29 Қараша, 2010

Қазақстан – біздің тағдырымыз

767 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

(Астана Саммиті қарсаңындағы ой үзіктері)

“Береке түбі – бірлік,

Жеңіліс түбі – шерлік,

Жеңіс түбі – ерлік...”

Майқы би

“Шамырқансам, шапшиды теңіз, көлім, Шалқарымда – шиыр көп, көп із менің. Күнгейіме... көз тігем теріскейге, Заманменен соқсын деп егіз демім...” (Тәуелсіздік жырларынан) Жыл аяқталып келеді... Жылмен бірге Алаштың ата­жұрты – Тәуелсіз ел ретінде алты құрлыққа аты жеткен Қазақстан­ның әлем жұртшылығы алдындағы 12 айлық мерзімге созылған ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметі де өз мәресіне жеткелі отыр. Тіл ұшына: “Тәубе! Тәубе!” дей­тін киелі де қасиетті сөзді әлденеше рет оралтқан, тәуелсіз Қазақ елінің абыройы мен беделін әлем алдында асқақтатқан жаңа ғасырдың онын­шы жылы – елдік сипатымызды айғақтар осынау тарихи қысқа мер­зім ұлт жадында сақталары шүбәсіз. Түптеп келгенде, “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” дейтін төрт сөзді ғаламшардың ұранына ай­нал­дырған жиырма бірінші ғасырдың үстіміздегі он екі айы өркениет әлемі­не қошқар мүйізді қазақ жұр­тының қалыпты мінезі мен қағылез ойын таңбалай түскені де ақиқат. Тәуелсіздік жарияланғанына, Алла бұйырса, алдағы – 2011 жылдың желтоқсанында жиырма жыл толғалы отырған Қазақ елінің өрісі мен өркенін аңғартар тарихи оқиғалардың қай-қайсысы да жадымызда. Қиын-қыстаулы кездер де, жеңіске толы жемісті кезеңдер де қаз-қалпы көз алдымызда. Ыдыраған империяның сарыжұртындай болып, ел-елде, жер-жерде қаңқиған ескі ғимараттар мен ырсиған өндірістердің жа­рық­сыз қалған көрінісі күні кеше көзімізбен көрген өткен ғасыр соңының ақиқаты емес пе еді?! Басқа қалаларды былай қойғанда, аяулы Азаттығымыздың алтын бесігі атанған ару Алматының тоңмойын тоқсаныншы жыл­дардың тауқыметті құрсауында тұн­шыққан сәт-сағаттарын көріп: “Ел қайда барады? Ертеңіміз не болады? Қазақ ел бола ма, жоқ па?” деп бебеу қаққандардың ара­мыздан шыққаны өтірік пе? “Біреулер тоңып секірсе, енді біреулер тойып секір­ген”, біреулер тәуелсіздік үшін таңын айы­рып, тағдыр-талайын көкпарға салса, енді біреулер жылдар бойы жиналып, қорда­лан­ған ен байлыққа тұмсығын тығып, көкке қарап кекірген, сыртқа қарап секірген күн­дерді қалай ұмытарсың?! Орталыққа қарап сөз сөйлеп, орталыққа қарап қимыл жасауға әбден дағдыланған, жөпшеңді кезде жазыла қоймас ескі ауруға бой алдырған кешегі ке­ңес­тік дәуірдің мінез-құлқы іштен де, сырт­тан да шалып, әбігерге салған жылдарды ұлт жадынан қалай сызып тастауға болады? Болмайды! Әрине, өмірге енді-енді араласа бастаған жас буын осынау тереңінде тарихи катак­лизмдер жасырынған өтпелі дәуірдің өкі­ніші мен өксігін, қасіреті мен қияметін толық білмейді деу күпірлік болар еді... Неге білме­сін? Біледі. Дегенмен... Тоқсаныншы жыл­дары мектеп босағасын аттап, дүбәра дәуірдің “әліппесін” ашқан, бүгінде тәуелсіз елдің ауасын еркін жұтып жүрген сол буынның біразы “империяның ыдырау” кезеңіндегі күрделі тарихи ахуалдарды толық сезініп, толық баға береді деу қиын... Кітаптан оқу бір