12.04.2010 ж. Астана қ.
Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгі ережені бекіту туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 9-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiліп отырған аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгі ереже бекiтiлсiн.
2. Мыналардың:
1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы міндетін атқарушының 2004 жылғы 10 қарашадағы «Балық шаруашылығы ұйымдарында қорықшылық
қызмет туралы үлгi ережені бекіту туралы» №107 «а»-п бұйрығының (2004 жылғы 1 желтоқсандағы нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3237 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілер Бюлеттенінде 2005 ж., № 1, 10-құжатта жарияланған);
2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 16 қарашадағы «Аңшылық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметi туралы типтiк ереженi бекiту туралы» № 243 бұйрығының (2004 жылғы 13 желтоқсандағы нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3260 болып тіркелген, «Заң газетінде» 2005 ж., 7 қазанда № 121-122 (746) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданылысқа енгізіледі.
Министр А. Күрішбаев.
___________________
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылғы
«___» ________________
№_______ бұйрығымен
бекітілген
Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгі ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгі ереже (бұдан әрi – үлгi Ереже) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңына сәйкес әзiрлендi және аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметiнiң (бұдан әрі – қорықшылық қызмет) мәртебесi мен өкiлеттiлiгiн айқындайды.
2. Қорықшылық қызмет бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарында және балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерiнде жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту қызметін жүзеге асыратын аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
3. Қорықшылық қызмет аңшылық және балық шаруашылығы субъектілері басшысының бұйрығымен құрылады және тiкелей осы субъектілердің басшысына немесе оның орынбасарына бағынады.
4. Қорықшылық қызметке аңшылық және балық шаруашылығы субъектілерінің қызметкерлерi, олардың бiрлестiктерi (аңшылар бiрлестiктерiн қоса алғанда): басшылары және олардың орынбасарлары, саятшылар, аға қорықшылар, қорықшылар жатады.
5. Қорықшылық қызметтi аңшылық шаруашылығы субъектілері өз қаражаты есебiнен аңшылық шаруашылығын жүргiзу шартында көзделген және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 желтоқсандағы № 1441 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасында Аңшылық шаруашылығын жүргізу ережесіне сәйкес белгіленген штат санында құрады.
6. Қорықшылық қызметi қызметкерлерiнiң қызметi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына, қорықшылық қызмет туралы осы Ережеге және лауазымдық нұсқауларға негiзделедi.
7. Қорықшылық қызметi қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулары тиісті ведомствоның аумақтық бөлімшесімен (бұдан әрi – аумақтық бөлімше) келiсу бойынша аңшылық және балық шаруашылығы субъектілерінің басшыларымен әзiрленедi және бекiтiледi.
8. Аңшылық шаруашылығының қорықшылық қызметіне он сегiз жасқа толған, атыс қаруын сақтауға және алып жүруге құқығы бар және жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнаманы бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмаған адамдар қабылданады.
9. Аңшылық және балық шаруашылығы субъектілерінің басшылары қорықшыларды (саятшыларды, ихтиологтарды) жұмысқа қабылдағаннан кейін жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) тиісті ақпаратты (қызметтік куәлік нөмірлері бар қызметкерлердің тізімі) береді.
2. Қорықшылық қызметтiң негiзгi мiндеттерi мен функциялары
10. Қорықшылық қызметтiң негiзгi мiндеттерi:
1) жануарлар дүниесін қорғау;
2) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасының бұзылуын, сондай-ақ аңшылық және балық шаруашылығы субъектілерінің қызметкерлерiне қатысты бөтен адамдар тарапынан құқыққа қарсы әрекеттерiнің жағдайын алдын алу және тоқтату болып табылады.
11. Қорықшылық қызметтiң негiзгi функциясы:
1) жануарлар дүниесінің объектілерін және олардың мекен ету ортасын қорғау;
2) белгіленген жануарлар дүниесін пайдалану ережесінің бұзылуын тоқтату;
3) жануарлардың мекендейтiн ортасын, көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдарын және шоғырланған жерлерiн қорғауды ұйымдастыру;
4) жануарларды жасанды жағдайда өсіру;
5) жануарлар дүниесі санын есептеу және жай-күйінің өндірістік мониторингін жүргізу;
6) жануарлар дүниесінің өсімін молайту;
7) қорықшының күнделiгiнде, аумақтық бөлімшеге және санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринариялық қадағалау (аңшылық шаруашылығы субъектілері үшін) органдарына баяндау жазбаларында, рапорттарында көрсете отырып, фенологиялық байқау жүргiзу;
8) ақпараттық аншлагтардың, жем беру алаңқайларының және өртке қарсы қауiпсiздiк ережелерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
9) ауру, дүлей апаттар және басқа да себептер салдарынан жойылу қаупі төнген жағдайда жануарларға көмек көрсету;
10) жануарлар дүниесінің объектілерін қорғау және тұрақты пайдалану идеясын насихаттау;
11) азаматтарды жануарлар дүниесіне адамгершілік және ұқыптылық қарым-қатынас рухында тәрбиелеу.
