан – ауыр өткел аузына тақадық. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болдық. Бұрын бұл ұйым ақпай қалған тоған секілді батыстың ғана бас қосары еді. Қазір дүние мүлде өзгерді. Шығыс пен Батыстың арасына алтын көпір түсті. Сәлем түзелді. Күні ертең біздерді Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық төр күтеді.
Тоқмейілсу тығырыққа тірейді. Әлеуметтік текетірес мүйізі қағылғанша сүзіседі. Дүние дөңбекшіген мұхитқа айналып барады. Ақылдасатын, мақұлдасатын мезгіл жетті.
Мәңгі мұздардың түгесіліп, озон қабаты жұқарып, жол апаты, су тасқыны үдеп, ауа қызып келеді. Үміт – ең соңынан өледі. Сенім – үзіліссіз емтиханға айналды. Бүгін берген уәде ертең сәске түске жетпей ұмытылады. Осындай кезендінің кезінде қазақты таныту формуласын түзген төр иесін тереңірек пайымдайық, күндердің күнінде шарқ ұрып іздеп, өкініп жүрмейік дегің келеді. Төр иесінің сәулеткерлік, ақындық, шешендік дарынын тани түселік! Айтып салар, төгіп жазар ақындығы, шешендігі бір төбе, қарындашын қатты ұстап сызып салар сәулетшілігі өз алдына көшелі әңгіме!
Таразы басында – Елбасының ақ адал еңбегі, елім деп соғар жүрегі.
Сәуленің бос кеңістіктегі жылдамдығы секундына үш жүз мың шақырым. Кісінің назары, маңайындағы өмірді байқап, аңғаруы осыған жетеғабыл. Әсіресе өнерге қатысы бар төр иесінің байқампаздығы, алғырлығы ерекше. Бәзбір сөзі – кісінің назары іспетті.
Төр иесінің сәулетшілік мінез қыры екі жәйтті бел тұтады. Бірі – қара орман қазағым қуанса. Екіншісі – жат жұртқа, шет жұртқа қазақ таныла түссе. Төрт құбыласы түгенделсе, – деп тебіренеді. Тәуелсіз болудың жалғыз жолы – құрығанда өзгелер бір нәрсеңе тәуелді болсын. Бола алмай жүргендер болыса алмайды. Өз тағдырының ұстасы – өзге тағдырдың жай-күйін жылдам сезінеді.
Хан Шатырдың сәулетшісі Норман Фостер төр иесінің айтуымен Ұлы Даланың арғы-бергісіне жіті көз жіберіпті. Білгендігі: көкте тәңір, жерде біз, жалғастырушы – Түрк қағанатынан тараған ұрпақ. Жүрерін намыс, қонарын бақ біледі. Сайын сахараны еркін жайлаған жампоз. Кеңістік пен кейіпкер, кейіпкер мен уақыт – осы үшеуін бір мезгілге тоқайластыра білгені бәрекелде – е – е дегізердей! Шалқайып қарағанда басың айналатын ұшар биікке орнатқан күміс сақинасы кешкілік күнге шағылысады. Өмір бойы жау мен даудың ортасында, аттың жалы, түйенің қомында тағдыр күнделігін толтырған әз-бабаның рухы бетке жел боп тиеді.
Рафаэль суретшіден: “Сұлулық деген не?” деп сұрапты. “Өзіңе ұнайтын келбетке сәл ғана көркем сызық қоссаң, сол – сұлулық деп ”, жауап беріпті.
Норман Фостерден: “Хан Шатырды нендей мазмұнға иек артып сыздыңыз?” деп сұрағанда “Сіздердің Абай ақындарыңыз: “Жақсылық – ұзақ тұрмайды, жамандық – әр кез тозбайды” депті. Ұлы Далада күн тұрғанда тұратын мәңгі Ел болсын, алмағайып заманда Хан Шатырдың жұмыр бүйірінен әр кез жамандық – жел боп айналып өтсін... Мегзегенім осы”, деген.