бөлек те, сол тәуелсіздік көші сан рет ауа жаздап, жолға шыққан кезең ақиқатын көзбен көріп, жан-жүре­гімен түйсіну, бағалау, тарихи оқиғалардың жалыны мен өртіне оранып, ішінде жүру мүлдем басқа... Екеуі екі бөлек дүние... Тіпті ол күндерді өзінің елегі мен сүзгісі­нен өткізбеген, бірін білсе, бірін біле бер­мейтін бүгінгі жас буын жеткіншек­тері­мізді былай қойып, дүниені әлем-тапырық еткен сол “ыдырау” мен “күйреу” кезеңін көзімен көрген, тәуелсіздік дейтін тағдырлы дүние­міздің өсу, өрістеу сәтінің бәрін көріп, біліп, қара қазанында қайнап жетілді деген қайсыбір ересектеріміздің өзі көп нәрсені есінен шығарып алғандай сөйлейтінін көргенде, еріксіз қайран қаласың?!. Мен мұны неге айтып отыр дейсіз? Енді сол бағыттағы ойым мен түйген­дерімді таратып айтуға тырысайын. Бірер күннен соң Алаш жұртының елор­дасында әлемнің 56 елінен жиналатын мемлекет басшыларының алқалы жиыны – Астана саммиті өтпек. Бұл, сөз жоқ, тарихи оқиға. Осыдан елу жыл бұрын өз елі, өз жерін­де 29 пайыздық деңгейге түскен қазақ ұлты­ның алмағайып тарихи оқиғалар дауылы мен сүреңінен аман өтіп, тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес мемлекет болады деп кім ойлады? Тегеуріні берік, тепкісі қатты ке­ңес­тік империяны құламайтындай көрген­біз... Жасыратыны жоқ, ол кезде ондай сөз аузынан шыққандардың барар жері белгілі болатын. Не түрме... Не жындыхана... Не қашып-пысып, тығылып шетел кету еді... Ұлы Жаратушының шешімі әділ болды. Тілі мен діні, ділі мен мінезі уақыттың қа­тер­лі тұсына келген, енді аттаса, замана жар­­қабағынан құлау қарсаңында – мүлдем жойылу, тарих аренасынан сызылып кету қаупі алдында тұрған қазақ халқына жиыр­масыншы ғасырдың соңы ерекше тағдыр сыйлады. Ғасырлар бойы “аттың жалы, түйенің қомында жүріп” дербес ел болуды көксеген кемең­гер ойлы, кесек тұл­ғалы кө­сем­деріміз бен ше­шен­деріміздің рухы бір-бір ау­нап, қазақ­тың ұлан-байтақ да­ласына Тәуел­сіз­дік дейтін қы­ран кескінді, ал­тын қанатты кие­­лі құс келіп қон­ды... Тәңірдің бұй­рығы болар... Тағдырдың тар­­­туы болар... Қалай дегенде де, Алаш жұр­ты­ның ұлы төріне бұйрықпен қонған сол тартуд­ың төркінінде қасиетті қазақ жері мен Қазақ елінің өмірін ұзартып, өрісін кеңейтер бір ұлы Ақиқаттың жатқаны анық еді. Алла сыйлағанды адам баласы сақтау үшін, қанатын қатайтып, қабырғасын бекітіп, баптау үшін күреседі. Сақтай ал­маған санын соғып, бармағын қарш-қарш шайнаумен өтеді... Сақтау – кеңдік пен кемеңгерліктің, ақыл мен парасаттың, ерлік пен өрліктің көрінісі. Сақтау Алладан болғанда, сақтану, сақ­тана білу – қай кезде де елге сын. Ал уақыт, заман алдан тартар қауіп пен қатер­ден, жұмыр бас пенде ұсынар алуан-алуан арбау мен алдаулардан айналып өтіп, сақтау мен сақтанудың жолын іздеп, ел көшін алға бастау – ерге сын. Бұл да өмір айтар шындық пен ақиқат­тың сабағы. Еліне лайық ер туса игі, ер-азаматының оң ісін қолдап, соңынан ерер ел болса игі. Әлем жұртшылығының назары Қазақстанға ауған осынау жауапты кезеңде он алты миллион қазақстандықтың қай-қайсысы да тастүйін жұмылып, береке мен бәтуаға жүгі­ніп, осындай