27 Қараша, 2010

Үшемдерге бес бөлмелі пәтер берді

470 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Газетіміздің биылғы жылдың қазан айындағы сандарының бірінде Екібастұз қаласы аумағына қарасты Солнечный деп аталатын  өндірістік кентте тұратын Владимир мен Ксения Толмачевтардың отбасында Вилен, Эрнест, Нелли есімді екі ұл , бір қыздың дүниеге келгенін айтқанбыз. Сондай-ақ,  ГРЭС-2 стансасында слесарь болып еңбек ететін Владимир мен мұғалима Ксенияның үшемдерінің алдында Генрих, Элен атты екі баласы барлығын, отбасының жағдайын айтып, жергілікті билік  станса басшылығы назар аударып, көмек қолын созып, бес балалы жас отбасына пәтер беруге жағдай жасалса деген едік. Енді міне, Екібастұз жақтан жақсы жаңа­лық та жетті.  Валентин еңбек ететін ГРЭС-2 стан­сасы басшылығының ұйғарымымен энергетик­тердің демеушілік көмектерінің арқасында Толмачев­тар отбасына 5 бөлмелі пәтер кілті тапсырылатын болды. – Бүгінде қазақ жері тыныштық пен татулықтың, достықтың  шаңырағы екеніне бүкіл елдің көзі жетіп отыр. Бес баламыз болашақта елдің  өсіп-өнуіне үлес қосады деп сеніммен айта аламын,–дейді Валентин. Бір айта кететін жайт, Екібастұзға жаңадан әкім болып тағайындалған Александр Вербняк та алғашқы қызмет күнін ықыласты шарадан бастады.  Ол 6 бала тауып, өсір­гендері үшін Елбасы Жарлығымен екібастұздық  228 ананың мемлекеттік марапатқа ие болғанын жет­кізіп, өндірісті өңірдің ауылдық аумақтарында тұратын ардақты аналарды  құттықтап, сый-сияпат жасады. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.