Америка әдебиетінің классигі, бокс білгірі, ағылшын сәулетшісінің аттасы Норман Мейлер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары шаршы алаңның монстры аталған Форманды жер қаптырып, қабырға күйреткіш, он бес раундқа ентікпеген Фрезерді есеңгіреткен Мұхаммед Әлиді Президенттен кейінгі екінші адам деп жазған еді. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының от алауын жағар кезде ұлы боксердің жанарынан жүлгелеп аққан жасты көрдік. Дәурені қайтып бара жатқан адамның артына бұрылып қарағаны аянышты-ақ. Сол жолы Олимпиаданың ел мен елді жақындатар, ұйқылы-ояу жүргенді сілкіп оятар – құдірет-күшін сезіне түстік. Шүкіршілік еттік!
Мұны еске салып отырғаным, өмір көшкен керуен. Уақытқа әркім әрқалай олжа салады. Қайтсе-дағы соңғы жеңіс уақытта қалады. Төр иесі ой салып, сәулетші нобай-нұсқасын сызған Хан Шатырды, Пирамида мәңгілікпен сайысқа түскендей!
Төр иесінің жүрекжарды сыры мен мұңы Елбасыны төр иесі етті. Текетірес азайып, тілеуқор көбейді. Бұл күнде қазекемнің басы аман, бауыры бүтін. Кеше ғана дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік саммитінің төріне шығып бір басының бақытын – елінің бақытымен байланыстырған Елбасының сөзін дүйім жұрт есітіп тебіренді. Арғы-бергі философтар бақыт дегенді – тіршілік рахатын сезіну, жүректегі қанағат пен шүкіршілік деп түсіндіреді. Біз айтамыз: тақтағы патшаның, тақырдағы қарашаның тілегі – қамсыз, мұңсыз өмір, барақатты тіршілік. Сөз салса – сөзін, жөн салса – жөнін білгенге не жетсін. Елбасының жөн сілтеуі – халық ырысы, береке-бірлігі.
Сары сахарада сағым қуып, батыс пен шығыс алпауытының кешегі көзтүрткісіне айналған ұлтымыздың өз қолын өз аузына жеткізген, бақуатты еткен, басын төрге шығарған қазекемнің ұзына бойғы тарихын тірі сөз, сәулеткерлік шабытпен сөйлеткені қуантты.
Хан Шатырда жайылған дастарқан мәзірінде Президент – Елбасына тақай түсіп сәлемдестік. Көңілі сәуірдің таңындай сезіліп: “Халің қалай?” деді. Биіктегі кісінің беткейдегіні көре білгені ғанибет енді. Берік мінез, темір төзім, мемлекетшілдік мүдденің лепесі мен лебізі шоқ қызуындай бет шарпиды.
Адам – өткінші, кезеңді оқиғалар – бүгін елеулі, ертең көмескі. Мәңгілік – табиғат алақаны мен қас өнер ғана. Өркениет қарыштап, технократтық заман дәуірлеген сайын табиғаттың тазалығы азайып, кеңдік қушиып, сұлулыққа сепкіл түсті. Бәріне кінәлі ашкөздік, тойымсыздық. Бүгін алып қалайын, ләззат табайын, ертең кім келсе-дағы жұрттағы қоламтадан күл суырсын деген көзапара көзқамандық түбімізге жетіп болды. Қаталдық – қас қағым сәтте, бәле – бассаң аяқ астында. Өнерді күндіз қолымызға шам алып құтқарар жол іздеп шаршаймыз.
Осы күні құлақты жарған даңғырықты саз-әуен, музыка, кенептегі шимай-шатпақты шедевр деп қабылдайтын үргөппелер көбейді. Дүниені бетінен қалқып дағдыланған кісі жан қинамай жан бақсам дейді. Қас өнерді – танып алар пайым азайды. Жүрдім-бардым уәдемен, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп мәртебеге жетсек дейді.
Тағдырымыздағы көркем жазу – бүгінгі Астана.
