Осы күндері көз көріп, құлақ естіп, ет әбден үйренді. Әммә қазақ қауымы, барша Қазақстан халқы биылғы желтоқсанның 1-2 күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өтетінінен хабардар. Үлкен-кішінің аузында: “Еуроатлантика және Еуразия аумағындағы жалпыға ортақ, бөлінбейтін және ұжымдық қауіпсіздікке арналған маңызды мәселелерді талқылау үшін Қазақстан елордасына ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет пен 12 серіктес елдің басшылары мен үкімет төрағалары, 69 халықаралық ұйым жетекшілері, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйым өкілдері мен 1000-нан аса журналист келеді”, – дейтін бір сөз. Құшақ ашқан меймандостық сөз! Және бұл сөз жай айтыла қалған әншейін сөз емес, бұл қазіргі Қазақия жұртының жүрек қалауы мен болашақ сеніміне деген үкілі үміт сөзі.
Қазақ жерінде өтетін бұл саммиттің мәні мен маңызы аса зор. Осы реттен бе, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ЕҚЫҰ қауымдастығына арналған өзінің бейнеүндеуінде төрағалықтың ұранын – “Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Толеранттылық” деп жария еткен-ді.
Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Толеранттылық! Төрткүл дүниеге тараған осы бір төрт сөздің астарында не бір сыр жатқандай. Солтүстік Америка, тұтас Еуропа және Азияның біраз елі мүше болып отырған, жалпы саны 56 мемлекет кіретін жаһандағы ең ірі халықаралық ұйымдардың біріне төрағалық ету кез келген мемлекеттің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Бұрынғы ТМД елдері бар, басқадай “сен тұр, мен атайын” дейтін алпауыт мемлекеттер арасынан суырылып алға шығып, ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету Қазақстанның еншісіне тисе, бұл да бір бұйрық – Алаштың абыройы, арқасы босаған, аяғы шешілген ерікті қазақ елінің жетістігі, Елбасының беделі!
“Бедел” дегенде, айтуға тиістіміз, бедел деген де күрес. Беделді көре алатындар да, көре алмайтындар да бар. Ондайлар іште де, сыртта да табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық сөз бола бастағаннан алдымен осындай адами пенделік “барьерден” өту керек болды, өтілді де. Қалған жағы, әрине, еңбек, төгілген тер, ізденістер... Төрағалық – сын. Жауапты ұйымға жетекшілік жасау үшін және мықты көшбасшы, аталы жұрт, ауданды ұлт, көшелі мемлекет болу керек, сөз сонда өтімді келер. Өнегелі елдің өресі биік. Қазақстанда осы компоненттер түгел бар-тын және қандай! Ұстаса етегі, жексе жетегі бар Елбасымыздың атақ-даңқы, шүкір, жеткілікті. Жас та болса тез жетілген мемлекетіміздің босағасы берік, шаңырағы биік екендігін қазір әлем мойындады. Сондықтан да ғой біздің елдің ЕҚЫҰ-ға төраға болуды көздегені. Әйтпесе өткелін білмей кім су кешеді. Сол себепті де көптеген кеңесулерден кейін, 2007 жылы Мадридте өткен жиында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы бірауыздан мақұлданды.
Осының бәрін жиып-теріп қорытындыласақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені бірінші кезекте Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың алдында жеке дербес мемлекет ретінде қалыптасқандығының арқасы. Өйткені, Қазақстан өзін халықаралық қатынастарда таныта білді, жаһандық мәселелерге белсене араласа отырып, аймақтық, әлемдік мәселелерді шешу үшін түрлі ұсыныстар жасап, бастамалар көтерді, идеялар тастады. Бір сөзбен айтқанда, жасалған жұмыстар жеткілікті еді. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: “Қазақстан үшін Орталық Азияның тұрақты дамуы – аса маңызды басымдықтың бірі. Еліміздің экономикасының дамуы бүкіл өңірге оң ықпалын тигізуде. ЕҚЫҰ-ның өзге де мемлекеттерімен бірге, Қазақстан қазіргі әлемдік құрылымның түйінді мәселелерінде Шығыс пен Батыстың арасын түсіністік арқылы жақындастыруға бағытталған ұмтылыстарды жан-жақты қолдайды”, – деді. Шынымен де, төрағалықтың алғашқы күнінен бастап Қазақстан бірнеше жылдардан бері бір тоқтамға келе алмай, дүрдараз болып отырған елдерді бітімгершілікке шақырды, олардың арасында бейбіт келіссөздер жүргізді. Бұған Таулы Қарабақ, Ауғанстан, Оңтүстік Кавказ, Днестр бойы, Қырғызстан, т.т. елдер мысалы толық дәлел бола алады.