ақ сөз алдында тұрғаны күмәнсіз. Өйткені... Әлемдік деңгейде өтіп отырған Астана Саммитін бір жылға созылған төр­ағалықтың қорытындысы ғана деп бағалау тым жұпыны болар еді. Бұл Сам­митті әруа­ғы қалың қара орман қазақ халқы мен хал­қының көшін оң жолға бастауда Тәңіріден бұйырған, ана сүтімен енген, ата сүйегімен біткен қасиетінің бәрі-бәрін сарқа пайдала­нып, ескінің сөзімен айтқанда, “түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні ұмы­тып”, дүние астан-кестең болып, ескі ықпа­лынан айыры­лып, жаңа ерге қонып үлгере алмай жатқан қиын-қыс­талаңы мол кезеңде, күйреген империяның әлем көзін қадаған құйқалы төрінде – Еуразияның осынау саяси ахуалы аса күрделі аймағында жаңа тұрпатты мемлекет орнату міндетін жасқан­бай мой­нына алған алғашқы қазақ Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың күрес пен жеңіске, сабыр мен жеміске толы жыл­дарының тарихи көрінісі деп бағалауымыз керек. * * * Аласапыраны мол жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылы әлем сахнасына Нұрсұлтан Назарбаев сынды ойына қары­мы, бойына арыны жарасқан, сөзі мен ісі әр кез үйлескен, қиын кездерде қия­лап жүріп жол табар, Батысқа да, Шығысқа да мәмі­легерлік пен келісімнің алтын көпі­рін орната білген аса көрнекті саяси тұлғаны берді. Тұлға уақыт пен замана қалып­тас­тырған күрес майданында шынықты. Им­периялық мүдделердің аламанына айналу қаупі алаңдатқан, ұлттық құрамы да ала­шұбар, діни наным-сенімі де дүдәмал, өн­дірісі мен шаруашылығы да орталыққа байланған байтақ жер, бай өлкеге көзінің сұғы түспеген, капиталына қоныс еткісі келмеген ел жоқ десе де болады... Шекарасы алаң-ашық, Бай­қоңыр мен Семей дейтін әлем жұртшылы­ғына үрей мен сақтық ұялатар екі бірдей күш пен құдіреттің ошағы тағы бар, бірақ екеуінің де тізгіні бұрынғы орталық қолында тұрған елде егемендік жариялау тәуекелдің тәуекелі еді... Назар­баев тарих толқынында тұлға бо­лып таны­лып, уақыт ұсынар тұғырға қонды. Тұлға тұғырына ұлт бағы үшін қоныпты. Тұл­ға­ да, тұлғамен бірге тұғыр да бекіді. Биік­тей түсті. Тұлғаның абыройы ел абы­ройына айналды. Тұлғаға тағдырын сеніп тапсырған Қазақ­станның да әлем алдындағы абырой-беделі өсті. Ұлы Дала қысқа мерзім ішінде әлемнің түкпір-түкпіріне “Қазақстан” деген атаумен кең танылды. Қимылы мен сөзі қатар жүретін Назарбаев саясаты мен ұстаным­дары Қазақ елін кеңестік идеология құр­сауы­нан тез алып шығып, әлемдік қарым-қатынас айдынында қанат қағуына жағдай жасады. Осы бағыттағы өмірге келген тарихи құжаттар Қазақстанның әлемдік интеграция кеңістігіне ерте араласып, жас мемлекет алдынан шығар қиындықтарды да өзгелерден бұрынырақ ауыздықтауына мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Назарбаев әлем алдында тәуелсіз елдің тұсауын кескен іскер басшы ғана емес, өзін осынау тарихы бай, тағдыр-талайы ауыр, бірақ рухы мықты елдің сүйегінен жаралған адал перзенті екенін де қоса дәлелдеді... Сайып келгенде, Қазақстан Прези­денті­нің ел басқару үрдісі мен үлгісін тануға мүмкіндік берер бұл қасиеттер жаратылысы мен табиғатына ден қойған кез келген адам тарихтың