Баяғыда, жас кезімізде ертеңгісін ұйқыдан тұра салып, терезені ашып жіберіп, қала иығына асылып тұрған асқаралы Алатауға бас иіп сәлемдескендей болушы едік. Таңғы жұпары жан сарайымызды ашып кететін. Ұшар биіктегі аппақ қар тазалықтың символындай сезілуші еді. Жүрегімізде тәкаппарлық оянатын. Дәп сондағыдай: жаңа қоныс – Астананың таңғы ауасы көкірегіңе сіңіп, жүрегіңе жетеді. Қол созсаң бұралып кеп құшағыңа кіретін бойжеткендей әдемі бір балғындық баурайды. Алыс көкжиектен төңкерілген бұлт үзілмейді. Тұнық судың сылдырын сезесің. Әсем ғимараттың салтанатын көресің. Әр тұс, әр жерден табиғаттың қайталанбас суретін танисың, жаныңмен байисың.
Мына Хан Шатыр, ана Пирамида Ұлы Далаға құйындай үйіріліп, сақадай шиырып кеп түсе қалған табиғат-құдіреттің кеңдігі мен беріктігі. Мәңгілікке қол созған қас өнер өрнегі, кемпірқосақ өрмегі. Күн сәулесін алғаш қабылдап, ең соңынан шығарып салар қасиет қонған ескерткіші. Ұлы Даланың ХХІ ғасырға қадам басқан қиырдағы қарауыл межесі.
Әйгілі скрипка ұстасы Страдивари өмірінде санаулы ғана аспап жасаған. Екі ғасырға ұласқан ғажайып аспапқа қол тигізіп, ойнап шығу төрткүл дүниенің некен-саяқ саңлақ сазгеріне бұйырады. Жаңғақ ағашынан үңгіп ойған, алты ай жаз теңіз толқынына батырып, тұз сіңіріп, қайыстай етіп, тағы бір жыл жел өтіне іліп, көлеңкеде кептірген ағаш өз-өзінен пісіп жетіледі. Бойына күн сәулесін, теңіз шуылын сіңіреді. Ызың еткен дыбысқа ыңғай береді. Өрік ағашының шайырын ысып өңін кіргізеді. Енесінің бауырында жетіліп, арда емген жүйрік байталдың құйрық қылынан – перне, жел жұлқыған жалынан – ішек өріледі. Бабына келіп толысқан аспапқа саз біткеннің киесі қонады. Әйгілі аспап ұлы ұстаның мұражайында, шыны сауыт – қаракөлеңкеде сақталады. Әлгі аспапта ойнау – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар кісіге бұйырады.
Сол скрипканы сөйлеткен виртуоз-біртуарлар ішінде Владимир Спиваков, Натан Мильштейн; қазақтың саңлақ сазгері Айман Мұсақожаева бар. Айман айтады: ұстаның киесі қонған аспап сезімтал кісі секілді – ауырады, шабыттанады, бойында діріл пайда болады, тұйықталады. Тілін білген кісі ғана сөйлете алады.
Сазгер сөзінің жаны бар. Астана ажарына ажар қосқан елеулі екі ескерткішті айрықша айтамыз: бірі – өркешіне күн секілді шаңырақ артқан сахараның сары бауыр бурасы, екіншісі – субұрқақ жиегінде аузын айға білеген көкбөрі, оның күжірейген көк желкесінде басында қалпағы, тыржалаңаш түрегеліп тұрған қарадомалақ сәби сұлбасы. Екеуінде мәңгілік ұлттық мазмұн, қадым қазақылық қалыпталған! Екі ескерткіштің мән-мағынасын келер ұрпаққа түсіндірер өнертанушы шығады. Әзірге көрсек те – көрмегендей, сезсек те – сезбегендей тұсынан өте шығып келеміз. Қас өнерді төбесіне көтере бағалаған, мән-мағынасын түкпірлей түсінген төр иесінің сөзіне тәнтісің. Көкірегімен сезгеніне куәсің. Аһ ұру, жалаң мадақ, жалғандықтан ада-күде, таусылып айтқан әр сұхбатынан Страдивари аспабындай әдемі леп, әуезді саз ойыңызды қозғап, қиялыңызды желеп-жебеп байыта түседі. Саз бен сөздің тегі бір екенін байыптайды. Елбасының сәулетшілік мінез қырынан хабар береді.