Әлбетте, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге негізгі себеп болған фактор Елбасымыздың беделі болғаны даусыз. Содан кейінгі себеп, Қазақстанның әлем алдындағы қол жеткізген табыстары басты әсер етті деу орынды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде әлемді алаңдатып отырған күрделі мәселелердің шешілуіне оң ықпал жасады. Бүгінде, төрағалықтың 10 айы өткеннен кейін, ЕҚЫҰ елдерінің саяси элитасы және халықаралық сарапшылар қоғамдастығы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-дағы саяси басшылығының тиімділігі мен сындарлылығына жоғары баға беріп отырғанының өзі осындай қыруар жұмыстың, зор еңбектің нәтижесі. Бұған мысал көп. Мәселен, қазіргі таңда әлемдік сарапшылар “Орталық Азия елдерін қазақстандық үлгіде дамыту қажет” деген пікірді айтуда. Бұл тұжырым еліміздің өткен 20 жыл ішінде жеткен табыстарына қарай туындап отыр. Жақында Қазақстанға келген америкалық сарапшы М.Олкотт “Қазақстан – Қырғызстанды тығырықтан шығаратын бірден-бір ел” деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар көптеген әлемдік сарапшылар Қазақстан Орталық Азия елдері дамуының локомотиві ретінде аймақтағы жағдайды реттеудің бірден-бір факторы бола алатындығын айтып келеді.
Қысқасы, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында Ауғанстан төңірегінде елеулі шаралардың ұйытқысы бола алды. Үстіміздегі жылы желтоқсанның басында Астанада болатын ЕҚЫҰ-ға мүше Мемлекет басшыларының саммитінен күтеріміз көп. Егер 56 мемлекет басшылары бірігіп келісімге қол жеткізер болса, сеңнің одан әрі қозғалары сөзсіз. Бұл Қазақстанның әлем алдындағы беделін шарықтата түсері анық.
Жалпы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде осы уақытқа дейін әртүрлі іс-шаралар өтті деп, ауыз толтырып айтуға болады. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында біздің ел әлем жұртшылығының назарын Ауғанстан төңірегінде қордаланған мәселелерді реттеуге баса көңіл аударды. Үстіміздегі жылы Қазақстан мемлекеттік бюджеттен 50 млн. АҚШ долларын бөлу арқылы мың ауғандық жасты еліміздің жоо-ларында оқытуды бастап кетті. Инвестицияның ең маңыздысының жастарға бөлінген инвестиция екенін ескерген еліміз ауған жастарына білім беру, оларды заманауи құндылықтармен сусындату арқылы Ауғанстанның болашағы үшін игі іс атқарып отыр. Тағы бір айта кетерлік жәйт, Қазақстан осы уақыт аралығында Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде 6 мың тонна күріш, 2 мың тонна бидай, 1,3 мың тонна құрғақ сүт жөнелткен болса, аурухана, мектеп, балабақша құрылыстары үшін қаржылай көмек ретінде 3 млн. АҚШ долларын бөлген болатын. Мұндай игі шаралардың әрмен қарай жалғаса берері сөзсіз. Осы секілді гуманитарлық шаралар тек саяси үлгіде ғана емес, қарапайым адами құндылықтар тұрғысынан өзге елдерге үлгі боларлық мәселе. Біздің Президентіміз арадағы 11 жылдық үзілістен кейін Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу туралы Ұйымға мүше 56 мемлекетті ымыраға келтіре алды, бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты және тиімді төрағалық еткендігінің жарқын айғағы.