арғы-бергі кезеңдеріндегі әралуан ұлы тұлғаларды еріксіз еске алары анық. Өзі басқарып отырған елді әрі тегеуріні мықты басшы болып жұмсай білу, әрі әке қабағын баққан тәрбиелі перзенттей қалып байқа­тып, халқының қабағын оқу, ыңғайын табу – кез келген ел басқарар тұлғаның арманы. Нұрсұлтан Әбішұлының бойында осы бір сирек кездесер шынайы лидерлік қасиет бар. Сол қасиет оны әр кез қорғап, қоршап жүреді. Тұлға дегеннен шығады... Қазақ Прези­денті бір ел, бір аймақ көлемінен шығып, өзінің туған елінің ғана емес, іргелес жатқан көрші елдердің де жоғын жоқтап, мұңын мұңдау биігіне көтерілді. Нұрсұлтан Назар­баевтың аймақтық шеңберде, халықаралық деңгейде адамзатқа ортақ ондаған күр­меуі қиын мәселе­лер­дің оң ше­шілуі­не ық­пал етер көр­некті тұлға еке­ніне уа­қыт өткен са­йын көзі­міз жете түсу­де... Әрине, әде­­­биет­те, өнерде, ғы­­лымда, саясатта шоқтығы биік, дуа­­­л­ы ауыз тұлға­лар болады. Олар өз сала­сына не­ме­се белгілі оқи­­ға­лар­ға ықпал жа­сап отыруы мүм­­­­­­кін. Ал әлгін­дей сала-сала­мен шек­теліп қал­май, өзі­нің сабыр­лы ше­шімімен, са­ли­қалы ойымен жұ­мыр жер тұр­ғын­дарына ортақ сая­си, рухани құн­дылық­тарды байы­туға қызмет ететін ғаламдық тұл­ғалар ілуде біреу болады. Олар сирек бола­ды. Біздің пайымдауымызда, астарында алуан-алуан ағыстар мен мақсат-мұраттар жат­қан саяси күштер батыстан да, шығыс­тан да жиі-жиі мазалайтын, тіпті әрқилы әдіс-айлаға басып, жерінің асты да, үсті де бай жас мемлекетті өз ықпалына басыбайлы етуге тырысатындарға өзін де алдырмай, елін де алдырмай, халқын өрт пен оқтан аман сақтап, өз бағытынан жаңылмай, ел көшін “тар жол, тайғақ кешуі” мол тарих­тың бұралаңдарынан адастырмай аман алып келе жатқан Қазақ елінің Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев сондай жалпыадамзаттық биікке көтерілген сирек тұлғалар санатынан. Әрі-беріден соң, ақиқатына көшсек, ЕҚЫҰ секілді толық құрамда бас қосуы осы­дан он бір жыл бұрын болған беделді ха­лықаралық ұйымның суыңқырап қалған та­мырына “қан жүгіртіп”, төрағалық мін­детін абыроймен атқарған елдің біржылдық мара­фоны да осы қазақ Президентінің әлем ал­дын­дағы беделінің арқасында болғаны анық. Бұл – тұлға хақындағы уақыт бағасы. Бұл – тұлға турасындағы менің жүрек­жарды сөзім. Біз – бесігін жиырмасыншы ғасыр тербеткен, жиырмасыншы ғасыр кіндік қанын жуып, атқа қондырған, жиырма­сын­шы ғасыр жар сүйгізіп, ұрпақ ма­ңдайынан сипатқан, ұлтына қызмет ету міндетін де сол әрі қатыгез, әрі момын, әрі сабырлы, әрі тентек ғасыр жүрегімізге жүк етіп артқан, “шүкір” айтып, жиырма бірінші ғасыр босағасын аттап отырған, қатары күн санап сиреп келе жатқан соғыстан соң туып, өртеңде өскен буынның өкіліміз. Жалған сөйлеп, жалған күлуді Алла тағала пешене­сіне бұйыртпаған ақындар ауылынанбыз. Оның үстіне “пайғамбар жасынан” асып, немересінің тағдырын елінің ертеңіне телуге дағдылана бастаған біздер үшін ұлттан киелі, тілден мәртебелі, ұрпақтан нәзік ұғым жоқ екені айтпай белгілі. Қазақстан – біздің тағдырымыз! Қазақстан – сенің тағдырың! Қазақстан – менің тағдырым! Тағдырымызды әлдекімдердің тәлкек