25 Қараша, 2010

Күтпеген алтын медаль

496 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
1, 5 миллиардқа жуық халқы бар Қытай 16 миллионнан астам халқы бар Қазақстанмен 23 қараша күні спорт аренасында екі рет жекпе-жекке түсіп, айналдырған бір сағаттың ішінде екеуінде де жеңіліс тапты. Бұл қыздырма, қызыл сөз емес. Грек-рим күресінің соңғы күнінде қазақтың түйе балуаны Нұрмахан Тінәлиев (120 кг) қытай алыбы Лю Деймен кілемге шықты. Азияның ал­ды болған бойы 2 метр қытайға са­рай толы жанкүйерлері жақ тартты-ай дейсіз... Бірінші кезеңде біздің балуанды партерге қойды. Нұрмахан маң­қиған Қаратау секілді былқ ет­педі. Екінші кезеңде төреші партерге қытайды қойды. Аш белге қос қолын өткізген Нұрмахан екі тол­ғағанда алып қытай аяғы серең­деп біздің балуанның бұрауында кетті. Жеңіс! Нұр­махан Тінәлиев – Жамбыл об­лы­­сындағы Шу ауданы­ның түлегі. Ма­рат Тұрлыхановтың тәліміндегі балуан Азия Олимпиа­дасының же­ңімпазы! Сол күні еркін күрестен кі­лем­ге түскен Дәу­лет Жұмағазиев (60 кг) бауырымыз қола медаль үшін бол­ған таласта Солтүстік Корея ба­луа­­­ны Ри Жонг­ты жеңді. “Жұма­ға­зиев өте талант­ты балуан. Финалда күресуі керек еді, тактикалық қате жіберді ” дейді Жақсылық Үшкем­піров ағамыз. Регби – жаужүректердің ойыны Нұрмаханның құрметіне қазақ байрағы көтеріліп, әнұранымыз ойнағаннан кейін регби жарысы өтіп жатқан сарайға асықтық. Қа­зақ­тың қыздар регби кұрамасы қытайлық құрамамен алтын ме­даль­дің тағ­дырын шешуге тиіс болатын. Регби – жаяу көкпарды көзге елес­тетеді. Алып сарайды лық толтырған жан­күйерлер Қытай құрамасын қолдап, құлақ тұндыр­ғанымен біздің бой­жет­кендер селт етпеді. Корей құрамасын 52:0,  Таи­ланд құрама­сын 22:14 есебімен жең­ген қазақ­стандықтарға қарсы ойна­ған, Үнді­стан мен Гон­конг құрама­ларын 42:0, 34:0 есебімен ойсырата жеңген алаң иелері бұл кездесудің фавориті саналған. Регбиде қолына доп алып жүгірген ойыншы оңбай­ды. Бір­неше адам бірден жабылады. Біреу құшақтап құласа, қалғандары қо­лын­д­ағы доп­ты алу үшін іліккен жерінен жар­масады. Шыбық тимей шыңқ етер футбол­шы­ларымыздың аяғына қар­сыласы­ның аяғы тиіп кетсе ойбай­лап тұрмай жатар еді. Ал біздің қыз­дардың ауыр­сынуға уақыты жоқ. Мем­лекетінің намысы үшін отқа-су­ға түсуге дайын. Осын­дай жан алып, жан беріскен ойын­да біздің қыздар 17:14 есебі­мен тамаша жеңіс­ке жетті. Бұл коман­далық ойындар­дағы тұңғыш алтын медаль! “Chіna” деп құлақты тұндырған қалың қы­тайдың ішінде 4 жур­налист қиқу салып тұр­мыз. Екі қызы­мыз­дың өңдері бал-бұл жанып, ал­қынып жетті. “Қазақ­станның бай­рағын беріңіздер!”. Ардақ То­ғымов пен менде бар еді. Іліп әкетті. 8 қыз екі жалауды төрт жағынан керіп, алып сарайды айналып зыр жүгірді-ай. Әттеген-ай, өз жан­күйерлеріміз жоқ. Әт­теген-ай: “Қы­тайды ала алмайды”, деп тележур­налистеріміз келмеген. Керемет түсірілім болар еді-ау!.. Бас бапкер­мен тілдестік. “Азия чем­пионатында Қытай құрама­сынан тас-талқан болып ұтылып едік. Бү­гінгі жеңісіміз өзімізді де таң­ғал­дырды. Қыз­дары­мыз кере­мет ерлік жасады. Қазылар әділ болды”, дейді. Бұл күні 3 алтын олжалауымыз да мүмкін еді. Ұзындыққа секіруші қызымыз Ольга Рыпакова алтын алған корей Жунгтан 3 см. ғана ұтыл­ды. Көрсеткіші 6.50 см. Оль­ганың алтыны алда. Үш қарғып секіруде. Құрлық рекордын жа­ңартқан одан осындай жеңіс күте­міз. Қазіргі бессайыста Лада Жиен­баланова бастаған қыздары­мыз Қы­тай, Корея төрттігін ғана алға салып, қола медаль жеңіп алды. 7 алтын, 14 күміс, 26 қола медалі бар Қазақстан бұл күні 7-ші орынға көтерілді. Бет қатталып жатқанда Азиада­дан тілшіміз телефон арқылы қор­жынға тағы бес қола жүлде түс­кенін хабар­лады. Оны жеңіп алған спортшылар – каратэ-додан Халид Халидов, бок­с­тан Саида Хасенова, ерлер ара­сында Данабек Сужанов, еркін күрес­тен Ермек Бай­дуашев пен Леонид Спири­донов. Осы күні төрт былғары қолғап шебері финалға шықты. Олар – Біржан Жақыпов, Данияр Елеу­сінов, Серік Сәпиев пен Иван Дычко. Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан”, – Гуанчжоудан (Қытай). * * * ЖАСТАР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ Таяуда Ресейдің Омбы қаласында кикбоксингтен өткен халықаралық тур­нирде отандастарымыз 3 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды. Кикбоксингтің “А” санаты бойынша өткен турнирге 15 пен 18 жас аралығындағы жасөс­пірімдер қатысты. Байрақты бәсекеге еліміздің 8 қаласынан жиналған үздік спортшылар мен елордалық №3 балалар мен жас­өс­пірімдерге арналған спорт мектебінің өкілдерін жаттық­тырушы Данияр Шымыров бастап барған болатын. Турнир кикбоксингтің “фулл-контакт” және “лоу кик” атты екі түрінен өтті. Жарыста Д.Шы­мыровтың шәкірттері сегіз түрлі дәрежедегі жүлделерге ие болды. Атап айтқанда, Нұрдәулет Мұхи, Еламан Тұраров пен Аяділ Бал­ғазаров алтыннан алқа тағынса, Серік Сейілбеков, Азамат Дүй­манов пен Сағыныш Мұхамет­жанов күміс жүлдені иеленді. Ал Дархан Төлеқожа мен Дәурен Меделбек қола медальдарды қана­ғат тұтты. Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.