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі жинаған тәжірибеміз, Саммит өткізудегі мәртебеміз біздің болашағымызға да үлкен әсері болмақ. Еліміздің саяси-демократиялық дамуына оң ықпал етеді. Осының барлығы өз тәуелсіздігін алған елімізді басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының іске асқанын білдіреді. Бір кездері қазақтың тұңғыш Президенті бала кезінде: “Егер келешекте қолымнан іс келетін азамат бола қалсам, қазақ деген халықты дүние жүзіне танытып, терезесін тең етер едім”, – деп армандайды екен. Елбасының сол арманы бүгіндері іске асып отыр. Алдағы саммит Қазақ елін дүние жүзіне танытып, терезесін тең етер ХХІ ғасырдың ең басты, ең маңызды оқиғаларының бірі болмақ. Өйткені, Қазақ елінде өтетін бұл басқосуда алдағы онжылдықтағы жаһандық қауіпсіздік, ынтымақтастық және гуманитарлық қарым-қатынастарды анықтайтын айтулы, тағдырлы шешімдер қабылданады деп жоспарлануда. Орындалған арман деген осы!
Осындайда бәрі еске түседі. ...1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі республикада президенттік билік институтын енгізу туралы заң шығарып, сессияда ел Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады. Ұзамай “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы” декларация қабылданды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында қазақтың сан ғасырлық тарихында Қазақстан халқы бірауыздан өзінің тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Назарбаевты салтанатты жағдайда сайлады. Бұған жалғаса сол жылдың 16 желтоқсанында “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң” бекітілді. Қазақтың нағыз күткен күні, міне, нақ осы күннен басталады. Бұдан кейінгі күндер мен жылдарды бір сөзбен өрлеу жылдары десек те болар. Жаңару, жаңғыру басталды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі санаулы күндерде “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Заң қабылданып, 1992 жылы республиканың Қарулы Күштері, Республикалық ұлан, ішкі және шекара әскерлері құрылды. 1993 жылы сәуір айында еліміздің Әскери-теңіз күштері жасақталды. Елдің мемлекеттік жаңа нышандары, мемлекеттік наградалары қабылданып, 1993 жылы Қазақстанда өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Бұлар мемлекетімізді қалыптастырудың ең қажетті нысандары еді. Енді 1993 жылдың 28 қаңтарында республика егемендігінің қалыптасуын заң жүзінде аяқтаған алғашқы Конституция дүниеге келді. Соның негізінде республика ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдерін, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды.
Өмірде сара жол жоқ. Тәуелсіздіктің бұралаң жолы – жаңа сүрлеуі, әрине, қиындық әкелмей қоймайды. 1994-1995 жылдар оңайға тиген жоқ. Сол жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы: “Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығамыз. Тәуелсіз Қазақстан Дәулетіне Сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шат тірлік орнар”, – деп еді. Бұл – болашағына сенген басшының сөзі-тін. Әйтсе де ауыр қиыншылықтарды бастан кешірген еліміз 90-шы жылдардың соңынан бастап тұрақты даму жолына түсті. 2000 жылы Қазақстан нарықтық экономикалы ел мәртебесіне ие болды. Содан кейінгі бес жылда ел экономикасы 10 пайызға өсті. Қазір Қазақстанның ішкі жалпы өнімі Орталық Азия мен Кавказдағы жеті елдің ішкі жалпы өнімінен асып түседі.