Өмір барған сайын күрделіленіп барады. Мемлекет – дүлей дауыл көтеріп дөңбекшіген мұхиттағы тау толқынмен алысқан кемеге ұқсайды. Әсіресе, сол кеменің штурвалында қас қақпай тұрған капитанға қиын. Қазіргі Елбасы – кеме капитаны. Абай айтқандай: “Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап кірпік қақтырмай отырғанымыз”, дегендей, кірпік қақтырмай аңдысқан сыртқы дұшпан қаншама. Әдеби шендестірумен сөйлесек: тау толқынның қақпақылына ұшырамай, Қазақстан кемесін су асты найзатасқа ұрындырмай, аңдысқанның арасынан қалың жұртын адастырмай алып шығу оңай болмады. Елбасы бір естелігінде: “Жылына елу мың шақырымнан астам ұшақ үстінде, мәртебелі кездесу сапарына уақытым жұтылады”, дегені бар. Жүз мың шақырым ұшақпен ұшқан ұшқыш зейнетке шығады. Осыған қарап уақыттың құрдымы ұшақ үсті ме деп ойлайсыз. Әр шаруаның басында күйіп-жану, әр шаруаны ұрынып істеу кісіні қажытады. Шаршаған кезде, бір пәс демалған мезгілде – Елбасы жұмсақ диванға көсіле кетіп... жұпар ауасын жұтқан кешегі Үшқоңыр жайлауын... алаңсыз жастығын көз алдына елестетіп қана... балдәурен балалық шағын еске түсіріп қана... бойына шымыр-шымыр күш құятыны кәміл. Жақсы естелік жан ләззаты. Жүріп өткен жолыңа ауық-ауық бұрылып қарау – ғанибет дүние.
Тек жақсыдан жалғасады. Адам бойындағы буыннан буынға үзілмей жалғасатын тек түзілімін ашып, 34 жасында Нобель сыйлығын алған ұлы генетик Джеймс Уотсон: “Адам ағзасындағы негізгі қасиет анадан беріледі”, дейді. Естелікке жүгінсек Президентіміздің анасы Әлжан реңді, жиын-тойда жарқылдап шығатын, көпке сөзін өткізетін, жанынан шығарып ән айтатын кісі болған. Үш ұлдың ортасындағы жалғыз қызы Әнипаның естелігінде “ойындағысын бүкпей айтып салатын, өткір кісі еді”, деген сөзінің жаны бар. Өткір кісілер ғана ұрпағын түзу жолға сала алады. Тіршілік толқынында малтығып қалмайды, тәуекелшіл болады. Төр иесінің сөздің иін қандырып айтып салатын мінез қыры анасынан, бәлкім.
Президент – Елбасының айтқыштығы, шешендігі былайғы өмірде жұмысбасты жүргенімен – қиын тұста арқасы ұстап, ажарланып шыға келетіні, шаппай бер жампоздығы – тегінен. Интеллект – өмірге өзінше қарау, өзіндік бет. Өзіндік беті бар кісі ғана жанартауға ұқсап жарып шығады. Джеймс Уотсонның: “Тектің кілті – кісінің алдына нендей мақсат қоя білуінде”, деген сөзінде үлкен мән жатыр. Ақынжанды адамдардың жүрегін қозғайтын көңіл күйі, уайым, жастықтың жасыл көгалын аңсау, туған жердің жұпарын сағыну сезімі – Елбасының-дағы ерекше көңіл күйінің пернесін басады. Халық жүрегіне бөленіп биіктеген сайын, табаны тисе күш алып кететін Антей секілді – тебіренгіш, тілеуқор, тәлімгер, тәнті бола түседі.
