27 Қараша, 2010

Еуропалықтар қазақ өнеріне қол соқты

589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының таң­ертеңгілік басталған Шолу кон­ференциясы қас қарая аяқталған соң, Бейбітшілік және келісім сарайында  “Елім менің аңсаған” атты қазақ ұлт аспаптары оркес­трі мен “Тлеп” квартетінің кон­церті болды. Қазақ өнері еуропалықтарға Түркештің “Көңілашарымен” шы­мылдығын түрді. Домбыра­ның дауылпаз үнін иір мойын қобыз­дың сызылған үні көмкергенде, даланың ақ селеуіндей желбіретіп үкі таққан, бабасы көктүрік қасиет тұтса, бүгінгі қазақ киесіне санаған Көктуымыз түстес ұлттық киім киген оркестр алғашқы нотасын алғаннан даланың кеңдігі көз ал­дыңа келгендей. Нұрғиса Тілен­диев атындағы конкурстың лау­реаты Нұрлан Бекеновтің тая­ғы­ның ұшына қараған оркестр мұнан соң Дайрабайдың күйі “Дай­ра­байды” желдетті. Қазақы мінезді, ха­лықтың табиғатын ашатын, мен қазақпын дегеннің қанын қызды­ратын қасиетті күй үні сарай ішін кернеді. Әсем тенор дауысты, халық­аралық конкурстардың лауреаты Ғани Бекмұрзаев Абайдың “Айт­тым сәлем, Қаламқасын” орын­дағанда әшейінде салқынқанды еуропалықтар қол шапалақтарына қолпаштаған үндерін де қосқан. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова шырқаған  Манарбек Ержановтың “Қуанамын” әнінен алған әсерден арыла алмай отырған көрермен назарына енді Амадей Моцарттың әйгілі “Түрік маршы” ұсынылды. Осылайша халқымыздың ұлттық ас­паптарының мүмкіншілігін та­ны­тып, сарабдал, салқын еуро­палықтарды өнерлеріне еріксіз тәнті еткен концерт қызығы “Дарын” жастар сыйлығының лау­реаты Анар Мұздаханованың орындауында Нұрағаңның – Нұрғиса Тілендиевтің “Аққуымен” жалғасты. Бірде қиқулап, бірде сұң­қылдап, бірде қанатын сусыл­датып, аққу мойнын созып, әсем­дігімен таңдай қақтыратын аққу бейне, ару қыз бейне көз алдыңда көлбеңдеді. Енді сахнаға бүкіл еуропа­лық­тар төбесіне көтеретін скрип­каның атасы – қобыз шыққан. “Тлеп” квартеті “Тлеп” сарынына салып мұң сазын, бірақ жаныңды жасыт­пайтын жігер-қайрат берер қобыз сазын жетіген үнімен жетектеген. Осылайша аса бір талғам­паз­дықпен, халқымның жақұт өнерін жарқырата көрсете білсем деген жа­сампаз ойдан туып, үлкен дай­ындықпен, елеп-екшеумен, туған өнерге деген махаббаттан құрыл­ған концерт жалғасып жатты. Талғампаз еуропалықтарға, сон­дай-ақ Біржанның, Құрман­ға­зының, Нұрғисаның, Хамиди мен Чайковскийдің, Жайымовтың шығармалары ұсынылды. Егемен Қазақстанның тілшілер тобы. _____________________________________ Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.