Бүгінгі таңда елдегі басым міндеттердің бірі бәсекеге қабілетті экономика құру болып отырғанын жұрттың бәрі біледі. Мемлекетіміз таяу арада БСҰ-ға кіруге, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарында көрінуге ұмтылуда. Үмітті ел саясатта болсын, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын өзгелерге үлгі болатындай дәрежеде дамуды мақсат етсе, бұл үшін “Қазақстан – 2030” атты Стратегиялық бағдарлама қабылдап, еліміздің 2030 жылға дейін дамуын алдын ала белгіледі. Нәтижесінде Қазақстан экономикалық реформаны жүзеге асыруда кешегі Кеңес Одағы республикаларының алдына шығып, ұстанған экономикалық модель дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бастады. Қазақ елі осылайша қоғамның саяси жүйесін, заң шығарушы билікті, атқарушы билікті реформалаудың нәтижесінде халықаралық, демократиялық талаптардың үдесінен шыға алған ел атанды. Елімізде өмір сүретін сан ұлт өкілдерінің тең дәрежеде дамуына қолайлы жағдай туғыза отырып, қазақ халқының өз жерінде тілінің, дінінің, мәдениетінің өркендеуіне қол жеткені қуаныш. Бір кездері өз елінде саны 29 пайызға дейін құлдыраған халқымыздың саны қазіргі кезде республика тұрғындарының 63,9 пайызын құрайды. Мемлекеттік тілдің дамуына қамқорлық жасалып отыр. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Қазақтың елордасы – Астана дүниеге келді! Әзіз қазақ жұртын, оның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлын бүгінде барша әлем таниды. Сайып келгенде, осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы! Осыған орай Елбасы: “Дүниеде тәуелсіз ел бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату ынтымақты халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен жемісті болашағы бар”, – деп әлемге жар салып еді, сол сөзі ақиқатқа айналды. Ендігі жерде байырғы “Күлтегін” жырында айтылған:
“Біліксіз қағандар отырған екен, жалтақ
қағандар отырған екен.
Әміршілері де біліксіз екен, жалтақ болған екен.
Бектерінің, халқының ымырасыздығынан,
табғаш халқының алдауына сенгендігінен,
Арбауына көнгендігінен, інілі-ағаның дауласқандығынан,
Бекті халқының жауласқандығынан, түркі халқы елдігін жойды”, – дейтіндей ағайын арасындағы алауыздықтан, бірлігі жоқ елдіктен, ымырасыздығы кеткен халықтан, біліксіз биліктен сақтасын деу орынды.
Қазақ қазақ болғалы қазаққа бірлік пен тұтастық басты тақырып болып келген. Астана Саммитінің негізгі арқауы да осы тақырып. Бұл қағиданы біздің Елбасымыз да берік ұстанады. Соның бір айғағы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті: “Қазақстан ешқашан да бірде-бір аймақтың “айыл тартпасы” болмайды, ешқашан да оның “кіші інісі” болмайды”, – деді. Мұның елшілдік бір көрінісін Шортанбай ақын айтыпты. Көне жырау:
Зар, зар заман, зар заман,
Зарлап өткен тар заман.
Мынау ақыр заманда
Алуан-алуан жан шықты,
Арам, араз хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты,
Кедей қайтіп күн көрер? –
Сол себептен қорқамын!
Келе жатыр жақындап
Ай мен күннің арасы.
Таңда мақшар болғанда,
Таразыны аударар
Залымның қылған күнәсі.
Тәуба, таупық келтірмес
Азған елдің молдасы.
Жаһаннам деген дозақта
Шайтан болар жолдасы.
Құбыласын білмей құл,
Сонда тартар жазасын.
Кешірмейді Құдайым
Бес намаздың қазасын.
Құрт-құмырсқа жиналып,
Кетірер оның мазасын.
Сақта, Құдай, сонан деп,
Сол себептен қорқамын! – деп өтті.
Қазақтың зары аз болды ма, абыз жырдың басы дерлік Сыпыра жырау: “Мен бабаңмын, бабаңмын, мен нелерді көрмедім”, деп қобыз шалып, жүз алпыс жасаған жыршы өз ғұмырында он бір патшалық көргенін толғаған. Сондағы жазбай терген тақырыбы – ауызбірлік, қазақ халқының елдік мінезі! Және бұл жолынан жаңылмаған да. Адасқанды үйірге қосып, жаңылғанды жырымен жасқаған. Кезінде Асан қайғы баба:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ –
Жылан қайтіп күн көрер?!