ет­кенін қаламаймын! Әлдекімдердің өз ба­сы­на қатысты бақай есеп-әңгімеге жол беріп, өз мақсаты мен мүддесіне жету үшін ұлттық ұғымдарды саудаға салуына, ұрпақ жүрегіне жара салуына, ұлт санасына жік­шіл­дік пен топшылдық, жершілдік пен ру­шылдық ауруын егуіне жаныммен, тәнім­мен, рухым­мен, бар болмысыммен қарсымын. Бізге жері тұтас, елі тұтас, бір тілде сөйлейтін Қазақ есімді халықтың бүтіндігі ауадай қажет екені туралы, қазақтың ішкі бүтіндігі сақталса, мемлекетіміздің тұтас­тығы сақталатыны жайлы Елбасы жиі айтады. Бұл Қазақстан дейтін мемлекеттің тарихтан өз орнын алуын көксеуден туған тамырын тереңнен тартатын елдік идеясы! Қазақ халқының Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерін бауырына тартқан жинақ­таушы, біріктіруші күш екендігі жайындағы Президент ойлары мен ұстанымдары – тарих тудырған ақиқат. Қазақ халқының ішкі тұтастығы берік болса, өзге ұлт өкіл­дері­нің қазақ ұлтының айналасына топта­сып, жинақталуы да өмірдің өзі ұсынар қоғамдасу үлгісі. Сондықтан Елбасының осы бағыттағы, әсіресе ұлт жетекшілігі мен бірлігі жөніндегі, сондай-ақ мемлекеттік тілдің даму мен қол­данылудың жаңа кезеңіне өткендігі туралы соңғы айтқан кесімді пайымдары мен толғамдарын кез келген қазақ, кез келген қазақстандық жадына тоқып, өзінің өмір сүру принципіне айналдырғаны елдік тұтас­тығымызды сақ­тауға жұмыл­дыра­ры хақ. Жер үстін мекен еткен жүздеген мем­ле­кеттер бар. Мемлекет болуды, тәуелсіз жұрт болуды түсінде көріп, уақыт жалына жармасып, жан ұшырған ұлттар аз ба?! Осы жолда жан алысып, жан берісіп, жағасы жыртылған, көкірегі дал-дұл бол­ған ондаған ұлттар мен ұлыстардың өт­кенін тарихтан жақсы білеміз. “Көп қорқытады, терең батырады”, дей­­ді халқымыз. Көп­тің көсеуін ұстап, те­реңнің жемі болған жұрт­­тың қайсыбірін ай­тар­сың?!. Солар­дың ешқайсысы да ешкім­нен кем емес... Ха­лық­тық қалыбы да, ұлттық ұстанымы да өмір сүруге, тәуелсіз ел болуға мүмкіндік тудыра­тындай деңгей­де болатын... Сақтау, сақтану қабілеті жетіспеді ме, әлде бұйрықтың ісі солай болды ма, әйтеуір тәуелсіздік дейтін шіркінді бірі арман етіп, тарихтан біржола көшкен болса, енді біреулері осы жолда тынымсыз майдан ашып өткені, әлі күнге майдандасып келе жатқаны белгілі. Қазақ халқы осының қай-қайсысын да басынан өткерді. Ғасырларды ғасырларға жалғаған “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” дәуірлері, “қылыштың жүзі, найза­ның ұшында жүріп”, намыс пен жігердің, қажыр мен қайраттың құрбаны болған ондаған батыр, бағлан ұлдарымыздың ұлтты азат ету жолындағы күрестері осы айт­қанымыздың айғағы. Жұбан ақын айтқан­дай, “Мың өліп, мың тірілген” елдің бүкіл саналы өмірі елдік тұтастыққа, ұлттық ұйы­суға, дербес жұрт болуға арналғанын білеміз. “Береке түбі – бірлік, жеңіліс түбі – шерлік, жеңіс түбі – ерлік” дейді иісі қазақ “түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” деп бағалаған ұлы бабамыз. Өткен дәуір­лердің шаңдақты қолтығынан бізге жаңғырып жеткен, ұлы бабаларымыздың рухындай болған осы бір өміршең мінезді ұлағатты сөз төркінінде тағы да сол “ырыс алды – ынтымақ” екеніне