Ағылшын сәулетшісі Норман Фостер біздің Президентіміз – Елбасының ағасындай, бес жас үлкен. Салыстыра сөйлесек: Елбасының табиғаты, өз ортасынан иығы биіктеп, жанартауша жарқырап жүретіні ұлы архитекторға ұқсайды. Бізде заманына сай адамы дейді. Норман Фостер сәулетіне сай технократтық шешімі дейді. Қай нәрсенің түйінін құрылғалы жатқан нысанның тегершігінен іздейді. Бейжін әуежайы ма – жерден табаны ажырай бастаған алып ұшақ, Норвичтегі Сайнсбери-сентр жер ананың құшағынан сытылып, көкке ұмтылған ғарышкер сұлбасы, Суиндондағы Рено-сентр жер ананың құшағына ене түскен перзент сұлбасын елестетер. Фостердің әр жылғы құрған нобай-нұсқасы әйтеуір бір қырымен рекордтар кітабы Гиннеске енетіні кәміл. Бұл күнде дүниеде сәулетшінің алдына шығатын архитектор жоқ. Жаңашылдығы, жер әлемге тосын көзбен қарап, тың ұсыныс жасау жағынан Қазақстан лидерінің алдына шығатын саясаткер кем де кем.
Бұл сөзді сәуірдегі ядролық қарусыздану саммитінде Барак Обама айтты.
Дүниеге жаңаша қараудың виртуозы, жаңа өмір құрушы Елбасының тағдыр күнделігіне үңіле түссек, қызық жәйтке көз жеткіземіз. Рим папасының: “Сізді бағалай білу аз, сіздің айрықша қалыбыңызға тәнтімін”, – орысша айтсақ – “за Вашу исключительную цельность!” деген лепесі еміс-еміс құлағымызда қалған.
Ғажайып кешенді ғимарат кісіні тауға шыққандай биік әсерге бөлейді. Елдігіміздің тұғырына айналған Қазақ Елі, көк күмбезі жарасқан Тәуелсіздік сарайы, сахна-рампаны шыр көбелек айнала мың сан көрермен тамашалайтын Қазақстан концерт залы, төбесіне бұлт ораған Бәйтерек, бәрі-бәрі қосылып би болмаса да, би түсетін үй іспетті Хан Шатырын ортаға алып пәтуаға жиналған баяғының ханзадаларын еске түсіреді. Қарап отырып арқаңызды тауға сүйегендей тынысыңыз кеңіп, бойыңызға қорғасындай күш құйылып, тәуекелге бас тігесіз!
Сенім деген үлкен сөз. Сол сенімге басқыш болған, Астананы абат қылған – Елбасының тәуекелі.
АСТАНАДА желтоқсан айының басында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақ ұйымына мүше 56 елдің басшылары, мұның үстіне 65 халықаралық беделді ұйымның жетекшілері қатысатын Саммит өтпекші. Мұндай мәртебелі жиын бұрын-соңды Еуразия төрінде болған емес. Есімінің өзінен ат үріккендей, лебінің өзімен-ақ желдиірмен дөңгелеткендей алпауыт елдердің көсемдері самсаған уәзірлерімен келмекші. БАҚ өкілдерінің өзі баяғының ғаскеріне пара-пар. Бұрын-соңды болып көрмеген қарымы мол, жүрісінен жер қайысқандай қуатты жиынға байланысты төр иесі – Елбасымыз Қазақстан халқына арнайы үндеу жасаған еді: еліміздің тарихында мұндай жаһандық форум бұрын-соңды болған емес. Үлкен әңгіменің тиегін ағытқан пәтуалы басқосу елдің дамуына жаңа серпін береді, қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін әлдеқайда нығайтады.
Елбасының аузынан шыққан осынау сөзді, жоғарыда елестетіп өткен көркем мінезді қазақты таныту формуласы деп атағымыз келеді.
Бұл күнгі ұлтымыз өз сөзін айта білетін, өз төрін сыйлағанға ұсынатын қарашаңырақ иесі. Тектілік жалғасы. Қазақ қайсы дегенде – осындай деп көрсетерлік құдірет пен көсемсөз иесі. Елбасының Хан Шатырды ашу кезіндегі үлкен Саммит алдындағы айтқыштық, сәулеткерлік, реформаторлық мінез қырына аздаған барлау – осымен тәмам.