Шыбын шықса жаз болып –
Таздар қайтіп күн көрер?!
Жалаң аяқ балапан,
Қаздар қайтіп күн көрер?! – десе, бұл да бір мысал, кейінгіге қалдырған пәлсафа толғау! Қазтуған жырау:
Мен қарға бойлы Қазтуған,
Қайғыланып асып барамын
Ноғайлы – қазақ елімнен, – дейді. Таудағы бөрі тарлан елінен ауғанда тынысы тарылғанын жасырмайды. Бұл – атышулы “Елім-айдың” жалғасты шумағы іспетті жыр жолы! Қазтуған жырау жыры Молдова мен Днестр бойы мәселесін реттеудегі Қазақстанның қосқан үлесі мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бағытта атқарған рөлін еске салады.
“Дүниенің басы сайран, түбі ойран” деген Доспамбет жол жүріп, тоғай-тоғай су кешіп, толмағалы ала балтасын қолға алып, топ бастады. Сөйтіп жүріп ол:
Айналайын Ақжайық,
Ат салмай өтер күн қайда?!
Еңсесі биік боз орда
Еңкейе кірер күн қайда?!
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?!
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?!
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?!
Толғамалы ақ балта
Толғап ұстар күн қайда?!
Алты құлаш ақ найза,
Ұсынып шаншар күн қайда?!
Садақ толған сайгез оқ
Масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп,
Созып тартар күн қайда?!
Кетбұғадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?! – деп армандаған екен. Сол жыраудың қиялдаған күні енді туды, заман өзгеріп қазақ жұрты тәуелсіз ел атанды. Бүгінде барша Алаш милаты азат! Өткен абыз жыраулар толғауларына назар аударудағы мақсат – бұрынғыға үңілу, бүгінгі сабақтастықтың бастауын тануға ұмтылғандық талап. Осы идеяны еліне жақын біздің Елбасымыз да күні бүгіндері жазбай таратып, айтып жүр. Өйткені, Қазақстан Президентінің оқушы қолына жетіп жатқан еңбектерінде бұл жағы мүлдем мол, Қазақстанның халықаралық танымалдығын арттыру, оның жетістіктерін, экономикалық әлеуеті мен мәдениетін паш ету, тарихын, әдебиетін, өнерін жете білетін басшы бұл жағынан алғанда кімге де болса үлгі. Дейтұрғанмен, қазіргі заман жағаны жайлау етіп жіберетін заман емес. Төрт құбыла қашан тең болған, ондай дәуір еш ғасырда болмаған. Жалпы, рахат заманды ешкім көрдім деп айтпайды. Дәл қазір Қазақстанда “Қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қалды” деп мақтану орынсыз. Есті ел сабыр сақтайды. Мамыра жазда да дауыл тұрады. Саф-саф көңіл – саф көңіл. Бұқар баба сондықтан да “жар басына қонбаңыз” деген.
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз,
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер, – депті. Есте ұстар ғақлия!
Қазақ елі – көп ұлысты, бірақ қазақ атаулы бір ұлттан тұратын мемлекет! Осы ұғымды Елбасы да әрдайым нығарлай айтады, ұғынғанға олжа! Еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімнің бірегей моделінің, республиканың тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерінің нәтижесі мен танылуы осы реттен де алдағы саммиттің басты тақырыптарының бірі болып отыр.
Бірлік қып іс етуге шорқақ, жұртым,
Табылса оңай олжа ортақ, жұртым,
Сияқты қара қарға шуылдаған,
Үрейсіз, қоян жүрек қорқақ, жұртым.
Білмейсің жөнің менен терісіңді,
Ел болып іс етпейсің келісімді.
Үміт қып бәйге атындай талай қосып,
Байқадық шабыс түгіл, желісіңді.
