30 Қараша, 2010

Қайратына мінген “Қайрат”

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Футзал Жуырда Алматының “Қайрат” шағын футбол клубы өз тарихында төртінші рет УЕФА кубогының жартылай финалына жолдама алды. Оның Алматыда өткен негізгі кезеңінде қарсыластарын жеңген жергілікті команда енді Еуропаның “үздік төрттігінің” финалына қатысатын болады. Алматыда аяқталған доп додасы елімізде тұңғыш рет өтті. Мұндай мәртебелі турнирді өткізу туралы өтінішті біздің ел осыдан үш жыл бұрын берген екен. Бірақ ол өтініш бірден мақұлданбай, арада біраз уақыт өткен соң ғана УЕФА 2010-2011 жылғы негізгі кезең ойындарын Қазақстанда өткізуге келісім беріпті. Осы орайда, ештен кеш жақсы дегендей, футбол додасының әсем Алматыда өтуінің өзі жергілікті жанкүйерлерге үлкен сыйлық жасады. Осы жарыста “Қайрат” өз жанкүйерлерін жерге қаратпай, бас бәйгені жеңіп алды. Турнирдің бірінші күні алаң иелері Польшаның чемпионы “Акаде­мияны” 5:0, одан кейін Словакияның “Слов-Ма­тик” командасын 3:1 есебімен жеңіп, соңғы кез­десуін­де Грузияның “Иберия Стар” клубымен тең ой­нап тарқасты. Сөйтіп үш ойынның бірде-біреуінде жеңілмеген алматылықтар келесі кезеңнің жолдама­сын қалтасына басты. “Қайрат” футбол клубының басшысы Қайрат Оразбековтің айтуынша, енді команда “үздік төрттіктің” бәсекесінде өткен жылы кеткен есені қайтаруға тырысады. Ал “Қайрат” Бакуде өткен УЕФА кубогының негізгі кезегінде жартылай финал­ға шыға алмай, өз жолын әзірбайжандық “Араз” клубына берген болатын. Сол жарыста “Араз” келесі айналымға шықса да қарсыластарынан жеңіліп, үшінші орын алған еді. Енді “Қайрат” келесі жылы өтетін жартылай финалдық сында әзірбайжандар секілді жеңілмей, Еуропаның басқа үш командасына лайықты қарсылық көрсете алатынына сенімдіміз. Ал әзірше келесі жылы өтетін “үздік төрттіктің” бәсекесі қай елде болатыны белгісіз болып отыр. Осы жарысты өткізуге үміткерлер арасында біздің ел де бар көрінеді. “Қайрат” клубы басшысының айтуынша, егер таңдау қайтып Алматыға түссе, біздің ел оны жоғары деңгейде өткізеді. Кезінде Ресейдің Екатеринбург қаласы әуелі негізгі кезеңнің бәсекесін өткізіп, одан кейін жартылай финалды ұйымдастырған болатын. Сондықтан Алматының да дәл осындай жолмен жүріп, “үздік төрттіктің” айқасын өткізуге толық мүмкіндігі бар. Жалпы, УЕФА кубогының тарихында оның бас жүл­десін бірнеше клуб қана жеңіп алды. Әзірше Ис­па­нияның “Бумеранг Интервью” клубы аталмыш жа­рыс­тың үш дүркін жеңімпазы атанып отыр. Бұл ко­манда мәртебелі кубокты 2003-2004, 2005-2006, 2008-2009 жылдары жеңіп алса, Испанияның тағы бір клу­бы “Палайс де Кастельон” 2001-2002, 2002-2003 жыл­дары кубоктың екі дүркін жеңімпазы атанған. Ал 2004-2005 жылдары Бельгияның “Аксьон 21”, 2006-2007 жылдары Ресейдің “Динамо”, 2007-2008 жылдары Ре­сейдің тағы бір командасы “ВИЗ 11+ Синара” жеңім­паз атанса, өткен жылы Португа­лияның “Бен­фика” клубы өз тарихында тұңғыш рет УЕФА кубо­гы­ның жеңіп алды. Енді келесі жылы осылардың жо­лы Алматының “Қайрат” клубына жұғысты болсын дейік.