меңзер тарихтың тағылымы мол, ащы да болса, ақиқат жатқан жоқ па?! Бұл – ерлікке, ынтымақ пен бірлікке, елдік тұтастыққа шақыратын даналық мектебі жаратқан, айбынды алаш әлемінің айдынды жаһандағы орнын анықтауға, сөз дейтін киелі дүниеге туа кіндігін байлаған қазақ халқының өмірлік танымы мен сал­тын, дәстүрі мен қалпын айғақтар ұлт ұстанымы. Бұл – ондаған ғасырлар бойында қа­лып­тасқан, бір ұрпақтың бір ұрпаққа аманат етіп тапсырып отырған ел басқару инс­титуттары мен әр дәуір, әр кезеңдегі ел тізгі­нін ұстап, жауапкершілік жүгін мойнына алған тарихи тұлғалардың кейінгіге қал­дырған сабағы. Халқымыздың бай тарихы бізге осыны айтады. Ат үстінде жүріп, батысы мен шығы­сына, күнгейі мен теріскейіне өз ықпалын жүргізген, ел тұтастығын сақтауға ұмтылған, көшпелі өмір салты мен отырықшылықты қатар өрістеткен сол бабалардан бізге, яғни бүгінгі ұрпаққа аман жеткен басты байлық­тарымыз қайсы деген сұрақ туындай қалса, сөз жоқ, тіл ұшына бірінші оралары – Жер. Екінші оралары – сол жерді мекен еткен – Ел. Үшінші оралары – қасиетті Ана тіліміз екені даусыз. Қазақ ұлтының үшінші мыңжылдық босағасын аттап тұрып айтар ең басты үш байлығы – осы! Қазақ ес білгелі осы киелі де қасиетті үш байлығын көзінің қарашығындай көріп, сақтау жолында тынымсыз күресіп келеді. Арғы дәуірдегі Анахарсис, Заратуштра, Мөде тәңірқұт, Елсау би, Майқы би; бергі дәуір­дегі Ғұн патшасы Атилла; Көктүркілердің көк бөрілері – Ашын, Білге, Тоныкөк, Естеми; Хазар мемлекетінің туын көтерген Құбрат, Аспара; орта ғасырдағы Әз Жәнібек пен Керей, Қасым, Есім, Хақназар, Тәуекел, Тәукелерді Абылай заманымен жалғап жатқан ұлы тарихымыздың қай-қай тұсына көз жүгіртпейік, осынау үш байлығымызды – Жерді, Елді, Тілді сақтау үшін көтерілген ұран да біреу болғанын аңғарамыз. Ол бабамыз Майқының сөзімен айт­қанда: Береке түбі – бірлік! Қазақ халқының өмір сүру ұстанымын айғақтайтын осынау үш сөзден құралатын бір ұғым. Асан Қайғы, Ақтамберді, Шалкиіз, Бұқар, Дулат, Махамбет жырларына арқау болған ұғым. Осынау киелі де қасиетті ұғым Абай әлемін асқақтатып, Жамбыл жыр­ларына қанат бітірген. Алаш арыстары мен алыптары көшінің ба­сында тұрған жиырмасыншы ғасырда да осы үш байлық үшін күрес саябырсыған жоқ... Ел тәуелсіздігі ту көтерген соңғы жиыр­ма жыл ішінде де сол үш байлық үшін жүргізілген күрес майданы бәсең тартқан емес. Жаһандану дейтін жайын мінезді жұмбағы мол дәуірді айналып өту мүмкін емесін бәріміз де аңғарамыз. Сондықтан жаһандану тұсындағы күрес үлгісі қалай күрделі болса, жеңіс туын сақтап қалу да солай қиын екенін, ауыр екенін бүгінгі ұрпақ білуі керек… Сонда ғана біз киелі үш байлығымызды сақтап, тәуелсіз Мемлекетіміздің өмір сүру қабілетін орнықтыра аламыз. * * * Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күннен бастап мемлекетіміздің ұлттық ұстанымын, халықтық қалыбын, саяси мәдениетін танытып келе жатқан бағыт-бағдары толеранттылық дейтін қанатты сөзбен тікелей байланысты. Осынау қадау-қадау, тасқа қашалған таңбадай ел бірлігі мен ынтымағының үніндей естілер ұстыны берік төрт ұғымның үстіміздегі жылы