Жөн айтқан жұртшылыққа адам болса,
Шығасың қолыңа алып кебісіңді.
Бытырап бет-бетіңе жөнелгенде,
Көрдік қой жайылатын өрісіңді.
Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,
Қайтейін, өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сынық бұтақ төмендесең,
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?! – деп жазған еді Ахмет Байтұрсынов “Жұртыма” дейтін өлеңінде. Бұл өлеңді ұлы ұстаз ХХ ғасыр басында жазған. Осындай бейқам жұртты Алаштың енді бір арысы Міржақып Дулатов:
Көзіңді аш, оян қазақ көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, – деп оятып, халыққа түкпірлі ой, елшілдік ұран тастады. Енді бүгінгі қалыпты Елбасының сөзімен айқындасақ, Еуразияның жүрегінде, өркениеттер тоғысында талай халықтарды тал бесігінде тербеген ұлы даланың төсінде дүниеге келген біздің халқымыздың барша тарихы – ұлт пен ұлыс ретінде сақталып қалу жолындағы талассыз күрестерге толы тарих екені және анық. Бабалар жүріп өткен жол – тар жол, тайғақ кешулі жол-тын. Сол бұралаңды қиын жолмен “мың өліп, мың тіріліп” жүріп өткен қазақ халқы басынан не бір алмағайып заманды өткере отырып, бүгінгідей күнге қол жеткізді – егеменді ел болды.
Бүгінгі біздің әр күніміздің түрлі кең ауқымды оқиғаға толы болуы зор қуаныш. Астана Саммиті соның бір айғағы. Еш заманда, еш ғасырда, сонау ордалы қазақ хандықтары тұсында қазақтың бұл сайын даласы мұндай ұлы жиынды көрмеген. Арыға соқпай-ақ бергі ХV ғасырдың орта шенінде қазіргі ұлттық республикамыздың табанында орын тепкен Қазақ Ордасынан бері барша адамзат мүддесін көздер дәл осындай аламан жиын, Астана Саммитіндей мәслихат өткізілмепті. Алтын Орданың ұлы ханы Жәнібектен бастап қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейін мұндай кең ауқымды әлемдік мәжіліске куә болмаған, енді Тәуелсіз қазақ халқы осындай ұлы мәртебеге ие, оны өткізіп отырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев! Саммиттің тарихи маңыздылығы да, мәні де, міне, осында. Алаштың елордасы – Астанада енді аз күнде әлем жұртшылығы күткен жаһандық үміт пен сенім саммиті өтеді.
Алаш туы астында
Біз – алаштың баласы.
Күніміз туып көгерді
Сарыарқаның даласы.
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Ерімізді айдаған,
Елімізді лайлаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы.
Жасасын, алаш, жасасын!
Алаш туы астында,
Қолдайтын Алаш бабамыз.
Туысқандық, теңдік деп,
Туын қолға ап шабамыз.
Берілгенде тілектер,
Жарылмай ма жүректер.
Заң жасайтын орынға
Жұртпен бірге барамыз.
Қатардан орын аламыз.
Жасасын, алаш, жасасын!
Алаш туы астында
Өлсек, бірге өлдік біз.
Не жақсылық, не қайғы
Көрсек, бірге көрдік біз.
Ішкі жанжал-таласты,
Күншілдікпен қарасты,
Мына жерге көмдік біз.
Жасасын, алаш, жасасын!
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз.
Адамдықтың жолына
Бастаған ерлер соңында.
Басқаға көңіл бөлмейміз.
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбейміз.
Өлер жерден кеттік біз,
Жасайды алаш, өлмейміз.
Жасасын, алаш, жасасын! – дей тұрып, сөз соңын қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров жазып таратқан “Алаш ұранымен” аяқтап, Астана төрінде өткелі отырған Ұлы жиынға: “Төрле, Саммит!” деп құшақ жайсақ болады. Әзіз қазақ жұрты әрдайым үкілі үмітпен өмір сүріп, нық сеніммен алға бассын!
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы.