“Қазақстан жасөспірімдері ЕҚЫҰ елдерінің көшбасшыларына” атты шығармалар байқауының қорытындылары шығарылды
ЕҚЫҰ тақырыбына арналған шығармалар байқауында жеңімпаз атанған үш оқушы демеушілерден ноутбук алатын болды. Ал гран-при иегері Ұйымның штаб-пәтері орналасқан Вена қаласына сапар шеге алады. Жүлделер 29 қарашада сағат 11.00-де СІМ-нің Астанадағы баспасөз орталығында арнайы баспасөз мәслихаты үстінде тапсырылады, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Бұрын хабарланғанындай, биылғы жылдың 1 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитеті және Шетел инвесторлары кеңесі “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығының қатысуымен “Қазақстан жасөспірімдері ЕҚЫҰ елдерінің көшбасшыларына” атты жалпыұлттық оқушылар шығармаларының байқауын өткізген болатын.
Байқауға қатысу үшін қазақстандық жоғары (9-11) сынып оқушыларына ағылшын тілінде ЕҚЫҰ елдері басшыларының бірі не барлығына арналған жолдау хат түріндегі, өзінің халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастық, қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша жеке көзқарастарын жеткізетін шығарма жазу ұсынылды. Ақырында байқау ұйымдастырушыларының атына еліміздің барлық аймақтарынан оқушылардың 200-ге жуық шығармалары түсті.
Байқау барысы көрсеткендей, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің арқасында Қазақстан жастары Ұйымның қызметіне, Еуразиядағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті қамтамасыз ету және адам құқықтарын дәріптеу мәселелерінде мемлекеттер арасындағы ықпалдастыққа едәуір қызығушылық танытты. Бозбалалар мен бойжеткендер қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша жеке көзқарастарымен бөлісіп, сонымен қатар, бұл мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды.
ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко “Байқау қорытындылары, сонымен қатар, жас қазақстандықтардың халықаралық мәселелерді шешудегі Ұйымның рөлін арттыру мен барлық мүше мемлекеттер тұрғындарының арасында Ұйымның танымалдылығы мен беделін нығайту сияқты ЕҚЫҰ қызметінің өзекті мәселелері бойынша жазған өткір, тікелей әрі нақты ұсыныстары саясаткерлер мен беделді халықаралық ұйым қызметкерлерінің назарларына сай келеді”, деп атап өтті.
Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкерлері және Шетел инвесторлары кеңесінің өкілдерінен тұрған қазылар алқасы байқауға қатысқандардың арасынан үш жеңімпазды таңдады.
3-ші орынға Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы №1 лицей-мектептің 11 “Б” сынып оқушысы Жанель Байділдина ие болды.
2-ші орынға Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласындағы Дулати атындағы №8 гимназияның 11 “А” сынып оқушысы Ділназ Ирисметова лайық деп табылды.
1-ші орын мен гран-приді Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы №7 гимназия-мектептің 10 сынып оқушысы Юлия Бурмистрова жеңіп алды.
Шетел инвесторлары кеңесіне мүше компаниялар, дәлірек айтқанда, ENRC Kazakhstan, “МЕТРО Кэш энд Кэрри” ЖШС және “Мицубиси Корпорэйшн” жеңімпаздарға жүлделер ретінде үш ноутбук беретін болды. Гран-при иесіне ноутбукпен қоса “Аустрия әуе жолдарының” Қазақстандағы өкілдігі “Астана – Вена – Астана” бағытымен ұшуға әуе билетін ұсынып отыр. Ал “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығы үш жеңімпазға Бурабайдағы “Балалық арман аралы” сауықтыру кешеніне жолдамалар бермек. Онда балалар жылдың кез келген уақытында 21 күн тегін демала алады.