3. Қорықшылық қызметтiң өкiлеттiлiгi
12. Қорықшылық қызметінің қызметкерлері (бұдан әрі – қорықшылар) жануарлар дүниесін қорғауды бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында және балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жүзеге асырады.
13. Қорықшылар белгіленген тәртіпте қорықшылық қызметтің, қызметтік атыс қаруының айырым белгілері бар арнайы киімді киіп жүруге құқылы.
14. Қорықшылар бекітіліп берілген аңшылық алқаптарында және балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жануарлар дүниесін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Құжаттама
15. Қорықшылық қызметi үшiн қажеттi құжаттар:
1) басшы мен оның орынбасарлары үшiн:
аңшылық шаруашылығы ұйымы, олардың бiрлестiктерi (аңшылар бiрлестiгiн қоса алғанда) берген қызметтiк куәлiк;
облыстық атқарушы органның аңшылық алқапты және (немесе) балық шаруашлылығы су айдындарын бекiтiп беру туралы шешiмi;
аңшылық және (немесе) балық шаруашылығын жүргiзуге арналған шарт;
шаруашылықiшiлiк аңшылық iсiн ұйымдастырудың жобасы (аңшылық шаруашылығының субъектілері үшін);
жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған ағымдағы өтiнiм және бөлiнген квотаны растайтын құжат (аңшылық шаруашылығының субъектілері үшін);
аңшылық шаруашылығы қызметiнiң бухгалтерлiк және статистикалық есеп құжаттары (аңшылық шаруашылығының субъектілері үшін);
аңшылық және (немесе) балық шаруашылығын тексеру кесімдерi;
аумақтық бөлімшенің мөрімен бекітілген табиғат қорғау заңнамасын бұзуды және заңсыз алынған табиғат пайдалану құралдарын есептеуді, заңсыз ауланған өнiмдi тіркеу журналы;
2) аға саятшы, саятшы үшiн:
аңшылық және (немесе) балық шаруашылығының субъектілері, олардың бiрлестiктерi (аңшылар бiрлестiгiн қоса алғанда) берген қызметтiк куәлiк;
жыл сайын толтырылатын аңшылық шаруашылығының төлқұжаты;
жануарлар дүниесi объектiлерiнiң өрiс аудару жолдары және шоғырланған жерлерi, аншлагтар, сортаң топырақтар, астаулар, қорықшылық айналым шекаралары көрсетілген аңшылық шаруашылығының карта-схемасы;
аумақтық бөлімшемен келісілген аңшылық шаруашылығын жүргізу жоспары;
жануарларды есепке алу материалдары;
фото немесе видео материалдарды растайтын қосымшасы бар жемшөптi дайындау және есептен шығару кесімдерi;
жануарлар дүниесiн пайдалануға бөлiнген квотаны iске асыру туралы есеп;
атыс қаруын алып жүруге және сақтауға рұқсаттама.
3) аға қорықшы, қорықшы үшiн:
аңшылық және (немесе) балық шаруашылығының субъектілері, олардың бiрлестiктерi (аңшылар бiрлестiгiн қоса алғанда) берген қызметтiк куәлiк;
қорықшыға қорық учаскесiн (айналымды) және оның карта-схемасын бекiтiп беру туралы аңшылық және (немесе) балық шаруашылығы субъектілерінің бұйрығы;
қорықшының күнделiгi;
фенологиялық бақылау журналы (аңшылық шаруашылығының субъектілері үшін);
бекiтiп берiлген учаскеде болу (аралау) журналы;
жануарларды қоректендiру үшiн жиналған жемшөптi есепке алу ведомосі (аңшылық шаруашылығының субъектілері үшін);
атыс қаруын алып жүруге және сақтауға рұқсаттама.
_______________________________