қайыра жаңғырып, әлем төрін еркін кезгені бәріміздің де жадымызда. Төрткүл дүние ағылшын тіліндегі “Т” қарпімен басталатын төрт сөзге (“Сенім”, “Дәстүр”, “Ашықтық”, “Төзімділік”) на­зарын айрықша тікті. Төрағалық таққа отыр­ған қазақ жұртының танымы мен білі­гін, парасаты мен пайымын танытар осынау төрт ауыз сөз биік ұшар қыранның қанат қағы­сын еске салғандай әсерге бөле­ді... Мың­жылдық­тар тоғысы қалыптас­тырған күрмеуі қиын халықаралық мәселелердің қай-қайсысын шешуде де ұстамдылық пен төзімділік прин­циптерін ұстануға дағды­ланған Еуразия­ның ежелгі жұрты – Ұлы Дала елі осынау бір жыл ішінде үлкен-үлкен тарихи емтихандардан сүрінбей өтті. Балқан проблемасы мен Қап тауы қиындықтарын шешуге атсалысты. Ауған мәсе­лесіне ара­лас­ты. Қа­зақ­­стан төр­аға­лық жа­саған бір жыл­дың, әсіресе сәуір айы ел жадында ұзақ сақталарына еш кү­мәніміз жоқ. Ала­тау­дың ар­ғы бе­тіндегі ағайын ел, бір туған қыр­ғыз жұ­р­ты­ның іші­­­­не бүлік түс­­­кен тұстағы Қа­зақ­стан бас­­­­шы­­­лығы жүр­гіз­ген са­бырлы сая­сат екі ел ара­сын­дағы туыс­тық, бауыр­­лық ықы­­ластың бе­­рік­тігін тағы да дәлелдеді. Алып Манас пен ұлы Айт­матовтың елі­не дәл осы күн­дерде Қазақ елі­нің бауыр­лық қолын созып, қазақ басшысының ел ішін тыныш­тандыру бағы­тында жүргізген қимылы мен әрекеті әлем на­за­рын­да бол­­ды. Алаш елі абы­рой биі­гінен көрінді. Астана Сам­митіне лайықты тарихи баға берілеріне еш күмән жоқ. Өйт­кені, осы­нау біржылдық төрағалық ке­зең әлем­нің Қазақ­станды ішінен де, сыртынан да жан-жақты білуіне, елдің экономикалық дамуы мен рухани өрістеуін толық танып- бағалауына мүмкіндік берді. Демократия дейтін адам баласымен бірге жасасып келе жатқан өмір сүру мен қоғам тұрақтылығын орнықтыруға қызмет етер ежелгі құнды­лықтың Қазақ­станда өсуі, өркендеуі, қанат жаюы қандай дәрежеде екеніне төрткүл дүние толық көзін жеткізе түсті. Қазақ­стандағы дінаралық келісім мен үйлесімнің, ұлтаралық ұғысу мен ұғы­нысудың қоғам өмірінің қалыпты дамуына, өркендеп өсуіне қаншама игілікті ықпал жасайтынын дүние жүзінің дуалы ауыздары жиі-жиі айта бастады. Ел ішіндегі тыныштық пен қалыпты өмір ырғағы, тұрақтылық тынысы осы жыл­дар ішінде Қазақстанның абыройын көтеріп, іргелес жатқан көрші елдермен шекарасын құжат түрінде анықтап, кейінгі ұрпаққа барынша дау-дамай қалдырмауына жағдай жасады. Бұл – ел өткенін таразылап, ел бүгінінің өрістеуін ойлаған, ел ертеңін толғана, ұрпақ, ұлт тағдырына алаңдаған Ел басшысының мемлекет іргесін бекіткен үстіне бекіте түсуге ұмтылған тынымсыз әрекетінің көріністері. Қазақстан есімді ұлы жұрттың тағ­дырына жауап беру, қазақ ұлты мен қазақ елі алдындағы тарихи міндеттердің ауыр жүгін иығына салып көтеру пешенесіне жазылған күрделі дәуірдің аса көрнекті тұлғасы көшін бастаған елдің бүгінгі таңдағы ең ұлы жеңісі тәуелсіз мемлекет болып жер бетінде өз іргесін бекітуі екені даусыз. Астана Саммиті – соның жарқын дәлелі. Астана Саммиті Қазақстанды әлемдік деңгейде тану мен танытудың жаңа дәуірінің басы екенін тарих өзі дәлелдеп отыр. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.